пятница, 7 марта 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ: БІЗГЕ ДІНДІ ЗЕРТТЕУМЕН ШҰҒЫЛДАНАТЫН АРНАЙЫ БІР ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТ ҚҰРҒАН ЖӨН[1]– «Дін және ұлт» атты кітабыңыз «Жылдың үздік кітабы» болып таңдалған екен. Құтты болсын! – Рахмет. Атамекенім – Қазақстанға келгелі бергі өткен 17 жылда бес кітабым шығып, 200-ден астам ғылыми-публицистикалық мақалаларым жарияланыпты. Соның ішінде 2006 жылы жарық көрген – «Дін және ұлт» атты кітабым «Президент және халық» газеті мен «Жыл таңдауы» агенттігінің бірлескен жобасы бойынша «Жылдың үздік кітабы» деген атаққа лайық деп табылуы мен үшін зор қуаныш болды. Оның алдында 2000 жылы жарияланған «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деп аталатын ғылыми монографиям Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен ғылым, білім және техника салаларындағы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған болатын. Ал ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, профессор Әбсаттар Дербісәлінің алғысөзімен басылған соңғы кітабымның «Жылдың үздік кітабы» атануы, бұл, расында, маған үлкен рухани қолдау, демеу болды. Екіншіден, дін саласында жазылған кітапқа осындай атақ берілуінің өзі еліміздегі дінге, дін ғылымына деген оң көзқарастың қалыптасып келе жатқанының айқын бір белгісі деуге болады. – Негізінде, соңғы жылдарда дін тақырыбында кітап, шүкір, аз жазылып жатқан жоқ. Небір аудармалар жарық көріп жатыр. Әйтсе де «Жыл кітабы» болып, дәл сіздің кітабыңыздың таңдап алынуы, қалай ойлайсыз, ислам дінін ұлттық дүниетанымымыз тұрғысынан қарастыратын, сауатты жазылған кітаптарға қоғамымыздың сусап қалғандығының да белгісі емес пе? – Солай деуге де болады. Қоғамдық өмірімізде, рухани өмірімізде, мәдениетіміз бен өркениетімізде, тіпті мемлекетіміздің негізгі әлеуметтік институттары құрамында діннің алатын орны аса маңызды екеніне қарамастан, дін институтын толыққанды зерттеп болған жоқпыз. Қазақстандағы дінтану ғылымы, оның ішіндегі исламтану саласы енді-енді бой көтеріп келе жатыр. Әлі де жетіспей жатқан жақтары баршылық. Шынын айтқанда, біздегі дінтану, исламтану саласында жарияланып жатқан кітаптардың басым көпшілігі, негізінен, діннің ішіндегі ғибадат және ритуал бөлігін, бұрынғы авторлардың еңбектерін қайталау яки схоластикалық бағытты қамтиды. Басқаша айтқанда, дін тұрғысында сөз бола қалса, діннің ішіндегі тыйымдар мен рұқсаттар, догмалар мен мифологиялық элементтер, суфизм жиі айтылады. Дін институты ұлы құдірет Иесінің барлық адамзатқа және барлық заманаға жіберген сенім және тіршілік жүйесі емес пе? Яғни дін деп отырғанымыз – ғаламдық жан-жақты жүйе. Ол барлық әлемді, барлық сенімді және барлық тіршілік заңдылықтарын қамтиды. Сол себепті осындай кең ауқымды және өте терең, тұңғиық мазмұны бар дінді тар саламен шектеу, тар санамен түсіну, әлбетте, дұрыс емес дер едім. – Яғни адамзат тіршілігі тек қана құлшылық етумен, ғибадатпен шектелмейді дейсіз ғой. – Расын айтқанда, дінде үлкен хикмет, алып даналық, нағыз шындық бар. Діннің ішінде жаратылыс заңдылықтары бар. Діннің ішінде этика құндылықтары (ахлақ), мораль бар. Діннің ішінде әлеуметтану бар, адам психологиясы бар. Дінде қоғамдық өмір бар, қоғамдық өмірде болатын және болуы мүмкін қарым-қатынастар бар, олардың реттелуі бар. Дінде құқық бар. Дін экономика саласында да өзінің өлшемдерін ұсынған. Яғни экономикаға, сауда-саттыққа да қатысты діннің өзіндік түсініктері бар. Сол секілді дінде тіл мәселесі де бар, тарих, болашаққа қатысты мәселелер де бар. Ең маңыздысы – дін ақылға, саналы білімге, еріктілікке негізделген, Аллаһ солай жасаған. Яғни барлық нәрсе ақылға және сол ақылды ізгі мақсатта пайдалануға, өз еркімен сенуге және амал етуге келіп тіреледі. Құран Кәрімді құнттап, жақсылап зерттеп оқитын болсақ, онда адамды ақылға, саналылыққа шақырған аяттар көп: «Қандай бір нәрсе туралы ғылым (білім) өзіңде жоқ болса, ондай нәрсенің артына түспе! Шынында, есту қабілеті (құлақ), көру қабілеті (көз) және жүрек, одан сұралмақ» (Исра сүресі, 17/36). Бұдан түйетініміз, ислам діні, яғни Құран Кәрім адамды соқыр сенімге шақырып отырған жоқ. Саналы сенімге, сезімді сенімге шақырып отыр. Сол секілді, мысалы, «Зұмар» сүресі, 18-аятта былай делінген: «Олар сөзді тыңдайды да, оның ең әдемісіне мойынсұнады. Міне, олар Аллаһ тарапынан тура жолға салынған таза ақыл иелері-дүр!» (Зұмар сүресі, 39/18). Мәселен, «Ант болсын! Сендерге ішінде ескертулерің жазылған бір кітап түсірдік. Сонда да ақылдарыңды жұмсамайсыңдар ма?!» дейді (Әнбие сүресі, 21/10). Бұл аяттарды көбейтуге болады. Мұның бәрінің мазмұны адамды ақылды пайдалана білуге, саналы болуға, ғылым-білім жолын қууға шақырады. Мен аталмыш еңбегімде бүгінгі қоғамдық өмірімізге қатысы бар, діни һәм ұлттық мәні бар мәселелерге тоқталып, соларды ашуға талпыныс жасадым. – Жаңа елімізде дінге, дінтану ғылымына оң көзқарас қалыптаса бастағанын атап өттіңіз. Соны әрі қарай алға жылжыту үшін, дамыту үшін ең алдымен не істеу қажет деп ойлайсыз? – Ислами тұрғыдан алсақ, дінтану өте терең, кең салалы ғылым. Жалпылап айтсақ, дінтануға физика болсын, химия болсын, математика болсын, жаратылыстану ғылымдары болсын, әлемдегі ғылым саласының барлығы да кіреді. Олай дейтінім, «Құранды Аллаһ өз ғылымымен түсірген» (Һұд сүресі 11/14). Яғни діннің өзі асқан даналықпен, терең ғылыммен, Жаратушының ғылымымен жіберілген. Сондықтан мемлекет ретінде осы дінтану ғылымына ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Бүгінгі әлемдегі көптеген саяси-экономикалық, әскери және құқықтық уақиғаларды талдайтын болсақ, солардың бәрінің де белгілі бір мөлшерде дінге қатысы бар екенін анықтауға болады (шармық жорықтары, инквизиция, реформалар, т.т.). Ал оларды түсіну үшін алдымен дінді түсінуіміз керек емес пе? Мен бұл арада исламды ғана айтып отырған жоқпын. Біз барлық діндердің негізі мен тарихын, және сол діндерді ұстанатын жамағаттардың көздеген мұраттарын білуге тиіспіз. Ол үшін бізге дінді зерттеумен шұғылданатын арнайы бір ғылыми институт құрған жөн. Әдебиет институты, философия институты, театр институты секілді дін институты да болуы керек. Дінді бұлардың артына апарып тықпалау оң нәтиже бермейді. Менің білуімше, маманданған, яғни тек қана дінді зерттеумен айналысатын институт бізде әлі жоқ. Біз соны ертерек құруымыз керек және оған әлемдегі озық ойлы, зайырлы, ізгі ниетті, шын ғылымға берілген ғалымдарды тартуымыз керек. Солар арқылы өз азаматтарымыздың арасынан терең білімді дінтанушы мамандар дайындап шығаруымыз керек. Бұл өте маңызды сала. Дінді әлемдік саясатқа ықпал етуші күш ретінде мойындауымыз керек – Бұл қауіпті сейілту үшін не істеу керек? Мемлекет қандай ұстанымға көшуі керек? – Конституциямыздағы дінге қатысты баптар мен діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы ағымдағы заңымыз ішкі діни мүддені қорғаудан гөрі, сыртқы ықпалды кіргізуге жол ашатын «томпақ» үкімдерді қамтиды. Бұл бір талғамсыз, талапсыз айқара ашылған есік тәрізді. Соның салдарынан бүгінде Қазақстанда 50 шақты конфессия мен 4000-нан астам діни бірлестіктер жұмыс істеп жатыр. Оның сыртында 5000-ға жуық үкіметтік емес ұйымдар бар, олардың көпшілігі аты басқа болғанымен, діни сипаттағы іс-әрекеттермен де шұғылдануда. Сондықтан бізге дінді білетін, мемлекеттің болашағын ойлайтын және дінді шынайы ғылыми негізде түсінетін мамандар қажет. Осы мәселені шұғыл һәм дұрыс ойластыруымыз шарт. – Негізінде, мемлекеттің діни процестерді бос қойып, ұлттық діни бірлікті уысынан шығарып алып отырғаны біраз жылдан бері айтылып жүр. Бірақ әлі күнге бұл мәселе заң жүзінде дұрыс жолға қойылған жоқ. Себебі неде деп ойлайсыз? – Мысал ретінде айтайын, бізде Талғат Мұсабаев деген азамат бар. Қазақ халқының мақтанышы. Бір жылдай уақытын ғарышта өткізген, Ресейде де, Қазақстанда да жоғары дәрежелі маман ретінде танылған. Талғат Мұсабаев «Бәйтерек» деп аталатын ғарыш жобасының меңгерушісі етіп тағайындалды. Мұны Талғат Мұсабаевтың дінге қатысы бар болған соң айтып отырған жоқпын. Оның біздің әңгімемізге қатысы мынада: бізде, Қазақстанда, Талғат Мұсабаев және Тоқтар Әубәкіров сияқты ғарыш мәселесін жетік білетін және ғарыш саласының мемлекеттің болашағына қаншалықты қатысы бар екенін, оның мемлекетімізге қандай пайда немесе зиян әкелетінін екі алақанына салып тұрып түсіндіріп, дәлелдеп бере алатын мамандар бар. Міне, сондай мамандар болғандықтан, бізде ғарыш саясаты кешенді түрде қолға алынып, бұл мәселе үкімет жұмысының күн тәртібіне енгізіліп отыр. Оған бүкіл басқару тармақтары жұмылдырылып, менің білуімше, тағы екі азаматты ғарышкерлікке дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан ғарышты игеру саласында алдыңғы қатарлы елдерден болу үшін арнайы жобаларға қатысуда, қомақты қаржы бөлінуде. Бұл, расында, ғарыш мәселесінің құқықтық жағын, оның әскери жағын, экономикаға пайдасын, стратегиялық маңызын, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты қатысы бар екендігін көз жеткізе айтып бере алатын жетік мамандар бар болғандықтан, қолға алынып отыр. Ал дін саласына келсек, өкінішке қарай, діннің ұлт болашағына қандай пайдасы немесе зияны бар, қандай құқықтық жағы, қандай экономикалық жағы, қандай стратегиялық маңызы, геосаяси тұрғыда қандай ықпалы бар екендігін жаңағы ғарышкерлер сияқты жаңғақша шағып айтып беретін мамандар билікте жоқ. Бұған, әрине, дінді тұншықтырып, халықтың санасынан мүлдем сызып тастауға күш салған, тіпті дінді зерттеуге де жол бермеген Кеңес Одағы кінәлі. Кеңес дәуіріндегі түсінік бойынша дін мемлекеттен бөлек болғандықтан, діни мәселелермен тек белгілі бір культтық мекемелер, құлшылық ететін орындар мен солардың қызметкерлері ғана айналысатын. Ол кезде шекара жабық, қоғам жабық, сырттан келетін діни ықпалдар аз болатын. Жабық қоғамды бақылау, әрине, оңайырақ. Ал қазір ше? Қазір жағдай мүлдем бөлек. Біздегі саясаткерлер болса, мәселеге бұрынғы тұрғыдан қарап отыр. Соның салдарынан олар аз ғана уақытта қаншама діни ағымның қаптап кеткенін кешігіп байқады. Бұдан жедел арылуымыз керек. Дінді әлемдік саясатқа ықпал етіп отырған және адамзаттың тарихи дамуына жол сілтеген ең маңызды институттардың бірі ретінде мойындауымыз шарт. Өкінішке қарай, қазірге дейін бізде кейбір өзекті проблемалар бойынша нақты ұлттық бағдарламалар жоқ. Дін саласына қатысты мәселелердің елеусіз қалып отыруының бір себебі ретінде де осыны айтуға болады. Бұл тұрғыда, әрине, халықаралық саясаттың да біршама ықпалы болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, көптеген этникалық топтардан құралған, алуан түрлі конфессия уәкілдері тұратын Қазақстан сияқты ірі мемлекеттегі діни процестер тікелей ұлттың болашағына, тікелей мемлекеттің болашағына ықпал ететін процестер ғой, соны ұмытпауымыз керек. Аллаһ адамды жынысына қарап бағаламайды – Біздің елімізде атқа мінген әйелдер санын арттыру үшін «гендерлік саясат» деп аталатын саясат жүргізіліп жатыр. Ал жуырда ғана Египет муфтиі, шейх Мухаммад Тантауи әйел адамның президент бола алмайтыны жөнінде пәтуа шығарды... Бұдан не түюге болады? – Мен, жалпы әдістеме ретінде, мәселенің беткі жағынан гөрі, ішкі жағын көбірек ойластыратын адаммын. Бейнелеп айтсақ, айсбергтің теңіздің бетіне шығып тұрған кішкентай жағын емес, теңіздің астындағы үлкен массалы жағын көбірек таразыға саламын. Тантауидің сіз айтқан пәтуасымен таныс емеспін. Оның аргументтерін оқыған соң ғана дәйекті пікір айтуға болады. Шынын айтсам, дініміздің негізгі ұстындарына сәйкес келмейтін, өмірдің ережесіне, адамның жаратылысына, ақыл мен ғылымға сәйкес келмейтін пәтуалар көп. Және олар, өкінішке қарай, діни ақиқаттарды дұрыс түсіне алмағандықтан айтылуда. Олар өздерінің өткен тарихымен келе жатқан кейбір ұстанымдарды, олар ғұрыптық ұстанымдар яки өздеріне тән мәдени ұстанымдар болуы мүмкін, соларды алып кеп, діни қағидаға айналдыруда. Орта ғасырлардағы Таяу Шығыс елдерінде, оның ішінде сөз болып отырған араб қоғамында исламға дейінгі көптеген жоралғылар, ережелер, тыйымдар, әдет-салттар, ырымдар Пайғамбарамыздан кейінгі ғасырларда қайтадан қолға алынып, ислами сырмен сырланып, ислами бояумен боялып, қайтадан жаңғыртылған. Ол, әрине, фитрат (жаратылыс) дініне сәйкес келмейді. Исламның жаратылысқа сай дін екені Құранда тайға таңба салғандай анық көрсетілген: «Олай болса жүзіңді Жаратушыны бірлеуші ретінде дінге: Аллаһтың адамдарды жаратуындағы фитратқа (жаратылыс өзегіне) бұр! Аллаһтың жаратуында өзгеріс жоқ! Міне, нағыз тура дін осы. Бірақ та адамдардың көпшілігі білмейді» (Рұм сүресі, 30/30). Бұл аятта Пайғамбарымызға қарата айтылып отырған нәрсе, біріншіден, жүзіңді дінге бұр дейді Аллаһ Тағала, яғни бетіңді дінге қарат. Ол дін қандай дін? Діннің бірінші шарты – ол, Жаратушыны бірлеуші дін болуы тиіс, яғни Оған серік қоспастан иман етуді талап етеді. Жаратушының ұқсасы, теңдесі, сыңары, ортағы, туғаны, туысқаны жоқ деген сөз. Екіншіден, «жүзіңді Аллаһтың адамдарды жаратуындағы жаратылыс өзегіне бұр» дейді. Яғни дініміз – біздің жаратылысымызға сәйкес дін. Адамның жаратылысына, табиғаттың, қоғамның, өмірдің, тіршіліктің, тұтас ғаламның жаратылысына сәйкес дін – фитрат діні. Дін сол жаратылыс өзегімен қайшылыққа келмейді. Міне, Құран негізіндегі исламның ерекшелігі осында. Басқа діндер адамның жаратылысына (фитратқа) қайшы үкімдерді қамтиды. Мәселен, кришна, будда нанымдары ет жеуге тұтастай тыйым салған. Ал ет жеу адамның жаратылысында бар ғой. Сол секілді кейбір діндерде, мысалы, христиандықтың негізгі конфессияларында діни қызметкерлердің үйленуіне тыйым салынған. Өмірдің ең бір басты қажеттілігі немесе мақсаты – үйлену, жанұя құру, бала-шағалы болу... соған тыйым салынған. Демек, бұл да бұрмаланған жол, бұл да жаратылысқа сәйкес емес үкімдерді қамтиды. Үшіншіден, Аллаһ Тағала «Аллаһтың жаратуында өзгеріс жоқ» деп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл ислам діні барлық ғасырларда, барлық жағдайда ең қолайлы дін деген сөз. Яғни ол адамның түсінігіне, ұстанымына, пайдалануына ең қолайлы жол. Әлемнің барлық елдерінде, барлық уақытта жүзеге асырылатын қарапайым және өте түсінікті дін – ислам. Сондықтан көрдіңіз бе, дініміз жаратылысқа түгел сәйкес келеді, ал Аллаһтың жаратуында өзгеріс жоқ. Аллаһ бір жағынан жаратып, екінші жақтан сол жаратылысқа қарсы дін жібермейді. Өйтсе, ғаламда хаос болар еді. Жаратылысқа қарсы түсініктер адамның ойлап тапқандары. Енді гендерлік саясатқа келетін болсақ, тағы да Құранға жүгінуге тура келеді: «Ей, адамдар! Расында сендерді еркек пен әйелден жараттық және бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға айырдық. Күдіксіз, Аллаһтың хұзырында ең жоғарыларың күнәдан ең көп сақтанушыларың-дүр!» (Хұжұрат сүресі, 49/13). Мінеки, аятта еркек пен әйел бірдей аталуда. Мұнда еркекті әйелден жоғары немесе төмен қою мағынасы жоқ. Ал «Тәубе» сүресінде болса: «Иманды еркектер мен иманды әйелдер бір-бірінің досы (жақтастары). Олар бір-біріне ізгілікті бұйырады, жиіркенішті нәрселерден тыяды» (Тәубе сүресі, 9/71) делінген. Мұнда да еркек пен әйелдің достығы, біріне-бірінің жақындығы және ізгілікті бұйыру, жиіркенішті нәрселерден тыю сияқты моральдық жауапкершіліктің еркекке де, әйелге де бірдей жүктелгендігі көрсетіліп отыр. Мына аятқа қарайықшы: «Бой ұсынған еркектер, бой ұсынған әйелдер, иманды еркектер, иманды әйелдер, бағынған еркектер, бағынған әйелдер, шыншыл еркектер, шыншыл әйелдер, сабырлы еркектер, сабырлы әйелдер, қорқатын еркектер, қорқатын әйелдер, садақа беруші еркектер, садақа беруші әйелдер, оразалы еркектер, оразалы әйелдер, намысын қорғаушы еркектер, намысын қорғаушы әйелдер, Аллаһты көп еске алатын еркектер, Аллаһты көп еске алатын әйелдер, міне, бұлар үшін Аллаһ тарапынан жарылқану және үлкен бір сыйлық әзірленген» (Ахзаб сүресі, 33/35). Демек, Құранда, жаратылыс діні исламда әйел мен еркек бірдей аталады, Жаратушы екеуін бірдей көрсетіп, екеуіне де ізгілік беретінін білдіріп отыр. Ал «Бақара» сүресі, 187-аятта: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер де олардың киімдерісіңдер!» (Бақара сүресі, 2/187) делінген. Құранның тұтастай бір тарауы әйелдердің атымен жіберілген. Осы «Ниса» сүресінің 36-аяты: «Аллаһтан кейбіріңе кейбіріңнен артықша бергендерін сұрап тұрмаңдар! Еркектерге еңбек етіп тапқандарынан бір есе (нәсіп) бар, әйелдерге де өз еңбек етіп тапқандарынан бір есе (нәсіп) бар» (Ниса сүресі, 4/32). Сонымен қатар: «Еркек болсын, әйел болсын, имандылықпен ізгілікті істер жасағандардың барлығы да жәннетке кіреді және олар бір нүктедей әділетсіздікке ұшыратылмайды!» (Ниса сүресі, 4/124). Яғни Аллаһ Тағала адамды жынысына қарап бағаламайды, істеген ісіне қарап бағалайды. Оның дәлелі мына аятта: «Мейлі еркек болсын, мейлі әйел болсын, кімде-кім имандылықпен ізгілікті істер жасаса, оны әдемі бір өмірмен жасатамыз және оларға істегендерінің бодауын, амалдарының ең әдемісімен міндетті түрде береміз!» (Нахл сүресі, 16/97). Міне, мұнда да кім жақсы іс істесе, пайдалы, қайырлы амал істейтін болса, Аллаһ Тағала солардың барлығын жарылқайтыны айтылып тұр. Ал әйел адам басшы, басқарушы бола алмайды деген тыйым Құран Кәрімде жоқ. Құранда тыйым салынбаған нәрсеге діни тұрғыдан ешкім де тыйым сала алмайды. Мұның барлығы да Құраннан сырт дерек көздеріне негізделіп айтылып отыр. Оның ішінде, әсіресе, Пайғамбарымыздан кейінгі дәуірлерде «исраилият» және «мәсіхият» деп аталатын йаһұдилер мен христиандардың діни сенімдерінің, ғұрыптарының, менталитетінің мұсылман қоғамына ықпал жасағаны белгілі. Мәселен, діндар еркек йаһұдилер әйел болып туылмағаны үшін күніне үш рет Йахвеге алғыс айтуы керек. Олардың қоғамдары патриархатты қоғам. Алғашқы дәуірдегі христиандық йаһұдиліктің ішіндегі бір секта еді. Иса пайғамбар йаһұдилерге жіберілді. Исаның жолын мойындаған алғашқы жақтастары түгелдей йаһұдилер болатын. Христиандық Иса пайғамбардан кейінгі кезеңде бөлек дін болып, иудаизмнен, яғни йаһұдиліктен бөлініп шыққан. Кейінгі шіркеу көсемдері жиналыстан жиналыс ашып, діннің догматтарын бекіте отырып, оны йаһұдиліктен бөліп, мүлдем басқа дінге айналдырып жіберген. Дегенмен екеуінің тамыры бір. Сондықтан жәннаттағы тыйым салынған жемісті адамға жегізген әйел, әйел шайтанмен бірлесе отырып, алғашқы күнәні жасатқан, сондықтан сол кінәнің ауыртпалығы әйелдердің мойнында деген жаңсақ пікір осы екі дінде бар. Сол себепті әйелді қорлау, әйелді жек көру Батыс халықтарында кең таралған болатын. Жалпы, Таяу Шығыстың ежелгі тұрмысында әйелдердің қоғамда құқықтары дұрыс қорғалған емес. Сондықтан осы керітартпа түсінікті кейінгі ғасырларда мұсылмандар арасында әртүрлі риуаяттар, әртүрлі сөздермен қайтадан жаңғыртуға тырысқан. Әйтпесе Пайғамбарымыздың сүйікті жары, мұсылмандардың анасы хазіреті Айша анамыз атақты «Жәмәл» (түйе) шайқасында мұсылман қолының басшысы бола алар ма еді? Талха және Зұбайыр қатарлы көптеген мәшһүр сахабалар да әйел адамды басшы етіп алмас еді ғой. Меніңше, әйелдерді қаралайтын, кемсітетін үкімдердің, жалған хадистердің көпшілігі Әмәуилердің (Омеядтар әулеті) билігі тұсында (661-750) пайда болған. Олар сол арқылы әуел баста билігі жоғары Айша анамызды қаралауды көздеген. Ең маңыздысы, Құран Кәрімдегі «Нәміл» сүресінің 22-44 аяттарында Саба өлкесінің әйел патшасы және оның Сүлеймен пайғамбардың дағуатымен иман етуі туралы айтылады. Аяттарды жақсылап оқитын болсақ, Саба өлкесін билеуші әйел патша туралы жағымды мәліметтердің келтірілгеніне куә боламыз. Мәселен, ол өте зерек, ел басқара білетін, өз елін қауіпке салмайтын, халқы бай, шарақор әйел билеуші ретінде суреттелген. Жалпы, Құран міндетті әйелге де, еркекке де бірдей жүктеген. Кей жағдайларда әйелдерге жеңілдіктер келтірген. Исламда әйелдің әу бастан дауыс беру құқығы бар, меншік иесі болу құқығы бар, билікке араласу құқығы бар. Егер әйелдің билікке араласу құқығы жоқ болса, қалай ол Құранда жиі айтылатын ізгілікті іс (салих амал) жасай алады? Сондықтан қазіргі заманда, ХХІ ғасырда, сіз айтып отырғандай пәтуа шығару тіпті күлкілі жағдай дер едім. Ертең Мысырда әйел адам президент болып сайланса, онда Тантауи оны мойындамай ма? Әйел адам халық қолдаса, өзі білімді, қабілетті адам болса, денсаулығы жарап тұрса, басшылық қызметке лайықты болса, неге оған басшылық қызметке бармасқа?! Аллаһ Тағала «Әйелдер» деп аталатын сүреде: «Күдіксіз Аллаһ сендерге аманатты иесі болуға лайықтыларға берулеріңді және адамдар арасында үкім бергендеріңде әділетпен үкім берулеріңді бұйырады» (Ниса сүресі, 4/58) дейді. Мұнда еркек туралы айтылып отырған жоқ, лайықты адамды айтып отыр, мейлі әйел болсын, мейлі еркек болсын. Сондықтан өз басым Құранға сәйкес келмейтін ондай пәтуалармен келісе алмаймын. Оны орта ғасырдың сарқыншағы, Ватиканның стилімен жасалған әрекет деп санаймын. – Жалпы, бұзылмаған дін бойынша қай қоғамда болсын әйел, еркек деп бөлуге жол жоқ деп отырсыз. Ендеше, «гендерлік саясат» деген қайдан шықты? – Гендерлік саясат, менің білуімше, Батыстан шықты. Жаңа айтып өттік, Батыс халықтарында, оның ішінде басым көпшілігі христиандар мен йаһұдилерде әйелді кемсіту, қорлау, оның құқығын аяқ асты ету бар. Еуропаның тарихын оқыңыз. Еуропаның қазір біздер тамсанып отыратын Лондон, Париж, Рим, Вена, Кельн сияқты үлкен қалаларында шіркеу қызметкерлері «жәдігөйлерді аулаймыз» деген желеумен әйелдерді ұстап, қаланың орталықтарында тірідей өртеген. Он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған әйелдер «денесіне шайтан кірген» деген желеумен өртелді, тірідей өлтірілді. Әйел адамдар қудаланды. Әйелдердің ғылыммен шұғылдануына кедергі жасалды. Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде әйелдерге жеке меншікке ие болу құқығы соңғы ғасырда ғана берілді. Әйелдердің дауыс беру құқығы Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде өткен ХХ ғасырда ғана берілді. Келісімшартқа тарап болу құқығы да осы соңғы ғасырдың жетістігі. Америкаңыз нәсілшілдікті осыдан бар-жоғы 40-50 жыл бұрын ғана айыптады, ол әлде де толықтай жойылған жоқ. Қара әйелдер тұрмақ, еркектердің өзі оқи алмады, алғашқы негр кардиологтың өмірі туралы ғибратты кинофильмді көріңіз. Қазіргі Еуропаның дамуына қарап, олар бұрыннан осылай болды екен деп ойламауымыз керек. Әрине, олар көп қиындықты бастан кешірді, сонсоң бәрін ақылға салды, жүйені өзгертті, жаңа-жаңа механизмдерді ойлап тапты және Еуропа елдерінде қоғам дамуының тежегішіне айналған дінді биліктен бөліп тастады. Соның нәтижесінде қорланған, қақпайланған әйелдердің құқықтарын қорғайтын ағымдар мен саясаттар пайда болды. Бірақ біздің жағдайымыз басқа. Әңгіменің басына оралатын болсақ, біздің дініміз жаратылысқа сәйкес дін. Қалай біз әйелді – ананы екінші факторға шығарып тастаймыз? Ол мүмкін емес. Ал мұсылман қоғамдарында «исраилият», «мәсихият» және басқа да себептерге байланысты пайда болған әйелдерді кемсітетін, үйге қамайтын теріс пікірлерден құтылуымыз шарт. Ол үшін өзімізге Құранды басшылыққа алсақ, жетіп жатыр. – Демек, бүгінгі біздің тыныс-тіршілігімізде мұсылмандық тұлғаға таңылып отырған тыйымдар мен нанымдардың белгілі бір мөлшері, дәлірек айтсақ, көпшілігі дінді бұрмалаушылықтың түрі болып табылады ғой. Яғни біздегі дін жолын ұстануға ауырлық тудырып отырған мәселе Құранда жоқ, бірақ әрбір кезеңде әртүрлі оқиғаларға байланысты айтылған пікірлерді Аллаһтың аузымен айтылғандай етіп, діни үкімге айналдырушылықтан келіп туындап отыр ғой? – Иә, мұсылмандардың қателігі, бұрынғылардың өз дәуіріне, заманына, қоғамына, білім деңгейіне сай қалыптасқан ата жолы, салт-дәстүрлерінің көпшілігін «мәдениет» категориясынан шығарып, «дін» етіп алуы. Барлығын дінге айналдырып жіберу қателік. Өкінішке қарай, белгілі бір жағдайда, спецификалық бір уақиғаға байланысты айтылған үкімдердің көпшілігі схоластика ауруы салдарынан қияметке дейін өзгермейтін үкім сияқты қабылданған. Жаңағы Тантауидің пәтуасын да, мысалы, Құранның аяты сияқты өзгермейтін үкімге теңейтін болсақ, онда қателесеміз. Өйткені оған Құранда ешқандай негіз жоқ. Біз мәселеге ІХ, Х ғасырлардың көзқарасымен қарамауымыз керек, қайта ХХІ ғасыр көзқарасымен және Құранға негіздеп қарауымыз керек. Ең басты есте ұстауға тиіс нәрсе – Құранның логикасынан, Құранның кеңістігінен айнымау. Оған Құранды толыққанды зерттеу арқылы, ғылым-білімімізді кеңейту арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Әңгімелескен Нәзира БАЙЫРБЕК
[1] Айқын газеті, №63(759), 11.04.2007 ж.