пятница, 21 марта 2008 г.

ДІН, ТІЛ ЖӘНЕ ДІЛ БІРЛІГІ[1]


Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың жаңа «Дін және ұлт» кітабының тұсауы кесілді

Жақында Алматыда Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, жинаққа автордың соңғы жылдары жазылған дін, демография, қазақ тілі, оралмандар мәселесі, жалпы мәдениет туралы дүниелері топтастырылыпты. М. Бұлұтайдың айтуынша, дінсіз қоғам болмайтыны сияқты, дінсіз мәдениет те болмайды. Кез келген қоғамда дін ерекше орын алады. Бір қоғамды екінші бір қоғамнан ерекшелейтін негізгі белгі де осы – дін. Жалпы дін – мәдениетті қалыптастырушы басты күш.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері шетелдіктердің, соның ішінде әртүрлі дін өкілдерінің бізге деген қызығушылығы арта түсті. Миссионерлер қаптап, баяғыдан бір дінді ұстаған халықты бөлшектей бастады. Дінге қатысты қазақстандықтар біле бермейтін проблемалар пайда болды. Басқаны айтпағанның өзінде, бір мұсылман діні қағидаларын әртүрлі түсіндіретін діни қайраткерлер шықты. Міне, осындай шақта салмақты, салиқалы ой-пікірлерімен көпшіліктің көкейінен шыққан тұлғалардың бірі – Мұртаза Бұлұтай еді. Қазақстанға келген он бес жылдай уақыттың ішінде ол дін мен қазақ ұлтының көкейтесті мәселелеріне қатысты 200-ден аса мақала, 5 кітап жазыпты. Қай-қайсысы да қатардағы дүниелер емес, талайдың жүзін ислам дініне, мұсылмандыққа бұрған, талайдың көкірек көзін ашқан еңбектер. Сондықтан болса керек, жаңа кітаптың тұсаукесеріне жұрт көп жиналды. Танымал ғалымдар да, ақын-жазушылар да, саясаткерлер де арнайы келіпті. Авторды бұрыннан жақсы білетін дінтанушылар мен діни оқу орындарының студенттері де тайлы-таяғы қалмай дегендей, осында жүр.
Тұсаукесер рәсімді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі ашып, «Дін және ұлт» кітабына жоғары баға берді. Мұнан кейін сөз алған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмұд Ф. Хижази, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы және басқалар еңбектің өзіндік ерекшеліктерін ортаға салды. Мысалы, профессор Т. Кәкішұлы бірнеше тілді жетік білетіндіктен М. Бұлұтайдың ғылыми-зерттеу еңбектерін жазу барысында мәдениетке, соның ішінде, айталық, дінге қатысты пікір айтарда әлемнің көптеген жетекші ғалымдарының ой-толғамдарына сілтеме жасап, түрлі бағыт-бағдардағы құндылықтарды ұлттың мүддесі тұрғысында тоқайластыратынын атап өтті. Ал шетел ғалымы Хижази мырзаның пікірінше, «М. Бұлұтай қазақтың ірі ойшылы». Генерал Мұрат Қалматаев өз сөзінде «бұл кітапты бір Мұртаза емес, бес бірдей Мұртаза бірігіп жазған» деп атап өтті. Бұл автордың бес тілді жетік білетінін, бір емес, бес халықтың құндылықтарын игеріп барып, өзіндік ой қорытып жүргенін меңзегені болса керек. Шынында да Мұртаза Бұлұтай өз кітаптарын жазуға жан-жақты, үлкен дайындықпен келген тұлға. Оның басқа дінтанушылардан, мұсылман дінінің қазақстандық қайраткерлерінен бір артықшылығы бар. Ол дін мәселелері туралы әңгіме өрбіткенде Құран мен оған әр жылдары жазылған түсініктерге ғана сүйеніп, біржақты кетпейді. Тереңнен тартып, кеңінен толғайды.
Мұртаза Бұлұтай осыдан 22 жыл бұрын, бозбала шағында, Түркияда жүріп-ақ қазақ елінің өмірін зерттей бастаған екен. Ол содан бері бүкіл саналы ғұмырында қазақ мәдениетіне қызмет етіп келеді. «Дін және ұлт» кітабы соның бір айғағы, халқы алдында берген кезекті есептерінің бірі. «Дін, тіл және діл – осы үшеуі бізді ұлт етіп ұйыстырып отыр, – дейді Мұртаза Бұлұтай. – Менің бойымда осы қасиеттердің үшеуі де бар деп ойлаймын. Сондықтан негізгі мақсатым – халқыма қызмет ету».
[1] Дін, тіл және діл бірлігі, «Жас Алаш» газеті, №96, 30.11.2006 ж.