воскресенье, 13 декабря 2009 г.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫҢ !

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,
Ф.ғ.к., дінтанушы, мәдениеттанушы



ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫҢ![1]

Тәуелсіздік біз үшін қымбат, өте қымбат. Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, өзінің табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмір сүрген болса, осы табиғаттың бір бөлігі болып табылатын біз адамдар да тумысымыздан еркіндікті аңсаймыз, азат өмір кешуді қалаймыз. Жалпы ұлт деген ұлы қауымдастық тағдырлас һәм тамырлас адамдардың жиынтығы ретінде әрбір жеке адамның еркіндікке, азаттыққа деген құштарлығының жиынтық күшін білдірсе керек. Бір тілде сөйлейтін, бір отанды мекендейтін, діні бүтін, ортақ тарихы мен мәдениеті бар халықтың мемлекеттілікке қол жеткізген дәрежесі – ұлт. Сондықтан, менің түсінігімде ұлт, тәуелсіздік және мемлекет ұғымдары бірбірімен ажырағысыз байланыста, бірін бірі қажет етіп отыратын ұлы ұғымдар, қымбат құндылықтар.

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәріне ілінді, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрді. Дегенмен «тәуелсіз» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткізу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм шайқасты. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, шәһид болды, арманда кетті. Ұлтымызды сіңіре жұту мақсатымен жасалған алуан түрлі әккі тірліктер, қу саяси шаралар ұрпақ жадына жойқын соққы бергенімен оны мүлдем бағындыра алмады, дініміз бен тілімізді түбегейлі жоюға шамасы жетпей қалды. Қазақ «мың өліп мың тірілсе» де, қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Абай атамыздың «Қалың елім, қазағымы», Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Жасыл жайлау, түкті кілемі», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елімі» сияқты жүздеген, тіпті, мыңдаған шығармалар ұрпақтың санасына азаттықты, ел болуды, ту көтеруді, бірлікке ұмтылуды, ұлт ретінде сақталып қалуды, өжеттілік пен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлікті насихаттап отырды....

Әлемнің әрбір еліне таралып кеткен қандастарымыз осы ұлттың ажырамас бөлігі ретінде бір тілде сөйлеп, бір әнді шырқап, өзінің ұлттық болмысы мен кескінін сақтай отырып, ортақ ұлы мұратқа үлесін қосып келді. Бір қызығы арадағы темір қабырғалар мен болат шымылдықтар біздің ұлттық тұтастығымызға қиянат жасағанымен зиянат жасай алмады, ұлттың өз ішіндегі байланысын, сабақтастығын бұза алмады. Біздер, әсіресе, Қазақстаннан жырақта жүрген қазақтар өз елімізге, отанымызға деген ерекше сағыныш сезімімен туып өстік, шетелдерде қазақтың атын жаңғырттық, туын желбіреттік және атамекенімізді бір көруге, қазақтың кең даласының жұпар иісін бір иіскеуге ынтызар болдық. Ал шындығына келгенде әлемді әскери күшімен тайсалтқан Кеңес Одағы жер бетінен жойылып, Қазақстан тәуелсіз ел болады да біз оған көшіп келеміз дегенді армандасақ та көзіміздің тірісінде көретін шығармыз деген жоқпыз. Рас, ол кездегі жағдай солай болды. Аллаһқа сансыз шүкір Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз ел болып, оны басқа мемлекеттер танығанда құдды бір түсте жүргендей болдық-ау ағайындар. Мұндағы, яғни Қазақстанғады ағайындар да тәуелсіздіктің не екенін тәуелсіздік жарияланғаннан бірнеше жылдан кейін ғана барып түсінді, көзі жетті. Қазақтың өз байрағы, әнұраны, ақшасы, әскері, шекарасы, төлқұжаты бірінен кейін бірі пайда болған сайын ел тәуелсіздіктің шынайы мағынасымен танысты. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жастар тек тәуелсіз Қазақстанды ғана біледі, олардың санасы мен психологиясында тәуелділік, бодандық деген ұғымдар жоқ, тіпті, болмай-ақ қойсын деп тілеймін.

Осы арада тәуелсіздік сәті есіме түсіп жатыр. Мен Қазақстанға Кеңес билігінің соңғы жылдарында келгендіктен мұндағы жағдаймен жақсы таныс едім. Германияда студент болсам дағы ай сайын Қазақстанға келуге тырысушы едім. Сол кезде Кеңес Одағының Люксембургтағы елшісі болған мархұм Шыңғыс Айтматовқа жолығып, ол кісі маған бір жылдық көпмәрте кіріп шығуға жарамды виза ашып берген-ді. Алғашында Қазақ КСР-ның егемендігі 1990 жылы жарияланғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Оның артымен одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда «Қазақстан неге кешікті?» деп уайымдағаным есімде. Дәл тәуелсіздік жарияланған күні мен Түркияның Бурса қаласындағы кәсіпкерлердің жиналысында отыр едім. Телеарналардан Қазақстан тәуелсіздігін жариялады және Түркия оны бірінші болып таныды дегенді естігенде жиналысқа қатысып отырған түрік бауырларымыздың орнынан тұрып, мені құшақтап, құттықтап жатқаны әлі көз алдымда тұр. Сол жерде әрбір фирманың атынан жеке құттықтау хаттар ұйымдастырып, Алматыдағы Президент аппаратының факс номеріне жібергеніміз бар. Мен де Еуропа және Түркиядағы қазақтар атынан Елбасын құттықтап, хат жазып, оны факс және телеграмма арқылы жөнелткем. Міне содан бері қарай табаны күректей 18 жыл да өте шыққан екен. Кәмелеттік жасың құтты болсын сүйікті елім, Қазақстаным!

Тәуба дейік ағайындар. Тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама халықтар бар жер бетінде, солардың мұңлы тағдырынан ғибрат алайық. Бір ғана Палестинаны айтсақ та жететін шығар. Қазақстан әлем таныған ел болды. Осы жылдары шетелдерден миллионға жуық қандастарымыз атамекенге көшіп келді. Тәуелсіздік болмаса қалай келуші едік?! Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салаларында өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көтеген халықаралық ұйымдардың мүшесі яки құрылтайшысы ретінде еліміздің аты жиі аталатын болды. Осының барлығы да тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Менің ойымша қазіргі ұрпақтың алдында тұрған ең маңызды тапсырма осы тәуелсіздікті одан ары бекіту, нығайту және болашақ ұрпақтарға баянды етіп тапсыру болса керек. Саяси тәуелсіздігімізді баянды ету үшін экономикалық тәуелсіздікке сонымен қатар тәуелсіздіктің барлық түрлеріне қарай ұмтылуымыз, қажымай еңбек етуіміз шарт. Сыртқы күштердің идеологияларына тәуелділік ауруына шалдықпағанымыз жөн. Ол үшін өзіміздің құндылықтарымызды жете дәріптеп, ұлттық тіліміз бен ділімізді жаңғыртып, дін, мәдениет және өркениет салаларында да ешбір сырт күшке тәуелді болмауымыз қажет. Өз-өзін өнім-бұйымдармен қамсыздардыра алатын, азаматтары сауатты да білікті, инновациялық һәм интеллектуалдық потенциялы зор, ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналсақ, отанымыздың топырағын аялап, табиғатын қорғасақ, халқымыздың санын көбейтіп, сапасын жақсартсақ тәуелсіздігіміздің баянды болатынына еш күмән болмасы анық. Осы аманат тәуелсіздікті көрген біздерге, бүгінгі ұрпақтарға артылыған. Алда алатын асулар мен белестер әлі көп, біз әлі ұлы көштің басында тұрмыз. Сондықтан бөлінуге, ыдырауға, әлсіреуге, маужырауға, тақталасқа еш жол жоқ. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек. Мың жаса тәуелсіз Қазақ Елі!!!

09.12.2009 Алматы
[1] Мұртаза Бұлұтай, Азаттығымызды ардақтайық, «Президент және халық» газеті, №49-50, (223-224), 11.12.2009 ж., 11-бет.

суббота, 12 сентября 2009 г.

Дінтану негіздері пәнін кімнің оқытқаны жөн?

Мектептегі «Дінтану негіздері» пәнін кімдер оқытқаны дұрыс, теолог мамандар ма, әлде бұл істі діни сауатты ұстаздарға жүктеген жөн бе?

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:

Мектептерде дінтану негіздерін оқыту көптен туындап жүрген әңгіменің нәтижесі болып табылады. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің шешімі тек мәселенің саяси жағынан шешілуі ғана, ал теңіздің беті көрінгенімен, түбін байқай алмайтының сынды, мәселенің әлі түйінді тұстары көп-ақ. Жаңа пән балалардың көзін ашып, санасын оятуы қажет, егер ол белгілі бір секта не діни топтардың көзқарасымен кетіп жататын болса, онда өз ұрпағымызды сол секталарға өз қолымызбен кіргізіп бергендей боламыз. Сондықтан бұл істе ең үлкен рөлді кадр мәселесі шешетінін естен шығармағанымыз абзал. Пәнді зайырлы, зиялы азаматтар, яғни жоғары оқу орындарында дінтану, мәдениеттану, философия, тарих не социология сынды бағыттарда білім алған, діни сауаты терең мамандар ғана беруі шарт. Алайда өкінішімізге қарай, мұндай мамандар саны көлден бөлінген тамшыдай ғана. Сондықтан әзірге пән бойынша тәрбие беретін ұстаздардың міндетті түрде діни басқармасы, мектеп әкімшілігі, ата-аналар және Білім және ғылым министрлігі тарапынан жіті қадағалауда болуын қамтамасыз ету қажет.

«Айқын» газеті, 159(1337), 25.08.2009 ж.

суббота, 9 мая 2009 г.

ҚАЗАҚ БІР ҒАНА ДІНДІ ҰСТАНУЫ КЕРЕК

ҚАЗАҚ БІР ҒАНА ДІНДІ ҰСТАНУЫ КЕРЕК[1]
Алматыдағы Момышұлы көшесінің бойында жасы шамамен сексеннің сеңгіріне шыққан бір кейуана маған: – Балам, тоқташы, мына кітапты қолыңа алшы, қандай ғажап кітап... Өмірдегі барлық керегің де, қажетің де міне, осы кітапта, – деп маған суреті әсем безендірілген қазақ және орыс тілдеріндегі бірнеше кітапты жайып салды... Мен кейуананың бұл қылығын түсінбей қалдым. Дегенмен тілімді «тістеп» тағы қала алмадым да, «апа, кешіріңіз, сіз мұсылман емессіз бе? Ал мұндай қылық мұсылман баласына жараспайды!», – деуім мұң екен, пайғамбар жасынан асса да, ақ-қараны пайымдай алмаған кейуана әлгілердің тиын-тебеніне қызығатынын жайып салды. Бір ауылдың ақылшы анасы санатындағы адамның өз дінінен ұрпағын азғырып жүргені көңілге сыймады.
Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің айтуынша, әр жұма күні 5 мың адамға арналған Алматыдағы Орталық мешітке орта есеппен 9 мыңнан астам мұсылман жиналып, мінажат етеді екен. Әрине, бұл – құптарлық, «әй, бәрекелді!» дей­тін-ақ жайт. Ең бастысы, қарапайым мұсылман баласы ислам дінінің қазақ елінің негізгі діні екендігін, сондай-ақ оның халқымыздың тарихында үй­лес­тіруші әрі барша мұсылман қауымын біріктіруші күш ретінде айрықша орын алатындығын түсінуі тиіс. Бірде Алма­тыдағы Абылай хан көшесінде орна­ласқан кришнаидтердің «Говиндас» деп ата­латын діни орталығында болғаным бар. Сонда он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қазақ қыздары­ның осында «қызмет етіп» жүргенін көріп, жағамды ұстағанмын. «Қуыр­дақ­­тың көкесін түйе сойғанда көрер­сің» демекші, мұнда да жас шамасы ал­­пысты әлде­қашан алқымдаған Бе­гімғайша есімді ұлты қазақ бір апайды кездестірдім. Бір ғажабы, сырттан күн­де­­лікті киім­мен келген әлгі апай­сы­ма­ғы­мыз екі қо­лын біріне-бірін қабысты­рып, сәл иша­рат жасады да, төргі бөл­меге еніп кетті. «Міне, сіз күткен апа­йы­мыз да келді», – деді бізге көгілдір көз­ді сары жігіт. Сәлден соң Бегімғай­ша апай­ымыз үстіне кәдуілгі криш­наид­­тердің шұба­тылған ақ көйлегін киіп, тана­уының үстіне ұзыннан ұзақ «балшық­ты» жағып шыққанда «бұл қалай?» деп тіпті де түсінбей қалдық. Әңгімені Бегімғайшаның өзі бастады. «Мен 28 жылдан астам уақыт Алматы поли­тех­ни­ка институтында оқытушы болдым. Кафедра басқарып, жастарға ілім-білім үйреттім. Сонда жүріп ғы­лы­ми атағымды қорғадым», – деп өзінің өткен күндерін есіне түсіре бастады. – Апай, бәрі жақсы, ал сіздің мұсылманға жат мына дінге кіруіңізге жол болсын? – деп сұрақты төтесінен қойдым. Сұрағым шымбайына батты ма, қайдам, кришнаид әйел сәлден кейін «балам, мен ислам дінін ұс­танбайын, намазға жығылып, сәж­деге басымды имейін» деп ойлаған адам емеспін. Осыдан он шақты жыл бұрын Орталық мешітке бірнеше рет бардым, бірақ ондағы адамдардан өзімді имандылық жолына тартатын «жы­луды» сезінгенім жоқ. Тіпті қайсы­бір молдалар намазға қалай жығы­луым қажет екенін, Құран оқуды неден бастау керектігін сұрағанымда сөзімді жүре тыңдағаны бар», – деген сылтау айтты. Ал мен қарап қалмай, криш­наид апайға «мұсылман бола тұра басқа дінді ұстанғаныңыз үшін о дү­ниеге барғанда қатаң жауапқа тар­ты­латыныңызды білесіз бе?», – деген сұрақты да көлденең тарттым. «Бәрін де білемін, бірақ басқа түскен тағдыр осылай болды», – деп өкінішін білдірді. Аз-кем үнсіздіктен соң, «балам, мен айтқан шындықты жасырмай жаз, кейінгі толқын жастар адаспасын», – деді де басқа бөлмеге кіріп кетті. Үміттен гөрі өкініші басым кришнаид апайды аяп кеттім. Адам болған соң аяйсың-ау, бірақ... Бірақ демекші, мұ­сылман қауымның шынайы сеніміне барынша ену үшін діни-секталардың шетелдік басшылары қазақтың сөзге шешен, пысық, қолынан іс келетін қыз-жігіттерін өздерінің оң қолы етіп тағайындауды да естен шығармайды екен. Мысалы, Қызылорда қаласын­дағы «Иегова куәгерлері» жамағатын Гүлжаһан Жарықова және Бақыт Алтаев басқарса, Құлсарыдағы «Иман» шіркеуіне Құрманғазы Әбді­мұ­ратов және Асхат Әлімжанов есім­ді қазақ жігіттері жетекшілік етіп келіпті. Мұның өзі миссионерлердің таза қазақи ортаға барып, қазаққа жат діни-сенімдерді кеңінен таратып жатқанының бір дәлелі. Әрине, мұн­дай діни ұйымдармен еліміздің құқық қор­ғау органдары күресіп те жатыр. Алайда дін таратушы миссионерлер халық арасына өз кітаптарын таратып, діни уағыздарын жүргізуді қояр емес. Бұл әсте, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да «қызға қырық үйден тыйым» дегендей, барша мұсылман қа­уымы болып бөгде дінді халқы­мыз­ға насихаттап жүрген миссионерлерді ауыздықтайтын кез келген сыңайлы. Бұл жөнінде дінтанушылар мен қоғам қайраткерлері не дейді?
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:
– Біріншіден, ең маңызды проблема – еліміз мұсылмандарының белгілі бір жүйе бойынша ұйымдаспағанында және ислами үгіт-насихаттың Құран Кә­рімге толыққанды сәйкестік қағи­дасы жағдайында жүзеге асырыл­ма­уында. Екіншіден, ислам ғылымдарын оқыту мен ғылыми зерттеулерді белгі­лі бір жүйеге салу оңды шешімін тап­пай отыр. Бұл – білікті мамандар мен исламтанушылардың, діни кадрлар­дың жетіспеуінің басты себебі. Олай болса, басты мақсат – дін ғылым­да­рын жете меңгерген, көкірегі һәм көзі ашық, осы заманғы ғылыми жетіс­тік­тер­ден хабардар әрі заманауи талап­тарға сәйкес кадрларды дайындау бо­луы тиіс.Үшіншіден, бұл проблема мұсылмандардың Құран Кәрімді дұрыс түсінбеуінен. Себебі Құранды дұрыс түсінбейінше, исламды түсіну әсте, мүмкін емес. Бұған қоса, Құран­ды бүгінгі ұрпаққа түсіндіру, аудару ісін­де шалағайлықтар өте мол. Ме­нің­ше, ҚМДБ-ның алдында тұрған ең ма­ңызды міндеттердің бірі осы мә­се­лені шешу болуы керек. Бәлкім, Құ­ранды аудару үшін арнайы комиссия құру қажет шығар. Бесіншіден, Қа­зақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­ма­с­ының құқықтық және әкімшілік мәр­тебесін нығайтуымыз керек. Сон­дай-ақ ҚМДБ қаржыландыру және басқару тетіктерін де барынша жетіл­діруіміз шарт. Алтыншыдан, маңызды проблеманың бірі – еліміздегі мис­сионерлік әрекеттерді қатаң бақылау және мұсылмандардың басқа діндерге кетуінің алдын алу. Себебі жасыруға болмайтын шындық, елімізде алуан түрлі дінді таратушы миссионерлердің бірінші кезектегі басты мақсаты – қазақ халқын шоқындыру. Олай бол­са, жер­гі­лікті азаматтар өздерінің дәс­түр­лі дін­дерін жете зерттеп, түсініп ал­ғанға дейін миссионерлік әрекеттерге тыйым сал­ғанымыз жөн.
Дос КӨШІМ, саясат­танушы:
– Қызылорда облысы­ның «Шіркейлі» деген ауылына бірде бір топ дін таратушы сектанттар келіп, уағыз жүргізбекші болыпты. Сонда ауыл азаматтары атқа қонып, жаңа­ғы­ларға: «біз ешнәрсені білмейміз. Бала­ларымыздың болашағын, ілім-білім алуын өзіміз шешеміз. Егер он бес минут ішінде табандарыңды жал­тыратпасаңдар, барлығыңды байлап-матап, құмға көмеміз!», – деп айбат шек­кен екен. Азулы жігіттердің айбы­нынан қорыққан әлгілер санаулы ми­нут­тарда ауылдан тайып тұрыпты. Бұл – ауыл тұрғындарының сектант­тар­­мен қал-қадерінше күрескен түрі. Өйт­­к­ені әл-әзір Үкіметтің қаптаған мис­­­сио­нерлер мен сектанттарды ауыз­­­дық­тай қоюы екіталай болып тұр.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
[1] Жомарт Молдахметұлы, Қазақ бір ғана дінді ұстануы керек, «Айқын» газеті, №71(1252), 23.04.2009 ж., 28-бет.

воскресенье, 29 марта 2009 г.

РУХАНИ МАЙДАН

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


РУХАНИ МАЙДАН: ПРОБЛЕМАЛАР МЕН
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ ЖОЛДАРЫ[1]


«Надандардан жүзіңді бұр!»
(Құран, 7/199)

«Ақыл сенбей, сенбеңіз!»
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы


Дүниежүзіндегі экономикалық, саяси һәм әлеуметтік ахуалдың күрделілігі терең сараптауды қажет етпейтіндей дәрежеде баршаға аян. Оның ішінде Қазақстанымыздың дербес ел ретінде кемелденуі қаншалықты қиындықтарға толы екенін осы елдің азаматтары ретінде сіздер мен біздер көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, дін мәселесіне келгенде де жағдайымыз шым-шытырық, мүшкіл һәм қолайсыздау. Тәуелсіздіктен бері өткен азғантай жылдың ішінде Қазақстан діни ағымдар мен діни-идеологиялық топтардың экспансия (жайылу) һәм эксперимент (сынақ) алаңына айналғандай. Ядролық сынақтарды тоқтата білген күшіміз бен даналығымыз, бірлігіміз бен жауапкершілігіміз зардабы ядролық апаттан төмен түспейтін діни сынақтарға келгенде қауқарсыз не бейқам болып қала берді. 1992 жылдың қаңтар айында қабылданған қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» Қазақстанды діни ықпал енгізу тұрғысынан «инвестиция» салуға өте қолайлы және шұрайлы елге айналдырды. Адам құқықтары мен демократиялылықтың басты көрсеткішін дін атаулыға есік ашып, төрлету деп қабылдаған жаңсақ сана салдарынан атам қазақ атын естіп, түсін түстеп көрмеген сан ағым қаптап, азаматтарымызды түрлі әдістермен бағындырып, ғасырлар бойы ел ішінде көрінбеген жік салды, ағайынды араздастырды. Ағайынды бірбіріне жау қылмаса да жат қылды, ал олар күндердің күні жау болмайды деп айта аламыз ба? Деструктивті діни ағымдар мен тоталитарлық секталардың антагонизмді насихаттап, басқа жолдағыларға теріс көзбен қарайтыны бесенеден белгілі. Кейбірі азаматтарымызды біріне-бірін айдап, азғырып ғана қойған жоқ, тіпті, оларды өз мемлекетіне қарсы күреске де салып қойды. Бұрын, тіпті, ойға келмейтін нәрселер қазір күнделікті әңгімеге айналып барады. Мәселен, сектаға өтіп кеткен кейбір жастарымыз әскери борышын өтеуден бас тартып жатыр екен, бұл көп емес, осыдан 15-20 жыл бұрын ғана ойға келуші ме еді? Жуырда араб елдерінен шабыт алатын «салафи» бағытын ұстанған 200-ден астам қазақ жастары ел аман, жұрт тынышта отанынан қашып, бірнеше жыл бойы Чехияда босып жүр дегенді баспасөзден оқып, жағамды ұстадым. Ол қашқан қазақ кімге керек өзі?! Олардың салафилердің отанына емес, зайырлы Еуропаны паналағаны өз алдына жеке әңгіме. Кейбір азаматтарымыздың (көбісі қандастарымыз) Кришна ағымын қолдап, шеру ұйымдастырғаны мәлім. Айта берсек осындай келеңсіздіктердің тізімін бүгін бітіре алмаспын ба деп қорқамын. Сонда бізге не болды?! Қайда бара жатырмыз, ағайындар-ау?! Жетіскеніміз осы ма?! Сан ағымның жетегінде кеткен он мыңдаған, тіпті, жүз мыңдаған бауырларымыздың душар болған осы халіне көңілдеріңіз тола ма?! Ұрпақтарымыз осындай талан-таражға салынады-ау деп ойлап па екен бұрынғылар?!
Бұл жерде мәселенің тек діни сенім бостандығы яки жекелеген адамдардың өздеріне ұнаған сенімге қосылуынан әлдеқайда тереңде жатқанын бәріміз аңғарып тұрсақ керек. Менің ойымша әңгіме халқымыздың дәстүрлі тұтастығына жасалған операцияда, отанымыздың ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне жасалған саботажда, ұрпақтар сабақтастығына, ұлттық бірлікке, халықтар достығына қағылған сынада. Өзінің дәстүрлі діні мен тіліне, қысқасын айтқанда, рухани мұрасына әлі қауышып үлгермеген, оны заманауи биіктен сараптау деңгейіне жетпеген, жазусыз ақ қағаздай жаны пәк азаматтарымызды түрлі авторлардың құзырына беріп, тастағандаймыз. Не жазса да сол автордың өз еркінде! Нәтижесінде кейбір азаматтарымыз не кришнашы, не иеговашы, не евангелист немесе Исламды далдалаған кертартпа да қанаушы топтардың бірінің ішінен шыға келуде. Бір таң қаларлығы, сырттан келген діни ағымдарға беріліп кеткен біздің азаматтар, жеті атасынан сол ағымда келе жатқан белсенділерден сол ағымды қорғаштау, насихаттау жағынан асып түспесе, төмен түспейтіні. Бүгінде иеговашылармен қандай бір дау-дамайға түссеңіз, америкалық иеговашы алдыңнан шықпайды, кришнашыларға бірдеңе айтып көрсеңіз, сөз таластырған үндіні көрмейсіз, фундаменталист протестант миссионерлермен пікір таласқа яки ғылыми айтысқа түсе қалсаңыз, олардан гөрі олардың ықпалында кеткен өзіміздің ағаларымыздың қаһары қаттырақ болатынын көресіз. Демек, діни ағымдардың «инвестициясы» өзін ақтады, олар Қазақстанға келіп, бекерге шығынданған жоқ, алда қырман күтіп тұр оларды. Дәл осы тұста мына сахна неліктен көрініс тапты және біздер неге әлсіз болып қала бердік деген сауал мазаласа керек. Әр ата-ана өз ұрпағын жаманаттан, кесапаттан сақтап қалуға тырысатыны секілді, мемлекет деген ірі ұғым, биік шаңырақ та өз азаматтарын зиянды ықпалдардан, ірітуші-шірітуші күштерден арашалап қалуы керек емес пе?
Айтпасқа амалым жоқ, Конституция Кеңесі жақында ғана «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның ел мүддесіне басымдық берген жаңа нұсқасын кейбір техникалық кемшіліктерді желеуретіп «Конституцияға сәйкес емес» деп жариялағанда, қабырғамыз қайысып, түн ұйқымыз төрт бөлінді. Бұл осыменен екінші рет кері қайтқан дін заңымыз! 2001 жылы дәл осылай болған жоқ па? Ол кезде де миссионер ұйымдары, сырттан келген діни ағымдар мен адам құқығын «қорғаушылар» шуылдағанда, Мәжіліс пен Сенат бекіткен заңымыз Конституция Кеңесінен өте алмай, құрдымға кеткен-ді. 2008 жылдың ақпан-наурыз айларында Мәжіліс және Сенат депутаттарынан құралған бастамашы топ қолданыстағы заң мемлекетімізге көп зиян келтіруде, оны қазіргі заманның талабына сай өзгерту керек дегенде, «Тәуба! Дұғаларымыз қабыл болды!» деп, қуанып едік. Бірнеше дінтанушы, зиялы азаматтар Алматыдағы «Ұлттық баспасөз клубында» мәслихат өткізіп, депутаттардың бастамасын қолдайтынымызды жария еткенбіз. Соңыра, ҚР Парламенті ұйымдастырған дөңгелек үстел жиналыстарында пікір білдіріп, заң жобасы бойынша ұсыныстар жасап едім, мақалаларым бірнеше басылымдарда жарияланған-ды. Сонымен қатар заң жобасына қарсы топтың белсенділерімен полемикаға түскенім бар. Осы еңбектің бәрі зая кеткенін көріп, қатты қынжылып отырмын, ағайын. Ел тағдырын арқалаған депутаттарымыз бұл мәселені осымен қалдырмайтын шығар, түптің түбінде діни диверсияны ауыздықтайтын заң қабылданатын шығар деген үміттен күдер үзгім келмейді...

КІМНІҢ ҚҰЛЫМЫЗ?

Деструктивті діни ағымдардың, тоталитарлық секталардың, дін атын жамылған қанаушы топтардың қоғамға келтіретін апаты – өздеріне мойынсұнған адамдарды құлақ кесті құлға, дүмбілез мәңгүртке, еркін ойлау қабілетінен ажыратылған зомбиге айналдыруы. Олардың кейде криминалдық топтармен, наркобизнес барондарымен, лаңкес ұйымдармен қоян-қолтық араласып кететіні де біраз нәрсені аңғартса керек. Қатарларын анағұрлым көбейтіп, томаға-тұйық құлдар армиясын ұйымдастыратын қанаушы топтардың құрығына ілінген байғұс пенделерді материалдық һәм психологиялық қиындықтар мен қиналыстар күтіп тұрғаны аянышты. Алайда, имандылар кімнің құлы болуы керек, кімге құлдық борышын өтеп, кімге ғана тәуелді болуы керек? Жауапты Құраннан іздеп көрелік:
«Күдіксіз, Мен Аллаһпын! Менен өзге тәңір жоқ! Ендеше, Маған құлдық ет!» (Та-Ха сүресі, 20/14)
«Өзіңе құлдық етеміз және Өзіңнен жәрдем сұраймыз!» (Фатиха сүресі, 1/5)
«Шынында, менің жалбарынуым, құлшылықтарым, өмірім және өлімім әлемдердің Иесі – Аллаһ үшін!» (Әнғам сүресі, 6/162)
Құран аяттарында мұсылман пенденің тек Жаратушыға құлдық қылатыны, Аллаһтың көрсеткені және түсіргені бойынша өмір сүретіні айқындалған. Арабшадағы «абд» сөзі құлдықты, тәуелділікті, бағыныштылықты, қызмет/еңбек етуді, ұлықтауды білдіреді. Құран, біртұтас жүйе ретінде, басынан аяғына дейін имандыларды тек Аллаһқа ғана «абд» яғни «құл» болуға, басқаға құл болмауға үндейді. Демек, имандылар толыққанды еркіндікте болуы керек, ешбір күшке, ешбір адамға яки затқа басы байлаулы құл болмауы керек. Құлдық ұғымы барлық әлемін жаратқан шексіз құдірет Иесіне ғана қарата болуы мүмкін. Құранда имандылардың фәни адамдарға құлдық ұруы, қанаушы топтардың жетегінде кетуі дегендер жоқ. Күллі ғаламды бар еткен Аллаһқа тәуелді болмасқа амалымыз жоқ, өйткені, ауа жұтуымыздан бастап, барлық функцияларымыз Оның заңдары бойынша болады. Міне, Ислам дініндегі осы еркіндік, тәуелсіздік концепциясы ешбір дінде, ешбір философиялық идеяда жоқ. Өзгелері адамдарды фәни пенделерге, шіркеуге яки өткінші құрылымдарға, тіпті ақыл-еске еш сыймайтын нәрселерге, қысқасы, құлға құл етеді де тұрады. Құранда баяндалған қиссаларды оқыңыз, мәселен Мұса пайғамбардың Исраил ұрпақтарын құлдықтан тәуелсіздікке жетектеуі туралы айтылады. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбар да мұсылмандарды Меккеден Мединеге көшіру арқылы құлдықтан құтқарды, саяси һәм экономикалық тәуелсіздікке жеткізді, мұсылман қоғамы сөйтіп нығайды...

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ АЯНЫШТЫ ХАЛІ

Жә, шын мәнінде Құранның жоғарыда қысқаша ғана келтірілген тәуелсіздік, еркіндік концепциясы қазіргі дәуірде мұсылман әлемінде қалай көрініс тапқан? Мұсылмандар шынымен де толық тәуелсіздікке қол жеткізе алған ба? Ислам үмметі кімге құлдық қылуда және кімнен жәрдем сұрауда? Мұсылмандар қалай күн көруде, кімге жалбарынуда? Сәл осы мәселелер төңірегінде ойланайық, ағайын. Алдымен сіздерге қазіргі Ислам әлемінің шынайы хал-ахуалы туралы Ислам Конференциясы ұйымының (ИКҰ) есептерінен бірнеше дерек келтірейін:
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш (http://www.oic-oci.org/member_states.asp). Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
§ Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша ересек әйелдердің Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% сауатсыз (http://www.sesric.org/baseind_5.php). Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ-ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран» яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы надандық? Жуырда Израиль әскері Палестинаның Газа бөлігіне баса көктеп кірмекші болғанда, Хамас ұйымының басшылары «250 мың қарулы адамымыз бар!» деп сес көрсетіп еді. Израиль екі аптаға созылған шапқыншылықта 2 мыңнан астам адамды қырғанда (оның басым бөлігі сәбилер мен еш жазығы жоқ әйелдер, қарттар), жаңағы Хамасы болсын, араб елдері болсын, ешбірі қарсылық көрсете алмады. Хамастың білімсіз 250 мың қарулы адамы болғанынша 250 мың білімді адамы болса, Палестиналық мұсылмандар осы халге душар болар ма еді? Ішетін суынан, электр қуатына дейін, дәрі-дәрмектен жанар-жағар майға дейін түгелдей Израильден алатын Газалықтар, өздері толығымен тәуелді болып тұрған Израильмен қалай тайталасқа түспек? Жастардың қолына калашниковтың орнына қалам ұстатып, білім жолына салғанда, Палестина баяғыда мемлекет болар еді және де гүлденген, дамыған елге айналар еді ғой...
§ Ғылыми потенциал: Ғылым және техника салаларында жарияланған мақалалардың жалпы мөлшері елдердің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштерден. 1996-2005 жылдары аралығында (10 жылда!) Сомалиде 16, ең дамыған мұсылман елі саналатын Түркияда 87,629 ғылыми-техникалық мақала жарияланған екен. Ал аталмыш кезеңде АҚШ-тағы екі-ақ жоғары оқу орнында – MIT (Massachussets Institute of Technology) және Станфорд университеттері, 99,643 мақала жарияланған екен! (Science & Technology in the OIC Countries, SESRTCIC, Ankara, 2005, 1-бет). Аталмыш кезеңде Қазақстан 2,242, Ауғаныстан 59, Грекия 65,107, Финляндия 86,608 мақала шығарған. Барлық әлем пайдаланатын Нокиа телефондарын өндіретін Финляндияның бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар.
§ Ғылыми белсенділік: 1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғаныстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1,240 мақаладан келеді екен. Ал Финляндияда бұл көрсеткіш 16,556 және Ирландияда 14,930 мақаладан! Ирландияның 4-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!
§ Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45,425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52,560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6,650 студенті бар) 2005 жылы 15,455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда – 80,282, Ресейде – 28,073, Үндістанда – 29,047 мақала жарияланған.
§ Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері жалпы ішкі өнімдерінің (ЖІӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды (World Bank, World Development Indicators).
§ Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын мына үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15% және Қытай 11% өндіріп отыр. Жоғары технологиялық өнімдер былай тұрсын, мұсылмандар қарапайым өнімдердің өзін басқа діндегілерден алады. Басқаны айтпағанда, мәселен, Меккедегі Кәғбаның айналасындағы дүкендерде сатылатын жайнамаз, тақия, азан шақыратын сағат, тәсбіх, құбыла компасы т.т. сияқты тауарлар түгелдей Қытайдан әкелінеді! Мұсылмандардың бір Нокиа, Самсунг, Тойота т.т. сияқты әлем таныған брэнді де жоқ.
§ Патент саны: 1997-2005 жылдары патент алу жөнінде әлем бойынша 986,606 арыз тіркелсе, мұның тек 5,146 данасы, яғни 0,5% (!) ғана мұсылмандардікі. Сонда, 1,5-2 миллиард мұсылманның жиынтық интеллектуалдық күші әлем бойынша 0,5 пайызға тең келіп тұр! Синтоизм мен буддизмді ұстанатын Жапония болса 130 миллион халқымен әлемдегі патенттердің 37,7 пайызына иелік етуде. Бір қуаныштысы Қазақстан 2000-2005 жылдары аралығында 4,063 патент тіркетіп, Түркиядан кейін мұсылман елдері бойынша екінші орында тұр (http://www.wipo.int/pct/en/).
§ Кедейшілік: Индонезия халқының 52,4% күніне 2 доллардан кем табыс табады екен. Бұл елде 200 миллион мұсылман барын ұмытпаңыз. Сол сияқты күніне 2 доллардан кем табатындардың мөлшері Мысырда 44%, Пәкістанда 74%, Нигерияда 92,4%, Бангладеште 82,8%, Түркияда 18,7% (БҰҰ, Адам дамуы есебі, 2006 ж., UNDP, Human Development Report 2006). Мұсылмандардың басым көпшілігі аштық және кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл да намысыңды жаниды. Дамыған елдермен салыстыру үшін ащы да болса мына фактіні келтірейін: Еуропа Одағы мүше елдердің ауыл-шаруашылық салаларын қолдап-қорғау мақсатымен қомақты қаржы бөледі. Осы есептен Грекияда әрбір сыйырға күніне 2,5 доллардан ақша дотация ретінде бөлінетініне жылайсың ба күлесің бе...
§ Ауыз су тапшылығы: Ауыз суға қолы жетпейтін халықтың пайыздық мөлшері жағынан да мұсылман елдері әлемдік біріншілікті берер емес. Индонезия 23%, Сұдан 30%, Нигерия 52%, Чад 58% халқына таза су жеткізе алмай отыр.
§ Бәсекеге қабілеттілік: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2006-2007 жылғы «Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік есебіне» қарағанда Швейцария бастаған мықтылар тізімінде мұсылман елдерін көре алмайсыз, олар тек артқы орындарда. Малайзия ғана 26-орында тұрса, Қазақстан 56-орынды иемденген. Тізімнің алғашқы сабында өңкей христиан, буддист, синтоист және йаһұди діндеріндегі мемлекеттерді көресің (http://www.weforum.org/en/initiatives/gcp/Global%20Competitiveness%20Report/index.htm).
§ Нобел сыйлықтары: 1901 жылдан басталған әйгілі Нобел сыйлығы туралы да бірер ауыз айта кетейік. Саяси ықпалдармен берілуі ықтимал бейбітшілік және әдебиет сыйлықтарын емес, нақты ғылыми өлшемдер бойынша берілетін физика, химия және медицина саласындағы Нобел сыйлықтарын қарастырдым. Мәселен, физика саласындағы Нобел сыйлығы 1901 жылдан бері қарай 183 адамға берілсе, 1,5-2 миллиардтық мұсылман әлемінен тек 1979 жылы Пәкістандық Абдус Салам (1929-1996) ғана осы атаққа лайық болған екен. 153 ғалымға берілген химия сыйлығын 1999 жылы алған жалғыз мұсылман ғалым – мысырлық Ахмед Зеуаил (1946- ). Медицина саласындағы Нобел сыйлығымен 1901 жылдан бүгінге дейін 192 ғалым марапатталыпты. Оның ішінен жалғыз мұсылманды таптым – 1936 жылы АҚШ-та дүниеге келген, тегі Албаниялық Ферид Мурад (http://nobelprize.org/nobel_prizes/). Бұл үшеуінің де ортақ қасиеті Еуропа немесе Америкада маманданып, ғылыми зерттеулер жасағаны. ІХ-ХІІІ ғасырларда адамзатқа әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (980-1037), әл-Бируни (973-1048), әл-Хорезми (780-850?), Ибн Рушд (1126-1198), әл-Кинди (800?-873) сияқты мыңдаған ғалымды тарту еткен мұсылман әлемі бүгіндері ғафлат ұйқысынан ояна алмай келеді.
§ Спорттағы табыстар: Ақыл күшінен енді дене күшіне келейік. Олимпияда ойындарының бір ғасырлық тарихында жазғы және қысқы олимпияда ойындарында барлығы 5,282 алтын медаль берілген екен. Барлық мұсылман елдері (!) жеңіп алған алтын медаль 102 дана ғана, яғни 0,01%! Демек, мұсылман еместер алтын медальдердің 99,99% алған! Ең көп алтын медальі бар Түркия 37 алтынмен әлемдік тізімде 30-орында. Жетпіс миллионнан астам халқы бар Иран 11 алтын медальмен 46-орында болса, Қазақстан 10 алтын медальмен 48-орында келеді. Басқа мұсылман елдерін айтудың тіпті қажеті жоқ. АҚШ 1009 медальмен көшті бастаса, алғашқы 30 елдің басым көпшілігі Еуропаның христиан елдері мен Қытай, Жапония және Корея сияқты Азия елдері (http://www.olympic.it/english/medal/id_overall.htm). Бұл жағынан да жағдайымыз мәз емес.
Мысалдарды көбейтуге болады. Соңғы екі жыл бойы Ислам әлемінің даму деңгейін дүниежүзілік масштабта салыстырмалы деректер бойынша зерттеудемін. Мұсылмандардың артта қалу себептерін анықтау және тығырықтан шығудың амалдарын қарастыру мақсатымен қыруар дерек көзін тексерумен, талдаумен келе жатырмын. Мәселен, орташа өмір, бала өлімі, ана өлімі, қоректену деңгейі, жоғары білімділердің жалпы халыққа мөлшері, инновация, табыс үлесімі, әлеуметтік әділеттілік, өмір сүру сапасы, бақыттылық деңгейі, өміріне қанағаттанушылық, ұлттық брэндтер, жұмыссыздық, сөз бостандығы, әйел құқықтары, инфрақұрылым, мүліктік құқықтар, қорғаныс қабілеті, дәрі-дәрмек өндірісі т.т. сияқты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша Ислам әлемінің жағдайы басқа жұртпен салыстырғанда өте нашар, дамыған елдерден бірнеше ғасыр артта келеміз. Алайда еңбексіз ешнәрсе де өзгермейді, Құран 14 ғасыр бұрын барлық өзгерістің адамдардың өздеріне байланысты екенін ескерткен жоқ па?:
Шынында, Аллаһ ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпес! (Рағд сүресі, 13/11)
Өйткені, шынымен де бір қоғам өз-өзін өзгертпейінше, Аллаһ оларға берген нығметін өзгертпес! (Әнфал сүресі, 8/53)
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы бабамыз да бір өлеңінде:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
деп осы мәселеге байланысты ұстанымын айтып өткен.

ҚАРАҢҒЫ ҒАСЫРЛАР

Еуропа ғалымдары Батыс Рим империясының м.к. 476-жылы варварлар (!) тарапынан құлатылуы мен Ренессанс (Қайта жаңғыру, XIV-XVI ғғ.) арасындағы мың жылдық дәуірді «Қараңғы ғасырлар» (Dark Ages) деп атаған. Осы мың жылдық уақытта Еуропа қоғамдарының өркениеті құлдырады, шіркеудің үстемдігі түбегейлі орнады, ғылымға тыйым салынды, ғалымдар мен еркін ойлаушылар жойылды, жазықсыз әйелдер тірідей отқа салынды. Дегенмен, Шармық (крест) жорықтары арқылы мұсылман әлемінің дамыған алтын дәуірін көрген еуропалықтар көздерін аша бастады. Жібек Жолын олай да бұлай шарлап өткен П. Карпини (1180-1252) У. Рубрук (1215?-1270), Марко Поло (1254-1324), сияқтылар қараңғы Еуропаға таңсық жаңалықтарды жеткізумен болды. Испанияны 8 ғасыр билеген Андолусия мұсылмандары жабайы еуропалықтарға бүгінгі біздерге Еуропа қалай көрінсе солай көрінетін. Мұсылман елдерінің сапалы тауарлары мен өнер туындыларына сұраныс зор еді. Мұсылмандар ғылым мен білімде, өнер мен әдебиетте жетекші орында еді. Бірте-бірте Еуропада «Шығыстану» (orientalistics, востоковедение) ғылымы пайда болды. Батыс зерттеушілері ғасырлар бойы Шығыс халықтарының тілі мен дінін, тарихы мен мәдениетін, Шығыс ғұламаларының еңбектерін зерттеумен болды. Бүгінгі күннің өзінде шығыстану ғылымы Батыс елдерінің жоғары оқу орындарында философия, тарих, филология сияқты ең негізгі гуманитарлық ғылым саласының бірі болып табылады. Өкінішке қарай, мұсылман әлемінде «Батыстану» (occidentalistics, западоведение) ғылымы ешқашан да ғылымның саласы, тіпті, зерттеу нысаны ретінде де пайда болған жоқ...
Қараңғы ғасырларды бастан кешіп жатқан Еуропада шындықты қорықпай айта білетін іждиһатты, жігерлі ғалымдар пайда болды. Олар неліктен мұсылмандар тамаша жасап жатқанда біздер жабайылықта өмір сүреміз деп ой жүгіртті. Батыстың артта қалуының басты себебінің бірі ретінде қоғамға және ғылымға өктемдік жүргізген шіркеу репрессиясы осы ілгерішіл ойшылдардың көзіне көріне бастады. Ойға бұғау салған, ғасырлар бойы бейкүнә адамдарды құлға айналдырып, жаншып қинаған, әртүрлі жаңалық пен дамуға қарсы белсенділікпен аяусыз қанды күрес жүргізген шіркеу барлық зорлық-зомбылығын қолданғанымен ақылды жеңе алмады, адам баласының азаттыққа, еркін ойлауға деген ынтызарын құрта алмады. 1215 жылы негізі қаланған инквизиция соты шіркеу догматтарына қарсы пікір білдірді немесе күмәнмен қарады деген айыптаумен ХІХ-ғасырға дейін Еуропа мен отарланған елдерде жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған жазықсыз адамды қойша қырды. Н. Коперник (1473-1543), Дж. Бруно (1548-1600), И. Кеплер (1571-1630), Г. Галилей (1564-1642) жазықсыз жазаға ұшыраған ғалымдардың бірнешеуі ғана. Еуропаны бүгінгі даму биігіне көтергендер осылар сияқты еркін ойлай білген, эмпиризм мен эпистемологияның негізін қалаған, позитивті ойлау және рационалды логиканы дамытқан батыл ойшылдар. Ислам әлемі болса XIII-ғасырдан бастап құлдырады, тоқырады, ғылым мен білімде, өнер мен технологияда бұрынғысындай біртуар тұлғалар мен туындыларды шығара алмады.
Мұсылман әлемінде Батыстағыдай «инквизиция» ресми институт ретінде қалыптаспағанымен, әл-Ғазалиден (1058-1111) кейін кең таралған аскетизмді әсіре дәріптеуші суфизм-мистицизм-оккультизм ағымдары, сонымен қатар догматизмді ту еткен һәм билеуші феодал таптың бақылауындағы (әсіресе, Әмәуилер/Омеядтар мен Аббасилер) схоластикалық мектептер ғылыми еркіндікке тосқауыл қойып, барлық «өзгеше» ой-пікірге мейлінше қысым көрсетіп, тұншықтырды. Бүгінде өзінің дегеніне көнбеген мұсылман бауырларын малша бауыздайтын Талибан және сол тектес экстремист ағымдар қараңғылық пен зұлымдық жағынан инквизициядан еш кем емес. Инквизиция залымдары бәрін «Иса Мәсіхтің» атымен және «дін» үшін жасаса, бұлар да барлық зорлық-зомбылықты Аллаһтың (!) атымен және дін (!) үшін жасауда. Бұл Құрандағы ізгілік дінінің адамның қолымен қаншалықты бұрмаланғанын дәлелдейтін трагедиялық ақиқат. Алайда, Құран дінде қысым жасауға түбегейлі қарсы және адамдарға толық сенім еркіндігін беретін аяттарға толы:
«Дінде зорлық жоқ!» (Бақара сүресі, 2/256)
«Айт: «Шындық Иелеріңнен! Ендеше, қалаған сенсін (иман етсін) және қалаған сенбесін» (Кәһіф сүресі, 18/29)
Жаратқан пенделері туралы үкімді Аллаһ өзі береді, ешбір діни тап өкілінен, секта көсемінен сұрамайды және мизан күні ешкімге әділетсіздік етілмейді. Инквизиция соттары және мағына һәм мазмұн жағынан оған ұқсас барлық құрылымдар Жаратушының билігіне қол сұғып, Оның атынан үкім шығарады, жазықсыз адамдарға қиянаттық жасайды, оларды азапқа салады, адамдарды діннен қашырады, суытады. Еуропадағы мұражайлардағы «азаптау» коллекцияларын көрудің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады, ешбір қылмысы жоқ пенделерді ойлап көзіңе жас аласың...
Шынында, нағыз үкім Аллаһтікі ғана. (Йұсұф сүресі, 12/40)
Өзінің үкіміне ешкімді де ортақ етпейді! (Кәһф сүресі, 18/26,27)

ҚҰРАН НЕ ҮШІН ТҮСІРІЛДІ?
ПАЙҒАМБАР НЕ ҮШІН ЖІБЕРІЛДІ?

Енді, осы маңызды сұраққа жауап іздеп көрелік. Құранның түсірілу хикметі жөнінде көптеген аяттар сыр шертеді. Мына аяттарда жоғарыдағы екі сұраққа бірдей жауап берілген:
(Құран) Тірі жандарға ескерту және нанғысыз опасыздар (кәпірлер) жөніндегі сөз шындыққа айналсын деп (түсірілді) (Йа-син сүресі, 36/70)
Бұл сондай кітап, адамзатты қараңғылықтардан нұрға шығаруың үшін өзіңе түсірдік. (Ибраһим сүресі, 14/1)
Құранның Пайғамбарымызға жіберілуіндегі басты мақсаттың бірі – адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығару. Ал бүгінгі мұсылман әлемі қараңғылықта өмір сүріп жатыр ма, жоқ жарықта өмір сүріп жатыр ма, оны бағалауды сіздердің ар-ұждандарыңызға қалдырамын. Әр иманды пенде ақылымен ойланып, ұждан таразысына салып, Ислам Конференциясы ұйымының жоғарыда келтірілген ресми деректерін ескере отырып қорытынды жасасын...
Құранның сөз байлығына, суреттеу қабілетіне таң қалмасқа шараң жоқ. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын кейбір сөздердің Құрандағы мағыналарына бір сәт қарайық. Мәселен, жоғарыдағы аяттағы арабша «зұлым» сөзі сөздікте «қараңғылық» дегенді білдіреді және аяусыздық, қатыгездік мағынасын да қамтиды. Осы түбірден жасалған «зұлмат», «залым» сөздері шын мәнінде қараңғылықты, нұрсыздықты, жауыздықты білдіреді. Көптеген аяттарда Аллаһ «залымдарды» яғни қараңғы жауыздарды жақсы көрмейтінін білдіреді (Құран, 3/57, 3/140, 42/40). Расымен де зұлымдық қараңғылықтан өрбиді ғой. Келесі сөз «куфр», қазақшаға «күпір», «кәпір» түрінде кірген бұл сөздің төркіні «шындықты бүркемелеу», «бір нәрсенің бетін жабу, жасыру», опасыздық және қиянаттық жасау дегенді білдіреді. Кәпірлер шындықты бүркемелеп, жасырғандары үшін Құранда осы сөзбен бейнеленген. Осы екі сөзді анықтап талдағанда зұлымдық пен күпіршіліктің қараңғылық, надандық және қасақана бұрмалаушылық сияқты қылықтармен етене қатынасы бар екенін байқаймыз.


БАРЛЫҚ ҒАЛАМ АЛЛАҺТЫҢ АЯТТАРЫ

«Аят» сөзінің Құрандағы мағынасына да бір сәт үңілейік. Аят – дәлел, айғақ, белгі, ишарат мағыналарын береді. Құран аяттары – оқылатын айғақтар деген сөз. Құран Аллаһтың аяттарын екі топқа бөледі;
1.Құранда келтірілген жазбаша аяттар (айғақтар).
2.Жаратылыс әлеміндегі барлық нәрселер, космостық заңдылықтар, табиғат құбылыстары, қысқасы барлық ғалам Аллаһтың аяттары.
Барлық ғылым және материя әлемі Аллаһтың аяттары, Оның билеуіндегі физика, химия, биология, астрономия т.т. сияқты заңдармен дүниеге келеді, жүзеге асырылады. Кімде-кім осындай ғылым салаларын зерттеумен шұғылданса, Аллаһтың аяттарын зерттеумен шұғылданғаны. Кімде-кім ғылымды мойындамаса, Аллаһтың аяттарын мойындамағаны. Ислам дінін Аллаһтың жазбаша аяттарын жаратылыс аяттарымен қатар оқығанда толығырақ түсінеміз. Осы екі аят категориясының біріне жете мән бермеген адам Исламды түсінуде апатқа ұшырайды. Бүгінгі дамыған қоғамдар Аллаһтың жаратылыс аяттарын лайығынша зерттеп, ғылыми жетістіктерге сай өмір сүргендіктен, ақылды басшылыққа алғандықтан табысқа жеткен деп санаймын. Ислам әлемі дінді тек ритуал шеңберінде ғана түсініп, бос-негізсіз ырымдар бойынша өмірді анықтаудың орнына, Аллаһтың космостағы, табиғаттағы нағыз аяттарын оқып, ғылыми аяттарына сәйкестендірсе жөн болар еді. Үйіміздің, автокөлігіміздің кілтін бейтаныс адамдарға бермейтініміз сияқты, дүниеміз бен ақыретіміздің кілтін кім-көрінгеннің қолына тапсырмайық, ағайын.

СЫРТТАН КЕЛГЕН АҒЫМДАР

Қазақстанда жанталаса миссионерлік жасап жатқан діни ағымдардың бастысы протестант бағытындағы шіркеулер. Бұлардың көбісінің орталықтары Америка, Оңтүстік Корея және кейбір Еуропа елдерінде. Ғасырлар бойы миссионерлік тәжірибесін жинақтаған протестант шіркеулері Америкадағы саяси құрылымдармен біте қайнасып кеткен. АҚШ-тағы протестант христиандардың 70 пайызы фундаменталист евангелист секталардың ықпалында деген пікір бар. Технология дамыған бүгінгі күні діни ағымдар мен секталар тек діни үгіт-насихат тасымалдаумен ғана шектелмейді, олар саяси-идеологиялық ықпалдарды да қоса енгізеді. Дәлел ретінде, протестант шіркеулерінің христиандықтың католик тармағындағы Оңтүстік Америка елдері, Орта және Шығыс Еуропа және Ресейде ерекше белсенділікпен жұмыс атқаруын айтуға болады. Бұл өздері онсыз да ежелден христиан дініндегі халықтарды протестант жағына шығару – прозелитизм. Демек, басты мақсат христиандандыру емес, менталитетті ауыстыру арқылы католиктер мен православтарды саяси-экономикалық ортақ лагерге кіргізу, ықпал шеңберіне енгізу. Осы елдердегі протестанттардың санын арттыру арқылы оларға іштен ықпал ету.
Сонымен қатар христиан емес халықтарды, әсіресе, стратегиялық маңызы бар елдерді шоқындыру амалдары бар күшімен, 24 сағат, 365 күн бойы жүзеге асырылуда. Протестант шіркеулері соңғы жылдары Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдерде қарқынды жұмыс істеп келеді. Оңтүстік Корея соңғы жарты ғасырда шоқындырылды. Қытайдағы шоқынғандардың саны 25-55 миллион арасында деп болжануда, алайда «Иса Мәсіх Пекинде – Христиандық Қытайды қалай құбылтуда және әлемдегі күш тепе-теңдігін қалай өзгертуде?» атты кітаптың авторы, атақты «Тайм» журналының тілшісі Дейвид Аикман (David Aikman) «Қытайда 70 миллион протестант және 12 миллион католик христиан бар» деп жазады. Автордың пікірінше бұл сан жағынан 70 миллион мүшесі бар Қытай коммунистік партиясынан да ірі жамағат (http://www.eni.ch/articles/display.shtml?05-0691). Өзіңіз ойлаңызшы ағайын, болашақта дүниежүзіндегі ең мықты державаның бірі болатыны әзірден көрініп тұрған Қытайдың шоқындырылуы кімнің мүддесіне тиімді болмақ? Экономикасы қарқынды даму үстіндегі Үндістанда христиандықты қабылдаған үнділердің саны 25-30 миллион шамасында және бұл сан күн сайын өсіп келеді. Үндістанда көп таралған тілдерде діни үгіт-насихат тарататын 20-шақты телеарнаның болуын немен түсіндіреміз. Енді миссионерлер елімізге не үшін ағылып келетінін түсіну қиынға соқпаса керек. Миссионерлік саласына жұмсалып жатқан миллиардтаған долларлар қайдан келіп жатыр және христиан секталарын кімдер қолдайды? Олардың барлығының аталмыш елдерде, оның ішінде өзіміздің елде де жанашырлары, қолдаушылары бар. Әңгіме қолына Библия ұстап келген бірнеше монах жөнінде емес ағайын, одан да әріректе, одан да тереңде жатыр миссионерліктің мақсаты және жоспарлары. Дін – құрал ғана. Дін адамдарды инандыру және ұйымдастыру үшін таптырмас құрал, орны толмас ресурс. Бір рет сендіріп, бағындырып алған соң не істетуге болмайды көр-соқыр берілген пақырға? Сондықтан, еліміздегі және әлемдегі діни үрдістерге жалаң діни сенім бостандығы тұрғысынан қарау менің ойымша бұл сергелдеңі мол көкейкесті мәселені шала бағалаушылық болар. Дін ауыстыру түгелдей дүниетанымыңыз бен менталитетіңізді, саяси көзқарастарыңыз бен өмірдегі мақсаттарыңызды тұтастай ауыстыру деген сөз. Христиан секталары шексіз қаржы және кадр ресурстарына және халықаралық саяси қолдауға ие болғандықтан үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Біздің олармен бәсекелестікке түсетін еш мүмкіндігіміз жоқ, себебі не қаржылай не басқаша қолдаушымыз жоқ. Біздер күн көрудің қамымен жүргенде олар барлық жағынан қамсыздандырылған он мыңдаған миссионерден құралған үгіткерлер армиясымен, әлемдегі ең ірі баспаханалар және телеарналар жүйесімен жұмыс істеуде. Менің дін жөніндегі заңымыздың өтпей қалуына қапалануым да осыдан....

ИСЛАМДЫ ДАЛДАЛАҒАН АҒЫМДАР

Бүгінде елімізде мұсылмандарды жіктерге бөліп, біріне бірі қарсы уағыз тарататын көптеген діни ағымдар, топтар бар. Бұлар өздеріне жақпаған адамдарды (үкімін Құдайға қалдырмай-ақ!), тамұққа лақтыруда алдарына жан салмайды. Басым көпшілігі сырттан келген яки шетелдерде оқып, бізге жат ағымдардың ықпалына душар болған өзіміздің балаларымыз тасымалдаған ағымдар. Бұларға қарсы яки балама ретінде іштен шығарылған теріс ағымдар да бар. Әрине, бұл жерде ауруды аурумен жоюға болмайтынын атап айту шарт. Ауруды тек ем арқылы, ащы да болса дәрі-дәрмен арқылы жеңуге болатынын естен шығармаған жөн.
Аталмыш ағымдарды негізінен екі топқа бөлсек болғаны:
1.Эзотерикалық, мистикалық ағымдар: Бұлар негізінен «нақылға» иек артады, құпия-сырларға жетудің жолын өздері ғана біледі, аскетизмді дәріптейді, рационалды ойлауға қарсы, ғылымды мансұқтайды, өз қатарларына қосылғандардың еркіндігіне мейлінше шектеу қояды, ақылды желіден шығарып адамды құр мойынсұнғыш қуыршаққа айналдырады. Діни әдебиеттері аңыз-әфсаналар мен таңғажайып құбылыстарға толы. Пирамиданың астында қалың көпшілік тұрса, төбесінде барлығын билеп отырған тариқат көсемі тұрады.
2.Схоластикалық догматизм ағымдары. Бұлар негізінен көр-соқыр сенімге және мойынсұнуға үгіттейтін, бұрынғылардың жолын айна-қатесіз қууды уағыздайтын, көнені аңсайтын, артқа тартатын ескішіл, кертартпа топтар. Діни ритуализм мен формализмді басты орынға қоятын осындай ағымдар өздеріне қосылған азаматтарды бірден догматтарға бағындырып, фатализмді санаға құюмен болады.
Осы екі қарсылас бағыт елімізде қарқынды түрде үгіт-насихат жасап келеді. Менің ойымша бұлардың бірі арбаны оңға құлатса, ендігісі солға аунатады, ал бізге орта жол керек. Бұл екеуіне де қосылмаған ортадағы мұсылман қауым болса қандай бағытты ұстанарын білмей, кімге барып, кімнен сұрарын ажырата алмай, әбігерге түсіп, басы қатып отырған жайы бар. Аталмыш қарсылас бағыттардың ортақ қасиеттері де бар. Олар:
- Бұл ағымдардың басым көпшілігі сырттан келген. Демек, бұлар сырттан биленеді.
- Екеуінде де Құранда орны жоқ «рұһбандық» яғни «діни тап» пайда болған. Екеуінде де «киелі адамдар» мен «ұлықтар» пантеоны барлық мәселені шешіп тастаған, біздерге тек мүлтіксіз құлдық ұру, еліктеу ғана қалдырылған.
- Қатыгездік культі, басқа сенімдегілерге төзімсіздік, жаңалықтарға томаға-тұйықтық басым.
- Қосылғандардың материалдық және моральдық еркіндігіне барынша шектеу қою.
- Адамзаттың заманауи ізгі жетістіктеріне (мағрұф), ғылымның көптеген табыстарына, мәдениет пен өнердің құндылықтарына көп жағдайларда тыйым салу яки мансұқтау.
- Тоталитарлық иерархиялық жүйелері арқылы елдегі саясатқа ықпал ету, тіпті, түбінде билікті өздерінің идеологияларына сәйкестендіру, теократиялық мемлекет орнату.
- Діни синкретизм, әсіресе йаһұдилік пен христиандықтан қабылданған элементтер (исраилият және мәсіхият).
Бүл ағымдар өздерінің нағыз тура жолда жүргендерін дәлелдеу үшін жамағаттарының сан жағынан көптігін алға тартады. Алайда, адам санының көптігі ғылым және Құран тарапынан дәлел ретінде қабылданбайды:
Жербетіндегілердің көпшілігіне бағынатын болсаң, олар сені Аллаһтың жолынан тайдырады. Шынында, олар тек болжалға (күмәнді ойға) еруде һәм сол болжалмен топшылауда! (Әнғам сүресі, 6/116)

ҚҰРАН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БӨЛІНУІНЕ
ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ҚАРСЫ

Ислам діні – бірлік діні. Ислам – ізгілік діні, ол ешқашан да имандылардың қырғи-қабақ болуын, жанжалдасуын қаламайды, жалпы ешкімге де жамандық тілемейді. Дініміз бейбітшілік діні және барлық мұсылмандарды туысқан бауырлас деп санайды. Деструктивті және кертартпа діни ағымдардың мұсылман үмметін қырық пышақ етіп бөлуі ең біріншіден дінімізге жасалған ең үлкен қиянат емес пе?! Тағы да Құранға жүгінейік:
Діндерін жік-жікке бөліп, топ-топ болғандарға сенің еш қатысың жоқ! Олардың ісі/бұйрығы Аллаһқа тиесілі! Аллаһ оларға істегендерін хабарламақ! (Әнғам сүресі, 6/159)
Өздеріне айқын айғақтар келгеннен кейін жіктерге бөлінгендер және келіспеушілікке ұрынғандар сияқты болмаңдар! Оларға орасан зор азап бар! (Әли Имран сүресі, 3/105)
Бәрің түгелдей Аллаһтың желісінен мықтап ұстаңдар және ешқашан да жіктерге бөлінбеңдер! (Әли Имран сүресі, 3/103)

БЕТІМІЗДІ БОЛАШАҚҚА БҰРАЙЫҚ

Аз уақытта біраз нәрсені баяндауға тырыстым, қаншалықты әсерлі болғанын сіздер бағалайсыздар. Осыншама мәліметтен соң бірер сөз өзімнің болашақ жөніндегі ой-пікірлерім турасында болмақ. Ислам әлемін тығырықтан шығару үшін не істеуіміз керек? Менің ойымша біз мұсылмандар кітабымыз Құранда айқындалған жолмен, ақыл жолымен, ғылым-білім жолымен, зайырлы қоғамды сақтай отырып, демократиялық еркіндіктер мен құқықтарды мүлтіксіз орындай отырып, гуманизм мен бейбітшілікті дәріптеп, еңбекшілдік және ізденімпаздық негізінде даму және ілгерілеу жолында жүруіміз керек. Құран осының барлығына да келісім береді, тіпті, талап етеді:
- Құран ішкі үйлесімінде керемет біртұтас жүйе,
- Өмірдің барлық саласына қатысты үлгілі тұжырымдар жасайды,
- Барлық заманаға және барлық адамзатқа үндеу жолдайды,
- Ақылды жоққа шығармайды, қайта ақылды негіз етуге шақырады,
- Өмірмен, ғаламдағы жаратылыс заңдарымен қайшылыққа түспейді,
- Тыйымдары аз, еркіндігі мол, адамның абыройы мен қадір-қасиетін қорғайды,
- Адамның ішкі әлеміне де жол табады,
- Әр түрлі қанаушылыққа қарсы, әділетті өмірді ұсынады,
- Бірлік пен берекеге шақырады,
- Білім мен парасатқа шақырады, қараңғылық пен озбырлықты жақтырмайды.
Менің ойымша мұсылмандар осы керемет кітапты жөнді түсініп жатқан жоқ, оның жолын зерттеп жатқан жоқ. Дінді тек ритуал деп санайтын еліктегіш сана Құранды жабық сандықтардың, шкафтардың ішінде тұтқын еткен, шаң бастырып қойған. Мына аяттар осы трагедиялық сахнаны көз алдыңа әкеледі:
Пайғамбар (Мұхаммед): «Уа, Ием! Шынында, менің қоғамым мына Құранды тастандыға айналдырды!» деді. (Фұрқан сүресі, 25/30)
Олар мына Құранды сараптап, ойланбай ма?! Немесе, олардың сана-сезімдері құлыптаулы ма? (Мұхаммед сүресі, 47/24)
Шынында Құранды ескерулерің үшін жеңіл еттік. Ескерушілер жоқ па?! (Қамар сүресі, 54/17,22,32,40)

НАДАНДЫҚПЕН КҮРЕС

Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық діни секталарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз жамағаттарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Олар адамдардың қалай киінетінінен бастап, қалай жүріп-тұратынына, сыртқы пішіндерінен ішкі әлемдеріне дейінгі барлық кеңістікті жаулап алған, пендеге ырық бермейді, көз аштырмайды. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады. Өз орталарында сондай адамдар туралы түрлі «бұйрықтар» мен «үкімдер» шығарып, инквизицияға салады. Шайтанның өзін таң қалдыратын жала жабу, ғайбаттау, қаралау, күйе жағу амалдарын жүзеге асырудан еш тайынбайды олар ауыздарына Аллаһтың я басқа Құдайдың атын ала отырып, ант-су іше отырып. Әсіресе, халықты жарыққа, білімге, даму мен өркениет жолына, зайырлы мәдениетке шақыратын отаншыл һәм бірде бір сектаға өтпеген тұлғалар «көзге шыққан сүйелдей» көрінеді осындай тоталитарлық кертартпа қанаушы топтарға. Қазіргі интернет жүйесі осындай ынсапсыздар, ұяттан жұрдайлар үшін таптырмас құрал, онда әр түрлі өсек-аян мен ғайбат, жала таратылады және ешбір жауапкершілікке тартылмайды. Менің ойымша мемлекетіміз деструктивті ағымдардың қолындағы осы улы қаруды залалсыздандыру жағынан жедел шара қолдануы ләзім.
Шіріткіш һәм ыдыратқыш ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, бірбеткей, талапты да талантты, бір Аллаһқа ғана құлдық ұратын, еңбекшіл һәм ізденімпаз адал жандардан тұратын қоғам құра алсақ, онда Қазақстан әлемдегі ең ауқатты һәм дамыған елдердің қатарынан көрінері сөзсіз. Барлық мұсылмандар осы жолмен жүрсе қандай тамаша болар еді. Сонда қазіргі Швеция, Германия, Жапония деңгейіндегі мұсылман қоғамдары пайда болар еді, әттең! Ал қанаушы топтарға, тоталитарлық секталарға надандық ғана керек, өйткені надан тобырды басқару, қанау, алдап-арбау қиынға соқпайды. Қанаушылықтың барлық түріне қарсы болуымыз керек, оның ішінде діни қанаушылыққа да тұтастай қоғам болып қарсы туруымыз шарт.
Мына Құран аяттарын оқып, түсінген мұсылман қалайша надан болсын?! Ислам дінінің білімге, ғылымға қаншалықты мән бергенін мына аяттардан-ақ байқауға болады:
Шынында, пенделері ішінде Аллаһтан білімділер қорқады! (Фатыр сүресі, 35/28)
Айт: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зұмар сүресі, 39/9)
Айт: «Ием! Білімімді көбейт!» (Та-Ха сүресі, 20/114)
Кешірімді негіз ет! Ізгілікті бұйыр! Надандардан теріс бұрыл/аулақ бол! (Ағраф сүресі, 7/199)
Еркін санадан, еркін ойлай алатын адамнан шексіз ой-пікір, жаңалық шығады, ғылыми тапқыштық осындай ортада гүлденеді, дамиды. Ал, санасына бұғау салынған, еркін ойлау қабілетінен айырылған, шектеулі ойлайтын адамнан да шектеулі дүниелер ғана шығады, қыңыр-қисық, мардымсыз туындылар, өнімдер ғана дүниеге келеді. Алысқа кетпей-ақ, кешегі Кеңес заманын мысал етсек те болғаны. Онда атеист-коммунист идеология еркін ойлауға шек қойған еді, нәтижесінде қоғам мен экономика тоқырауға ұшырады. Атақты социолог, политэкономист Макс Уэбер (1864-1920) еңбектерінде экономикалық даму мен қоғамның өркендеуінің діни сенімге де байланысты екенін жан-жақты зерттеген. Догматизм мен схоластиканы қатты ұстанатын ритуалист католик қоғамдарының экономикалық әл-ауқат жағынан христиандықты реформаға салған протестанттардан артта қалуын осы себепке байланысты деп түсіндірген ғалым. Шын мәнінде мұсылмандардың эконмика және ғылым-білім мен технологияда артта қалуының бір себебі надандық пен жалқаулыққа апарып соқтыратын фатализм мен аскетизм десек қате болмас. Әйтпесе, Исламда дүниелік дамуға қарсы ешбір бұйрық жоқ, қайта дүние мен ақыреттің үйлесімді арақатынасы бар:
«Уа, Иеміз! Бізге дүниеде де ізгілік бер және ақыретте де ізгілік бер!» (Бақара сүресі, 2/201)
Дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа! (Қасас сүресі, 28/77)
Өкінішке қарай мұсылман елдерінің басым көпшілігіндегі қанаушы діни топтар мұсылман үмметінің еркін ойлауына, еркін өмір сүруіне жойқын зиян келтіруде, оларды қараңғы ғасырларға кері қайтаруға әрекет жасауда.
Осы шағын мақаламда біраз дүниенің басын ашып айтуға тырыстым. Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Бірақ, мұсылман халқымның телім-телім болып, қырықшақты дінге бөлінгенін, бір мұсылманның өзінде бірбіріне аманы жоқ ондаған бағытқа жіктелгенін көріп, әбден қиналған соң, елдің, мемлекеттің болашағына уайымдаған соң осының бәрін ашық айтып отырмын. Менің ұжданымның алдында бір парызым өтелген сияқты болды, қалғанын өзің біл ағайын!
Мен экономикалық дағдарыстардан қорықпаймын, экономика бірде дамиды, бірде құлдырайды. Мұнайымыз таусылып қалады дегеннен де қорықпаймын, себебі мұнайсыз елдер де дамып жатыр, тіпті, Германия, Жапония сияқты елдердің еш мұнайы да жоқ. Ал мен рухани құлдыраушылықтан, надандықтан, ұлтымыздың дінге бөлініп берекесінің кетуінен қорқамын, тіпті, үрейленемін. Материалдық дүниелерді орнына қоюға болады, бірақ ғасырлар қойнауында қалыптасқан рухани мұраға жасалған зиян оңайлықпен оңғарылмайды. Сондықтан, ойланайық, ағайын, ойланайық!

[1] «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» және «Қазақстан қажылар қауымдастығы» 28 наурыз 2009 күні Астана қаласындағы «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында» ұйымдастырған «Отанды сүю иманнан» атты рухани-патриоттық кеште жасалған негізгі баяндама. Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Тығырықтан шығу жолдары, «Президент және халық» газеті, №13(186), 03.04.2009 ж., 5-6 беттер.

Көкейдегі сауал

Секталар мен діни ағымдардың ұлтты іштен ірітуін қауіпсіздік жұмысын күшейтумен тежейміз бе, әлде "бір ұлт – бір дін" деген ұстаным қажет пе?[1]

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы: Мен бұл мәселеде әбден түңілген жанмын. Себебі біз пойызды жіберіп алдық. Сырттан келген неше түрлі діни ағымдар Қазақстанда соңғы жиырма шақты жылдың көлемінде әбден тамыр жайып, өсіп-өркендеп, өздерінің инвестициясын ақтап алды. Бұл мәселеге байланысты діни заңнамаға жасалған өзгерістер мен толықтырулар осымен үшінші рет Конституция кеңесінен өтпей, кері қайтарылды. Ең соңғы рет 2001 жылы Мәжіліс пен Сенаттан өткен заңымыз Конституция кеңесінен өтпей қалған. Араға сегіз жыл салғаннан кейін заң қайтадан қаралды. Жақында Конституциялық кеңес заңды конституцияға жарамсыз деп өткізбей қойды. Менің қорқатыным, – араға тағы да 8 жыл салатын болсақ, онда деструктивті іріткіш-шіріткіш ағымдармен күресуіміз ешқашан да жүзеге аспайтын түрі бар. Бұл мәселеде менің ойымша, ішкі мүддені, мемлекеттің, ұлттың тұтастығын, халықтың, болашақ ұрпақтың тағдырын ойлау жағынан біз өте әлсіз ұстанымда болып тұрмыз. Неге екенін білмеймін, осы мәселеде бір самарқаулық ұстаным бар. Бізге ЕЫҚҰ-ға төраға болғаннан кейін де өмір сүру керек. Сондықтан кішкене батылдық танытуымыз керек еді. Осы түріне қарап, менің бұл ағымдармен күрес жүргізіледі дегенге сенбеймін. Сауалнаманы жүргізген – Айдын ОЛЖАЙ
[1] «Айқын» газеті, 27.03.2009 ж.

суббота, 21 февраля 2009 г.

Вопрос дня[1]

По заявлению Ватикана, в аду ужесточается наказание для прелюбодеев. Кто из грешников еще заслуживает такой меры?
Муртаза БУЛУТАЙ, религиовед, культуролог:
– Содержание слова «грех» в каждой религии определяется по-разному. В 4-й главе, 48-м стихе, Корана указано, что Всевышний не прощает предание сотоварищей к нему, то есть многобожие. А остальные грехи Всевышний может простить по своему усмотрению. В 39-й главе, 53-м стихе, Корана говорится: «Не теряйте надежду на милосердие Всевышнего, он прощает все грехи». Это не означает, что нужно совершать грехи, надеясь на прощение. Ведь есть власть мирская, которая признается Кораном. Все люди должны соблюдать законы и правила, установленные в мирской жизни государством. В исламе нет облика карателя, который сверху наблюдает за человечеством и за любую ошибку готов тотчас наказать. Есть облик простителя. Заслуживать наказания в мирской жизни может любой грех, но не наша прерогатива – определять, за что карать людей на том свете.
[1] «Литер», 21.02.2009 г., стр. 1

МҰСЫЛМАНДАРҒА ЕҢБЕК ПЕН БІЛІМ КЕРЕК

Дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтаймен сұхбат:

МҰСЫЛМАНДАРҒА ЕҢБЕК ПЕН БІЛІМ КЕРЕК


Н. Өнерханұлы: Мұртаза аға, бүгінгі біздің сұхбатымыздың тақарыбы «Дін және жастар». Бірақ, тақырыбымызға көшпес бұрын өзіңіздің студенттік өміріңіз жайында қысқаша айтып берсеңіз.
М. Бұлұтай: Студенттік жылдарым өмірімдегі ізденіс пен еңбекке толы жылдарым болды. Өзім кедей жанұядан шыққанымнан материалдық, қаржылық жағынан көп тапшылық көрдім. Сондықтан сабақ оқып жүріп үнемі жұмыс істедім. Жұмыс істегенде кейде бірнеше жерде істеуге тура келді. Стамбулда университетте оқып жүргенде екі жерде жұмыс істедім, бір жағынан туристерге арналған ағылшын тіліндегі журналдың редакторы, екіншіден «Капалычаршы» базарында тері киім сататын дүкенде сатушы болдым. Үйден университетке және жұмысқа барып қайту үшін күніге 5 сағаттай уақытым жолда кететін. Анкарада оқып жүргенімде де солай болған. Бес-алты сағаттан артық ұйықтауға мүмкіндік жоқ. Сол кезде «әбден ұйықтайтын күн болар ма екен» деп армандаушы едім. Сөйтіп жүрсем де әлеуметтік-қоғамдық шаралардан тыс қалмадым. Мәселен, 1985-1990 жылдары Түркияның оншақты қаласында қазақ халқының мәдениет көрмелерін ұйымдастырдым, ұлттық ән-би үйірмесін ұйымдастырдым. Құдайға шүкір, қазір де сол еңбек қарқынымен келе жатырмын. Бір қызығы Стамбулда оқығанда бір де бір стипендия ала алмадым. Кейін Германиядағы Кёльн университетіне түстім. Мұнда мұсылман ұйымының жатақханасындағы бір бөлмеде 6-7 адам тұрдық. Бір жақсысы, мұнда күніге үш уақыт тегін тамақ және шәкіртақы беріп тұрды. Менің білім жолым Анкара, Стамбул, Кёльн және Алматыда жалғасты.

Н. Өнерханұлы: Қандай мамандық бойынша бітірдіңіз?
М. Бұлұтай: Анкарадағы техникумды электроника мамандығы бойынша тәмамдадым. Жоғары оқу орындарында филология және құқықтану бойынша білім алдым, философиядан кандидаттық қорғадым. Бастауыш мектептен бастап, аспирантура, докторантурасы бар жиыны 28 жыл уақытым оқуға кетіпті. Осы уақыт көлемінде еңбектен қол үзген кезім болған емес.

Н. Өнерханұлы: Енді негізгі тақырыбымызға қарай ойыссақ. Қазіргі таңда үлкендерге қарағанда жастар жағы дінге көбірек бет бұрып жатыр ғой, Мұның себебі неде?
М. Бұлұтай: Үлкендердің тәрбие алған ортасы мен қазіргі жастардың ортасы өзгеше. Үлкендер Кеңес империясы тұсында атеист тәрбиесімен өсті, қазіргі жастар дінге еркіндік берілген қоғамда. Сондықтан екі буынның арасында айырмашылық болуы түсінікті.

Н. Өнерханұлы: Дүниетанымы да басқа дейсіз ғой.
М. Бұлұтай: Иә. Қазіргі жастар дінге жол ашылған шақта дүниеге келді. Жол ашылғаны былай тұрсын дін қоғамды баурап алды ғой байқасаңыз. Мемлекеттің дінге деген көзқарасы да өзгеше. Кеңес дәуірінде дінге қарсы болса, қазір мемлекет дінмен қоян-қолтық қатынаста. Телеарналарда, радиода, БАҚ-да, көшеде дін өзекті мәселеге айналды. Діни мерекелерге демалыс берілді. Жалпы айтқанда, мемлекетте дінге бет бұрушылық бар. Діни оқу орындарында кәсіби білім алған жастар пайда болды. Осының барлығы қоғам өмірінде діннің ықпалының күшейгенін көрсетеді. Қазіргі жастарымыз көздерін ашқаннан дінді көрді, діни ықпалға ұшырады. Бірақ, бұл жерде үлкендер дінге қарсы деген мәселе болмауы тиіс. Олардың ойлау жүйесі, дүниетанымы басқа жағдайда қалыптасты. Жастар өзгерісті тезірек қабылдайды. Сондықтан жастарды нысана еткен діни топтар бар. Бұлардың мақсаты – жастарды мойынсұнғызып, кейін солар арқылы жоспарларын орындау....

Н. Өнерханұлы: Кейбір ағаларымыздың аузынан «мектептерде және ЖОО-да дін сабағын арнайы пән ретінде оқытса» дегенді естіп жүрміз. Осы пікірге сіздің көзқарасыңыз қалай?
М. Бұлұтай: Бұл құптауға да қолдауға да тұратын ұсыныс, бірақ сақ болатын жағы да бар. Осы мәселені бұрыннан айтып келе жатырмын. Мемлекет азаматтардың тек тән саулығын ғана емес, ақыл-ой, рухани һәм ұждани саулығын да ойлауы керек. Ақыл-есі сау, оң сезімі бар, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, ізгі мен жауызды ажырата білетін, еркін ойлай алатын азаматтары бар мемлекет мықты да дамыған елге айналады.
Дін өмірде бар, қоғамда бар. Өзіміздің адамдарға, әсіресе жастарға дінтану сабағы арқылы ненің не екенін, кімнің кім екенін айтып бермесек, олар басқа ағымдардың жетегінде кетеді, кетті де. Осы сабақты ұсынудағы менің мақсатым – белгілі бір ағымды, діни топты насихаттау, жастардың санасына құю үшін пайдалану емес, қайта жастардың көзін ашу, жалпы дін туралы кең түсінік беру. Егер діннің не екенін, оның қоғамдағы рөлін ұғындырсақ, Қазақстанның бекуіндегі, дамуындағы жағдайларды ескере отырып, сапалы мазмұнмен оқулықтар шығарсақ, азаматтарымызға салыстыру мүмкіндігін берсек, онда бүгінгі миссионерлер армиясына, азаматтардың санасын улап жатқан зиянды іс-әрекеттерге біршама тосқауыл қояр едік. Жастарымыз анау-мынаның құлы болмас еді, талан-таражға салынбас еді, шіркін! Кім-көрінгенге құлай қоймайтын, көзі ашық, саналы, терең ойлы азаматтар қалыптастыру – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.

Н. Өнерханұлы: Аллаһтың хақ жолын ислам дінінің басқа ағымдарынан қалай ажыратуға болады? Ең басты белгілері қандай?
М. Бұлұтай: Ислам діні белгілі бір адамның яки топтың меншігі емес. Ислам (берілу, тапсырылу, тәсілім болу) Жаратушының діні (жүйесі) және оның негіздері Құранда жан-жақты көрсетілген. Менің ұғымымдағы ислам діні бір-ақ Жаратушыға тәсілім болуды, тапсырылуды, берілуді, оның жолына мойынсұнуды талап етеді. Ал, көпшілік қанаушы ағымдар сізді Жаратушының жолына салмайды, Аллаһқа берілуіңізге, мойынсұнуыңызға талап шарттар қоя бастайды, араға делдалдар салады. Белгілі бір шарттар орындалғанда ғана жарылқаймыз дейді, әйтпесе неше түрі азаппен қорқытады. Олардың мақсаты өздерінің көсемдеріне, тірі не өлі пұттарға мойынсұнғызу, дінді өздерінің монополиясында ұстау, адамдарды Жасағанға жеткіздірмеу, арада бөгеп, өздерінің өктемдіктеріне бас идіру. Ислам Аллаһқа берілуді, Оның заңдарына сай өмір сүруді үгіттейді. Аллаһтың заңдары – космосты билеуші заңдар, мәселен, физиканың заңдары, химияның заңдары, астрономия, медицина т.б. сияқты барлық ғылымның, жаратылыстың қағидалары.
Көпшілік қанаушы діни ағымдар – адамды қуыршаққа айналдырып, билеп-төстеудің амалы. Мұнда адам – дінді қанаушы топтың құлы, ал дін билік пен байлықтың көзі. Діни қанау жүйесінің үш «аты» бар: жамағат, қаражат, саясат;
Жамағат – діни қанау жүйесіне кіргізілген пенделер. Олар еркін ойлау және талдау қабілетінен ажыратылған.
Қаражат – дінді қанаушы жүйелер ауқымды қаржы көздеріне иелік етеді, бұл бизнестің бірге мың беретін табысты түрі. Осындай қанаушы ағымдарға, секталарға кірген адамдардың табыстарының бір бөлігін (мәселен, 10-20 пайызын) иелеріне тапсырып тұратыны жасырын емес. Көбісінде жағдай осылай. Олар пенделерін алдымен желіге көгендеп байлап алады да сонсоң «сауады».
Саясат – қанаушы да іріткіш ағымдар неғұрлым көп пендеге иелік етіп, билікке ұмтылады. Жамағаттың ішінен өздеріне ең адал берілгендерді мемлекеттің барлық құрылымдарына орналастырады.
Ал, Құрандағы дін болса адам баласын құлдықтың барлық түрінен азат етеді, пендеге емес тек Жаратушыға бағынышты етеді.

Н. Өнерханұлы: Бұл күндері ислам діні дегенде халықтың көз алдына террористер келетін болды. Осы жайында не айтасыз?
М. Бұлұтай: Пендеге пенде болған, азат ойлаудан ада болған адам басқаға не істемейді?! Бұл соның көрінісі. Әлемде лаңкестік әрекеттерге мұсылмандардың қатыстырылуы, кейбір мұсылман жастардың кішкентайынан зиянды топтардың ішіне кіріп кетуі өте өкінішті. Бұл дінді дұрыстап білмегендіктің, жете түсінбегендіктің кесірі. Лаңкестер кімді пайдадаланады? Олар көбінесе надан, иілгіш, сатылғыш адамдарды таңдайды. Дүние жүзінде 2 млрд.-қа жуық мұсылман бар. Ал олардың әлемдегі ықпал күші қандай?! Осы туралы ойлану керек. Мен экономика және басқа салалар тұрғысынан 50-ге жуық өлшем бойынша (туу мөлшері, орташа жасы, өлім мөлшері, жұмыссыздық, патент мөлшері, жалпы ішкі өнім, орташа табыс, сауаттылық, спорттағы медальдер т.б.) 57 мұсылман елін басқа мемлекеттермен салыстырып көрдім. Нәтиже өте нашар. Мұсылман әлемі дамыған елдерден 300 жылдай артта! Сауатсыздық бойынша бірінші орында тұрмыз. Орташа есеппен мұсылмандардың 50-60 пайызы сауатсыз. Мысалы, Сауд Арабиясы әлемнің ең бай мемлекеттерінің бірі болғанымен, ондағы әйелдердің 35 пайызы бейсауат. Мұсылман елдерінің әлем мойындаған бірде-бір бренді де жоқ. Баста білім жоқ болса, ұран салып, құр айқайлағанның еш пайдасы жоқ.

Н. Өнерханұлы: Отбасыларының, оқу орындарының қысым-наразылықтарына қарамастан кейбір қазақ қыздары бастарына орамал тағып, хиджаб киіп жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
М. Бұлұтай: Адамдардың діни сенім бостандықтарына құрметпен қарауымыз керек. Басқа орамал тағып тақпау әрбір қыздың өз таңдауы, өз еркі. Сондықтан оған «неге басыңды жаптың, басыңды аш» деп қинауға құқұғымыз жоқ. Мәселе бастың үстіне салынатын бір шаршы метр орамалда, адам жасаған материалда емес, сол бастың ішіндегі білімде, адамгершілік пен қабілетте дер едім. Кейбір жастар дін жолына қатты беріледі, өзінше көп тақуа болғысы, көбірек сауап алғысы келеді. Меніңше, еліктеушілікпен, көнгіштікпен жасағаннан гөрі шынайы біліммен, санамен жасаған артық сияқты. Орамал таққан қызды «басыңды аш» деп қинай алмайтынымыз сияқты, басы ашық қызға «басыңды жап» деп зорлық қыла алмаймыз. Орамал таққан қыздарды алалау мен басы ашық қыздарды кінәлау ұқсас қателіктер. Адамның дәрежесін имандылығы, ақыл-парасаты, істеген ізгі істері белгілейді. Мәселе әр адамның азаматтық ұстанымдарында, ғылым-білімнің дамуына, қоғамның гүлденуіне қосқан үлесінде. Кейбір өтімші нәрселерді басты орынға қойып, сол арқылы адамды бағалау жаңсақ дер едім. Бұл инквизицияға, діни қанаушылыққа тән қылық.

Н. Өнерханұлы: Имандылық дегеніміз не?
М. Бұлұтай: Адамдарың имандылық жөніндегі пікірі түрлі болуы мүмкін. Менің түсінігімше имандылық – адамның ішкі әлемімен татулығы, қоғам және табиғатпен үйлесімді болуы, Жаратушыға ғана мойынсұнуы. Мәселен, жатар алдында өз өзіңізге: «Айналамдағы адамдарға қиянатым, зорлық-зомбылығым болды ма? Қандай жақсы іс істедім?» -, деп сұрағаныңызда, ішкі дүниеңіз тыныш болса, адамдардың алдындағы арыңыз таза болса, міне, имандылықтың бір көрінісі осы. Әрбір адам тақуа болса, адамды болсын, табиғатты болсын сыйласа, мемлекеттің заңдарына құрметпен қараса, пайдалы істер жасаса, осының барлығы айналып келгенде имандылыққа саяды.

Н. Өнерханұлы: Сұхбатымыздың соңында студент жастарға беретін ақыл-кеңесіңіз қандай?
М. Бұлұтай: Жастарға айтарым, өмірде қандай қиындықтарға тап болсаңдар да, қоғамда қандай келеңсіздіктер орын алса да, мойымаңдар, көбірек оқыңдар, көбірек ізденіңдер! Әрдайым еңбек ету, даму жолында болыңдар. Жан жақты білімді, көзі ашық, қырағы болыңдар! Халыққа адал қызмет етіңдер!
Н. Өнерханұлы: Рахмет, аға! Сіздің айтқан әр сөзіңіз жастарымыздың жүрегіне терең ұялап, бастарына ой салары сөзсіз. Сізге оқырмандарымыздың атынан шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан: Нұрболат Өнерханұлы

Діни ұйымдардың нысанасы кімдер?«Универ» студент жастар журналы, №3, наурыз, 2009 ж., 18-19 беттер.

суббота, 31 января 2009 г.

ЕЛ БОЛУ БЕЛЕСТЕРІ

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
дінтанушы, мәдениеттанушы


ЕЛ БОЛУ БЕЛЕСТЕРІ


Жақын күндері бір топ отаншыл азаматтар Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы, белгілі қаламгер Бақытбек Смағұл бауырымыздың үйінде қонақта бас қостық. Келгендер арасынан Ауған соғысының ардагерлері, журналшылар, түрлі сала мамандары көрінді. Дастархан басында басталған әңгімеміз бірден отаншылдық, ұлтжандылық, имандылық, зиялылық тақырыптарында өрбіді. Біз қалай ел болдық, отанымызды қалай гүлдендіреміз, қазіргі заманауи қиындықтар мен қауіптерді қалай жеңе аламыз, болашақ ұрпақтарымызға нені мұра ете аламыз деген сауалдар төңірегіндегі сұхбатымыз түн ортасына шейін үзіліссіз жалғасқан екен. Әңгімешілердің барлығы да шын ниетімен, іші-бауыры елжірей, пікірлерін ортаға салып отырды. Кемшін тұстарымыз, жүзеге аспай қалған армандарымыз әңгіме арқауына айналды. Сонымен қатар осы тәуелсіздікті көрген біздердің қандай бақытты ұрпақ екеніміз, жылдан жылға халқымыздың саны артып, елдігіміз нығайып, дамудың бір белесінен ендігісіне шығып келе жатқанымыз да тілге тиек етілді.
Соңғы кездері сүйсіне отырған сұхбаттың бірі сол кешкі отырыс болды-ау деп ойлаймын. Барлығымыз да бір сергіп қалдық, шер тарқаттық. Болашағымызға деген сеніміміз жанданды, әсіресе жастар жағы қанаттанып қайтты, үлкендер шүкіршілік етті. Міне, сол кешкі қызық әңгіме барысында мен де Қазақстанның тәуілсіздігінің алғашқы жылдарында өзім куә болған бір-екі естелігімді айтқан едім. Расында өзім араласқан уақиғаларды, азды-көп еңбегімді жария етіп айтуды, жарнамалауды әдет етпеген сияқтымын. Дегенмен, сол отырыста болған азаматтардың барлығы да, әсіресе Бақытбек бауырым маған қолқа салып: «Мұны жазғаның жөн. Жастарға үлгі болар, тарихта қалар. Біздің мемлекет болу жолымыздың қатпар қатпарының ішінде бұл да ескерілуі тиіс» деп, үстемелеген соң, осы мақаланы жазып отырмын. Бұл жөнінде бірінші рет қалам тербеп көпшілікке баяндап отырғанымды атап айтқым келеді. Мен сияқты талай қазақ баласының айтылмай қалған, жазылмай қалған сан мыңдаған сезімге толы естеліктері бар шығар деп ойлаймын. Қазақ халқының қилы тарихы осындай кішкентай сәттердің жиынтығы десек, қателеспейтін шығармыз...
Бұл болған уақиғаларды түсіну үшін артқа шегінуіміз, 1991-1992 жылғы жағдайларды еске алуымыз керек. Ол кезде Қазақстан жаңа ғана бой көтерген жас мемлекет. Кеңес Одағы ыдырағанымен іс жүзінде оның заңдары мен ережелері, әлеуметтік құрылымдары мен ұйымдары әлі де болса ықпалын жүргізіп келе жатыр еді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттің негізгі белгілерін енді енді өмірге енгізіп келе жатқан кез еді. Күллі әлемді дүр сілкінткен өзгерістер жүріп жатқан шақта, біз қазақтарды бір ғана мәселе – Қазақстанның азаттығы ғана таң қалдырған еді. Әсіресе, шетелде өмір сүрген қазақтар үшін бұл хиял ғажайып ертегідегі бір хикая сияқты еді. Көп емес бірнеше жыл бұрын ғана «Кеңестер Одағы күйрейді, Қазақстан азат ел болады» десе, оған ешкім сенбеуші еді, сенбек түгілі ондайды ойға келтіру, тіпті, шындыққа жанаспайтын. Міне осындай жағдайда азғантай қазаққа тәуелсіздікті бере қоймас деген бір қауіп ылғи да мені мазалаушы еді. Әттең неге түрік бауырларымыздай санымыз көп емес, әттең ең болмағанда украйындар сияқты емеспіз деп ойланып, қынжылушы едім. Одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда, «біздің Қазақстан неғып кешікті, әкәу не болар екен!» деп, күн санап, радиодан, газеттерден шүйінші жаңалықты күтіп тұрушы едік. Мен Кеңес Одағының соңғы жылында Қазақстанға келгендіктен елдегі ахуалды өте жақсы білуші едім. 1991 жылғы тамыз айында Янаев, Язов дегендер ГКЧП-ны ұйымдастырып, Мәскеуде әскери төңкеріс жасап, билікті тартып алмақ болғанда Алматыда болғам. Сонда Алматыдағы кейбір азаматтардың «Кеңес Одағы қайта жаңғыратын болды, бұлар енді бізге дербестік бере қоймас!» дегені есімде....
Шүкір! Бір тәуліктің ішінде бірде қуантып, бірде уайымдататын өзгерістер лабиринтінен Қазақстанымыз сүрінбей өтіп, өзге республикалардың соңынан тәуелсіздігін 1991 жылдың 16 желтоқсан күні жариялады. Осы уақиғадан оншақты күн ғана бұрын мен Алматыда болып, ҚССР-ның тұңғыш Президенті сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы ұлықтау (инагурация) мұрасымына Германиядан арнайы келіп қатысқан едім. Сол күні қазақтың игі-жақсылары, елімізге еңбегі сіңген талай тұлғалар залда сәби балаларша қуанып отырғаны есімде. Елбасының жерге құлай жаздаған туды лезде ұмтылып ұстап алғаны, тоқсаннан асқан қарт ақын Шәкір Әбеновтың: «Ынсапты бол, елге мейірімді бол!» деген ұлағатты сөздермен өрілген керемет қазақи батасы, оның қасында түрегеп тұрған ақсақалдар бәрі бәрі көз алдымда. Дәл осы бата беріліп жатқан тұста тура менің қасымда отырған ірілеу денелі келген ақсақал орнынан тұрды да сахнаға қарай жүрді. Ол Қызыл-Ордадан келген Карл деген кісі еді. Мұрасым кезінде менімен танысып, өзінің кім екенін айтқандықтан біліп отырмын. Шәкір қария батасын бітірген шақта Карл ақсақал сахнада тұрған ұлықтаушы топтың ішіне кірді де кетті. Ол кезде қазіргідей оққағарлар мен сақшылар көп емес еді Елбасының айналасында. Карл ақсақал кәдімгі бір ауылдың жиналысында сөз сұрап алған кісіше микрофонға қарай ұмтылды да, сөйлей бастады. Тұңғыш Президентті құттықтап, мадақтап, өзі жасаған үш жүзіктен тұратын ерекше туындысын Елбасына тарту етті. Міне, мен осы рәсімге қатысып, Германияға қайтып бара жатып, Түркияда аялдаған тұсымда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Мен бұл жаңалықты 17 желтоқсан күні Түркияның Бұрса қаласында естідім. Барлық телеарналар мен газеттер Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанын, Түркияның бір-екі сағаттан кейін оны ресми түрде таныған алғашқы мемлекет болғанын мәре-сәре болып халыққа жеткізіп жатқан еді. Көзіме жас келді. Бұрсада бір жиналысқа шақырылған едім. Айналамдағылардың барлығы да түрік бауырлар. Олар мені құшақтап, құттықтай бастады. Өмірімдегі ең бір бақытты сәт осы болды десем қателеспеспін. Сонда мынадай қызық уақиға болды. Айналамдағы түрік бауырлар Қазақстанның тәуелсіздік жариялауына үнсіз қала алмайтындарын, бір нәрсе жасап, осы қуанышты бөліскілері келетінін айтты. Олай болса әрқайсыларыңыз фирмаларыңыздың, ұйымдарыңыздың атынан Елбасына құттықтау хаттар, телеграммалар жіберіңіздер деп ұсындым. Олар бірден мақұлдады. Мен оның алдында Елбасының қабылдауында бірнеше рет болғанымнан Президент Аппаратының факс нөмірі және телефондарын білуші едім. Сөйтіп, әрқайсымыз фирмалық бланкілерге түрікше, ағылшынша хаттар жазып, әлгі факс нөміріне салып жібердік. Мен оған қоса телеграмма жіберіп, Түркия мен Еуропадағы қазақтар атынан Елбасын және Қазақстан халқын тәуелсіздікпен құттықтадым.
Ол кезде Алматыға тікелей әуеқатынасы жоқ болатын. Шетелдерден көбінесе Мәскеу арқылы келетінбіз. Тәуелсіздік жарияланған бойда алғашқылардың бірі болып Түрік Әуе Жолы тікелей әуеқатынасын ашты. Қазір Алматыға ғана емес, Қазақстанның көптеген қалаларына шетелдерден неше түрлі әуекомпаниялары жолаушылар тасымалдайды, он мыңдаған азаматтарымыз жылына шетелдерге барып келеді. Сондықтан, сол заманғы қиындықтар қазіргілерге көп білінбейді, ұмытып та кетеміз. Бірақ, тәуелсіздіктің алғашқы айларында шетелден Алматыға тікелей ұшақ келіп қонады деген біздер үшін керемет бір жаңалық болғаны есімде. Алматыда көше атаулары да қазақшалана бастады. Мәселен, «Коммунистический» көшесі «Абылай хан даңғылы» болды. Кейбір оқымыстылар «проспект дегенді қалдыру керек еді, даңғыл деген келіңкіремейді» деп таласып жатты. Алматыда тұңғыш елшілік ғимаратын АҚШ ашты. Сейфуллин көшесі мен қазіргі Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы көне ғимарат АҚШ-тың елшілік ғимараты болып ашылды. Оның артынша басқа мемлекеттер де елшіліктерін ашып жатты. Көп дипломаттар Қазақстан қонақ үйінде қызмет көрсетіп жатқан кез еді. Ал, Қазақстан болса өзінің шетелдегі тұңғыш елшілігін Түркияның астанасы Анкарада ашты. Ендігі әңгіме бұл жөнінде болмақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан, Өзбекістан, Қырғызстан, Түрікменістан, Әзірбайжан республикалары тәуелсіз мемлекеттер болып шыққанда бұған ең көп қуанған әлбетте діні бір, тілі бір, түбі бір Түркия болды. Түркия Президенті мен жоғары дәрежелі мемлекет қайраткелерінің кабинеттерінің төрінде міндетті түрде тұратын 16 түркі мемлекетінің туларының қасына осы 5 мемлекеттің туы қосылды. Әлемдік саясатта Еуропаға жақпаған, араб-парсы жұртынан көп қолдау таппаған, жапа-жалғыз қалған Түркияның еңсесі көтеріліп, арқасы күшейгені есімде. Бұл керек десеңіз Түркияның ең жоғары лауазымды тұлғалары ашықтан ашық жария еткен шындық. Сол кезде Түркияның Президенті мархұм Тұрғұт Өзал еді. Ол кісі Түркияның сыртқы саясатына елеулі өзгеріс енгізіп, бірінші рет Кеңес Одағынан бөлініп шыққан Түркі елдерімен қарым-қатынастарды маңызды дәрежеге көтерді. Соның нақты қадамы ретінде 1992 жылдың 30-31 қазан күндері Анкарада «Түркі тілді мемлекет басшыларының тұңғыш саммиті» (биігі) жоспарланған еді. Бұл шығыс пен батыс түркі жұрттарының тарихтағы тұңғыш бас қосуы десек артық айтылған емес. Биік жиынға жоғарыда аталған елдердің мемлекет басшылары шақырылған еді.
Мен дәл сол жылдары жасым жас болса да Еуропадағы мұсылмандардың ең ірі ұйымдарының бірі болып саналатын «Еуропа ұлттық көзқарас ұйымдарының» халықаралық қатынастар жағынан үйлестірушісі және сол кезде Түркиядағы ең ірі екінші саяси партия болған «Рефах» партиясы төрағасы Нәжмеддин Ербақанның кеңесшісі едім. Н. Ербақан қырық жылға жуық түрік саясатының бел ортасында жүрген, екі мәрте вице-премьер және бір рет премьер болған тұлға. Бірнеше жыл Түркия саясатының дәліздерінде жүріп, елге танымал талай тұлғамен сұхбаттасып, он мыңдаған адамдар жиналатын шараларда сөз сөйлеп, телеарналардағы бағдарламаларға шығып үлгергем-ді. Қай жерде жүрсем де, қандай қызметте болсам да, қазағыма бір тамшы да болса еңбегім сіңсе екен деп жүретұғым. Осы екі ұйымның кейбір мүмкіндіктерін Қазақстанға бағыштағаным, біздің елден барған студенттерге қайырымдылық қорлар есебінен шәкіртақы тағайындатқанымыз, жылда Құрбан айт уақтысында жүздеген құрбандықты Қазақстанға таратқызатынымыз және басқалары дәл сол уақытта басталған еді.
Анкарадағы түркі басшыларының саммитіне Нұрсұтан Назарбаевтың келетіні және соынмен қатар Анкарада Қазақстанның елшілігінің ашылатыны туралы хабар Түркиядағы қазақтар арасында таралып, гуілдеген дайындықтар басталып кеткен еді. Анкарада айналдырған 4-5 үй ғана қазақ бар. Оның бірі менің әкем Жүніс Рақиұлы (Бұлұтай) болса, екіншісі әкемнің құрдасы мархұм Ұядан Бөшжанұлы (Ақай) еді. Стамбул, Измир сияқты қалалардағы қазақтар автобустармен Анкараға ағылып келіп, Н. Назарбаевты әуежайдан қарсы алуға асығып жатқан кез. Ол уақытта біраз ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің көзі тірі кезі. Барлығы да қазақтың ұлттық киімдерін киіп алған – барқыт шапандар, пұшпақ тымақтар, күміс белбеулер, жүздеген адам ұлттық киімдерін киіп, қолдарына «Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, қош келдіңіз!», «Жасасын Түркия-Қазақстан достығы!» жазылған транспаранттар мен плакаттарды ұстап тұр. Анкара әуежайының мемлекет басшыларын қарсы алатын бөлігінде кәдімгі он тоғызыншы ғасырдың Қарқаралы жәрмеңкесі құрылғандай көрініс тұр еді. Тек кигіз үй мен жылқылар ғана жетіспегені болмаса...
28 қазан 1992 күні Анкара әуежайы тарихи күндердің біріне иелік етті. Әуежайға араға жарты сағат, бір сағаттан салып, Әзірбайжан, Түрікменістан, Қырғызстан, Өзбекістан және Қазақстан президенттерінің ұшақтары келіп қонып жатты. Біздің қазақтар өз президентімізді қарсы аламыз деп, таң ата барғандықтан, әрбір ұшақ келіп қонғанда «Назарбаев келді!» деп, көрісуге асығып тұрған. Әрине, жоғарыда айттық қой, ол кезде дәл кәзіргідей дәрежеде ұйымдастырушылық жолға салына қоймағандықтан, қонақ елбасыларының ұшақтары сәл кешігіп немесе уақыты ауысып келіп тұрды. Түрік президенті Тұрғұт Өзал және қасындағы премьер-министр Сүлеймен Демирел, министрлер және әскери басшылар толық бір күнді болмаса да жарты күнді әуежайда қонақтарды қарсы алумен өткізді. Кейде ұшақтар келіп жатқанда қай елдің басшысы екенін анықтай алмай, қателесіп айтқандары да болды. Бір қызығы әуежайда біздің қазақтан басқасы көрінбейді. Басқа мемлекеттердің президенттерін әлгіндей ұлттық киімдерін киіп, қолдарында транспаранттар мен жалаулар ұстап тұрған қандастары күтіп тұрған жоқ еді. Оларды азын аулақ ресми қызметкер ғана қарсы алуға келген. Дегенмен, біздің қазақтың бір пайдасы оларға да тиді. Қазақтар барлық елбасыларын қарсы алып шықты. Түрік билігі барлық қазақтардың мемлекет басшыларының ұшақтары келіп тоқтайтын алаңшаға жақындау тұруына рұқсат берген еді. Бір елдің басшысы келе қалса біздің қазақтар ұран салып, қолдарындағы жалауларын көтеріп, айғайлап қошемет білдіріп тұрды.
27 қазан күні Анкара аспанында қызық уақиға болды. Кәдімгі шалқалап жатқан, шелек ілетін жарты айдың қасында жарқырап тұрған жұлдыз. Мұндай көріністі осыдан бір-екі жыл бұрын Алматы аспанында көргенім есімде. Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішінің маңында тұрғанымда айға тиіп тұрған жарық жұлдызды көріп суретке түсіріп алып едім. Сонда 1992 жылғы Анкарадағы жұлдызды ай есіме түсіп еді. Сол кезде үйлі-баранды едім. Бұрынғы келіншегім тұңғышымды дүниеге әкелмекке ауруханада жатыр еді. 28 қазан күні мен Елбасы Н.Назарбаевты қарсы алмаққа әуежайға қарай аттандым. Түрік протоколында басты оппозиция партиясының өкіліне де сыйлы орын беріледі. Менің партия төрағасының орынбасарларының бірімен қарсы алу сабында тұруым керек еді. Әуежайға бет алған тұста әпекем Нұршан телефон соғып, шүйінші сұрады. Ұл бала дүниеге келді деген сөз құлағымда. Мен болсам бір жағынан әуежайға асығып, бір жағынан тұңғышымды көруге шыдамай барамын. Не болса о болсын, ауруханаға барып шығайын деп тәуекелге бел будым да өзімнің автокөлігіммен шапшаңдатып жол тарттым. Жолда асығып бара жатқанда шағын жол апатына ұырадым. Кінәлі мен емес, қасымнан өтіп бара жатқан шағын жүк көлігі машинамның алдыңғы тұмсығын соғып, майыстырып алды. Алайда менде кідіретін уақыт жоқ, жасы егде тартқан бейтаныс тізгіншіге: «Алаң болмаңыз! Жолыңыз болсын, бүгін менің қуанышты күнім, сізге еш дауым жоқ!» дедім де артыма қарамай ауруханаға жол тарттым. Онда барсам түріктің салты бойынша медбикелер көрімдік сұрап тұр екен. Көрімдік бермесең балаңды көрсетпейді. Әлгі шүйінші сұраған медбикеге көрімдігін беріп, баламды көрдім. Маңдайынан бір иіскедім де әуежайға тарттым...
Әуежайға келсем қарақұрым халық, кілең қазақтар. Бәрі де өзімнің таныстарым, туыстарым. Алыс қалалардан келген туыстардың бірсыпырасы біздің үйге келіп қонған еді. Олар менің балалы болатынымды білгендіктен әртүрлі аттарды ұсынып отырған. Біздің жақтың салты бойынша тұңғыш балаңды балам дей алмайсың да, ол үлкен кісілердің еншісінде болады. Қариялар былай деп келісті: «Қазақстан тәуелсіз болды. Ертең ағайынды 6 түркі мемлекетінің басшылары Анкарада бас қоспақ. Қазақстанның тұңғыш елшілігі ашылмақ. Аспанда ай мен жұлдыз қатар тұр. Осының бәрі де жақсы ырым. Егер ұл бала болса, біздер Нұрсұлтанның алдынан шығып, балаға ат қоюын сұрайық. Ата-бабамыздың сондай салты бар ғой, хан не батыр келгенде туған балаға осылайша ат қойғызған. Керей Ер Жәнібек батырдың атын Шақшақ Жәнібек батыр қойды деген бар. Барақ Би (1650-1740) бабамыз ауылына Тәуке хан келгенде туған ұлына Хангелді деп ат қойыпты» десті. Бәрі бірімен бірі қоса қабаттасып келгендіктен мен де әуежайға барғанда алуан түрлі сезімге толы едім. Ұл баланың дүниеге келгенін естіген туыстар бірінен соң бірі: «Бауы берік болсын! Өмір жасы ұзақ болсын!» деп, қуаныштарын білдіріп жатты...
Біраз уақыттан соң әуежай алаңында қозғалыс көбейіп кетті. Қызыл кілем жаюлы, түрік протоколының қызметкерлері, әскери қарауыл саптарын түзеп, ыбыр-жыбыр қозғалыс, фототілшілер мен операторлар дайындалып кетті. Біраздан соң Қазақстан Республикасының Президентінің ұшағы келіп қонды. Ұшақтың сатысынан құлдаған Елбасын мархұм Тұрғұт Өзал құшағын жая қарсы алды. Анкарадағы бірнеше үй қазақтың бірі Абатай Сәбәділқызы апайымның қызы Сүйімбике сол кезде 12-13 жастағы кішкентай ғана қазақтың сұлу қызы болатын. Сүйімбике қазақтың ұлттық киімін киіп, қосетегімен, оюлы бешпентімен, басында үкілі төбетайымен Н. Назарбаевқа гүл шоғын табыс етті, Елбасы Сүйімбикенің бетінен сүйді. Сонда Түркия Президенті Тұрғұт Өзалдан кейін Н. Назарбаевқа амандасып тұрған екінші жан қазақтың кішкентай қызы болып тұр ғой. Басқа елде мұндайға жол берер ме еді кім білсін, бірақ мұның өзі қазақ бен түріктің қаншалықты жақын, қаншалықты туыс екенін білдіріп тұрса керек.

Елбасы Тұрғұт Өзал мархұммен бірге сап түзеп тұрған лауазымды адамдармен амандасып қызыл кілемнің үстімен келе жатты. Мен аяқ жағында тұрмын. Саптың басында Түркияның ең жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлері мен ресми тұлғалар тұр. Елбасымыз әрқайсысымен жеке жеке амандасып, аяғында менің тұсыма келді. Бұрын кездескендіктен мені танып тұрған Елбасына: «Аға, қош келіпсіз!» деп, амандастым. Қасында тұрған Сыртқы істер министрлігінің қызметкері Қайрат Сарыбаев: «Мұртазаның келіншегі жаңа ғана босанған екен, ұл бала болыпты!» деді. Елбасы: «Құттықтаймын! Кішкентайларыңның бауы берік болсын!» деп жауап қатты күлімсіреп. Осы мүмкіндікті пайдаланып мен де іліп алып кеттім: «Аға, білесіз ғой қазақта дәстүр барын. Елдің ұлығы келгенде ұл бала дүниеге келсе, қадамы құтты болды дейді, ұлықтан ат қоюын сұрайды. Біздің ақсақалдардың өтініші Түркияға қазақтың Президенті келгенде қазақ жанұясында туған балаға сіздің есім беруіңізді сұрайды. Рұқсат етсеңіз Сіздің есіміңізді бергіміз келеді» дей салдым. Ел басының қасында Қазақстанның Түркиядағы тұңғыш елішісі болып тағайындалған Қанат Саудабаев пен сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Мырзатай Жолдасбеков тұрған. Қазақстанға келген сапарларымда Мырзатай ағайдың да қабылдауында бірнеше рет болған едім. Ол кісімен Мұсылман әйелдер лигасының төрайымы мархұм Әмина Нұғыманова таныстырған болатын. Мырзатай ағай: «Әй, Мұртаза! Ағаңның қолы босай қоймас, білесің ғой қаншама маңызды кездесулер барын. Дұрыс, Нұрсұлтан деп қойғандарың жөн!» деді. Мен Мырзатай ағаның қолдау сөзін естіп, қуанып, Елбасына қарадым не айтар екен деп. Елбасы тағы да күлімсіреді де: «Солай болсын, Нұрсұлтан деп қойыңдар. Ақсақалдарға сәлем айтарсың. Қолым тимеді деп ренжімеңдер!» деді. Бір қызығы Тұрғұт Өзалдан бастап барлық жоғары протокол Қазақстанның Президенті осы бір жас жігітпен соншалықты ұзақ уақыт не сөйлесіп жатыр екен деп, таңдана қарап тұрғандай болды. Менің ойымша осының барлығы да сол кездегі жағдайда ғана түсінікті, сол кездегі қазақи мінездің, ағайынға деген сағыныштың көріністері еді. Сол күні кеште біздің үйде Стамбулдан келген нағашымыз әрі құдамыз Қадыр Махмұтұлы (Хайдар) ақсақал азан шақырып, жан-жақтан келген туыстардың алдында дүниеге келген нәрсетеге «Нұрсұлтан» деп ат қойды. Бұл хабар Қазақстан телеарнасы және «Егеменді Қазақстан» газеті арқылы Қазақстанға да жетті...

Анкарадағы Қазақстан елшілігінің ашылуы

Бұл шара бірнеше маңызды уақиғалармен тұспа тұс келіп тұр еді. Анкара лезде әлемнің назары аударылған қалаға айналды. Бірішіден, тарихта тұңғұш рет түркітілді мемлекеттердің басшылары бас қоспақ еді. Әлемді дүр сілкінткен Кеңес Одағы ыдырап, оның орны қалай толатыны белгісіз болып жатқан жағдай бар еді. Америка бірінші Парсы шығанағы соғысын ашып, Иракты бомбалап жатқан. Армения Әзірбайжанның құрамындағы таулы Қарабақ өлкесін жаулап алған-тұғын. Бұл екі елдің арасындағы дауды шешпекке Қазақстан басшысы ара-ағайындық ұсынысын жасаған еді. Оның үстіне Қазақстанның қолында әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналы бар болатын. 29 қазан Түркияның «Республика күні» мерекесі. Әлемнің шартарабынан жүздеген журналшылар, тілшілер Анкараға қарай аттанғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуші еді. Бүкіл ғалам осы бір жиыннан қандай нәтиже шығады екен, «Түрік Одағы» құрылуы мүмкін бе деген сауалдардың жауабын іздеп жатыр еді. Өйткені, дәл сол арада Ресей-Беларус-Украина «Славян Одағы» құрамыз деп жариялаған болатын...
Анкарадағы тұңғыш Қазақстан елшілігі Түркия президентінің резиденциясына өте жақын орналасқан еді. Естуімше бұл ғимаратты Түркия мемлекеті Қазақстанның пайдалануына тегін берген екен. Үш қабатты жеке ғимараттың айналасында кең бақшасы болған жоқ, өйткені үйлер балкондары бірбіріне тиетіндей жақын орналасқан, тар көшелердің бойында тұрған. Түркия тек Қазақстанға ғана емес, Өзбекістан, Қырғызыстан, Түрікменістан және Әзірбайжанға да сондай ғимараттарды бағыштаған еді. Қазақстан елшілігінің алдындағы көше тарлау еді, оның үстіне адамның санында шек жоқ. Түркиядағы қазақтар түгелдей келді десем болғандай. Көшенің бойы Қазақстан мен Түркияның байрақтарымен безенген. Салтанатты мұрасым басталғанда әскери оркестрдің орындауында екі елдің әнұрандары орындалды. Түркия президенті Тұрғұт Өзал және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елшіліктің қақпасында екі ел басшылары лентаны қиып ішке кірді. Кіре берісте менің әкем, ол кезде жетпістен енді ғана асқан Жүніс Рақиұлы жерде дайын тұрған екі бірдей дәу қошқарды бауыздап, президенттердің алдында көзайдын айтып, бата берді. Бұл жерде тек протоколда есімдері көрсетілген адамдар ғана бар. Жиналған жұрт әлі көше бойында тұр. Мен «Рефах» партиясы төрағасының орынбасарымен бірге тізімде болғанымнан президенттердің бірнеше құлаш қасында ілесіп келе жатырмын. Қазақстан елшілігінің үшінші қабатында кең зал бар екен, сол жерде коктейл беріледі деп естідім. Бәріміз сонда бардық.
Коктей ұйымдастырылған залда Түркия президенті Тұрғұт Өзал, біздің елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министр Сүлеймен Демирел, Түркия қарулы күштерінің қолбасшылары, министрлер, депуттар, шетелдерден арнайы шақырылған қонақтар, дипломаттар т.т. бар. Адам көп болғандықтан ба әлде зал кішкентай болғандықтан ба, қайдам, бірақ бар нәрсе көз алдымызда және естіліп тұрды. Қонақтар коктейл дастарханынан дәм ауыз тиіп жатқанда, бірден протокол қызметкерлерінің бірінің ащщы даусы естілді: «Жол беріңдер! Би-Би-Си тілшісі сұхбат алады!». Залдың есігінен арықша келген, жұпыны ғана киінген жас әйелді көзім шалды, артынан камерасын көтеріп операторы еріп келеді. Көшеде көрсең бұл әйелді ескермеуің де мүмкін, мәселе оның сыртқы көрінісінде яки киімінде емес, оның кеудесіндегі «BBC Reporter» яғни ағылшынның күллі әлемге белгілі Би-Би-Си корпорациясының тілшісі деген белгісінде болып тұр. Бұқаралық ақпарат құралының құдіретін осындайда сезінеді екенсің. Тілші ең жоғары лауазымды қонақтардың арасын қақ жарып, түрік президентінің алдына барды да бірнәрселер сұрап, микрофонды бірден Тұрғұт Өзалдың аузына тосты. Мархұм Тұрғұт Өзал денелі кісі болатын, орнынан қозғалмай-ақ, күлімсірей отырып, бірнәрселер айтты да қолымен Н. Назарбаевқа меңзеді. Менің түсінгенім: «Алдымен қонаққа сөз берейік» дегені. Ағылшын тілші микрофонға бірнәрселер деді де енді Назарбаевқа ұсынды. Мен сол кезде бірнеше түрік депутаттармен сұхбаттасып тұр едім, бірақ көзім біздің презиендетте және ағылшын тілшісі кіргенде көтерілген айғай-шудан залдағы бәріміздің назарымыз осы бір тілшінің президенттерден алатын сұхбатына ауысқан еді. Бірден залды тыныштық билеп алды, ұшқан шыбынның даусы естілмейді...
Нұрсұлтан Әбішұлы айналасына қарады да, қазақшалап: «Кім аударады?» деді. Менің ойымша бұл елбасының халықаралық аренада енді енді көріне бастаған кезі еді, ол кезде ағылшынша жете меңгермеген болса керек. Тілші микрофонды ұстап тұр жауабын күтіп. Елбасы аудармашы шықсын дегендей күтіп тұр. Осылайша біраз уақыт өтті, уақыт дегенде минуттар емес, әрине, секундтар ғана. Бірақ, дәл сондай жағдайда секундттар минуттар сияқты білінеді екен. Залда ешбір жыбыр-күбір қалмады, барлық жұрт елбасымызға қарап тұр. Жағдай ушығып бара жатқандықтан мен де қинала бастадым. Ағылшынша сайрап тұрмын, бірақ «Мен аударамын» дейін десем, бір жағынан президенттің тобында аудармашысы шығып келсе, өзім ыңғайсыз жағдайға душар болып қаламын ба деп абыржып тұрмын. Сәл сабыр сақтайын, мүмкін бір адам шығатын шығар деп, ізеттілік сақтап тұрдым. Ешбір жан шықпады. Қазақстан делегациясындағылардың өңі бұзыла бастады. Менің де шыдамым таусылды. «Қазақстан президентінің ағылшыншадан аударатын тілмашы жоқ екен!» деп айтқызбаймын деп ойландым да қолымды көтеріп: «Мен аударамын!» дедім. Елбасы маған қарай қалды. «Келе ғой!» деген дауысты естіп, бірден екі президенттің ортасына тұра қалдым.
Ағылшын тілші өзі арық, өзі жұпыны ғана киінгенімен, президентке сұраған сауалдары мірдің оғындай. Ол кезде мен орысша дым да білмейтін кезім. Сондықтан, тілшінің сұрақтарын ағылшыншадан тікелей қазақшаға аудардым. Бір ғажабы, Елбасы сұрақтардың барлығына да қазақша керемет жауаптар қайтарды, өте байсалды, еш кідірместен қазақша сайрап, төгіліп тұрды. Егер ол кісі қазақша кейбір сөздерді жеткізе алмай яки арасына орысша қосып отырғанда маған да қиын болар еді. Мен Елбасының жауаптарын ағылшыншаға аударып тұрдым. Оның алдында да Елбасының Алматыда Н. Ербақанмен болған кездесуінде тілмаштық жасаған едім. Сондықтан, оның сөйлеу мәнері маған таңсық емес еді. Құдайға шүкір деймін, дәл сондай сәтте өзімнің сол жерде болғаныма және кәдеге жарағаныма. Ағылшын тілшісі еш іркілместен бірінен бірі ащщы сұрақтарын құйдырып жатты:
«Түркітілді халықтар әскери одақ құрмақсыздар ма?»
«Қазақстан қолындағы ядролық қаруларды түркітілді мемлекеттердің жауларына, мәселен Әзірбайжанның жерін басып алған Арменияға қарсы қолдануы мүмкін бе?» т.т.
Елбасы барлық сұрақтарға кереметтей жауаптар берді. Түркітілді халықтардың бас қосуынан ешбір бөтен ойды іздеудің қажеттігі жоқ екенін, тілі бір, діні бір, түбі бір халықтардың тек ізгі мақсатта, достық және татулық бойынша бас қосып жатқанын, ешкімге дұшпандық ойларының жоқ екенін айтты, Еуропа мемлекеттерінің, славяндардың бас қосқанын мысал етті. Дәл осы уақиғаға куә болған белгілі журналшы, Құранды қазақшаға аударған дінтанушы Уахап Қыдырханов 2003 жылы жарияланған «Сағыныш саздары» атты кітабында былай деп келтіріпті:
«Қазақстан елшілігі, 30 қазан 1992 жыл, Анкара уақытымен күндізгі сағат 2.00
..........
Екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елшілікті ашудың рәсімін бастады.
........
– Біздің тәуелсіздігіміздің тілектесі, осы елшіліктің құрылуына үлкен қамқоршы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалға, Үкімет басшысы Сүлеймен Демирелге өзімнің және халқымның атынан алғыс айтамын! Екі елдің арасындағы туысқандық, достық нығая берсін!
.........
Ұналғышын ұмсынып, ұзын бойлы, ақ сары қыз Президентке тіл қатты. Ағылшын ақпарат орнының тілшісі екен.
– Ағылшынша аударатын кім бар?
– Мен бармын, – деп алға шықты Мұртаза Бұлұтай деген жас жігіт. Бұл маған таныс адам. Түркия «Ұлттық көзқарас» ұйымының Германиядағы өкілі. Ағылшын, неміс, түрік, қазақ тілдеріне жетік, арабша да сөйлей білетін тілмар азамат. Ол болмаса, ағылшынды орысшаға, не түрікшеге аударып, одан қазақшалап жатар ма едік, қайтер едік. Бұған да шүкіршілік!
– Сапарыңызды қалай бағалайсыз, Президент мырза?
– Сәтті сапар болды. Тектес халықтар арасында төркіндес тұрмыс, салт-сана, тарихи ортақ мәдениет бар. Соларды сабақтастыра отырып, әлеуметтік дамудың алдағы кезеңінде қимыл бірлігі болуына келісім жасалды.
– Мұның басқалай сипаты бар ма?
– Жоқ. Бұл – еркін, жан-жақты әрі ынтымақты дамудың бастамасы. Мұнда ешкімге сес көрсету де, ешкімнен сескену де жоқ. Ондай ойлар шындық шегінен тыс болмақ.
– Мұны неге айттыңыз?
– Қазір қымс еткенді қилы-қилы сөз ететін әдет болып барады. Мұнда ешкім күдіктенетін де, сақтық жасайтын да сипат жоқ.
– Мен канадалықпын, – деді бір тілші. – Мен бұдан күдік те, сақтық та көріп отырған жоқпын, қорықпаймын да.» (Уахап Қыдырханұлы, Сағыныш саздары, «Елорда» баспасы, 2003ж., Астана, 81-82 беттер).
Қателеспесем Уахап ағай ол кезде шетелдердегі қазақтарға арнап арабша және кириллица аралас шығатын «Шалқар» газетінің бас редакторы еді және Елбасының делегациясы құрамында шетелдерге барып тұратын. Ағылшын тілшісінен кейін Канада телеарнасының хабаршысы сұхбатты жалғастырды. Оның да сөздерін қазақшаға аударып бердім.
Осы уақиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Оны жарнамалап бүгінге шейін не айтып, не жазып көрген жоқ едім. Енді арадан бірталай жылдар өтті ғой, кейінгі ұрпақтар біле жүрсін деген ниетпен және Бақытбек Смағұл бауырымыздың қолқа салуымен жазып отырмын. Менің жадымда қалған ең қызық сәт елбасының: «Кім аударады?!» деп қазақша сұрағаны. Егер ол кісі осы сұрақты орысшалап айтқанында мен түсінбес те едім. Демек адам сондай сәтте өзінің туған тілінде, яғни өзіне ең жақын тілде ғана сөйлейді екен. Осыдан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақи ортада дүниеге келіп, ә дегеннен тілі қазақша шыққанын түсіндім. Дәл сол күнгі уақиғада Елбасымен мені жалғастырған осы қазақтың тілі ғана болатын...
Ертеңіне Анкара әуежайына барып, қалың ел болып президентті шығарып салдық. Қайтарда әуежайдың VIP ғимаратының ішінде Қазақстанның Түркиядағы тұңғыш елшісі Қанат Саудабаевты жолықтырдым. Ол көрген бойда маған бұрылып, «Інішек, көп рахмет сізге! Үлкен көмек көрсеттіңіз!» деп, арқамнан қақты. Сөйтіп, айналдырған бір-екі күннің ішінде Қазақстан Президентімен кездесіп, тұңғышымның есімін «Нұрсұлтан» қойып, әкем Жүніс қажымен бірге Қазақстанның Түркиядағы және әлемдегі тұңғыш елшілігің ашылуына үлес қосқаныма өзімді шексіз бақытты санаймын. Гүлдене берсін еліміз, дами берсін мемлекетіміз! Жасасын Қазақстан!

31.01.2009 ж., Алматы

"Президент және халық" газеті, 20.02.2009 ж., 7-бет