пятница, 7 марта 2008 г.

Файл – пікір.

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы:

– Аралас неке мәселесі қазіргі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Сол себепті, осы әлеуметтік мәселеге қысқаша талдау жасайық. Біріншіден, неке мәселесіне, яғни ер адам мен әйел адамның екеуінің жанұя құру мақсатымен бас қосуына Құран Кәрім қалай қарайды? Ислам діні мұсылмандарға, – үйленуге тыйым салынған адамдардан тыс –, мынадай үш адаммен некеге тұрмауды үгіттейді: олар – Аллаһты мойындамайтын нанымсыздар, Жаратушыға ортақ (серік) қосатын мүшріктер және зинақорлар. Аяттарда зинақор еркекпен зинақор әйел үйленеді делінген. Құран олардың орнына иманды, тақуа және ізгі жандармен неке шартын жасауды ұсынады. Осы арада мән беретін мәселе, Құран неке шартын жасау кезінде адамдарды ұлтқа, сыныптарға бөлмейді және бұл мәселені әр жеке тұлғаның өзінің жеке мәселесі ретінде қарастырады. Сондықтан, Құранның неке тұжырымдамасында этникалық белгілерден гөрі некеге тұрушы жеке тұлғалардың азаматтық сипаты, моральдық дәрежелері мен адамгершілік қасиеттері көбірек назар аударылатын жайттар болып табылады. Бұл мәселенің діни жағы.
Мәселенің екінші жағы – әлеуметтік қыры. Некеге тұрушының тілі, діні, ұлты, туып-өскен аймағы, әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі сияқты көптеген көрсеткіштер маңызды роль атқарады. Осыны ескере отырып, біз Құранның үкімдеріне де қайшы келмейтін, жалпы гуманизм принциптерін де аяқасты етпейтін, бір жағынан өзіміздің әлеуметтік жағдайымызбен санаса отырып, ұлтымыздың да мүдделерін қорғайтын ұстанымға келуіміз керек. Тарихқа қарайтын болсақ, аралас неке бүгін ғана пайда болған жоқ. Басқа ұлттармен бірге өмір сүргеннен кейін, ұлан-ғайыр аймаққа бытырап кеткен ел болғаннан кейін, қазақ халқының арасында да аралас некелер бұрын да болған. Оған дәлел ретінде қазақ хандарының қалмақтың қыздарын алғанын айтсақ та жеткілікті. Сонымен бірге 1874 жылға шейін қазақ сахарасында құл ұстаушылық болған. Бұл Ресей патшаларының жарлықтарымен әрең дегенде тыйылған бір келеңсіз жағдай еді. Сол құл, күң ұстаушылықтан да қаны аралас көптеген ұрпақтар дүниеге келген. Алашорда көсемдерінің көпшілігінің әйелдері де қазақ емес еді. Олар орыс, татар, украин халықтарының қыздары болатын. Ал Кеңес дәуіріне келетін болсақ, бұл кезеңде интернационализм, халықтар достығы сияқты ұрандармен аралас неке уағыздалды. Ол саналы әрі жоспарлы түрде жасалды. Соның нәтижесінде көптеген көпұлтты жанұялар пайда болды, ол үлгі етілді. Менің болжамым бойынша, қазіргі Қазақстан халқының кем дегенде 10-15 пайызы аралас некеде тұрған адамдар болуы керек. Оңтүстік облыстарда – қазақ пен өзбек, ұйғыр, қырғыз азаматтарынан, солтүстікте еуропалық ұлт өкілдерінен жанұя құрғандар көп. Қазақстанда тұратын 130-ға тарта этникалық топтардың арасында да мұндай некелер жетіп жатыр. Олар да біздің азаматтарымыз, олар да Қазақстанның болашағын ойлап жатқан азаматтар.
Дегенмен, бір ұлт, бір дін өкілдерінен неке құрған жандардың жанұялары әлдеқайда берік, нық болады деген ой бар. Өз басым қазақ қыздарының басқа ұлт, басқа дін өкілдеріне тұрмысқа шыққанына қарсымын. Соңғы жылдары, тіпті, кейбір қарындастарымыз Қытай азаматтарына, Америка, Африкадан келген миссионерлерге, дін таратқыш протестанттарға, солардың сойылын соғып жүрген белсенділерге тұрмысқа шығып жатқанын көріп қынжыламын. Міне, осы келеңсіз жағдаймен күресуіміз керек. Әсіресе, шетелге оқуға, жұмысқа кеткен қыздардың сол жақта қалып, тұрмыстануы, заманауи күңнің күнін кешуі де бізге ауыр соғады. Бұл қыздарымыздың әлі де ұлттық санасының толық жетіспей жатқанының көрінісі деп білемін...