пятница, 7 марта 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ[1]


Қазақтың көрнекті ғалымы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлын алғаш рет 1980-ші жылдардың аяғында теледидар экранынан көрген едім. Ол кезде мен Стамбулдағы әйгілі «Босфор» университетінің студенті едім. Алматыдағы шетелдердегі қазақтармен мәдени қарым-қатынастар жасайтын «Отан» қоғамының жауапты қызметкері Майты Әлпақұлы Кеңес Одағының соңғы жылдарында пайда болған кеңшіліктің арқасында Түркиядағы қазақтармен танысу үшін Стамбулға келген еді. Мен болсам кириллицаны өздігімнен үйреніп жүріп, небары 15-ақ жасымда Қазақстанға (ол кезде ҚазКСР) хат жазып, қазақша кітаптар сұрап, «Отан» қоғамымен байланыс орнатқан едім. Майты ағай да, ұйымның басқа қызметкелері де, маған оқтын-оқтын хат жолдап, қазақша кітаптар мен газет-журналдар жіберіп тұратын. Майты ағай өзімен бірге Алматыдағы Республика сарайында өткен облысаралық айтыстардың бейнетаспаларын ала келген екен. VHS форматындағы таза бейнетаспаларды Алматыға бара жатқан бірі кісіден айтыс пен күй жазылсын деген ниетпен алдын ала салып жіберген едім. Ол кезде айтыс өнері жаңадан жаңғырып, қанат жайып келе жатқан шақ еді. Мен әлі Қазақстанға келмеген-тұғым. Оралдық Қатимолла мен Мұңғұлиядан келген Егеуханның айтысы, Жезқазғандық Жадыра мен Ақтөбелік Серіктің айтыстары әлі есімде. Сол айтыстарда әділ қазылар алқасында профессор Тұрсынбек Кәкішұлы тұрған-ды. Ғалым мен ақын Қадыр Мырза Әлидің айтысқа баға беріп айтқан сөздері жадымда. Қандай қызық сәттер еді шіркін!
Наурыз мерекесі енді-енді тойланып, ақындар айтысы ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз халқымен қауышып, дінімізге біршама кеңшілік берілген кез еді. Жалпы, сол бейнекөріністерден есімде қалғаны, көрермендердің айтысқа деген жігер-ынтасының ерекше жоғары болғаны. Айтысушы ақындардың да сөздерінің қасиеті жоғары болатұғын. Жұрттың бойында бір ұлттық ояныстың, ұлттық жігердің нышандары байқалатұғын. Ақындардың сөздерінде тыңдаушыға керемет ой салатын терең мағыналы, астарлы да әдемі сөздер кездесетұғын. Әсіресе, Қатимолланың «қарагер» деп, өз домбырасын Егеухан апайымызға тарту еткені қандай ғажап еді! Бірін-бірі бауырым деп, қазағым деп құшақтаған жандарды көріп, атамекенінен жырақта өскен қазақтың ұрпағы ретінде, мен де ерекше сезімдерге шомылатұғын-мын. Дәл сол кездері қазақтың ішінен Тұрсынбек Кәкішұлы, Рахманқұл Бердібай, Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шаханов, Сафуан Шәймерденов, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова есімдері маған жарқ етіп көрінген болатұғын.
Қазақстанға біржолата көшіп келіп, туған халқымның игілігі үшін еңбек етіп жүрген жылдарымда да, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының құнды құнды мақалаларын газет беттерінен оқып, телеарналар мен радиодан берген сұхбаттарын естіп, сыртынан танысуға ынтызар болып жүруші едім. Қазақ халқының асыл құндылықтарын бойына сіңіре білген, тек әдебиетке ғана қатысты емес, сонымен қатар қоғамымызға аса қажетті мәдени, саяси һәм рухани мәселелерге қатысты ойларын еш бүкпесіз, батыл да ашық айта білген ғалымды көру мұратым еді. Сонымен қатар, Тұрсынбек ағайдың дауысындағы шынайылық пен принципшілдігі мені өзіне тарта-тұғын. Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының қазақ әдебиеттану ғылымындағы, филология мен тілбілімі салаларындағы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны бойынша жасаған ғылыми еңбектері мен қосқан үлесі туралы сала маманы ғалымдарымыз айтып та жазып та келеді. Мен ол жағын қозғайын деп жатқан жоқпын. Мен Тұрсынбек ағайдың азаматтық биіктігі, ғалымдық парасаттылығы, ақсақалдық сипаты, жалпы адами қасиеттері турасында өзімнің көргенімді, білгенімді, сезінгенімді жазайын деп отырмын.
Тұрсынбек ағаймен алғаш кездесуім 2005 жылғы қыркүйек айында болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығында Қазақстаннан 150 адам ұмра қажылық міндетін өтеу үшін Меккеге аттанған едік. Сапарластарымыздың арасынан Тұрсынбек ағаны көріп, көзіме оттай ыстық көрінген ғалымға барып, сәлем беріп, қуанғаным есімде. Тұрсынбек ағамен қоса Қойшығара Салғараұлы, Сәкен Жүнісов, Талас Омарбеков, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Шәмшә Беркімбаева, Майра Ілиясова, Ақжол Мейірбеков, Талғат Мұсабаев, Жүрсін Ерман, Бақытжан Жұмаділов, Бүркіт Аяған, Тұңғышбай Жаманқұлов, Көпен Әмірбек, Бәтима Зәуірбекова, Өтеген Махмұт қатарлы халқымызға танымал тұлғаларды көріп, бір топ айтыс ақындары мен спорт саңылақтарын көріп, Жаратушыға шұкіршілік айтқаным бар. Сол сапарда Мекке мен Мединені бірге араладық, ұмра зияратымзды жасап, пайғамбарымыз бен сахабалар өмір сүрген мекендерді ет көзімізбен көріп тамашаладық, ғибрат алдық. Тұрсынбек аға Қазақстан делегациясының ақсақалы ретінде, ақылгөйі ретінде барша жұрттың ықыласына бөленіп жатты.
Алматыға қайтып келген соң ағаны сағынып, іздейтін болдым. Ол кісі де, алтын жеңешем Күләш та, есіктерін айқара ашып, мені құшақ жайып қарсы алып тұрды. Олар маған тек үйінің есігін ғана ашып қалған жоқ, одан да маңыздысы – жүректерінің есігін ашып, күні бүгінге дейін маған рухани ата-ана сияқты жанашырлық танытып жүргенін айту борышым. Тұрсынбек ағаймен әр кездесуім маған осы кісінің өн-бойындағы терең рухани кеңістікті ашып берді. Жарты ғасырдан астам уақыт қаншама ұрпақтарды тәрбиелеген, күндіз-түні ғылым жолында қажымай еңбек еткен ғалымды көріп, онымен араласып, сөйлесіп, дәмдес болғаныңа қалай қуанбайсың? Ғылыми ізденіс, ғылыми этика және ғалымға тән білімдарлық барлық болмысын билеп кеткен жандардың өзі ерекше емес пе? Міне, Тұрсынбек аға маған сондай жарқын тұлға болып көрінеді. Ағаймен сұхбаттасқан сәттерімде, тіпті, пікір таластырған сәттерімде, ол кісінің сабырлылығы, алыстан сермейтін көрегенділігі мені әр кез тәнті етеді.
Тұрсынбек ағамен 2006 жылдың қазан айының 29-күні Ақтөбе қаласында кездестік. Менің сол күні облыстық театрда халықпен кездесуім бар еді. Дінге байланысты лекция оқып, сұрақтарға жауап беру мақсатымен Асылбек Мусин бастаған облыстағы бір топ зиялы бауырларымның шақыруымен барған едім. Ақтөбеде Батыс Қазақстан Заң университетінің студенттерімен кездесуім болды. Бірнеше сағатқа созылған кездесуде еліміздегі діни процесстер туралы пікірлерімді баяндап, зиянды діни ағымдар туралы жан-жақты сараптама жасадым, сұрақтарға жауап бердім. Тұрсынбек аға Ақтөбеге Қызылордадан пойызбен келген екен. Ол Қызылордада, оның алдында Шымкентте, оның алдында Қарағандыда ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, түрлі әлеуметтік шараларға қатысып, Қазақстанның жарты жерін пойызбен басып өтіп, дем алмастан Ақтөбеге келген екен. Сөйтіп, ағай менімен бірге облыстық театрдағы кездесуге қатысып, көпшіліктің алдында сөз сөйледі. Үш сағатқа ұласқан кездесуден кейін облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына бірге сұхбат бердік. Оның артынша бізге арналған дастарханның дәмін татып, сонда келген отызшақты белсенді азаматтармен тағы да қызу пікір таласқа айналған отырыста біздермен болды. Оның артынша кешкі қонақасына шақырған ақтөбелік бауырларымыздың тағы да бір тобымен кездесіп, бірнеше сағат әңгімелестік. Осы кездесулерден кейін бізге арналған пәтерге түнде қайтып келген біздерді тағы да көптеген сұрақтар, қызық пікірталастар күтіп тұрғанын қайдан білейік. Сонымен, Тұрсынбек аға жанымыздан еш қалмастан, еш дем алмастан, біз жастардың діни мазмұндағы сұхбатына қатысып, ішінара өзінің пікірлерін айтып, бақылаумен болды. Қандай ортаға тап болдым деп тұрған ғалымды көрген жоқпын. Қайта, ағайдың арқасы қозып, көзіне бір қуаныштың күлімсіреуі келгендей болып тұрды. Ал, біздер болсақ Құран аяттарынан бастап, ислам тарихын, хадистер мен фиқһ кітаптарын түнгі сағат екі-үшке дейін талқылаумен болдық. Мен одан бір күн бұрын басқа кездесулерге қатысып, облыстық телеарнадан сөйлеген едім. Сөйтіп, меймандос бауырларымыздың көңілін қимай, отыра беріппіз.
Ертеңіне, яғни 30 қазан күні тәңертең ерте тұрып, екі бауырымызбен бірге мәшинемен Башқұрттың астанасы Уфа қаласына жол тарттық. Ақтөбеден Уфаға дейін 13 сағат жол жүрдік. Ресей шекарасында 1-2 сағат күткеніміз тағы бар. Оның үстіне мен жолда еш жерден тамақ ішкізбей, «өзіміздің мұсылман бауырларымызға барып ішеміз» деп тұрып алдым. Тұрсынбек аға осының бәріне де шыдап жүрді ғой. Уфаға түннің бір уағында барғанымызда Ләлә сұлтан мешітінде Астанадан келген ақын Серік Тұрғынбековті кездестірдік. Қазақстандықтар бір-бірімізді құшақтап, қауышып жатырмыз. Лезде жолдың шаршауы басылып, қызық әңгіме басталды да кетті. Сонда бір таң қалғаным, Тұрсынбек аға Уфадағы «Ғалия діниййа» медресесінің 100 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысушы қонақтарға арналған атақты қонақ үйге барудан бас тартып, біздермен бірге мешіттің қасындағы медресенің жатақханасында болғысы келді. Міне, бұл қарапайымдылық нағыз мұсылман тақуа пендеге тән қарапайымдылық, кішіпейілділік дер едім. Бір жағынан өзінің жақын бауырларын тастап кеткісі келмеген ағалық, әкелік мейірімнің айқын көрінісі еді.
Ертесі күні Башқұрттың мемлекеттік академиялық драма театрында конференция басталды. Конференцияға Башқұртыстанның Премьер-министрімен қатар муфти Талғат Тажұддинов және Ресейдің түкпір-түкпірінен келген делегаттар қатысты. Залда отырған бірсыпыра көрнекті тұлғалар Тұрсынбек Кәкішұлына келіп, амандасып, қал-жағдайын сұрап жатты. Осының бәрінен мен Тұрсынбек ағайдың өзін бөтен елде сезінбейтінін көріп қуандым. Біраздан соң баяндамалар басталды. Тұрсынбек ағайға сөз берілгенде ол кісі өзінің әдеттегі қалпын еш өзгертпестен, сынайтын жерін сынап, мінейтін жерін мінеп, бағалайтын жерін болса әділ бағасын беріп айтты. Ағай «Ғалия діниййа» медресесінің қазақ тарихындағы орны, онда білім алған Мағжан Жұмабаев қатарлы Алаштың ардақты ұлдары туралы тамаша баяндама жасады. Сөзінің соңында Уфадағы «Ресей Ислам университетінің» ректоры Ринат Раевқа шапан жапты, башқұрттың классик жазушысы, мархұм Сайфи Құдаштың қызы Сүйімбике апамызға «Сандалтқан садақ» атты еңбегін сыйлады. Башқұрттың халық жазушысы, 95 жасында дүние салған Сайфи Құдаштың алғашқылардың бірі болып, Мағжан Жұмабаевты ақтау үшін Дінмұхаммед Қонаевқа хат жазғанын ескерелік.
Конференциядан кейін Башқұрт мемлекеттік мұражайын араладық. Сонымен бағдарламамыз мәресіне жетіп, біздер Тұрсынбек ағайды Уфаның вокзалына апарып, Свердловск қаласына (қазіргі Екатеринбург) жүретін пойызға шығарып салдық. Сонау, Қарағандыдан Алматы мен Шымкентті, Қызыл-Орда мен Ақтөбені басып өтіп, қаншама жиындарға қатысып, кездесулерде халқының қамын ойлап, жоғын жоқтап жүрген ғалым ақсақалмен қоштасу біздерге де оңайға тимеді. Көңіліміз жабырқаулы болса дағы, пойыздың ішіне кіргенге дейін ғылыми пікір алмасуларымыз бен әңгімеміз сарқылар емес. Сөйтіп, ағайды Свердловскіге салып жібердік. Алматыға келгеннен кейін күн сайын жеңгейден ағайдың ахуалын сұрап тұрдым. Өйткені, ондай ауыр жұмыс пен жолдың салмағына біз жастардың да шыдап беруі екіталай. Ағай араға оншақты кұн салып Алматыға аман есен қайтты. Сонда, Свердловскінің архивінде бірнеше күн жұмыс істеген. Одан Қорған қаласына барып, сол жерде жұмысын жалғастырған. Қорғанда бірнеше күн болған ол өзіміздің Қызылжарға (Петропавловск) келіп, одан Алматыға пойызбен оралған. Ал, одан бері өткен бір жылдай уақытта профессор Тұрсынбек Кәкішұлы Қазақстанның жерін бірнеше мәрте шарлап өтті десем қате болмас. Міне, нағыз ғылыми ізденіс деп, ғылым жолында өткен өмір деп осыны айтсақ болғаны. Мұнда болашақ ұрпақтар үшін үлкен ғибраттар бар. Қазақ халқының шынайы ғылыми жүйесі, ғылым қоры тап Тұрсынбек ағай сияқты шынайы ғалымдардың табан ет, маңдай терінің арқасында қатыптасқанын ұмытпаған жөн.
Бұл күнде Тұрсынбек аға 80 жылдық мерейтойын атауға дайындық ұстінде. Барлық саналы ғұмырын халқымызға, ғылымға қызмет етумен өткізген ғалым ұлықтауға да құрметтеуге де мұқтаж емес, қайта осындай ұлық тұлғаларды қадірлеу арқылы біздер халқымыздың мәртебесін көтереміз, ұрпақ санасына елін ардақтауды, ерін ардақтауды сіңіреміз. Өз басым қазақтың көптеген игі-жақсыларын көріп, тәуелсіздік жылдарында халқының алдында тік тұрып, тік сөйлеген, ізгіліктің жаршысына айналған ғалым қазақты көргеніме, осындай алып жанның ықыласына бөленіп, батасын алғаныма ризамын. Асқар тұлғаңыз әрдәйім биіктей берсін қадірлі Тұрсынбек аға!
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ізгілік жаршысы ғалым, «Президент және халық» газеті, №40(110), 05.10.2007 ж., 4-бет.