пятница, 21 марта 2008 г.

«Алыста жүрген ағайын»

МҰРТАЗА ДЕЙТІН МҰСЫЛМАН[1]

Батыс елдеріндегі азшылық болып табылатын діні бір бауырларын қорғаудың қамында жүр.

«Жетім өспей ме, жарлы байымай ма» дейтін халқымыздың қалт айтпасына тағы көз жеткіздік. Кезінде Пәкістан арқылы, Иран арқылы Түркияға зорға талып жеткен қазақтардың аузына нәр тамызғанда түріктер исламға тән имандылықты көрсеткен еді. «Қазақ» та деген жоқ, «қазақтың ішінде керей екен» де деген жоқ. Қолдан келгенше көмектесті, ығыспаса да орын тауып берді. Сол қазақтардың алды міне, Батыс елдеріндегі мұсылмандарды қорғауға дейін жетіпті.
Өркениет көшіне ілескен ел, ұлт, ұлыс, тіпті тайпа болса да, енді оқшау қала алмайды. Араласуға-құраласуға, үйренуге-үйретуге, беруге-алуға тура келеді. Сөйте тұра, өзіңнің тегіңді, дініңді, діліңді, тіліңді, мәдениетіңді сақтау үшін күресуге тиіссің. Өгізді де өлтірме, арбаны да сындырма. Бұған жапондықтар, ағылшындар мысал болмақ. Қаншама халықтар өркениеттің тынбай айналатын тас диірменіне түсіп, үгітіліп кетті. Орыс өркениетінің өзі-ақ черемистерді, вотяктарды, пермяктарды, қаншама Сібір халықтарын «жұтып» жіберді. Әлемдік өркениет зеңгілерді, үндістерді, әріге бойласақ латындарды байқатпай, бірте-бірте ұмыттырып жіберді.
Бәрібір, араласпай тағы тұра алмайсың. Демек, араласа отырып өзіңді ұмытпау – жалғыз жол осы. XX ғасыр жылнамасы кіндік тұсынан жоғары көтерілгенде мұсылман халықтарының Батыс Еуропаға қоныстану құбылысы басталды. Түріктер, арабтар, қызылбастар және басқа ислам дінін тірек еткен ұлттардың өкілдері бірі кәсіп іздеп, бірі саяси баспана іздеп ежелгі Еуропаға табан тіреп жатты. Түріктерге ілесіп біздің қандас қазақтарымыз да Батыс Еуропадан табылып жатты. Өсті-өнді. Дәулеттенді. Өз қолдары өз ауыздарына жеткен шақта естерін жыйып, енді бас амандығын ғана емес, басқаны да ойлайтындай болды. Дінді түгендеу, ділді түгелдеу басталды.
Еуропа Ұлттық көзқарас ұйымдары (Ауропа Милли гөрүш ташкилатлары) осылай құрылған. Ол Батыс Германияның Кёльн қаласында қоныс теуіпті. Аталған ұйымның үлкен бөлігі болып табылатын Орта Азия және Қазақстан кеңсесін біздің қандасымыз, өз аузымен айтсақ: «Керей, Керейдің ішінде Жәнтекей, Жәнтекейден Сүйіншалы» Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ басқарады.
Жоғарыдағы ұйым Еуропадағы 12 елдің мұсылмандарының басын біріктіріп отыр.
Мыңнан астам түрлі ұйым, қозғалыстың басын қосады. Мәселен, құрамында «Мұсылман жастар одағы», «Мұсылман әйелдер одағы», «Қоғамдық және экономикалық жүйелерді зерттеу орталығы» сияқты ірі құрылымдар бар. Өздерінің күнделікті «Милли газеті» шығып тұрады.
Батыс Еуропада қазір қызмет етіп жатқан он мыңнан астам мешіттің денін осы қоғам салдырды. Одан тысқары кітапханалары, асханалары, спорт ғимараттары, сауда орындары қаншама.
– Біздің қоғамымыз ресми тіркелген. Заңды құқығы мойындалған, - дейді Мұртаза. Батыс Еуропа елдерінде тұратын мұсылмандар өз діндерін ұмытпау үшін күресу, солардың басын біріктіру, берекесін арттыру жолында жұмыс істейміз. Біздің Еуропа Одағы кеңесінде бақылаушы деген мәртебеміз бар.
Қоғам, шынында, осы мақсаттар үшін айтарлықтай жұмыс жүргізеді екен. Амстердамда, Кёльнде, Берлинде өз телехабарларын таратады. Бес жерде ислам гимназиясын ашқан. Бөтен елдерде тұрып, қаржы қыспағында жүріп, мұншалықты шаруа тындыру – алдымен демократия мүмкіндігін пайдалану шеберлігін танытса, екінші жағынан дін мен діл үшін ештеңені аямай, оларды қайткенде қорғау қажеттігі ақиқат екенін айғақтайды.
Еуропа ұлттық көзқарас ұйымының үш үлкен саласы бар. Сол салалар бойынша жыл сайын бас қосылып, конференция өткізіледі. Бірінші саласы – ислам дінін Батысқа тарату.
Осы тұста біз Мұртазадан дәл қазір Еуропада қанша мұсылман барын сұрағанбыз. «26 миллион мұсылман бар» деді. Бұл біз ойлағаннан анағұрлым көп еді. Бұл жерде Югославияның, Албанияның, Болгарияның байырғы тұрғындарының бірсыпырасы ежелден мұсылман дінін ұстанатынын ұмытпау керек. Ал, қалған елдер негізінен ислам әлемінен келіп қоныстанушылар арқылы тізімге ілігіп отыр. Мұртазаның айтуынша, кейінгі жылдары Батыстың көптеген адамдары, әсіресе оқымысты, ғалымдар жағы ислам дінін ұстана бастаған. Сол себептер арқылы қазіргі Францияда 4,5 миллион, Германияда 3 миллион, Англияда 2,5 миллион мұсылман бар көрінеді. Бір Кёльн қаласында 24, Берлинде 60-тан астам мешіт барын ескерсек, мұсылмандардың көбейе бастағанына еш таңырқауға болмас.
Қоғамның екінші үлкен конференциясы жылма-жыл «Жаңа проблемалар, жаңа ойлар, жаңа шешімдер» деген тақырыппен өтеді. Мұның басқа екі конференциядан ерекшелігі – санаулы ғалымдар мен саясатшылар қатысады. Исламның экономикалық жүйелері талданады. Исламның жыл сайынғы салмағы таразыланады. Ұйғарымдар жасалып, бағыт айқындалады.
Үшінші сала – «Еуропа мұсылмандарының мәселелері».
– Сіздерде қандай мәселе болуы мүмкін, - деп таңырқағанбыз. – Мың-мыңдаған мешіт бар. Демократиядағы жүйеде діннің толық еркіндігі сақталады ғой.
– Қыйыншылықтарымыз бар, - деген Мұртаза. – Алдымен, мұсылман балаларын оқытуда үлкен гәп бар. Батыс Еуропадағы мектептерде ислам діні оқытылмайды. Біздің талап етуіміз бойынша ондай сабақ жүргізілсе де, сапасы басқа дін оқуларынан төмен болады. Жас ұрпақтың біздің ертеңіміз екенін ескерсек, олардың толық діни білім алуын талап етпей бола ма?
Қазақстанда дін оқуы талап етілмек тұрмақ, қазақ тілін жүйелі оқытуға қол жеткізген жоқпыз. Ал, жат ортасында жүрген Мұртазалар өз ұрпағының ертеңі үшін қалай күресіп жатыр. Салыстырып көріңіз.
Сайлау және сайлану құқығы жөнінде де ойландыратын жәйттер бар. Германияда неміс паспортын алмаған адамдар дауыс беруге жіберілмейді. Жалдамалы жұмысшы болып жүрген мұсылмандардың көбінде Германия паспорты жоқ.
Конференциялардың сыртында қоғамның ұлы құрылтайы шақырылады. Соңғы құрылтайға 40 мың адам қатысқан. Ұйымшылдық деген – осы. Діннің біріктіруші күші – осы. Қоғам оның үстіне жыл сайын исламды уағыздайтын, оның ілімін жетілдіретін, күш-қуатын айғақтайтын кітаптардың көрмесін өткізеді, саудасын ұйымдастырады. Соңғы көрмеге ислам діні жөніндегі түрлі кітаптарын жолдау арқылы әлемнің 80 баспасы қатысқан. Қоғам өзінің «Саяхат» агенттігі арқылы қаржы бөліп, мұсылмандарды Меккеге мінәжат етуге жібереді. Таяуда ғана алты мың адам «Саяхат» арқылы қажы атанып қайтты. Қоғам 2 мың студентке стипендия төлейді.
Мұртаза одан кейін қоғам алдында қойған төрт үлкен міндетті айтты. Әрине, олармен келісу-келіспеу әркімнің жеке еркі, бірақ бұлардың қоғамы мына төрт міндетке ұмтылатын болады. Алдымен – мұсылман елдерінің өз Біріккен Ұлттар Ұйымын құру.
– Үй ішінен үй тігіп керегі не? Біріккен Ұлттар Ұйымы бар емес пе? Әрі оның бас хатшысы болып жақында араб азаматы сайланды емес пе? – деп сұрадық.
Мұртаза өз ойына мығым екен. «Бәрібір қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымы кез-келген мәселеде еврейлерге қарай бұра тартып отырады. Ол мұсылман халықтарының құқығына әділ әрекет жасап жүрген жоқ» деді.
Екіншіден, әлемде 1,5 миллиард мұсылман болғандықтан ислам елдері ортақ валютаға көшуі керек дейді. Еуропа елдерінің бірыңғай валютаға көшіп жатқанын ескерсек, бұл ойланатын шаруа шығар. Қалай дегенде де, біздегі мұсылмандардың ішінен суырылып шығып, Меккеге барғысы келгендер ақша ауыстыруға келгенде қатты қыйналатыны рас.
Қандасымыздың «мұсылман елдерінің ортақ базары болуы керек» дегені құлаққа кірді де, «мұсылман елдерінің ортақ әскері болуы керек» дегені қыйсынға сыймады. Күні кеше идеологиясы бойынша екі жарылып, соғысу алдында тұрған екі блокта болған әлемді енді діни нанымы бойынша екі жарудың қажеті бар ма?
Кёльннен арнайы келіп отырған қандастарымызбен әлемдік деңгейде өрбіген әңгіме ақырында барып күнделікті тірлікке, жеке жағдайларды білуге ойысқан.
Үлкен ойлап, ірі сөйлегенмен, иегінің астынан бастап, жағына дейін сақал жібергенмен, әлі жас екен. Үйленбеген де. «Таяу күндері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан азаматтығын беру жайында өтініш жазамын», - деді сөзінің соңында. – Наурыз айында сол азаматтықты алсам, қазақ жеріне, бабалардың асқар таулары мен байтақ даласына азаматы болып оралмақпын».
Отырып-отырып, тағы өкініш білдірген. «Алғашқы арызды «Қазақстан» қоғамына апарып едім, бір ағамыз «толық механизмі шешілген жоқ» деп қайтарып берді. Немістер бұл мәселені небәрі үш күнде шешеді. Израилде де ащы ішектей созбайды».
Олар – немістер, еврейлер, біз қазақпыз да...

Қайнар ОЛЖАЙ

[1] Қайнар ОЛЖАЙ, Мұртаза дейтін мұсылман, «Егеменді Қазақстан» газеті, 04.02.1992 ж.