пятница, 21 марта 2008 г.

ҰЛТТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН КІТАП[1]


Жақында «Арыс» баспасынан белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» деп аталатын кітабы жарық көрді. Бір кездері қазақ басылымдарында жарияланған дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих, философия, филология, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар мен мәдениет салаларын қамтыған ауқымды ғылыми-публицистикалық мақалалары осы кітапқа топтастырылыпты. Автордың ұлттық бірлік пен егемендікті сақтау, дінді бұрмалаушылықтан қорғау, зайырлы да өркениетті қоғам орнатуға үлес қосу мақсатын көздегені айқын аңғарылады.
Кітаптың жұртшылыққа берер пайдасы жайлы алғы сөзін жазған, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі: «Мұртазаның сұхбаттары мен көлемді талдау мақалалары кезінде радиода, теледидарда айтылды және газет-журналдарда шықты. Дегенмен баспасөзде жарияланған материалдары бірте-бірте ұмытылып қалуы мүмкін. Ал олардың осы кітапқа енуі, кітаптардың кітапханаларға түсуі, дінтанушыларға, өзінің ата дінінің тарихы мен құндылықтарын білгісі келетін жас шәкірттерге, студенттер мен болашақ ғалымдарға таптырмас олжа»,-дейді. Сондай-ақ араб, парсы, түрік, ағылшын, неміс және орыс тілдерінің дерек көздеріндегі мағлұматтарды, еңбектерді, қолжазбаларды оқып, сараптама жасап, ой жүгірте, ақ-қарасын ажырата алатын зерделі қаламгердің еңбегіне пікір жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы болса: «... Батыстан да, Шығыстан да, бүгінгіден де, бұрынғыдан да келтіріп отырған дәлелдері мені тәнті етті, қанағаттандырды. Сондағы ұққаным, дін дегеніміз әлдебіреулердің әншейін ойлап тапқаны емес, тек құлшылық етудің амалы ғана емес, өмір сүрудің, тіршілік жасаудың, жалпы, адам болып қалыптасудың жолы екен», - деп ағынан жарылады.
Бұған дейін М. Бұлұтайдың «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты үлкен монографиясы еліміздегі зиялы, ғылыми, әдеби ортада өзінің жоғары бағасын алғанын білеміз. Енді соның санатына исламның қыр-сырын білгісі келетіндер үшін «Дін және ұлт» басылымының қосылып отырғаны бізді қуантады.
[1] Ұлтты ұлықтайтын кітап, «50де50» газеті, №06(07), 13.10.2006 ж.