пятница, 21 марта 2008 г.

ТӘЛІМІ МОЛ, ТАЛҒАМ ТӘРБИЕЛЕЙТІН КІТАП[1]


Жақында Алматыда қала әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, содан соң «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Арыс» баспасынан жарық көрген «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Оны Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі ашып, аталған қомақты кітаптың халық үшін өте пайдалы екендігін айта келе, автордың еліміздегі санаулы дінтанушы ғалымдардың бірі және бірегейі екендігіне кеңінен тоқталды. Ол араб, парсы, түрік, ағылшын, неміс және орыс тілдерін жатық білетін жас ғалымның аталған кітабында әлемдік діндерді былай қойғанда, өзге де дүниежүзілік ғылыми еңбектерге сүйеніп жазған «Дін және ұлт» жинағының еліміздің мәдени және қоғамдық өмірінде ерекше орын алатындығын атап өтті.
Содан кейін сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Каир және Дамаск қалаларындағы араб тілі академиясының академигі Махмұд Ф. Хижази және басқа да ғылым, әдебиет, заң саласының белгілі қайраткерлері жиналған көпшілік алдында Мұртаза Бұлұтайдың аталған кітабының мемлекет, ұлт және қоғам өміріндегі сан алуан діни-саяси мәселелерді жан-жақты көтерген айтулы құбылысқа толы жинақ екендігін үлкен ілтипатпен білдірді.
Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» жаңа – көзайым жинағына дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих, философия, филология, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар, мәдениеттану салаларын қамтитын алуан жанрдағы кең де ауқымды ғылыми-публистикалық материалдары жинақталған. Автор аталған еңбегінде мемлекет, ұлт, дін мәселесіне келгенде өзінің өмірлік ұстанымының мықтылығын жан-жақты көрсетеді және оларды сынаушылармен ешуақытта да ымыраға келмейтін күрескерлігін танытады. Кітап оқырманның ұлттық сана-сезімі мен ойлау жүйесіне, сонымен бірге олардың мемлекет, ұлт, дінге көзқарасын барынша оң қалыптастыратын мазмұнды да мәнді ғылыми-публистикалық дүниелердің ең озық үлгілерінің жиынтығындай әсер береді. Жинақ қалың көпшілікке түсінікті тілде жазылып, оқырмандарды бей-жай қалдырмайтын мазмұн-мәндегі туынды.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ
[1] Аманхан Әлім, Тәлімі мол, талғам тәрбиелейтін кітап, «Заң» Газеті, №206(1012), 28.11.2006