пятница, 21 марта 2008 г.

ЖҮРЕККЕ ИМАН ҮЙIРГЕН МҰРТАЗА БҰЛҰТАЙ
ТУРАЛЫ БIР ҮЗIК СЫР[1]


Мұртаза Бұлұтай есiмi – бүкiл мүмiн-мұсылмандарға белгiлi десем артық айтқандық емес. Каир және Дамаск қалаларындағы Араб тiлi академиясының академигi Махмұд Фәһми Хижази Мұртаза Бұлұтай мырзаны «қазақ ойшылы» деп атапты «Дiн және Ұлт» кiтабының алғы сөзiнде. Ал, мен (оқырман айып етпес деп ойлаймын – А.С.) Хижазидiң тамаша теңеуiне «М. Бұлұтай – Ислам ойшылы» – деген тақырып қойып, оның өзiне лайық бағасын бергiм келдi. Кiтап авторы өзiнiң «Дiн және Ұлт» атты терең зерттеуiнде тек мұсылман әлемiнiң бiр тұтқасы – қазақтар жайында ғана емес, әлем мұсылмандарының ғажайып дiнi – исламды сөз етедi.

Асыл дiнiмiздiң арлы азаматы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкiшевтiң өз бағамы былай: «Қолдарыңыздағы кiтап (М. Бұлұтайдың «Дiн және Ұлт» атты шығармасын айтып отыр – А.С.) сырттан келген бү­лiк­­шiл ағымдармен күресте таптырмас құрал». Ал, осы кiтапқа алғы сөз жазған ҚМДБ-ның төрағасы, Бас муфти, Әбсаттар қажы Дер­бiсәлi: «Мұртаза еңбегi­нiң басты мақсаттарының бiрi – дiнiмiздi түрлi «изм»-дерден қорғау, оның асыл құндылықтарына сөз келтiртпеу, исламның iшiндегi бiрлiк, исламның Қазақстандағы жетекшi әрi iрi дiн болуына қолғабыс тигiзу», - дептi.
Иә, белгiлi дiнтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығына арналған «Дiн және Ұлт» атты кiтабының ресми тұсаукесерi Алматыдағы «Бизнес орталығында» өттi. Оған дiнтанушылар, ғалымдар, әдебиетшiлер, ақын-жазушылар, студенттер, т.б. иман жүздi адамдар қатысты.
Тұсаукесердiң жоғары деңгейде өтуiне Республикалық «Иман» қоры (дир. Өтеген Махмұт) айтарлықтай үлес қосты. Бәрi тап-тұйнақтай. Оның үстiне Мұртаза Бұлұтайдың да бетiнен иман нұры төгiлiп тұрғасын ба, бас қосу өз сәтiмен шықты. Жамағат әрбiр шығып сөйлеушiлердi ұйып тыңдады. Бас муфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi, ғалым Тұрсынбек Кәкiшев, академик Махмуд Ф. Хижази, ақын Аманхан Әлiм, қасиеттi Құран Кәрiмнiң тәпсiр-аудармашысы Уахап Қыдырхан, т.б. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және шет елден келген өкiлдерi­нiң сөздерi жанға жылу, жүрекке иман үйiрдi.
Қазақ жақсы айтады. Iлiмi күштi жандарды «энциклопедиялық бiлiмi бар» ғалым деп жатады. Елдiң тәуелсiздiгi ұлтқа осындай екi ұлды бердi ғой деп ойлаймын. Оның бiрi – Мұхтар Құл-Мұхаммед, екiншiсi – Мұртаза Бұлұтай. Екеуi қазақ үшiн құстың қос қанатындай. Ұлт – осы екi азамат үшiн де мақтануға тиiс.
Дiнi, дiлi, тiлi таза екi қазақ ұлы теңдессiз бiлiмдар жандар. Ойлары теңiз, iстерi нық, интел­лектiлерi – жоғары.
Әйтпесе, бiзге алыс, жақын шетелде оқып бiлiм алғандар аз емес. Соны мiндетсiне ме, өздерiн «мен бiлемiн»-ге санайды. Тағы бiр айтар сөз, сол сабаздар бiрiн-бiрi жер көкке тигiзбей мақтайды. «Бiздер культуролог»-пiз, жаңа ғасырдың жаңа жол ұстанушыларымыз-деп соғады. Жас шамасы 60-ты алқымдаған, не елудi еңсергендер. Айтқандары мен жазғандары оқырмандарды терiс жолға салып жатады. «Бурханшыл»-мыз, «тәңiршiл»-дiктi қайта әкелемiз, - деп ағымдарды насихаттағанда жыртып-айырылады. Бiзге «мешiт керек емес, бiз далада көк аспанға табынамыз», - деп миы шатасқан культуролог ағамыздың мақаласын оқығанда «қайнайды қаның-ай». Сонда оларға Олжас Сүлейменовтiң: «бiзде мәдениеттен гөрi наданиеттер де жетiп артылады», – деген сөзi еске түседi. Мен оларға: «культуролог» емес, - «культторг» жасаушы қағынған жерiнген қандастар – дегiм келедi. Мiне, осындай адасушы жолдағы жымысқыларға Мұртаза Бұлұтай өзiнiң «Дiн және Ұлт» кiтабында ойсырата соққы берген.
Әлдебiр ақын (оны жарнамалауға да тұрмайды - А.С.) Құдайға қарсы шығып, Аллаһқа айбат көрсетiптi. Астағфируллаһ! Бұл не сонда? Ғабиттi (Мүсiрепов) «ит» деп жазуға қолы барған бұл кiм? Ол – көргенсiз. Ол – арсыз. Ол – ұяттан безген тақпақшы, – дер едiм. Осындай желбуаз сөз ойнатып, өлең жазғандарға да дер кезiнде тойтарыс берiлдi. Ал, жалған жазушы атанған анабiреу мұсылмандар анасы Айшаға (р.а) зина жасады деп жала жапты. Көргенсiздiктiң көкесi деген осы! Сұмдық! Бетi торлаған қауын ұқсап (белгiлi сатирик - ақын Көпен Әмiрбектiң теңеуi - А.С.) жылтырап, ұялмай-қызармай жер басып жүргенге таң қаласың! Оны арсыз доссымақтары шыр-пыр болып қорғағысы да келетiн көрiнедi.
Бiрақ, Аллаһ оның бет-пердесiн жыртып, ашып бердi. Ол – тарихта мунафиқ болып қалады. Қалды да!
Ондайларға да М. Бұлұтайдың «Дiн және Ұлт» кiтабынан жауап табамыз. Кiтапта мынадай ақиқи дерек келтiрiледi: «Сахабалар Айша Әбу Бәкiрқызы анамыздан Пайғамбардың ахлағы қандай едi деп сұрағанда, ол «Оның ахлағы – Құран едi» деп айтқан екен. Сондықтан, Пайғамбарымыздың кiм екенiн бiлу, оның бiздерге қалдырған мұрасын толық түсiну үшiн Құранға жүгiнуiмiз және Құранды түсiне отырып оқуымыз шарт. Құранның мағынасын зерттей оқу ғана бiзге Пайғамбарымыздың және оған дейiнгi елшi­лердiң ғибратты өмiрiн түсiну мүмкiндiгiн бередi».
Шындығында, М. Бұлұтайдың бұл еңбегi әрбiр жанның үстел үстiнде тұратын кiтабы дер едiк. 2005 жылы Мұртаза Жүнiсұлы Бұлұтайдың «Ата баба дiнi. Түркiлер неге мұсылман болды?» атты еңбегi мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылды. Ендi бүгiнгi «Дiн және Ұлт» кiтабы үшiн оған докторлық дәреже беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл сөз жерде қалмас деп ойлаймыз. Әрине, мұсылман атақ үшiн өмiр сүрмейдi. Бiрақ бұл дүнияуи тiрлiктегi еңбек. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с) «о дүниенi де, бұ дүниенi де ұмыт қылмаңдар» деген хадисi бар.
Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн М. Бұлұтайдың «Дiн және Ұлт» кiтабынан мына үзiндiнi келтi­рейiк: «Рәсұлұллаһ адамзат тарихындағы ең үлкен өзгерiс­тердi жасағанымен, өте қарапайым және кiшiпейiл адам бола бiлдi. Ол Аллаһ Тағаланың ризалығын ешқандай атақпен айырбастамады. Алдына келiп алуан түрлi ұсыныстар жасаған мүшiрiктердi (пұтқақұлдарды) бос қайтарды. Оның «бiр қолыма айды, бiр қолыма күндi берсеңдер де Аллаһ жолынан тайман!» деген сөзi қандай ғаламат. Меккеден Мәдинеге көшу кезiндегi үңгiрде көрсеткен сабырлығы, Бәдiр соғысындағы қаһармандығы, Ұхұдтағы мейiрiмдiлiгi, сауатсыз қоғамда бола тұрып, сол дәуiрдiң алып мемлекеттерiне елшiлер жiберуi, исламға шақырудағы көрегендiлiгi және даналығы жеке зерттеуге тұратын оқиғалар…»
М. Бұлұтай өзiнiң бұл кiтабында террорды айыптайтын фактiнi (дерек) де әдемi қолдана бiлген. Ол мұсылмандарға «террор» деген сөздiң жала болып айтылып жүргенiн айыптайды. Мысалдар келтiредi. Тiптен осыдан бiрнеше жыл бұрын Израилдiң бас министрi Ицхак Рабиндi әсiре оңшыл йаһұди (еврей) дiни ұйымның мүшесi бiр жас жiгiт атып өлтiредi. Бiрақ, сол «террорды» айыптағыш дүниежүзiлiк баспасөзде «Еврей терроризмi» деген тiркес қолданылмады. Неге? Бұл да саяси сайқал саясаттың ойыны емес пе?!
Бiр сөзбен айтқанда, әйгiлi дiнтанушы Мұртаза Бұлұтайдың «Дiн және Ұлт» кiтабы оқырманның ойлау жүйесiне әсер ететiн, дiн мен қоғамға деген көзқарасына жаңаша ой салатын мазмұнмен жазылған.
Бүгiнде өзiн ғұлама ғалым етiп танытқан М. Бұлұтай жiгiт шағында. Алты тiлдi (араб, түрiк, ағылшын, орыс, қазақ, немiс) жетiк меңгерген дiнтанушы әлi де берер ғылыми еңбегi алда деп ойлаймыз. Осыдан бiрнеше жыл бұрын 21 жасында елге (Түркиядан) оралған ойшыл-ғұламаның тындырар iсi де көп. Ол күнде қарбалас сәтте. Әлбет сабырлы, сырбаз күйде. Бiздер, М. Бұлұтайдың алар асуы көп болатынына сенемiз. Аллаһ Тағала ниетi түзу адамға нұр төгедi. Олай болса М. Бұлұтайдың елге, ұлтқа сiңiрер еңбегi зор.

P.S. М. Бұлұтайдың “Дiн және Ұлт” атты жаңа кiтабы үлкен кездесулерге толы болды. Онда елдiң және шет елдiң талай марқасқалары келдi. Бiздер М. Бұлұтайдың 85 жастағы әкесi Жүнiс қажы Рақиұлы мен анасы Әнiш қажы Шүкiрқызымен қауышқанға қуандық.
Олар алыстағы Түркиядан ұлы Мұртазаның кiтабының тұсаукесерiне ат басын бұрған. Тың. Көңілдi. Үлкен ақсақалдың Құран Кәрiм оқу мәнерi де ел-жұртты ұйып тыңдатты. Мен Мұртаза Бұлұтай туралы сөздiң - жолашары ендi басталды деп ой түйдiм.

Асан САРҚҰЛОВ
Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
Алматы.

[1] Асан САРҚҰЛОВ, Жүрекке иман үйірген Мұртаза БҰЛҰТАЙ туралы бір үзік сыр, «Ел мәдениеті» газеті, №15(15), 30.11.2006 ж. және «Президент және халық» газеті, №49(064), 08.12.2006 ж.