пятница, 21 марта 2008 г.

ДІН МЕН ҰЛТ БӨЛІНБЕУІ ТИІС[1]


Кеше белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының ресми тұсаукесері болды.

Бұл рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішұлы және Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, Каир және Дамаск қалаларындағы Араб тілі академиясының академигі Махмұд Ф.Хижази қатысып, Мұртаза Бұлұтайдың жаңа туындысына үлкен баға берді. Мұртаза Бұлұтай жаңа туындысы дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих, философия, филология, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар, мәдениеттану салаларын қамтитын кең ауқымды ғылыми публицистикалық материалдардан тұрады. Осылайша автор ұлттық бірлік пен егемендікті сақтауға, дінді бұрмалауға тойтарыс беруге, зайырлы да өркениетті қоғам орнатуға өз үлесін қосуға тырысқан. «Дін және ұлт» кітабында негізінен, қазақ баспасөзінде жарияланған құнды дүниелері жинақталған.
Кітапқа пікір жазған Тұрсынбек Кәкішұлы:
- Қазақстанда ислам дінін насихаттау жетіспейді. Кейбір азаматтарымыздың әр түрлі секталардың жетегінде кетіп жатқаны сондықтан шығар. Біз «бәрінің көңілін табамыз» деп, сырттан келген секталарға есікті ашып бердік. Олардың ішінде қатарын молайту мақсатымен ақша таратып жатқандар да бар екен. Діндарлардың түпкі пиғылы қандай екенін кім тексеріп, кім анықтап жүр? Бұл кітап осы тұрғыдан алғанда сырттан келген бүлікшіл ағымдармен күресте таптырмас құрал дер едім, - деді.
Расында да, зиялы қауым көп жиналған рәсімде Мұртаза ағаның еңбегіне ерекше баға берілді. Өйткені, дәл осы азаматтай қазақтың діні мен ділін сақтауына, өз болмысын жоғалтпауына, ұлтты ұйытуға жанашыр болып, тер төгіп жүргендер некен-саяқ.

Баян СҮГІРБЕКОВА
[1] Баян СҮГІРБЕКОВА, Дін мен ұлт бөлінбеуі тиіс, «Айқын» газети, №220(672), 24.11.2006 ж.