пятница, 7 марта 2008 г.

Бiлiм беру саласының басты мiндетi – 2010 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту.
Қазақстан Республикасының Президентi
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

Баланың бақытынан маңыздырақ не бар? –
дейдi белгiлi дiнтанушы ғалым, қоғам қайраткерi
Мұртаза Бұлұтай ағаларың

М.Б. – Бала бақытының жанында мұнай, көгiлдiр отын, қаржы мәселесi, зәулiм сарай үй, қымбат жиһаз, автокөлiк, ... деген не? Ауаға ұшқан күл секiлдi жоқ болып кететiн дүниелер. Ал бала бақыты нақты. Ол – бақытты болашақтың негiзi. Сосын да Елбасымыз жан-жақты бiлiмдi ұрпақ тәрбиесiне мезгiл-мезгiл оралып, қазақстандықтардың назарын аудартады. Биылғы халыққа Жолдауында да ықтиятты тоқталды.
– «Ұлан» – республика көлемiнде шығатын, жасөспiрiм жеткiншектерге рухани нәр беретiн газет десек те, оны ата-аналары да, ұстаздары да, былайғы жұртшылық – үлкендер де қызыға оқиды. Ұрпақ тәрбиесi – бәрiмiзге ортақ жауапкершiлiктi iс. Осы мәселеде назардан тыс қалып бара жатыр-ау дейтiндей Сiз байқаған келеңсiз жәйттер бар ма?
М.Б. – Бала табиғаты пәк, шыныдай мөлдiр. Сенгiш, сезiмтал. Әр нәрсеге қызығушылығы басым. Тек сол қызығушылығына бiз, үлкендер, дұрыс бағыт бере алсақ болғаны. Олай дейтiн себебiм – осы күнi бұрынғыдай жоғарыдан қойылатын талап, тәртiп жоқ. Үлкендер баласын оқытамын десе, оқытады. Оқытпаймын десе де өзi бiледi. Қазiргi таңда мектепке бармайтын балалар саны көп. Бұғанасы қатпастан ертеден қара кешке шейiн ата-анасы, аға-әпкесiне қолғабыс жасап, табыс тауып жүр. Шыны керек, тапқандары сол күнгi iшiп-жемiне ғана жетедi. Кешке сiлесi құрып кеп, төсекке құлайды. Ертемен көзiн тырмалап ашып, «қара базар қайдасың?» деп тағы кетедi.
Базар қайда жоқ? Базар Шымкентте де, Маңғыстауда да, Астанада да, Алматыда да, ... бар. Байқайсыз ба, осы күнi базар жағалап жүрген қауым қалыптасып келе жатыр. Олардың iлiм-бiлiммен айналысуға уақыты жоқ. Кiтап оқымайды. Жалпы мәдениет деңгейі төменірек. Жалпы дүниетаным, өмiрге, болашаққа деген көзқарас, азаматтық ұғымы секiлдi құндылықтардан хабарсыз. Уақытылы тынығып, ыстық тамақ iшпеудiң денсаулықтарына да әсерi мол.
Күнкөрiстiң қамымен үлкендерге iлесiп, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi ауылдардан қалаға ағылады. Қара базарлардың төңiрегiндегi жалғыз бөлмелi жертөле, жаздық асханаларды жалдап, топырласады. Дәретхана алыста, ыстық-суық су жоқ. Гигиена қайдан сақталсын, тазалық қайдан болсын.
Жаппай сауатсыздық жайлап өскен ұрпақтың ертеңi қандай? Сынаптай айнып тұрған бiр мүшел жастағы бала қолына теңге тиедi. Тiрi ақша. Қалаға бұрынырақ келген «тәжiрибелiлеуi» ол баланы алғаш ойын автоматтарына ертiп барады. Ар жағында құмар ойындары, темекi, iшiмдiк, ... бейiмдейдi. Күнделiктi табысы оған жете ме? Жетпейдi. Ендi не iстейдi? Ұрлық-қарлық, қысқасы, қылсмысқа жол ашылады. Ұсталады, соңы түрмеге тiреледi. Айналып келгенде үлкен қалаға барып, ақша таппақшы жастың арманы жүзеге аспай, керiсiнше, ауылда қалған ата-анасына салмақ салады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай қауым жоқ едi. Бұл уақыт күттiрмейтiн, бүкiл қоғам болып кiрiсiп шешетiн әлеуметтiк дерт.
– Қаулап өсiп, ел iшiн кеулеп келе жатқан осы iндеттiң себебi неде деп ойлайсыз?
М.Б. – Жаппай кiнә тағудан аулақпын, дегенмен, тайлы-тұяғы қалмай қалаға қарай лап қою – ауыл тiршiлiгi қиындықтарынан қашу деген сөз. Сабырлылық жасап, қиыншылықтарды жеңудiң орнына табыс табудың жеңiл көзiн iздеу ауылдың хал-ахуалын да күрт төмендетiп жiбердi.
70-жылдары Түркия да осындай ақшаның құнсыздануын, жұмыссыздық пен жаппай қымбатшылықты, базар жағалауды бастан кешкен. Бiрақ мемлекет, қоғамдық ұйымдар, жаппай халықтың белсендiлiгi арқасында қалпына келтiрiлген.
Шынын айту керек, бiз, қазақтар, бала тәрбиесiне салақтау қараймыз. Жастайынан бос ұстаймыз. Әрине, бұл баланы ұрып-соғу, қинау деген ұғымды бермейдi. Кiшкентайынан баланың қалауын орындаймыз. Демалыс лагерiнiң жақсысын, қымбатырағын таңдаймыз. Спортзал, дискотека дей ме, АҚШ, Үлкен Британиядағы ақылы оқу ма – қарыздансақ та, төлеуге әзiрмiз. Онан қалды ең қымбат киiм-кешек, ең қымбат көлiк, т.б. әперемiз. Ата-аналық борышымызды сонымен өтедiк деп есептеймiз. Тегiн дүние – оңай дүние. Қалай келсе, солай кетедi.
– Лайықты бала тәрбиесi үрдiсiн бiзге мүмкiн жапон, немiстерден үйрену керек шығар.
М.Б. – Олармен қоса қытай, түрiк ағайындардың тәлiм-тәрбие үрдiсiнен де үлгi алсақ терiс емес. Аталған ұлт дiндерi әртүрлi ғой. Ең басты талап – олар баланы жастайынан еңбекке баулиды. Қабiлет-қарымы, жасы, мүмкiндiгiне қарай қадағалайды. Және не нәрсенiң де қадiрiн бiлгiзiп, өсiредi. Тегiн ештеңе жоқ. Жауапкершiлiкке үйретедi. Бiзде керiсiнше ғой. Бәрi бiрдей емес, әрине. Мектепке, мұғалiмдерiне қайта-қайта барып жүрiп, бiлiм алудың ең оңай жолын тауып беремiз. Бiр қызметке iлiксе, жоғарылатудың амалын iздеймiз. Мәселен, Түркияда ең бай миллиардерлердiң бiрi туған баласын қарамағындағы бір фирмаға қара жұмысшы етiп алды. Талабына, ынта-ықыласына қарай ол сатылап өстi. Кейiн әкесiнiң орнын басты. Бүгiнде осы холдингтiң президентi сол миллиардердiң немересi. Төртiншi ұрпақ – шөбересi компанияның қатардағы қара жұмысшысы.
Түрiк ағайындар болашақтағы жауапкершiлiктi бүгiннен дайындайды.
– Қазақ ежелден үлкенiн құрметтейтiн халық.
М.Б. – Онда көшеде қайыр тiлеген қаракөздер неге көбейiп кеттi? Кәрi мұқтаж болғаннан қайыр сұрайды. Ал осы көрiнiс қазақ үшiн өлiм, бетке түскен таңба. Намыс қайда? Қарт кiсiлердiң қоғамға керегi жоқ болғаны ма? Қайта көптеген жауапты орындар сол қариялардың ақыл-кеңесін алғаны жөн емес пе? Кәрiлерiн сыйламайтындар болашағын ойламайтындар. Ертең өзiмiз де қартаямыз. Бұл келеңсiздiк ата-баба дәстүрi, ұлттық тәрбиемiзге мүлдем жат. Қарияларымыз ешнәрсеге мұқтаж болмайтын заманды орнататын жоғарғы билiк, қоғамдық орта, өзiмiз.
– Бiз Сiздi дiнтанушы ғалым ретiнде бiлемiз. Қазақ сахарасына он екі ғасыр бұрын Исламның келуiнен бастап, бүгiнгi егемендiк алған елiмiздегi Ислам дiнiнiң өркендеуi жайлы кеңiнен қалам тербеп жүрсiз. Исламды халқымыздың дұрыс түсiнiп, хақ дiнiне шынайы бұрылуына, Исламның асыл құндылықтарын дұрыс пайымдап, тiршiлiкте дұрыс пайдалануына қатысты терең ойлы, сауатты кеңестерiңiз көп.
М.Б. – Әңгiме болсын, бiр оқиға есiме түсiп тұрғаны. Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкентке аттанбақ болып, 4-5 адам вокзал басына келдiк. Жүк тасушы жас жiгiт арбасын көлденеңдей тартты. Қасында зыр жүгiрiп, 13-14 жасар бала көмектесiп жүр. Шаруаға пысық. Тиянақты. Көрiнiп тұр. Поезды күтiп, перронда бiраз тұрып қалдық. Әлгi баланы әңгiмеге тарттым. Есiмiн сұрадым. Қай жақтан екенiн бiлдiм. «Ағама көмекшi болып жүрмiн» дедi. Жұмыс аяғында теңгелi болатынын да жасырмады. Әлден кейiн дiнiн сұрадым. Бiлмедi. –Пайғамбарың кiм? – деп сұрадым. Ұқпады. Сосын:
– Сенiң дiнiң – Ислам. Пайғамбарың – Мұхаммед ғалайһиссалам, - дедiм. Ол демде қағып алды. Күбiрлей қайталап, маған жымия қарады. Көздерi күлiмдеп тұрды. Мiне, пәк көңiл, ұғымтал бала деген осы. Тек үйрету жетiспейдi. Үйрету үшiн алдымен үлкендердiң өздерi үйренуi керек шығар. Тағы бiр көп болып жұмылып, тоқтау жасайтын шара – көшеде, аялдамада, көпшiлiк орындарда ауызекi әңгiмеде лас, боғауыз сөздердi былапыттап қосып айтатындарға тыйым салу.
– Қасиеттi Құран-Кәрiмде: «Бiр қауым (қоғам) өздерiнiң iшiндегiлердi өзгертпейiнше, Аллаһ Тағала оларға берген нығметiн өзгертпес» деген аят бар. Егемен елiмiздi бүгiнде әлем таниды. Санасады, сыйлайды. Экономикамыз да ұдайы даму үстiнде. Әйтсе де Өзiңiз айтпақшы «...күллi жаһанды үйдегi теледидар мен компьютерге сыйғызған адам баласы жұдырықтай жүрегiне барлық адамзатты сүю, жақсы көру сезiмiн сыйғыза алмады. Демек, бүгiнгi адамзат баласы бiрiншi кезекте материалдық байлыққа емес, рухани байлыққа, iзгi адамдарға зәру». Сұхбатымыздың соңында iзбасар ұрпақ – республика ұландарына қандай тiлек айтасыз?
М.Б. – Дiнiн де бiлсiн, дiн – рухани тiрек, сенiмiн нығайтады. Иманды етедi. Бiрақ ол тар шеңберде шектелiп қалу деген ұғымды бермейдi. Ана тiлiн жете меңгерген, көзi ашық, көкiрегi ояу, еркiн ойлай алатын болуы шарт. Ол үшiн ең бiрiншi – алдағы өмiрiне қойған айқын мақсаты болуы тиiс. Екiншiден, оған жетудiң нақты алғы шарттары – еңбекқорлық, iзденiмпаздық, адалдық, қандай жағдайда да әдiл бола бiлу қасиетiн бойына дарыта бiлуi керек. Иманды бола тұрып, адамгершiлiгi кемдiктiң несi жақсы? Адамгершiлiкке өзiн тәрбиелей бiлгенi абзал.

Сұқбатты жүргiзген Елбасының
арнайы Алғысын алған Алма ҮМБЕТТЕГI,
Қазақстан Журналистер одағының
Әнуар Әлiмжанов атындағы сыйлықтың иегерi.

Мұртаза Бұлұтайдың әкесі тағдырдың тауқыметiмен 1937 жылдары атамекенiнен Алтай-Гималай асып, 1953 жылы Түркияға барып, пана табады. Әкесi Жүнiс Рақиұлы «Алтай» аталатын қазақ ауылында мешiт салушылардың бiрi, әрi имамы, азаншысы болған. Мұртаза осы ауылда қарапайым шаруаның отбасында 1969 жылы дүниеге келедi. Кiшкентайынан көнекөз қариялардың қазақи бояумен әрленген қызықты әңгiме-аңыздарын құлағына құйып, туған халқының рухани асыл қазынасын бойына сiңiрiп өседi. Ол қазақша шешен сөйлейдi. Өйткенi үй-iшiмен ана тiлiнде сөйлесетiн. Ауылда тiршiлiк ету қиындаған соң үйелмелi-сүйелмелi жетi балалы отбасы 1973 жылы Анкара қаласына қоныс тебедi. Мұртаза 5-6 үй ғана қазағы бар Анкарадай үлкен қалада алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Жоғары сыныптарда оқып жүрiп, сол кезде Кеңестер одағының құрамында болған атамекенi – Қазақстанның зиялы қауымына хат жолдап, байланыс орнатты. Бозбалалық шағында ағайындарынан қазақ халқының тұрмыстық және қолөнер бұйымдарын жинастырып, Анкара, Стамбул, Измир, Конйа, Маниса сияқты iрi қалаларында көрмелер ұйымдастырды. Өзi дүниеге келген «Алтай» ауылындағы мектеп оқушыларынан қазақ ұлттық ән-би ансамблiн құрды. Жоғарыда аталған қалаларда концерттер қойды. Өзi қазақтың қара өлеңдерi мен халық күйлерiн шебер орындайды. Студент кезiнде Стамбулдағы Босфор университетiнiң профессорлары, түрколог ғалымдарына қазақша үйреттi. Мұртаза ағаларың қазақ батырларының жырлары мен шешендiк сөздерiн, мақал-мәтелдердi жатқа оқиды. Кейiн түрлi деңгейлi конференция, жиналыстарда қазақ халқының қилы тарихын, бай мәдени мұрасын таныстырумен айналысты. Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай сынды Алаш қайраткерлерiнiң мұраларын насихаттады. Қадыр Мырзалиев, Олжас Сүлейменов қатарлы қазақ қаламгерлерiнiң таңдауды өлеңдерiн түрiкшеге аударды. Осының бәрi Түркиядағы қазақ жастарының үлттық, отаншылдық сезiмiн оятты.
1991 жылы Мұртаза Бұлұтай Қазақстанға қоныс аударды. Содан бергi уақытта 5 кiтап, 200-ге жуық ғылыми-публицистикалық мақалалар жариялады. Ата дiнiмiз – Исламның Қазақстанда ғылыми негiзде насихатталуына көп еңбек сiңiрiп келедi. Ағаларыңның 1992 жылы жарық көрген «Құран-Кәрiм әлiппесi» және 4 үнтаспадан тұратын «Дiнiмiздi үйренейiк» жинағы республиканың түкпiр-түкпiрiндегi азаматтарымыздың мұсылмандық негiздерiн ұғынуына көмектестi. 2006 жылы жарық көрген «Дiн және ұлт» атты қомақты кiтабы «Жылдың үздiк кiтабы» атағына лайық деп танылды.
Мұртаза ағаларың қайырымдылық iс-шараларын жүргiзуде көпке үлгi. Балалар үйлерi мен кiтапханаларына, балалар ауруханаларына, мешiт құрылыстарын көтеруге қаржылай көмек беру шараларын ұйымдастырып жүр. Шетелдерде оқып жатқан көптеген қазақ жастары ағаларыңның арқасында бүгiнде шәкiртақы алады. Ол кiсi бiрнеше тiлдi атап айтқанда, араб, парсы, түрiк, ағылшын, немiс және орыс тiлдерiн еркiн меңгерген.