пятница, 7 марта 2008 г.

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ТӘРБИЕСІНЕ ТӘУЕЛДІ
немесе
нағыз мұсылмандық қандай болады?[1]

Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай мен журналист Гүлмәрия Барманбекованың сұхбаты.

«Бір қауым (қоғам) өздерінің ішіндегілерді
өзгертпейінше, Аллаһ оларға берген нығметін
өзгертпес». (Құран Кәрім, 8/53)


Г.Б.: Биылғы Құрбан айт Григорян күнтізбесі бойынша жаңа жылмен тұспа-тұс келіп тұр. Қалай ойлайсыз, Қазақстан мұсылмандары қай мерекеге көбірек басымдылық берер екен?
М.Б.: Мұсылман дәстүріндегі мерекелер «Ораза айт» пен «Құрбан айт» ай күнтізбесі бойынша жыл сайын 11 күн алға жылжып тұрады. Биылғы Құрбан айттың жаңа жыл мерекесімен қатарлас келуіне діни мән беру, одан діни астар іздеу дұрыс емес. Жердің Күн төңірегіндегі айналымына негізделген Григорян күнтізбесі бойынша бір жылдың аяқталып, басқа бір жылдың кіруін мереке етіп жарияламауға да болар еді. Бірақ, Батыс әлемі мен оның «мүгедек туған өгей баласы» – Кеңес Одағы осы күнтізбе бойынша жаңа жылдың басталуын мереке етіп алғандықтан, аталмыш мәдениеттің ықпалындағы біздің елімізде де «жаңа жыл» ең «ұлық» мереке ретінде тойланады. Әйткенмен, «жаңа жыл» және оның қашан басталатыны салыстырмалы ұғымдар, діннен дінге, мәдениеттен мәдениетке және қолданыстағы күнтізбеге (күн, ай т.б.) байланысты өзгеріп тұратын даталар. Ал, Қазақстандағы мұсылмандар қай мерекені көбірек атап өтеді деген мәселеге келер болсақ, менің өз пікірім – жалпы жұрт Құрбан айттан, тіпті Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылды жоғары бағалайтын және жоғары дәрежеде атайтын шығар. Оны бәріміз бірге көретін боламыз. Бұл мерекенің адамдарды баулығаны соншалық, жаңа жылдан бір, бір жарым ай бұрын дайындық басталады. Ал, ұлттық және діни мерекелерімізге сондай көңіл бөлу әлі жоқ...
Г.Б.: Биылғы жаңа жыл Құрбан айтпен тұспа-тұс келгендіктен, қасиетті айт күні аққайнар атып жатқанымыз қаншалықты орынды болар екен?
М.Б.: Батыс әлемінің мерекелері негізінен паган характерге ие. Ондағы карнавалдар, көше мерекелері, Аяз Ата, жұмыртқа мерекесі, тіпті Рождествоның өзі паганизмнен туындаған, пұтқа табынушылықтың сарқыншақтары. Паганизмдегі мерекелер негізнен жеп-ішу, тою, шуылдау, билеу және масайрау түрінде тойланған. Ертеректе осындай рәсімдерде адамды құрбандыққа шалатын болған. Бүгінде күрке тауық кесу, шыршаны әкеп үйге тігу, көшеде жалаңаш шеру тарту, маскарад жасау сол дәуірдің қалдықтары. Бізде де Батыстың мәдениеті өктем болғандықтан, паган характерлі христианша ойлау үстем болғандықтан, біздің еліміздегі мерекелерді тойлау және атап өту дәстүрі де христиандықтың әсерімен қалыптасқан. Ал, мұсылман мерекесінің олардан айырмашылығы жер мен көктей. Аналарда би, ішімдік, көрсетушілік көп болады. Мұсылманда ондайлар жоқ, тек қарапайымдықпен ғана көңіл көтерушілік бар. Олар неше түрлі карнавал жасап, неше түрлі қымбат заттар жасап, бір күн ғана немесе бір сағат қана пайдаланады. От-шашуларға қаншама миллион ақша кетіп жатыр. Аспанға ұшып жатыр сол ақшалар. Мұның бәрі де ысырапшылық. Осы ресурсты уақытша көңіл көтеруге емес, ұзақ уақыт адамдарға пайда беретін хайырлы іс-амалдарға жұмсаған абзал.
Құрбан айт туралы айтатын болсақ, құрбан «бөлісу, үлестіру, тарату» арқылы Жаратқанға жақын болу дегенді білдіреді. Яғни, Құрбан айтта сіз мүмкіндігіңізше байлығыңыздан, қолыңыздағы дүниеңізден бөлісу арқылы, үлестіру арқылы, мұқтаж адамдарға тарату арқылы, олардың ризашылығын алу арқылы, Аллаһ Тағалаға жақындайсыз. Жаратушының разылығына ие боласыз. Аллаһқа құрбандықтың еті мен қаны жетпейді және Ол оған мұқтаж емес делінген Құран аятында. Тек тақуалық ғана Аллаһқа мәлім болады делінген. «Тақуа» – жаман нәрселерден сақтанып, ізгі амалдарға ынтық болу, Аллаһтың бұйрықтарын орындап, тыйымдарын сақтау деген сөз. Жаман нәрселерден неғұрлым аулақ болып, ізгілікке жақын болсаңыз, онда Аллаһқа да жақын боласыз. Діни мәдениетімізге тән мерекелерді атап өтуді жоғары дәрежеге көтеруіміз керек. Ал, Құрбан айт кезінде аққайнар ату жарасымды қылық емес. Оны әр кімнің өз санасына қалдырайық. Өйткені, адам баласы не істесе де қызығын да шыжығын да өзі көреді... Ислами мереке азғындыққа ұрыну мен ысырапшылық жағында емес, жаратылғандарды разы ету арқылы Жаратқанның ризашылығына ие болу мағынасында болады.
Г.Б.: Құрбан айттың тарихына тоқталып өтіңізші: ол қайдан шыққан, неге құрбандыққа мал сояды? Зекет беру мен құрбан шалудың айырмасы қандай?
М.Б.: Ең әуелі, ислами ұғымдарды дұрыс түсіну керек. Орыс тіліндегі «жертва» деген сөз бір нәрсені жою, шығындау деген мағынаны береді. Ал, біздегі «құрбан» деген сөз араб тіліндегі «кариба» деген сөзден шыққан, «жақындау» деген мағынаны береді. Яғни құрбандық ету арқылы біз еш нәрсені жоймаймыз, құрытпаймыз. Қайта – жақындаймыз, жақындасамыз. Қазақтың «құрбы» сөзі де осы түбірден, жақын адамды білдіреді. Батыс елдеріндегі жою (ысырап) арқылы жасалатын мереке рәсімдері мен біздің мерекелердегі діни жоралғылар бөлек, көбіне үйлеспейді. Ислам мәдениетіндегі дәстүрлі құрбан шалу жоралғысы сонау тәухид нанымының ең бір көрнекті уәкілі болған Хазіреті Ибраһим пайғамбардың кезінен бастау алады. Риуаяттар бойынша Ибраһим пайғамбар Аллаһ алдындағы уәдесін орындамақ болып, баласы Исмаилды құрбандыққа шалмақ болғанда, бала пайғамбар да, әке пайғамбар да бұл сыннан өтіп, Аллаһ Тағала оларға халал төрт түлік малдан құрбандық шалуға рұқсат еткен делінеді.
Г.Б.: Мал сою, құрбан шалу дәстүр ме, мұсылмандық шарт па?
М.Б.: Шарт деп айту мұны міндетті бір құлшылыққа апарып қояр еді. Ислам дінінде олай міндеттемейді. Мүмкіндігі бар, әл-ауқаты жеткілікті адамдар ондай құлшылық жасайтын болса, ол сауапты амал. Адамды Аллаһқа жақындататын құлшылықты тек құрбан шалумен шектеуге болмайды. Құрбан шалу оның бір формасы. Ізгілік атаулының бәрі Аллаһқа жақындататынын ескерелік. Оның ең бастысы – ғылыммен шұғылдану және адамзатқа пайдалы іс, амал, ой өндіру дер едім. Өйткені, оның жемісін күллі адамзат көреді.
Зекет болса Құранда парыз етілген құлшылық. Құранның аятымен, үкімімен бекітілген, орындалуға тиісті, маңызды құлшылық. Орыс тіліндегі «налог» деген сөз «ойып алу, қиып алу» деген мағынаны берсе, «зекет» деген сөз араб тілінде «тазалану» деген мағынада. Аллаһ Тағала мал-мүліктеріңнің белгілі бір мөлшерін мұқтаж адамдарға, жолаушылап келе жатқандарға, жақын көршілерге, жақын туыстарға, адамдарды азат етуге және жүрегі исламға жылындырылатын адамдарға беріңіздер дейді Құранның аятында.
Құрбан шалу парыз емес, ол хал-қадары келетін адамдарға абзал, сауабы мол ғибадат. Құрбандық өзіңнің үзеңгілес адамдарыңды шақырып алып, соларды тойдырып жіберу деген сөз емес. Олар онсыз да мұқтаж емес. Шын мұқтажды іздеп, кедейлерді тауып, тексеріп көріп, берген абзал. Зекет және құрбан секілді ғибадаттар Ислам дінінде ғана бар. Ешбір дін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жағынан Исламға жете алар емес.
Г.Б.: Кейбір діндер мен ағымдар мұсылмандардың құрбан шалуын, қан ағызуын қатыгездік деп түсіндіреді де оны айыптайды. Бұл жөніндегі пікіріңіз.
М.Б.: Бұл бұрыннан белгілі жағдай. Адам баласы Аллаһ Тағаланың берген ризықтарын пайдалануы керек. Аллаһ Тағала Құранда «жердегі ризықтардың бәрін сендер үшін жараттым» дейді. Оларды шектен шықпай, әділетсіздік жасамай пайдаланыңдар дейді. Сондықтан, қоректену үшін малдың етін жейміз, балық һәм өсімдіктерден тазаларын жейміз. Аяттармен тиым салынғанғар шошқа, қан, өлексе, жемтік және Аллаһтың аты аталмай сойылған кез-келген малдың етін жеуге болмайды. Еуропада құрбан шалуға тиым салынған. Бауыздауды олар қатыгездік деп санайды. Сөйте тұрып, Испанияда бұқаны ондаған жерінен шаншып өлтіруді үлкен спорт деп, оны он мыңдаған адамдар жиналып алып тамашалайды.
Г.Б.: Құрбан айт кезінде кейбір мал базарларында сойылған малдың қаны судай шашылғанын көргенде бір түрлі ойда боласыз...
М.Б.: Ол дініміздің бұйрығы емес, керісінше дінге қарсы әрекет. Сондай жағдай туғызған адамдарды сынауымыз керек. Мысалы, қазір біреу қалтаңыздан ақшаңызды ұрлап алып, артынша ұялмастан «Аллаһ Акбар!» десе, бұған Ислам кінәлі ме? Жоқ, күнәні жасаған адам кінәлі ғой! Қателік осы жерде. Кейбіреулер теледидардан көреді де: «мұсылмандар сөйтіп жатыр, бүйтіп жатыр!» дейді. Ол Исламның емес, күнәкар пенденің ісі. Адамның кемшілігі. Дініміз оған қарсы. Әркім жасаған ісіне жауап береді. Ислам дінінде қатыгездікке шақыратын, аяусыздыққа, қантөгіске, зорлыққа бастайтын бір де бір бұйрық жоқ.
Г.Б.: Исламдағы еркек пен оның екінші жартысы әйелдің рөлі, қоғамдағы алатын орны туралы айта кетсеңіз артық болмас деп ойлаймын.
М.Б.: Ислам дінін жете білмегендіктен, арабтардың кейбір салттарын, кейбір елдердің мәдениетінде қалыптасқан жайларды Исламның талаптары деп түсінушілік бар. Бұны «исраилият», яғни «семитизм» десек болғаны. Бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыз дүниеге келген араб коғамы, оның алдындағы йаһұди (еврей) коғамы, әсілі Таяу Шығыстағы мәдениеттер – еркектің үстемдігіне негізделген. Бұл қоғамдарда патриархаттыққа қоса әйелдерді қорлау орын алған. Мәселен, ортодоксты сенімдегі еркек йаһұди (еврей) әйел болып жаратылмағаны үшін күніне үш мәрте өз құдайына рахмет айтуы керек. Бұл олардың діни заңында бар. Еуропада орта ғасырларда христиан мен йаһұдилердің әйелдерді қорлағаны соншалық, ешқандай жазығы жоқ жүз мыңдаған әйелдерді қаланың ортасына шығарып, тірідей өртеп өлтірген. Мұның да діни негізі бар. Христиандар мен йаһұдилер Адам Атаны жұмақтан қуғызған әйел деп сенеді. Тиым салынған жемісті жегізген әйел, Адам Атамыз жұмақта керемет өмір сүріп жатқан жерінен шайтанмен бірлесіп, тұңғыш күнәні жасатқан әйел деп, олардың мәдениетінде әйелдерді төменшіктету, тіпті қорлау орын алған. Ал, Құранда Адам мен оның жұбайы бірге қателесті, бірге кешірім сұрады, Аллаһ Тағала екеуін бірге кешірді дейді. Құран оларды бөлмейді.
Таяу Шығыс халықтарының ежелгі мәдениетінде де әйелді қорлау, кемсіту бар. Ертеректе әйелді адам деп санамаған. Әйел деген бір тауар сияқты. Анда да лақтырады, мұнда да лақтырады. Анаған да береді, мынаған да береді. Кез-келген адам әйелдің құқықтарын таптауға құқықты. Ал, Ислам діні сондай ортада, VII-ғасырда әйелге дауыс беру, жеке меншікке ие болу құқығын, өз табысын өзі пайдалану құқығын берді, әйелге ерекше жоғары мәртебе мен абырой берді. Оған дейін әйелдің табысы еркектікі, оған әкеден қалған мирас үйленген кезде күйеуінікі болған. Айтайын дегенім, Ислам дінінің өзгермейтін қағидаларын үнемі өзгеріске ұшырап тұратын мәдениетпен, әсіресе Таяу Шығыс халықтарының мәдениетімен шатыстырмау керек. Ол үшін Құран Кәрімді оқып, танысу абзал. Сонда мұндай сұрақтар туындамайды, сұрақтарға тегеурінді, дәлелді жауап қайтаруға сауатыңыз жететін болады.
Кеңес Одағы 75 жыл ішінде әйел мен еркектің арасындағы тепе-тендікті мүлде өзгертіп жіберді. Әйелдің құқықтарын көтереміз деп, көбінесе әйелге бейберекет ырық пен өзімшілдік мінез берді. Қазақстанға келгенде мен трактор айдаған, құрылыста ауыр жұмыста жүрген, шахтер әйелдерді көріп таң қалғаным бар. Осы күнге дейін бізде көшені әйелдер сыпырады. Мұсылман елдерінде, тіпті Батыста тек еркектер сыпырады. Кеңес еліне келіп, көше сыпырған әйелдерді көргенде, біреу төбемнен қайнап тұрған су құйып жібергендей болғам. Кеңес Одағы әйелдер мен еркектерді теңестіреміз деп, әйелдің әйелдік қасиеттерін айтарлықтай жойып жіберіпті, табиғи балансты бұзып жіберіпті. Қазір әйелилік пен әйелдік нәзіктік, әйелге тән инабаттылық сирек кездеседі. Себебі, атеизм мен материализм, колониализм мен мәңгүртизм тәрбиесі әйелдерді сана және психология жағынан еркекке айналдыруға тырысқан. Оның есесіне еркектерде әйелдік қылық көбейген. Қазіргі қоғамның астан-кестеңі шығып жатқаны сондықтан. Әйел мен еркекті үстемдікке таластырудың кажеті жоқ. Ислам дінінде әйелдің өз орны, еркектің өз орны бар. Еркек жасай алатын нәрсені әйел жасай алмайды. Әйел жасай алатын нәрсені еркек жасай алмайды. Бұл екеуі біздің дінімізде бірін-бірі толықтырып тұрады. Екеуі де маңызды. Қоғамдағы әйелдің орны қандай болу керек дегенді біздегі кейбір феминистер депутаттардың ішіндегі әйелдердің санымен өлшейді. Мәселе онда емес.
Г.Б.: Енді неде?
М.Б.: Қазақстандағы ерлі-зайыптылар ажырасуының ресми көрсеткіші 36% шамасында. «Гражданский брак» дейтін тағы бар, оның ішінде де ажырасу көп. Осының бәрін есептесек, Қазақстандағы шынайы ажырасудың денгейі, менімше, 50%-дан кем емес. Сонда әр екі некенің немесе ортақ өмірдің бірі сәтсіз болып жатқан жайы бар. Бұл нағыз дабыл қағарлық жағдай. Мұсылман елдерінде ажырасу 1-2 %-дан аспайды. Бұл ұлттың, қоғамның түп тамырының шіріп бара жатқанының белгісі. Ажырасу деген талқандалу, күйреу деген сөз. Кезінде Кеңес Одағын билеген саяси стратегтер осы одаққа кіретін бұратана халықтардың әрқайсысы үшін арнайы жоспар жасаған сияқты. Ең алдымен мұсылман халықтардың әйелдерін «өзгерту» керек болды. Әйелдің дәстүрлі көнбістігін жою керек, әйелден ар-ұят кетуі керек, әйелді тек эмоция билеуі керек және ол көпшілік жағдайларда еркекпен теке-тіресте болуы керек. Міне, мақсат осындай болған. Кеңестер сол мақсатына жетті.
Ислам дегеніміз «баланс». Яғни тәсілім болу, берілу, бүкіл космосты билеп тұрған Құдіретке берілу. Онда ешқандай тепе-теңсіздік болмайды. Исламда барлық карым-катынас: адам мен адамның, адамның жанұядағы қатынасы, азаматтық қатынастар, адамның табиғатпен қатынастары, барлығы белгілі бір хак өлшем бойынша реттелген. Біз осы реттеуді орнына келтірмей, не Батыстың адасқан жолына түсіп кетеміз, не жоғарыдағы семитизмге салынамыз, не өзіміздің кейбір надандыққа, қараңғылыққа негізделген дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып аламыз. Әйел мен еркек, екеуі де қоғамды құрайды, екеуі жанұяны бірге жасайды, екеуі де құрметтеуге тұрарлық. Біз егер ұлттың болашағын ойлайтын болсақ, ең бірінші кезекте қыз баланың тәрбиесіне терең мән беруіміз шарт. Дәл бүгінгі күні Қазақстандағы ең көкейтесті мәселелердің бірі осы. Ұлт ретінде сақталып қалуымыз әйелдердің тәрбиесіне тығыз байланысты. Әйелдеріміз мұсылмандық тәрбие алған, көзі ашық, патриоттық тәрбиемен тәрбиеленсе ғана ол мықты ұрпақ өсіре алады. Ал, олар дұрыс тәрбиеленбеген болса, онда ол ертең баласы шоқынып жатса да үндемейді. Қызы көше бойын жағалап жүрсе де үндемейді. Қызы американдыққа тұрмысқа шықса, оны мақтан тұтатындар да бар. Сондықтан, бізге соққы қайдан берілсе, біз сол жаққа қарай соққы беруіміз керек. Сонда ғана әйелдер болмашы нәрсе үшін жанұя деген алып мемлекетті құлатпайды. Төңірегіндегілердің дінін, ұлтын, тілін, ділін сатуына көз жұмбайды.
Г. Б: Маңызды сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет!
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ұлт болашағы әйелдердің тәрбиесіне тәуелді немесе нағыз мұсылмандық қандай болады? «Түркістан» газеті, №50-51(648-49), 15.12.2006 ж., 15-бет