пятница, 21 марта 2008 г.

«ДІН ЖӘНЕ ҰЛТ» – МҰРТАЗА БҰЛҰТАЙДЫҢ
ТАҒЫ БІР ТЫРНАҚАЛДЫ ДҮНИЕСІ[1]


Таяуда белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл кітап Қазақстан республикасының 15 жылдығына орай шығарылып отыр. Онда танымал дінтанушының отандық басылымдар мен электронды ақпарат құралдарына берген өзекті мәселелерге қатысты сұхбаттары, мақалалары мен пікірлері жинақталып, оқырман назарына ұсынылған.

Кітаптың тұсаукесері рәсіміне халық көп жиналды. Зиялы қауым өкілдері мен қалалық әкімшілік қызметкерлерін, дін мамандары мен студент жастарды мұнда авторға деген құрмет пен оның діни кітаптарына деген жылы ықылас жетелеп әкелсе керек. Тұсаукесер рәсімі Құран оқудан басталды. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі жиналған қауымға бата беріп, Аллаө Тағаланың елімізге тыныштық пен амандық беруін тіледі.
Бас мүфти де автордың еңбектерін жоғары бағалап отыр. Өз сөзінде ол: «Мен Мұртаза інімізді 90-шы жылдардан бері білем. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын түркілердің ислам дінін неге қабылдағаны туралы жақсы кітап шығарған. Оның қолына қалам алған өзге де дінтанушылардан ерекшелігі – тек араб тілін ғана емес, бірнеше батыс тілдерін де меңгергені» – деп, қадап айтты. Ал, генерал Мұрат Қалматаев: «Бұл кітапты бір емес, бес автор жазды. Олар – дінтанушы Мұртаза, мұғалым-педагог Мұртаза, саясаткер Мұртаза, қоғам қайраткері Мұртаза және ғалым Мұртаза. Осы бес Мұртазаның бірігіп, кітап шығарғанына ризамын» – деді. Айтулы шарада сөз алған Тұрсынбек Кәкішев те автордың еңбегіне жоғары баға беріп, оның діни кітаптарының тұрақты оқырманы болып жүргенін тілге тиек етті.
Мұртаза Бұлұтайдың қуанышына ортақтасу үшін Түркияның Анкара қаласынан оның ата-аналары да арнайы келіпті. Автордың қарт әке-шешелері ерекше тебіреніп отырғандай еді. Бұның да өзіндік себебі болса керек. Бүгінде Мұртаза Бұлұтай – әке баласынан гөрі ел баласына айналған белгілі азамат. Бәлкім, қариялар осыған іштей шүкіршілік білдіріп отырса керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА
[1] Кәмшат ТАСБОЛАТОВА, «Дін және ұлт» Мұртаза Бұлұтайдың тағы бір тырнақалды дүниесі, «Түркістан» газеті, №47(645), 24.11.2006 ж.