пятница, 21 марта 2008 г.

ДІНИ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КІТАП[1]


Жақында «Арыс» баспасынан белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» кітабы жарық көрді. Кітаптағы көтерілген мәселелер өте күрделі әрі әркімнің тісі бата бермейтін құнарлы да құйқалы дүниелер. Оған, кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Бас мүфти, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлінің «Автор жалпы ғылыми-публицистикалық шығармаларында Батыстың дерек көздерін өте жақсы пайдаланған. Оның ішінде, әсіресе, біздің ғалымдарымыздың қолы жете бермейтін, қолы жетсе де тіл тұрғысынан қиындық келтіретін бірқатар құнды дүниелерді еркін пайдаланып, бізге жол ашып беріп отыр» – дегенінің өзі айқын дәлел. Дінтанушы Мұртаза Бұлұтай: «Жаратушы, ұлы тәңір Аллаһ Тағала иманды және мойынсұнуды білдіретін нағыз бір тәңірлі (монотеист) тәухид нанымы негізінде пайғамбарымыз Мұхаммед Абдұллаһұлы (с.а.у) тарапынан 609-632 жылдары аралығында адамзатқа тұсіндірілген әлемдік дін. Ислам – барлық болмыс пен фәни адам өміріндегі ең маңызды ұғымдардың бірі. Ислам ұғымында бұл дін абсолютті құдірет иесі Жаратушы тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы адамға дейінгі барлық адамзатқа және заманаға жіберілген дін. Ислам ақыл иелері мен күллі махлұқаттың (жаратылыстың) ұлық Жаратушының құдіретіне тәсілім болуының, мойынұсынуының және дүниедегі өмірді белгілі тәртіпке келтіретін құдайы жүйенің, яғни пенде мен Аллаһтың арасындағы байланыстың аты» – дегенді айтады (Мұртаза Бұлұтай, Дін және ұлт, 2006 ж., 19-бет).
Адамзатқа қажет білімнің шыңын меңгерген Абай, ақынға тән сөз саптамасымен-ақ, Аллаһ Тағаланың бар екенін, сөзінің растығын, киелі кітаптардың барлығы да Аллаһ Тағала тарапынан жіберілгенін, Аллаһ Тағаланың өзгермейтінін нақтап, әуелі өзі сеніп, содан кейін барып қорытындылап жеткізсе, діннің тарихын, қадір-қасиетін терең меңгерген ғалым Мұртаза Бұлұтай бұлтартпас дәлелдермен түсіндіруге күш салып отыр. Абайтанушы-ғалым ретінде айтарым, ғұлама Абай мен ғалым Мұртаза Аллаһ Тағала, исламның таза бастауының дәмін алып, сусындағаны анық. Сөздің тоқ етері, діни надандықтан, шалалықтан арылуға «Дін және ұлт» кітабының тигізер септігі, танымдық маңызы зор. Кітап авторының сөзі батыл, ойы айқын, позициясы мықты.

Жабал Шойынбет,
филология ғылымдарының кандидаты





ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Кеше Алматыда белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Бұл кітаптың жарық көріп жатқан басқа кітаптардан ерекшелігі сонда, ол қасиетті Ислам дінін насихаттауда және осы жолда түрлі адасушылықтарға жол бермеуде, сондай-ақ, ұлт болып сақталып қалуымыз жолындағы таптырмас құрал болып отыр.
Тұсаукесер кешке келген Қазақстан Мұсылмандар басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, Мұртаза мен оның кітаптары жайынан сөз қозғап, оның өткірлігі мен алғырлығы, көп тіл білетін дарындылығы және қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамай, дер кезінде үн қосып отыратын жанашырлығы жайына тоқталды. Кешке арнайы келіп ақ тілектерін білдіргендердің арасында зиялы ел ағалары: профессор Тұрсынбек Кәкішев, генерал Мұрат Қалматаев, сондай-ақ, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Махмұд Хижази мен православие дін өкілі Отец Андрей де осы тектес тілектерімен бөлісті. Тұсаукесер салтанатты кешке ғалымның сексен бес жастағы әкесі Жүніс қажы мен анасы Әніш қажы Анкарадан, ал қарындасы сонау Алманиядан арнайы келіп қатысты. Кеш өте әсерлі өтті.
[1] Жабал Шойынбет, Діни тағылымы мол кітап, «Қазақстан-ZAMAN» газеті, №48(611), 24.11.2006 ж.