пятница, 21 марта 2008 г.

ДІНТАНУДАҒЫ ЗЕРДЕЛІ ЕҢБЕК[1]


Таяуда Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті және «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығы құрметіне баспадан шығарған «Дін және ұлт» атты кітабының ресми тұсаукесері болып өтті.
Мұртаза Бұлұтай еліміздегі санаулы дінтанушы ғалымдардың бірі. Ол араб, парсы, түрік, ағылшын, неміс және орыс тілдеріндегі дерек көздерінде кездесетін мағлұматтарды еркін оқи алатын, сараптама жасап, ой түйе алатын зерделі қаламгер, ғалым.
Алғашқы сөз кезегін алған осы кітаптың алғысөзін жазған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі өте сирек дарын иесі, ғалым шәкірті Мұртаза Бұлұтай туралы жүрекжарды лебізін білдірді.
- Мен Мұртаза інімізді 1990 жылдан бері білемін. Оның алғашқы кітабының тұсаукесеріне қатысқан болатынмын. «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты монографиясы республика Мемлекеттік сыйлығына да ұсынылған еді. Мұртазаның соңғы кітабы республикалық баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық мақалалардың басын құрайды. Ол соңғы он-он бес жылдың көлемінде кириллица да үйреніп, орыс тілінде еркін сөйлеуге қол жеткізді. Ислам дінін ел арасында кеңінен насихаттап жүрген өте білімдар ғалым, - деді.
Ауруханада емделіп жатқан жерінен кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысып, ізгі тілегін білдіргені үшін Мұртаза Бұлұтай рухани ұстазы Әбсаттар қажы Дербісәлінің иығына шапан жауып, ризашылық сезімін білдірді.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы, «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмұт Ф. Хижази, генерал-майор Мұрат Қалматаев, ғалым-аудармашы Уахап Қыдырханұлы, «Ислам және өркениет» журналының бас редакторы Сейсенхан Маханбетов, ақын Аманхан Әлім, өзге де азаматтар сөйлеп, Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» кітабы туралы ой-толғамдарын ортаға салды.
«Жалын» журналының бас редакторы Құдияр Біләл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың құттықтау хатын оқып берді.
Оқырмандармен жүздескен «Дін және ұлт» кітабының авторы Мұртаза Бұлұтай дін және ислам әлемі туралы ойларымен бөлісті. Ислам дінінің тазалығы үшін, халықтардың бірлігі мен тұтастығына іріткі салып жатқан ағымдар мен миссионерлерге қарсы ымырасыз күресте өзінің күш-жігерін жұмсай беретінін айтты.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Анкара қаласынан Мұртазаның әкесі Жүніс қажы Рақиұлы мен анасы Әніш қажы Шүкірқызы арнайы келіп қатысты.

Өтеш Өтеуліұлы



[1] Өтеш Өтеуліұлы, Дінтанудағы зерделі еңбек, «Алматы ақшамы» газеті, №137(3769), 28.11.2006 ж.