пятница, 21 марта 2008 г.

МҰРТАЗА АҒАҒА

Мұртаза аға, нұрға бөлеп далаңды,
Қазақшаға үйрете бер балаңды,
Қазақ жері – әкең, атаң мекені,
Туған жерің Түрік елі екені,
Бізге мәлім, ризамыз сол үшін,
Келдің бүгін, қазағым деп, елім деп,
Ата-баба топырағы, жерім деп,
Қазақ деген қасиетті халықтың,
Білеміз біз – абыройлы азаматы өзің деп!
Біздер үшін данышпансың, алыпсың!
Түркия асып, Германияға барыпсың,
Қазақ деген қарапайым халықты,
Түркияға, Германияға таныттың!
Өшкен жанды, өлгендерім тірілді!
Салт-санамыз оралуда, бұрынғы!
Қазағым деп, халқым деп, қам жеген,
Мұртаза аға, арнадым Сізге жырымды!

Сізге өлең арнаған Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Филология факультетінің 3-курс студенті Уалханов Шаяхмет, 1992 жыл, көктем, сәуір.


1992 жылдың сәуір айында ШҚМУ-нің ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиевтің арнайы шақыруымен Өскеменге барып, студенттермен кездесіп қайтқан едім. Университеттің актілік залында өткен және бірнеше сағатқа ұласқан кездесудің соңында жоғарыда есімі жазылған студент бауырымыз осы өлең жолдарын оқып берген-ді. Өлеңнің менде сақталған қолжазбасын кеше ғана тауып, сол бір қуанышты күндер есіме түсіп кетті. Мендегі отанға деген сағыныш пен залда отырған бауырларымның жаңғырған қазақшылыққа деген іңкәр сезімдері көз алдымда елестеді. Бұл бауырымыз қазір қайда жүр екен, өмірінде қандай өзгерістер болды екен, осыларды ойладым.

Сіздермен осы ойларымды бөліскім келген соң жіберіп отырмын. Бұл да бір тарих болып кетті ғой қазір.

04.03.2008
Құрметпен,
Мұртаза БҰЛҰТАЙ