пятница, 7 марта 2008 г.

Маман пiкiрi[1]
Мұртаза Бұлұтай, дiнтанушы:
— Ислам — араб сөзi. Құран Кәрiмде жүздеген рет аталатын дiни термин. Мағынасы «берiлу, тапсырылу, тәсiлiм болу, бойұсыну, бағыну» дегендi бiлдiредi. Яғни, адамның күллi ғаламды жаратқан Жаратушыға және оның жүйесiне берiлуi. Сонымен қатар Ислам сөзiнiң түбiрiнде «бейбiтшiлiк, тыныштық» деген мағына да бар. Ислам дiнiнiң қайнар көзi — Құран Кәрiм, ол ешбiр жағдайда Аллаһ Тағалаға ортақ қосуға рұқсат етпейдi. Мысалы, «Ниса» сүресiнiң 48-аятында былай делiнген: «Күдiксiз, Аллаһ өзiне ортақ қосылуын кешiрмейдi. Мұның сыртында қалғанды қалағанына кешiредi. Ал Аллаһқа ортақ қосқан аса үлкен күнәлi бір жала жапқан болады» (4/48). Құран Кәрiмде кешiрiлмейтiн жалғыз күнә ретiнде шiрк, яғни Аллаһ Тағалаға серiк қосу күнәсi айтылған. Жаратқаннан басқа ешкiмге құлшылық етуге болмайды. Намазда оқылатын «Фатиха» сүресiнде: «Саған ғана құлшылық етемiз және Сенен ғана жәрдем сұраймыз», — деген аят бар. Бүгiнгi күнi, өкiнiшке қарай, Құран Кәрiмдi толықтай түсiне алмай жатқан немесе кейбiр бөтен ойдан туындаған адасушылық салдарынан базбiр азаматтарымыз түрлi ағымдарға iлесiп, шатасып жүргенiн көрiп отырмыз. Соның iшiнде кең таралғаны — аруаққа немесе рухқа табыну. Бұл — Ислам дiнiнен бұрынғы дәуiрлердегi анимизмнiң, яғни рухқа, пұтқа табынушылықтың сарқыншағы. Көне замандағы адамдар бiлiм-ғылымның кенжелеу болуына, табиғат құбылыстарының қыр-сырын аша алмауына байланысты «әр нәрсенiң өзiнiң рухы бар, киесі бар, сол рух яки кие табиғат құбылыстарына әсер етедi» дегенге сенген. Таудың, судың, ағаштың да рухы бар деп есептеген. Ағашқа шүберек байлау ырымы — соның сарқыншағы. Ол «орманның рухына құрбандық шалу» дегендi бiлдiредi. Халықтың дiни бiлiмiнiң толыққанды жетiспеуiн шебер пайдаланған кейбiр топтар ел-жұртты адастырып, өздерiнiң коммерциялық мақсатын жүзеге асырып жатқаны қынжылтады. Белгiлi-белгiсiз батырлардың, тұлғалардың басына жұртты апару, туристiк саяхат ұйымдастыру арқылы олардан жылу жинау күнкөрiстiң, яғни табыс табудың амалына айналды. Дүниеден өткен адамдардың аруақтарымен «тiкелей қатынасқа түсетiндер» (!) де көбейiп кеттi. Болашағыңды болжаймын, ауруыңды тауып, дуалап жазамын дегеннiң барлығы да — алдамшы. Бұған дәлел ретiнде Құрандағы мына аяттарды айтсақ жеткiлiктi: «Шынында сен өлiлерге естiрте алмайсың?!» (Рұм сүресi, 30/52; Нәмiл сүресi, 27/80); «Тiрiлер мен өлiлер тең (бiрдей) емес! Аллаһ қалағанға естiртедi. Алайда сен қабiрдегiлерге естiрте алмайсың» (Фатир сүресi, 35/22). Демек, пайғамбармыздың өзi өлiлерге естiрте алмай жатқанда, қазiргi кейбiр жалған дiн ашқыштардың «Өлген адаммен тiкелей байланысқа шығып жатырмын» дегенiнiң негiзсiз дақпырт екенi өзiнен өзi әйгiлi.
Халықты адасудан сақтаудың жолы — оларға жан-жақты мәлiмет беру, дiндi ғылыми жағынан түсiндiру. «Исра» сүресiнiң 85-аятында: «Олар сенен рух туралы сұрауда. Айт: «Рух тек Жаратқан Ием ғана бiлетiн нәрсе. Сендерге тым аз бiлiм берiлген» (17/85), — дейдi. Құран Кәрiм адамзатқа рух туралы тым аз мәлiмет берiлгенiн көрсетiп отыр. Оны бiлу тек Аллаһқа тән. Егер Аллаһтың кiтабында солай деп айдан анық жазылса, аруақпен тiлдесетiндер неге, кiмге сүйенiп отыр? Олардiкi халықты адастырушылық емей немене?! Бұл азғырушы шайтанның сыбыры емей немене?! Егер аруақтардың шынымен де тiрiлерге көмек беру ету мүмкiндiгi бар болатын болса, онда бiздiң халқымыз неге қырғынға ұшырады?! Ақтабан шұбырындыға қалайша ұрындық, апаттар мен жұттарға қалайша тап болдық?! Аруақтар толып жатқан кесапаттарды не үшiн тоқтата алған жоқ?! Аруақтар тiрiнiң мәселесiне араласа алмайды. «Әнфал» сүресiнiң 42-аятында былай делiнген: «Сондай-ақ, өлген анық дәлел бойынша өлсiн. Өмiр сүрген де анық дәлел бойынша өмiр сүрсiн» (8/42). Ал мына аят болса, мұсылман пенденiң өмiрлiк қағидасы ретiнде қандай тамаша! — «Қандай бiр нәрсе туралы ғылым-бiлiм өзiңде жоқ болса, ондай нәрсенiң артына түспе! Шынында, есту қабiлетi, көру қабiлетi және ақыл одан сұралмақ» (17/36). Қорытынды ретiнде айтарым, мұсылман бауырларымыз Құран Кәрiмнiң, ақыл мен логиканың, бiлiм мен ғылымның айқын да анық жолынан адаспасын, негiзсiз терiс жолға салынбасын.
[1] Адастырушы ағымдарға алданбаудың жолы қайсы? «Жас Алаш» газеті, №102(15248), 25.12.2007 ж., 1-5 беттер