пятница, 21 марта 2008 г.

ТАНЫМДЫҚ САНАНЫ КҮШЕЙТЕ ТҮСЕТІН ЕҢБЕК[1]


Алматы қаласы әкімдігі, ҚМДБ, Нұр-Мүбарак ислам университеті және «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Жүнісұлы Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді. Ғалымның осы кезге дейін қазақ баспасөзінде жариялаған мақалалары мен сұхбаттарынан құралған бұл жинаққа негізінен дін ғылымынан бастап, тарих, тіл, діл, саясаттану, халықаралық қатынастар, философия, мәдениеттану салаларына қатысты ғылыми-публицистикалық жазбалары енгізілген. Автордың жан-жақты әрі терең білімінің арқасында тарихи деректерге сүйене отырып жазылған кітапта хақ дін Исламның қазақ сахарасына қалай келгендігі, ата-бабаларымыздың неліктен сол уақытқа дейін ұстанып келген тәңіршілдік дінін тастап, Исламды қабылдағаны турасында сүбелі ой қозғалады. Сондай-ақ алғысөзін Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы және Нұр-Мүбәрак университетінің ректоры Махмұд Ф.Хижази жазған бұл еңбекте қоғамдағы шешімін таппай жатқан бірқатар заманауи мәселелер Ислам діні негізінде түсіндіріліп, баяндалады. Ғалым араб, ағылшын, неміс, түрік, орыс тілдерін еркін меңгергенінің арқасында өз еңбегінде дінге қатысты мағлұматтарды тіл білгендігінің арқасында шет елдік мұрағаттардан, интернеттен алып, сол дерек-дәйектерді басылымда ұтымды пайдалана білген. Және де ғалым «Дін және ұлт» кітабында Әбу Әли Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бирұни, Әбу Насыр әл-Фараби секілді түркі ғалымдарының осы Ислам дінінің ықпалында үлкен ғұламалыққа жетіп, Ислам мәдениеті мен өркениетіне айтарлықтай зор үлес қосқанын да әңгімеге арқай қылады. Сонымен бірге, біз сөз етіп отырған кітапта Мұртаза Бұлұтайдың шетелдік қайсыбір басылымдарда жарияланған мақалалардағы дінімізге жабылған жаланың ешқандай дәлелсіз екендігін тарих пен ғылымға сүйене отырып әшкерелеп, олардың біржақты ой-тұжырымдарын сынға алған материалдары да бар. Түрік, неміс, қазақ жоғары оқу орындарында білімін жетілдірген ғалымның бұл кітабын негізінен студенттердің, магистранттардың, аспиранттардың және дін саласын зерттеп жүрген діндар адамдар мен жалпы оқырманның көңілінен шығатын құнды еңбек деп айтуға әбден болады.

Өркен ЖОЯМЕРГЕНҰЛЫ
[1] Өркен Жоямергенұлы, Танымдық сананы күшейте түсетін еңбек, «Алматы ақшамы» газеті, №135(3767), 23.11.2006 ж., 15-бет.