пятница, 21 марта 2008 г.

Айқын

Республикалық – қоғамдық саяси күнделік № 21 (473) 07.02.2006

Мемлекеттік тілді меңгермейінше, азаматтық берілмеуге тиіс дейтін талапты заңға енгізетін уақыт жетті ме?

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы-саясаткер

- Қазақ тілінің мәртебесін көтеру және оның қолданылу аясын кеңейту бағытындағы әрекеттердің барлығын қолдаймын. Бірақ біз кейде іс жүзіне асырылуы мүмкін емес немесе оның жүзеге асуы кей шақта бізге де зияны тиіп жататын талаптарды қоятын сияқтымыз. Себебі сыртта жүрген қандастарымыздың бәрі бірдей қазақ тілін білмейді. Мысалы, Еуропда, Америка, Түркия сияқты елдерде тұратын бауырларымыздың көпшілігі ана тілінен мақрұм. Тіпті Моңғолияда тұратын қазақтардың ішінде де, Пекин секілді ішкері ірі қалаларда, Ресей ердерінде ұзақ жылдар бойы тұрақтап қалғандар арасында да ондай қаракөздер кездеседі. Азаматтық қажет болып, сынақ тапсыратын болса, олар емтиханнан өте алмас еді. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деп олардың “атамекен” деп аңсаған көңіліне су сеуіп, обалына қалып, келеңсіздеу жайға да тап болуымыз мүмкін. Сырттағы бауырларымыздан тіл білуін талап етуден бұрын, азаматтығы бар, Қазақстанда туған, бірақ ана тілінің иісі мұрнына бармайтын қандастарымызды қазақ тіліне үйретейік біз. Ал сырттан басқа ұлт өкілдері келіп, Қазақстан азаматтығын алмасын десек, онда біз “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңға өзгеріс енгізіп, этникалық тұрғыдан қазақ емес адамдардың азаматтық алу мәселесін дүниедүзілік нормға сәйкес қиындадатын талаптар қоюымызға болады.