пятница, 7 марта 2008 г.

Саяси қажеттіліктен туындаған уақиға[1]

Сарапшы
Мұртаза Бұлұтай, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы:

– Сөз етіп отырған халықаралық жиналыс – үлкен дайындықпен, үлкен дәрежеде жасалып жатқан уақиға. Біріншіден, мұндай биік дәрежелі жиналысты біз жан-жақты талдап, баға беруіміз керек. Алдымен анықталатын мәселе – бұл халықаралық жиналыс қандай қажеттіліктен туындады? Немесе оны ұйымдастыру бізге қажет пе? Осы жиынның ішкі саясатымызға, сыртқы саясатымызға және халықаралық саясатқа жасайтын ықпалы қандай? Бұл – екінші мәселе. Үшіншісі – жиналыстың күн тәртібіндегі мәселелер. Олардың елімізді міндеттейтіні, я ішкі әлеуметтік, саяси, діни, тіпті экономикалық қарым-қатынастарға жасайтын әсері қандай болмақ?
Жалпы, мүндай халықаралық жиынның бізге қажеті бар деп те, қажеті жоқ деп те пікір айтушылар бар. Қазақстан – тәуелсіздікті жаңадан алған жас мемлекетпіз. Және құрлықтың кіндігінде жабық жағдайда қалған елміз. Бір жағында – Ресей, екінші жағында – Қытай империяларының арасында, яғни осы екі алып мемлекеттің тәбетін оятқан кеңбайтақ жерді мекендеп жатқан халықпыз. Сыртқы саясатымыз да негізінен Ресейге, Қытайға және Америкаға қарасты айқындалады. Көп векторлы саясатты ұстанатын Қазақстанның халықаралық саясаттағы ұстанымдары, мемлекет ретінде білдіретін пікірлері, атқаратын істері, міндеттемелері – аталған үш мемлекет және Еуропа одағы, жалпы, алғанда төрт күш одағының ықпалымен немесе олардың өз араларындағы әртүрлі қатынастарды реттейтін бағытта болады. Яғни, әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы туралы бастама заман талабына сай, халықаралық саясаттың үстемесімен және аталған төрт күш одағының белгілі дәрежеде қажет етуінен ойластырылған шара деп санаймын.
2000 жылдан кейін Қазақстанның сыртқы саясатында діни мәселелердің салмақтық үлесі күтпеген дәрежеде артты. Және мемлекетіміз тікелей діни мәселелерге дәнекер болу жөнінде жұмыс істеуде, халықаралық діни ұйымдардың жиналыстарын Астанада ұйымдастырып, өткізуде. Қомақты қаржы жұмсалатын халықаралық дәрежедегі шаралар кездейсоқ жасалмайды. Оның сыртта да ұйымдастырушылары, қолдаушылары бар. Халықаралық шара тек бір елдің бастамасымен жүзеге аспайды. Бұл жиналыстың тиімді жағы да, кей тұрғыда тиімсіз жағы да бар. Тиімдісі – біріншіден, Қазақстанның халықаралық саясатта белгілі мөлшерде танылуына, Қазақстан туралы жағымды имидж қалыптастыруға септігін тигізеді. Еліміз діндер арасында түсіністік орнатылған мемлекет ретінде танылады. Бұл бір, екінші тиімді жағы, қазіргі халықаралық саясатта да, бұрында да солай болған, келешекте де солай жалғасады, дін – халықаралық саясаттың ең негізгі тетіктерінің бірі. Кім не десе, о десін, дінсіз саясат жоқ. Дұрысын айтсақ, құрылтайға келген әрбір делегация белгілі мемлекеттерге ықпал жасай алады. Олардың ықпал шеңберінде бір емес, бірнеше мемлекеттің де болуы мүмкін. Сол себепті де осы құрылтайды діндарлар ғана қатысып жатқан жиналыс деп қарастыру дұрыс емес, ол діни шара емес, саяси шара.
Әркім өз мүддесімен қатысатындықтан мұндай жиналыстан біздің мүддемізге сәйкес келетін, сәйкес келмейтін де нәтижелер шығуы мүмкін.
Бұл жиналыстың халықаралық құқықтағы ресми міндеттеуші мәртебесі бар болса, онда қорытынды құжаттағы әрбір сөзге, нүкте, үтіріне дейін абайлап қарауымыз керек. Сонымен қатар осы жиынның аталуын қайта ойластыру қажет деп сенемін. Әлемдік діндер съезі деп аталуы дұрыс емес. Дұрысы былай болса: «Әлемдегі діни ұйымдар уәкілдерінің құрылтайы».

[1] 50/50 газеті, 12.09.2006 ж., Күлпара Жұмағали