пятница, 21 марта 2008 г.

«ДІН ЖӘНЕ ҰЛТ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ[1]


Кеше Алматыдағы Бизнес орталығының ғимаратында белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Дін және ұлт» атты кітабының ресми тұсаукесері өтті.

Алматы қаласының әкімдігі, «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті және республикалық «Иман» қорының ұйымдастыруымен өткен жиынды «Нұр-Мүбәрак» мешітінің имамы Құран оқып, ата-баба рухына дұға жасаумен бастады. Тұсаукесерге сонау Анкара қаласынан Мұртаза ағамыздың ата-анасы да арнайы келгені айтуға тұрарлық. Кітап тұсауын кесуге елімізге танымал көптеген азаматтармен қатар, түрлі жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты.
10 мың данамен басылған бұл еңбекте Мұртаза Бұлұтайдың дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих, құқық, филология, саясаттану, халықаралық қатынастар және мәдениеттану салаларын қамтитын кең ауқымды ғылыми-публицистикалық материалдары енгізілген.
Тұсаукесерді өнер жанашыры Өтеген Махмұт жүргізіп отырды.
Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
- Ағылшын, неміс тілдерін ғана емес, араб тілін де еркін білу – көптеген ғалымдарымызда жоқ қасиет. Бұл ерекшілік Мұртазаның бойында бар. Біздің әдебиетімізге, мәдениетімізге, тарихымызға қатысты көптеген жазбалар шет мемлекеттердің кітаптарында, қорларында көптеп сақталған. Бірнеше тіл білетіндігінің арқасында Мұртаза бізге белгісіз біраз дүниелерді тапты. Тағы бір айта кетерлігі – Мұртаза қоғамдағы, өмірдегі болып жатқан оқиғаларға жедел үн қосып отыратын жігіт.
Махмұд Фәһми Хижази, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры:
- Мен бұл кітапқа пікір жазғанымды өзіме бақыт санаймын. Кітап авторы, үлкен ғалым Мұртаза Бұлұтайдың бұл кітабына көз жүгіртсеңіздер, тарих, философия және өзге де салаларды еркін меңгерген адам екенін бірден байқайсыздар. Еңбекте Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн Сина жайында мәселелер қозғалған. Еуропалық ғалымдар – Албертус Магнус Декарт, Канттың да пікірлерін де оқи аласыздар.
Тұрсынбек Кәкішұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Мен Мұртазамен жақын танысқаныма жарты-ақ жыл болды. Оған дейін оның «Ата-баба діні: Түріктер қалай мұсылман болды?» деген кітабын, газет-журналдарға берген сұхбаттарын оқып, іштей риза болып жүруші едім. Жақын араласа бастаған соң да сол пікірім өзгерген жоқ – Мұртаза өз пікірлеріне сай азамат екен.
Өтеген Махмұт, «Иман» қорының президенті:
- Бұл кітабы арқылы Мұртаза Бұлұтай ұлттық бірлік пен егемендіктің сақталуы, зайырлы да, өркениетті қоғамға үлес қосу, ең бастысы дінді бұрмалаушылықтан сақтауға мол үлес қосқанын айтқан абзал. «Дін және ұлттағы» материалдар негізінен қазақ баспасөзінде бұрын жарияланып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген құнды дүниелер.
Кітап оқырманның ойлау жүйесіне әсер етіп, дін мен қоғамға деген көзқарасқа жаңаша ой салатын мазмұнмен жазылған. Автордың өмір белестері де оқырманға айқын болу үшін біраз суреттер мен құжаттар қоса басылған.

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ
[1] Ерлан ӘБДІРҰЛЫ, «Дін және ұлт» оқырманға жол тартты, «Жас Қазақ» газеті, №46(98), 24.11.2006 ж.