пятница, 7 марта 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы


ДІНІМ ИСЛАМ, ТӘҢІРІМ – АЛЛАҺ[1]
Қай ата-бабамыз тәңіршілдікті ұстанып еді?!

Әуезхан Қодар мырзаның басқа еңбектері мен мәлімдемелерін былай қойғанда, «Жас Алаш» газетінде (№84, 18.10.2007 ж.) жарияланған сұхбатының дінге қатысты бөлігі туралы ғана қысқаша пікір айта кетейін:
Жалпылама айтқанда, Әуезхан Қодар мырзаның дін туралы айтқан сөздері қарама-қайшылықтарға, көптеген айқын ғылыми қателіктерге толы. Ол өзінің алдындағы адасқан да шатасқан авторлардың адамды құрдымға жіберетін лабиринтті сүрлеу-соқпақтарының ізімен кеткендігін көрсетеді. Бұл қазіргі даму мен бірігу жолындағы қоғамымызды тымырсық түнектерге бастайтын, тарихи шындықты жасыратын, асыл дініміз Исламды мансұқтайтын, адамды затқа табындыртатын, оның мына ғаламдағы ең абыройлы жаратылыс дәрежесін төмендететін, өсу мен ілгерілеуді емес, қайта кері тартуды сыбырлайтын шайтани уәсуасаның апаты дер едім.
Бұл кешегі ел мен жерді ғана емес, ой мен сананы да отарлаған, ел мен жерді ғана емес, ой мен сананы да улаған тоталитарлық отарлаушы һәм қанаушы жүйенің ұлтымызға әкелген жойқын кесапаты. Өздерін зиялы һәм білімді санайтын кейбір айтқыштар мен жазғыштардың ашық аспанда жарқырап тұрған күннің көзін көре алмай, адамды жанымен һәм тәнімен соратын аласапыран қара құйынның ішінен ақиқат іздегенсымақ болатыны қынжылтады, түңілтеді. Дәл сол күндей жарқырап, нұрын шашып тұрған Ислам дінін көре білмей, тарихта бұрын-соңды болмаған, аты-заты аталмаған, тура жолға бастайтын кітабы мен пайғамбары жоқ, құр болжам мен қиялға негізделген, ешбір жүйесі жоқ, адамның өмір сүру және сенім келтіру қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтын жолға шақыру елді адастыру емегенде немене?! «Пұтқа табынушылықты қайтадан жаңғыртуға болады және оны мемлекеттің негізгі ұстындарының бірі ету қажет» дейтін даурықпа мақсаттары енді Құран жолына түскен иманды халқымызды бүгінге дейінгі ғылыми, мәдени, рухани, әлеуметтік, тарихи жетістіктерінен қол үзуге үгіттейтін кесірлі ұмтылыс дер едім.
Енді, Әуезхан мырзаның «ағынан жарылып» айтқан ойларының қате тұстарын көрсетелік. Мен 24 түрлі қате кезіктірдім, бірақ мақаланың көлемі шектеулі болғандықтан, бір-екеуін ғана айтайын:
Тарихта ешқашан да «тәңіршілік», «тәңіршілдік» немесе «тәңір діні» деген жеке дін болған емес. Діндер тарихы туралы жазылған еңбектердің (Кеңес және кейбір Батыстық шығыстанушылардың жымысқы жазбаларынан тыс) ешқайсысында, түпнұсқа дерек көздерінде, тәңіршілдік деп аталатын басы бүтін дін жүйесінің болғандығы жөнінде жазылмаған. Тарихта ешбір қауым өздерін «біз тәңіршілдерміз» немесе «тәңіршілдік дініндеміз» деп айтпаған. Сондықтан, «тәңіршілдік ата-бабамыздың бұрынғы ұстанған діні», – деген мәлімдеме ешбір ғылыми шындыққа жанаспайды. Біздің ата-бабаларымыз, бергісі Бұқар жырау, Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы, арғысы Асан қайғы Сәбитұлы мен әл-Фарабилер түгелдей Ислам дінінде болған. Сонда, Әуезхан Қодар қай ата-бабасын айтып отыр екен?! Тәңірші дініндегі ата-бабалары кімдер екен қазақтың?! Нақты кісілердің атын атасын! Себебі, кем дегенде соңғы 1000-1200 жыл көлемінде бүгінгі қазақ халқы мен оны құраған түркі тайпалары Ислам дінінде бірігіп, бас қосып, адамзат тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған Қашғарлық Махмұд (2008 жылы туғанына 1000 жыл), Баласағұндық Жүсіп Хас Хажиб, Ибн Сина, әл-Хорезми, әл-Бируни т.б. Ислам өркениетінің өкілдері. Қарлұқ тайпалары, қараханилер мен түргештер, тоғыз-оғыздар мен хорезімшахтар, ихшидилер мен толұнилер, селжүкилер мен хазарилер бейбіт жолмен, өз қалауларымен бұрынғы пұтқа табынушылықтың алуан жолын тастап, зороастризм, манихеизм, буддизм, иудаизм және христиандықты тастап яки менсінбей, Ислам дінінің хақтығына, пәктігіне сол дәуірдің ойшылдары мен ақылмандары қанық болып, осы дін жолында ғасырлар бойы еңбек етіп, дүниеге келіп, дүниеден өткен. Олар дүнияуи және ұхрауи (ақыреттік) ізгілік жолын ұстанғанда, енді, біз Әуезхан Қодар сияқты, қолдан дін жасап, тұтас бір халықты, тарихта аты да заты да ешқашан болмаған, негізсіз пұтқа табынушылыққа қайта айналтып, жоғарыда аталған жетістіктеріміздің бәрінен баз кешіп, тұрпайы өмірге қайтуымыз қай ақылға, қай ұжданға сәйкес келеді?!
Абайлаңыз, көне түрік тілінде «тәңір» сөзі болған жоқ деп тұрғаным жоқ. Түрік жазбаларында «тәңір» сөзі кезігеді. Түркологтар күні бүгінге дейін «тәңір» сөзінің этимологиялық түп-төркінін анықтауда бір ұйғарымға келе алмай жатқанымен, оның «аспан», «көк» деген мағына білдіретіні бесенеден белгілі. Бұған талас жоқ. Қытай тіліндегі «Тянь» сөзі де аспан, көк деген ұғымды білдіреді. Әсілі, аспанға табыну және оның алуан формалары ежелгі тайпалардың көпшілігінде кездесетін политеизмнің бір түрі. Жалпақ тілмен айтқанда, бір кезде әлемнің түрлі аймақтарын мекендеген тайпалардың басынан өткен пұтқа табынушылықтың бір тәсілі. Дегенмен, «Құдай» ұғымы кезікпейтін қытай тіліндегі «тянь» сөзі Азия құрлығының айтарлықтай бөлігіне мәдени, саяси ықпал еткен көне Қытай жұртының көк аспанға яки көк аспанды мекендейтін киелерге табынғанын білдірсе керек. Сонда, Әуезхан мырза бізді қытайдың ежелгі сеніміне үгіттеп отырғаны ма?!
Шумерлерде «дингир» деген сөз болған. Тәңір (кейде тәңірі деп те аталады) сөзі осы дингирден шыққан болуы да ықтимал. Сәбит Мұқановтың басқа болжамы бар, Тибет жақтан дейді. Негізгі мәселе ол емес. Мәселе көне тіліміздегі тәңір сөзін алып, соның айналасында манихеизмнің, шаманизмнің, қытайдың «тянь» культінің, үндінің пұтқа табынушылықтарының, зороастризм мен анимизмнің ұнаған жақтарын алып, «тәңіршілік» деп ат қойып, қолдан құрама дін жасау. Ал, жалған дін жасау нағыз ғылыми һәм рухани трагедия. Бұқар бабамыз: «Әй, айташы Аллаһты айт, Тәңірім үйі Қағбамды айт», – дегенде пұтқа немесе табиғатқа, аспанға табыныңдар деп жатқан жоқ қой! Ибраһим Құнанбайұлы, Шаһкәрім Құдайбердіұлы сияқты ойшылдарымыздың, бұрынғы жыраулар мен шешендердің барлығы мұсылмандықты ұстанып, ұрпақтарын пұтқа табынбауға, тасқа мінәжат етпеуге, хұрафи ырымдармен уақыт өткізпеуге шақырған. Әуезхан Қодардың Қармақшы өңіріндегі нағыз исі мұсылман қазақтардың, оның ішінде өзінің туған анасының «Тәңірім өзің қолдай гөр!», – дегендегі тәңірі Исламдағы жаратушы құдірет иесі Аллаһты білдіреді. Ешбір қазақ тәңір дегенде Аллаһтан басқа бір Құдайды меңзеп тұрған жоқ. Бүгінгі санасы уланған, жалаң және айқын шындықты көру қабілеті зақымдалған болжампаз сәуегейлер мен жалған дін ашқыштардың желіккені болмаса...
Көне түріктің тәңір сөзі бірте-бірте көк, аспан мағынасынан Құдай, құдірет Иесі, Табынылушы мағынасына ойыса келе, Ислам дінінің кең таралуымен, арабшадағы Аллаһ сөзінің баламасы ретінде ауызекі тілде қолданыла берген. Егер тәңірі сөзі Исламдағы Аллаһ ұғымын білдірмегенде айналымнан шығып кетер еді. Көне түрік тіліндегі Исламға сәйкес келмейтін Эрлик, Үлген, Ұмай сияқты кейбір сөздердің қолданыстан қалғаны осыны растайды. Жә, көне түрік жазбаларында «көк тәңірі» ұғымынан басқа, «жер тәңірі» тағы бар. Енді, аспан мен қоса жерге де табынуымыз керек болғаны ма?! Толып жатқан тәңірлердің қайсысына табынамыз?! Мағжанның бір өлеңі есіме түсіп тұр:
Жиһан деген не нәрсе?
Алақанның ауданы,
Бір ауданда көп тәңірі,
Болудың, тіпті, жоқ сәні!

Ә. Қодар тәңіршілдікті қоршаған ортаға ерекше мән беретін дін ретінде көрсеткісі келеді. Алайда, осы жаңсақ сенім салдарынан адамдардың бейкүнә ағаштарға шүберек байлап, табиғатты құртып, ластап жатқанын қаперіне де алмайды. Ал, асыл дініміз Исламды экологияға жете мән бермейтін дін етіп көрсеткісі келеді. Бұл әсте дұрыс емес. Оған Құран Кәрімнің аяттары нақты дәлел. Құран табиғатты «аялауға» шақырады, қорғауға шақырады. «Аялау» мен «табынудың» арасы жер мен көктей. Құран табиғат пен табиғат құбылыстарының барлығының Аллаһтың аяттары, яғни дәлелдері екенін білдіреді. Құранда таулар, ағаштар, хайуанаттар, жәндіктер, өсімдіктер, құрлықтар мен теңіздер, аспан мен жер т.т. туралы көптеген аяттар бар. Қысқаша айтқанда Аллаһ Тағала адамдарды табиғаттағы тепе-теңдікті бұзбауға, ысырапшылық жасамауға, табиғатты қорғай отырып сақтауға, абаттандыруға, шектен шықпауға шақырады.
Әуезхан Қодардың, әрине, сенім еркіндігі бар. Ол неге сенгісі келсе өз еркі. Пұтқа табынып яки атеист болғысы келе ме, немесе басқасы болғысы келе ме, өзі шешеді. Бірақ, оның мұсылман халқымызды шатастыруға, ұрпақ санасын улауға моральдік құқығы жоқ дегім келеді. Қарап отырсам, бізде тәңіршілдік, шаманизм, бұрханизм, отқа табыну сияқты пұтқа табынушылықты насихаттап жатқан топтар бар. Олардың көпшілігі оқыған-тоқыған және өз саласында белгілі дәрежеде танымал адамдар. Әсіресе, ақын-жазушылар мен ғалымдардың, өнер адамдарының ішінен көбірек кезігеді. Оларды екі топқа бөлуге болатын сияқты: 1) Орыстілді және орысша тәрбиеленгендер. 2) Қазақша оқығанымен атеистік тәрбие алып, құдайсыздық ауруына шалдыққан материалистер. Тілдері бөлек болғанымен олардың ішкі пікірлері мен көзқарастары ұқсас. Олар исламды мойындамайды. Оны тек арабтың діні ретінде бағалайды. Тарихи шындықты бұрмалай отырып, қолдан дін жасағысы келеді. Өз араларында қырық пышақ.
Кеңес билігі мұсылмандарды, оның ішінде қазақтарды исламнан жеріту, ұрпақтар сабақтастығына сына қағу, бөлшектеп-жіктеу арқылы халықтың рухани тамырына балта шабу мақсатымен көп шаруа тындырған. Соның бірі «Сендердің ата-бабаларыңның діні мынау!», – деп, бірқыдыру азаматтарымыздың санасына әбден құйған. Ол үшін «тәңір» сөзі бұрмалауға қолайлы болып көрінген. Әйтпесе, қазақ Тәңір, Құдай, Аллаһ дегенде 3 бөлек жаратушы құдірет Иесі бар деп ойламайды. Кейде бір тілде бір мағынаны бірнеше сөзбен білдіретін заңдылық бар. Жалған дін жасаушылар осы заңдылықты өз мүддесіне пайдалана отырып, тіпті архиеологиялық және тарихи фактілерді бұрмалаудан да тайынбаған. Сонымен қатар, мәдениетімізде кезігетін кейбір хұрафи сенімдер мен ырымдарды тікелей тәңір дінінің сарқыншақтары деп дәлелдеуге тырысқан. Тәңіршілдіктің қазақта болмағанын мынадан-ақ көруге болады. Атам қазақта бір ғана мұсылман зираты болды. Тарихта ешбір қазақ тәңіршілерге арналған мазарға жерленген емес. Бұл дәл бүгін де солай. Тек миссионерлердің жетегінде кеткен кейбір адасқан азаматтарымыз енді бөлек қабрістан салу мәселесін көтермесе...
Сөзімді қорыта келе, пұтқа табынуды үгіттейтін азаматтарға Құран Кәрімді оқуды және оны терең зерттеуді ұсынамын. Қасиетті кітап олардың барлық сұрақтарына жауап береді. Ислам универсалды дін, прогрессшіл дін, хақ дін. Тек көретін көз, сергек сана, шындыққа бой ұратын жүрек болса болғаны...


[1] Дінім – Ислам, Тәңірім – Аллаһ, Қай ата-бабамыз тәңіршілдікті ұстанып еді?! «Жас Қазақ үні» газеті, №51-52(320-321), 22.12.2007 ж., 5-бет және «Президент және халық» газеті, №51(121), 20.12.2007 ж., 7-бет және «Ислам және өркениет» газеті, №1(109), 01.01.2008 ж., 6-7 беттер, және «Қазақ Әдебиеті» газеті, №1(3057), 11.01.2008 ж., 12-бет