среда, 29 октября 2008 г.

НАМЫСЫ МЕН РУХЫН ЖОҒАЛТҚАН ҰЛТ БӘРІН ДЕ ЖОҒАЛТАДЫ

НАМЫСЫ МЕН РУХЫН ЖОҒАЛТҚАН ҰЛТ БӘРIН ДЕ ЖОҒАЛТАДЫ[1]

“Жалаң ұрандардан арылу қажет”
Рысбек Сәрсенбай:
– “Жас Алаш” меймандарын Ораза айт мейрамымен құттықтаймын. Барша мұсылман қауымына ортақ қасиеттi де қадiрлi Айт мейрамын тойлаумен бiрге қоғамды толғандырған өзектi мәселенi де ой талқысына салсақ. Ел құлағын елеңдететiн мәселелердiң бiрi – ұлттық патриотизм екенi риясыз шындық. Елiн сүйген ерлер, елi үшiн жанын отқа да, суға да салудан тайынбайтын елге дана, жұртқа пана болар тұлғалар ортамызда бар ма? Ұлттық намыс, патриотизм сезiмдерi пайдақорлық, намыссыздық, жағымпаздық пен құлдық сананың алдында ығысып, жағымсыз қасиеттерге орын босатып, қазақтың рухы қаңтарылып, жолда қалған сияқты. Қазақ тiлiнiң, қазақ ұлтының қазiргi мүшкiл жағдайы, елдегi ауыр әлеуметтiк-тұрмыстық ахуал осындай пессимистiк ойларға жетелейдi. Мiне, қоғамды мазалаған, ойлантқан мәселелер төңiрегiнде сiздердi ой бөлiсiп, пiкiр алмасуға шақырдық.

Қалдыбай Әбенов:
– Бүгiн “Жас Алаш” газетi көтерген проблема – өте өзектi, өте орынды мәселе. Қазақта намысқой, ұлты үшiн жанын беруге әзiр тұлғалар аз емес. Ұлт үшiн жанын құрбан еткендер де болды. Тәуелсiздiк жылдарының өзiнде қазақ атпалдай-атпалдай азаматтарынан көз жазып, жүрегi қарс айырылды. Ұлттың болашағы үшiн, елдiң келешегi үшiн күйiп-пiскен азаматтарымызды қазақ халқы қорғай алмады. Сондықтан да өкiнiштен өзегi өртенiп, iштей тынған жайы бар ұлтымыздың.
2006 жылы 14 шiлдеде болған “Шаңырақ” оқиғасын еске түсiрейiк. Ұлтарақтай жерiн, аядай ұяларын қорғаған қазақ соққыға жығылып, өз билiгiнен өзi таяқ жедi. “Шаңырақтың” қаһармандары Арон Атабек, Ерғанат Тараншиев, Құрман­ғазы Өтегенов және Рүстем Тұяқовтар темiр тордың ар жағына тоғытылды. Қазақтың ер намысты азаматтары деп танимын бұларды. Күнi кеше ғана көз алдымызда өткен “Малыбай” кикiлжiңiн де естен шығаруға болмас. Бұл оқиға да бүгiнгi қоғамның қасiретi. Айдын Халықов деген қазақ азаматы өзге ұлт өкiлдерiмен болған қақтығыста көз жұмды. Жап-жас жiгiт қыршынынан қиылды. Алматыда орналасқан бiр топ қоғам қайраткерлерi, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi жиналып, оқиға болған “Малыбай” ауылына ат басын тiредiк. Қаза тапқан жiгiттiң туған қарындасы Толқынмен кездесiп, болған оқиғаның мән-жайын көңiлiмiзге түйiп қайттық. Ақылдаса келе, осы ауылда “Малыбай – туған жерiм, алтын бесiгiм” атты ұйым құруды жөн санадық. Ұйымның төрайымы етiп Толқынды сайладық. Бұл ұйым немен айналысады? Жер-жерден тарихи отанына оралып жатқан қандастарымыз­ға қолдау көрсетiп, “Малыбай” ауылына орналасуға жәрдемдеспек. Бұл да – еңбек. Қаршадай Толқынның қазақ ұлтына сiңiрiп жатқан азды-кем жәрдемi ретiнде бағалау қажет. Қазақтың асқақ рухын сезiну үшiн Желтоқсан көтерiлiсiн еске алу керек. Қылышынан қан тамған қызыл империализмге қарсы шыққан, бас көтерген нар тұлғалы азаматтар Қайрат Рысқұлбековтiң, Ербол Сыпатаевтың, Ләззат Асанованың ерлiгiн қалай ұмытамыз? Мiне, қазақтың рухы, қазақтың намысы деп осыны айт! Қыршынынан қиылған Желтоқсан қаһармандары ел ағаларының қолынан келмеген ерлiкке аяқ бас­ты. Қайтпай, тайсалмай, қайраткерлiк мiнез танытты. Бұл есiмдердi қазақ ешуақытта ұмытпайды. Бiрақ, осы азаматтардың батырлығын, батылдығын, қай­раткер­лiгiн қазақ бағалай алды ма? Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығында қандай iс атқардық? Мемлекет, қоғам қайда қарады? Желтоқсанның 20 жылдығын атап өтудi жөн санамадық. Қазақ қоғамын түзеуге күш салған, сол мақсатта аянбай тер төккен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқадiловтiң да орындары ойсырап тұр. Осы азаматтардың есiмiне мектептердiң, көшелердiң атын беруiмiз тиiс. Ұлттың жадынан бұл есiмдердi өшiруге болмайды. Мұны ешкiм өшiре де алмайды! Қазақтың арыстай азаматтарынан ұлтымыздың жастары да үлгi-өнеге алуы керек. Оларды жастарға үлгi етуiмiз тиiс. Жастар сол тұлғаларға қарап бой түзеуi қажет. Менiң мынадай ұсынысым бар. Қазақ үшiн, ұлт үшiн құрбан бол­ған, елдiң келешегi үшiн шейiт болған тұлғалардың арнайы күнiн белгiлесек.



Болат Атабаев:
– Мен “патриотизм” ұғымын мүлде басқаша түсiнемiн. Патриотизм фашизммен қатар жатқан ұғым деп ойлаймын. Гитлер патриот па? Сөзсiз! Ол өз отанын, елiн, жерiн сүйдi. Фюрердiң “Майн Кампф” атты шығармасын оқып көрiңiз. Тұнып тұрған патриотизм! Отан­сүйгiштiктi өткен күнмен ғана байланыс­тыруға болмайды. Газет-журналдар өткен-кеткен өмiрге сағынышпен қарап, өткенiмiздi ғана жырлаумен айналысатын секiлдi. Аруақтарға сыйыну керек, оларға ескерткiш орнатып, халықтың рухын көтеру керек деген де пiкiрлер емiс-емiс естiлiп жатады. Бұл – жаңсақ пiкiр. Қате көзқарас. Тарихымызды сыйлау керек, әрине. Өткенiмiздi ұмытсақ, келешегiмiздi де бағдарлай алмаймыз. Бiрақ, патриотизмге өткен заманның бағамымен қарауға болмас. “Патриотизм” сөзi гректiң “патриотис” – “отандас” деген сөзiнен шығады. Латынша “pater” сөзi “әке” деген ұғымды бiлдiредi. Адам анасын сезiммен, “emotio”-мен сүйедi. Ал отанын санамен сүйедi. Отанға соқыр, көзсiз махаббаттан еш пайда жоқ. Адам баласы отанын, туған жерiн саналы түрде сүйiп, кейде сыни көзбен қарап, мiнiн түзеуi де керек. Қазақ қоғамы күрделi әрi шиеленiстi жағдайда тұр. Әсiресе, жастар­ға дұрыс таңдау жасау өте қиын. Олардың саналарына “Отаныңды ессiз сүй” деген ұрандар сiңiрiледi. Солай-ақ болсын. Отанын “ессiз” сүйсiн дейiк. Сонда “есi” кiргенде не iстейдi? “Ессiз” тек қана есi дұрыс емес адам ғана сүйе алады. Сондықтан ең әуелi жалған ұрандардан арылу қажет. Ұраншылдықтан, құр ай­қайдан, бос дабыра, даңғазалықтан құтылу керек. Ұлт патриоты болу үшiн адам ұлттық ерекшелiктердi, ұлттық қасиеттердi бойына сiңiре бiлуi тиiс. Адамның аузы-мұрны да, құлақ-көзi де ұлттық иiстi, ұлттық ерекшелiктi сезiне бiлуi керек. Қазiр жас режиссерларды дайындап жатырмын. Олардың көпшiлiгi ұлттық ерекшелiктi түсiнбейдi. Жамал Омарованың, Рабиға Есiмжанованың, Мәдениет Әшекеевтiң, Манарбек Ержановтардың әндерiн тыңдатып, ұлт әуендерiн бойларына сiңiргiм келедi. Бiрақ, жастар оны түсiнбейдi. Қазақтың дәстүрлi музыкасына жастардың арасында сұраныс жоқтың қасы. Жастар эстрадалық әндердi тыңдауға құмар-ақ. Себебi, қазақтың дәстүрлi музыкасында, әуенiнде қазiргi заманға сай, жастарды елiтетiн нәрсе жоқ. Дегенмен, жастар оларды тыңдамайды деп, ұлттық музыканы ысырып тастауға тағы болмайды. Қазақтың ұлттық музыкасының қасиетiн, ерекшелiгiн жастарға түсiндiру керек, оны олардың саналарына сiңiру қажет. Сонда ғана олардың бойларында ұлттық музыкаға деген қызығушылық оянады. Жалаң ұраннан түк те шықпайды. Фашизм идеясы күйреген соң Италиядағы жағдайды еске алайық. Елдi бiрiктiрген, бiр арнаға жұмылдырған фашизм идеясы құрдымға кеттi. Өмiрдiң барлық салалары фашизм идеясымен астасып жатты. Әлемде фашизм идеясы жеңiлгеннен кейiн Италия тығырықтан шығар жол iздей бастады. Сонда олар не iстедi? Проблеманы шешудi кешендi түрде қолға алды. Барлығы бiрдей жұмылып, күштерiн бiрiктiрiп, күйреген елдi аяғынан тiк тұрғызды. Ұлтты қайта жаң­ғыртты. Өкiнiшке қарай, бiзде ондай үрдiс байқалмайды. Дiн мәселесi бiр бөлек, тiл мәселесi бiр бөлек қарастырылады. Ол мәселелердiң өзiн бiр-екi адамға табыстап қойдық. Жалпыхалықтық қозғалыс жоқ. Дiн мәселесiн – Мұртаза Бұлұтайға, тiл мәселесiн – Мұхтар Шахановқа меншiктеп берген сияқтымыз. Бiттi. Айтса, солар айтады. Бiзге оның керегi жоқ сияқты. Бiздiң өз тiршiлiгiмiз бар. Қоғамдық пiкiр деген атымен жоқ. Халық өзiмен-өзi. Тiл де, дiн де ешкiмге керек емес. Сосын билiктi сынауға көшемiз. Оларды сынап-мiнеуге болмайды. Олардың ой-арманы – бизнес пен ақша. Пайдаға, ақшаға ұлттың да, ұлттық құндылықтардың да қажетi шамалы. Олардан ұлтқа не қайыр? Бiрақ, “билiк жаман” деп қол қусыруға тағы болмайды. Соларды қазақтандыру керек. Ұлттық мәселелерге көңiлдерiн бұруымыз тиiс.

“Қазақты ұйыстыратын идея керек”

Сағатбек Медеубек:
– Бөкең ұлттық рухты iздеген адам екенi көрiнiп тұр. Десек те, жастардың бойында ұлттық намыс, ұлттық рух бар деген пiкiрдемiн. Соларға дұрыс бағыт-бағдар беруiмiз қажет. Бейжiңде өткен Олимпиаданы еске түсiрейiкшi. Бүкiл қазақ халқы бiрiгiп, бiрлесiп елiмiздiң ұландарына тiлеулес болды. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейiн “көгiлдiр экран” алдында телмiрдiк. Бұл ненi аңғартады? Қазақтың ұлттық намысын оятатын, ұлттық рухын көтеретiн ұлттық идеология, арман, мақсат-мүдде ауадай қажет. Соңғы ғасырда әлемде “жаһандану” ұраны қатты көтерiлiп келедi. Бұдан қорқудың қажетi шамалы. “Жаһандану” үрдiсi кешелi-бүгiн басталмады. Адам Ата мен Хауа Ананың заманынан келе жатқан процесс. Ру-рудың бiрiгiп тайпаға, тайпа-тайпаның бiрлесiп халыққа бiрiгуi – адамзат тарихының өн бойында келе жатқан үрдiс. “Жаһандану” процесi күшейген сайын ұлттың өзiн-өзi сақтау сезiмi де артады. Ұлттық тамырына бетбұрыс басталды. Қалдыбай сөзiнiң бiрiнде Айдын туралы сөз қозғады. Орынды-ақ. Бiрақ, қазақтың арасында Айдын сияқты азаматтар көп деп ойлаймын. Бiз бiлмей, танымай жүрген Айдындар қаншама? Өткенге салауат айтып, келешекке нық сенiммен қарау керек. Қазақ баспасөзi ұлттық ұйысуды, ұлттың бiрiгуiн насихаттауы тиiс деп түсiнемiн.

Әмiрхан Меңдеке:
– Менiң өз ойымша, ұлттық патриотизм дегенiмiз – ұлттық рухтың көрiнiсi. Ұлттық патриотизм ұлттық рух бар жерде ғана көрiнiс бередi. Ал қазiр бiзде, өкiнiшке қарай, ұлттық рух өте жұтаң. Әлсiз. Әлжуаз. Дәрменсiз...
Бiр ғана мысал келтiрейiн. Жасы 60-ты алқымдап қалған, 12 баланың анасы атан­ған әйелмен әңгiмелескенiм бар. Әлгi әйелдiң ең үлкен қызы грекке күйеуге шығыпты. Қазiр Грецияда тұрады. Екiншi қызы немiске шығыпты. Бұлар Германияға кетiптi. Үшiншi қызы полякқа тұрмысқа шыққан. Жақында бұлар Белоруссияға қоныс аудармақ. Поляк күйеубаланың туған-туысқандары Минскiде тұрады екен.... «Сiз 12 баланы тәрбиелеп өсiрдiңiз. Бұл – үлкен еңбек. Бiрақ, қазақ қызы ретiнде, қазақ әйелi ретiнде өз қыздарыңыздың қазаққа күйеу­ге шығуын неге қадағаламадыңыз? «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүредi» деген, ендi әлгi үш қызыңыздан кейiнгi оның iнi-сiңлiлерi де өзге ұлтқа үйленiп, өзге ұлтқа күйеуге шығып кетпей ме? Өзiмiздi өзiмiз қадағаламасақ, өзiмiздi өзiмiз сақтауға, қорғауға тырыспасақ, жалпы өзiмiзге берiк һәм ықтият болмасақ, қор боп құрып кетпеймiз бе, «қазақ» деген ұлтты жойып алмаймыз ба?» дедiк әлгi әйелге. «Қойшы, сол қазақты! – дедi әлгi әйел тап бiр өзi қазақ емес­тей-ақ, – Өсек айтудан, пыш-пыштаудан басқа қолынан ештеңе келмейдi... Өз қыздарымның қазаққа емес, грекке, немiске, полякқа күйеуге шыққанына шын жүрегiммен қуанамын. Қор болмайды ендi менiң қарақтарым!»
Бұл мысалдан ненi аңғаруға болады? Дәл қазiр қазақтың қазақтан (оның ұлттық сипатынан, ұлттық құндылықтарынан) жирену (бәлкiм, жиiркену), безiну процесi жүрiп жатыр. Қазақ әдебиетiнiң, қазақ өнерiнiң, жалпы қазақ мәдениетi мен ғылымының орыс тiлiнде «дамығаны» мен «өркендегенiн» қалайтын қазақтар бүгiнгi күнi шаш етектен. Қазақ тiлiн бiлетiндердiң билiкке бармауын, саясатқа араласпауын қалайтындар одан да көп. «Әрбiр екi қазақтың бiреуi» десем, қателесе қоймаспын. Бұл – өте қорқынышты һәм алапат құбыжық-құбылыс. Қайтесiң, бiрақ осы құбыжық-құбылыс бiздiң басымызға да түстi. Бұдан құтылып кетемiз бе, жоқ әлде тұтылып, бiржолата жойылып кетемiз бе, ол жағы беймәлiм...
Қалмақстандағы (Ресейдегi) қалмақтар қазiр дiндерiн қайта жаңғыртып жатыр. Сонау Тибеттен, Кореядан Будда дiнiнiң бiлгiрлерiн шақыртып, ғибадатхана салып, өздерiнiң ежелгi етене дiнiн қолдарынан келгенше қайта жаңғырту үстiнде. «Дiндерiңдi жаңғыртып жатқандарың жақсы екен, бiрақ тiлдерiңдi неге қолға алмайсыңдар?» деп сұрадым қалмақ жазушысынан. «Тiлдi қолға алудан кешiгiп қалдық. Осыдан ең кемi 35-50 жыл бұрын қимылдауымыз керек едi. Қазiр қалмақтардың арасында қалмақ тiлiн бiлетiндер некен-саяқ. Оның өзiнде олар – өлмелi кемпiр-шалдар. Бiз кешiгiп қалдық... Бiз кешiктiк... Бiздi әдейi кешiктiрдi...» дедi қалмақ жазушысы көзiмен жер шұқылап.
Кейде мен де қатты қорқам, «осы бiз де кешiгiп қалған жоқпыз ба?..» екен деп (Лайым мен-ақ қателесейiн!).

Қалдыбай Әбенов:
– Ұлтты сүю үшiн, қазақты жақсы көру үшiн ғұлама болудың қажетi жоқ. Отансүйгiштiк те, ұлттық намыс та адам­ға сәби кезiнде-ақ бойына дариды. Қытайда өткен Олимпиада ойындарында өзiмiздiң бауырымыз Бақыт Сәрсекбаев жеңiске жеткенi белгiлi. Бақыт көк туымызды желбiретiп, әнұранымызды шарықтатқанда, Қытайдың намысын жыртып жүрген қазақ боксшысы Қанат Ислам да Сәрсекбаевтың жанында тұрды. Бақытпен бiрге ол да қуанды. Бұл не? Ұлттық намыс! Ұлттық рух! Қазақты ұйыстыру үшiн кешендi жұмыстарды қолға алуымыз шарт. Мәдениеттi де, өнердi де, спортты да, саясатты да, тарихты да, өмiрдiң басқа да салаларын ұлттық бояумен әрлеуiмiз керек.

Сағатбек Медеубек:
– Кеңес Одағы тұсында коммунистiк идеологияны адамға бала кезiнен бастап санасына сiңiретiн. Бұл шаруаны билiк қолға жүйелi түрде алатын. Бiзде сондай жүйелiлiк жетiспей тұрған сияқты. Осыдан бiрнеше жыл бұрын “Қазақстан” телеарнасы қазақтың ұлттық намысын көтеретiн бағдарламаларды көрсеткен едi. Танымдық жағынан да, тағылымдық тұрғысынан да өте сауатты бағдарламалар жасалды. Ойда-жоқта бұл арнаның басшылығы ауысты да кеттi. Арнада көрсетiлген ұлттық намысты оятуға арналған “Алтын сақа”, “Алтын сандық”, “Ақжүнiс”, “Шынның жүзi” тәрiздi бағдарламалардың көрсетiлiмi кiлт тоқтады. Қазiр мұндай бағдарламаларды мүлде көрсетпейтiн болды. Менiңше, ұлттық мәселеге назарын көбiрек бұра бастаған арнаның басшылығын ұлттық мүддеге қарсы топтар ауыстыруға күш жұмсаған сияқты.

Болат Атабаев:
– Бәлкiм, бұл бағдарламалардың сапасы нашар болған шығар? Мысалы, сiз айт­қан “Ақжүнiстi” мен көргiм де келмейдi. Ұлттық рух деп бөрiк пен шапанды түсiнбеу керек. Бұл – мүлде қате пiкiр. Сiз айтқан бағдарламалардың барлығын көрiп шықтым. Көңiлiмнен шықпады. Бiз кез келген дүниенiң сыртқы формасын, пошымын “ұлттық” деп, ал оның мән-мазмұнын, мағынасын “ұлттық” деп ұқпауымыз керек пе? Мәселе дүниенiң мәнiнде. Мазмұнына терең көз жiбере бiлу қажет. Қазақ бағдарламаларының саны артқаны менi қуантты. Бағыт ұнады. Бiрақ, сапасы өте нашар. Сын көтермейтiн дәрежеде. Жаттанды жансыз сөздермен ұлттық намысты қалай көтермексiз?

“Тiл мәселесiн Сейфуллиннiң кезiнде де шеше алмадық”
Рысбек Сәрсенбай:
– Бөкеңнiң сұрағы орынды. Демек, қайрақ болар қайратты сөз жетпейдi. Жасық, жалтақ, жауыр болған жадағай пiкiрлер намысыңды шаптап түрте алмайды. Тiптi Ғани Қасымовтың өзiне ғана мәлiм мүшелерi бар «Патриоттар» партия­сының жүзiн құрсаңыз да, отан үшiн, ел үшiн, ұлт үшiн намыс жыртар жұртты қалыптастыра алмайсыз. Патриоттығымыздың қандайлық мазаққа айналғанына әлгi «Патриоттар» партиясының серкесi мен аты дардай, iсi жұрдай тiрлiгi айқындап тұрған жоқ па? Қор болған қайран «патриоттар!»
Мәселенi басқаша тұрғыдан сарапқа салсақ. Ұлттық намыстың бар-жоқтығына, ұлттық рухтың қазiргi жағдайына тереңiрек тоқталсақ. Бiздiң бүгiнгi жиынымыздың тақырыбы да, әңгiмемiздiң өзегi де сол.

Тоқтар Бейiс­құлов:
– Ұлттық патрио­тизмдi насихаттайтын бағдарламалардың азайғаны ақиқат. Өткен тарихымызға терең баға берiп үйренуiмiз қажет. Қазақтың ел үшiн, ұлт үшiн жанын сарп еткен батыр тұлғаларымыздың күресi әлi де жалғасын тауып келе жатқан сияқты. Қазiргi жай-күйiмiз бiздiң батыр бабаларымыз бастан кешкен қилы замандардан еш жеңiл емес. Бiрақ, қазақтың кеудесiнде ұлттық рух, ұлттық намыс бар. Оны жоққа шығаруға болмас. Ұлт тұлғалары да аз емес. Өкiнiшке қарай, олардың өмiрi аса ұзаққа созылмайтын үрдiс бар бiзде. Әртүрлi себептермен көз жұмып жататыны рас. Ұлттық рух мәселесiне келгенде көптеген газеттер жұмған ауыздарын ашпайтын дәстүр де қалыптасты. Бұл – өкiнiштi-ақ. Сонымен бiрге бiздiң қоғамда шындықты жасырып, ақиқатты бүркемелеу де кездесiп жатады. “Жас Алаш” сияқты бiрлi-жарым шындықты айтатын, билiктен, шенеунiктерден жасқанбайтын ақиқатшыл газеттер бар, әйтеуiр. Билiк газеттерiнде оқитын мүлде ештеңе жоқ. Ұлттың өзегiн құрайтын екi негiзгi категория – тiл мен жер. Жер мен тiлден айырылсақ, ұлт та құрдымға батады. Қазақ тiлiнiң мәселесi кешелi-бүгiн көтерiлiп жүрген проблема емес. Тiл мәселесi Сәкен Сейфуллиннiң кезiнен айтылып келедi. Сәкеннiң заманында кеңестiк билiк қазақты тырп еткiзбедi, ұлттық мәселенi көтеруге жол бермедi. Бұл – түсiнiктi жайт. Ал қазiр бiз тәуелсiз ел емеспiз бе? Қазақ тiлiнiң проблемасын қазiр шешуге не кедергi? Кiм кедергi? Сәкен қазақ үшiн жанын пида еткен азамат. Ұлттық намысқа, ұлттық рухқа байланысты Сейфуллиннiң көптеген мақалалары бар. Соның бiрiнде С.Сейфуллин “Қазақты қазақ дейiк, қатенi түзетейiк!” деп жазыпты. Ол кезде қазақты “қазақ” емес, “қырғыз” деп атайтын. Мiне, осы мәселенi көтерiп, шыр-пыр болғаны сондықтан. Ал бүгiнгi шенеунiктер қазақ тiлiнiң мәселесiн, қазақ ұлтының мәселесiн көтермейдi де, айтпайды да. Айтуға да, көтеруге де құлықсыз.

Рысбек Сәрсенбай:
– Мұның себебi неде деп ойлайсыздар? Қазақ тiлiнiң мәселесi неге шешiлмейдi? Тiлдi тұғырға қондыруға не тосқауыл?

“Қазақ тiлi “қазақстандық ұлтқа” қажетсiз”
Болат Атабаев:
– Оның себебi де, салдары да айқын. Бәрiмiз “қазақстандық ұлт” болуымыз тиiс. Қазақ тiлi “қазақстандық ұлт” құруға үлкен кедергi. Сондықтан тiл мәселесiн шешуге шенеунiктер құлықсыз. Билiк «қазақ тiлiнiң мәртебесiн, абыройын көтеруiмiз керек» деп бiр айтып қояды. Бiрақ, iс жүзiнде ешқандай қадам­ға бармайды. Астыртын тiлдi жою саясатын жүргiзуде. “Қазақстандық ұлт” дегенiмiз не? Мұны былай түсiндiруге болады. Бурятияда Борисов деген режиссер жолдасым бар. Бiрде ол маған жылап отырып: “Мен өлген, өшкен, құрдымға кеткен ұлттың өкiлiмiн” деген едi. Аты-жөнi орысша. Өмiрде де, сахнада да тек орыс тiлiнде сөйлейдi. Түрi ғана бурят. Болмыс-бiтiмiнiң бәрi де орысқа айналған. Демек, бұл – ұлт жойылды деген сөз. Сол сияқты эскимостар да, нанайлар да ұлт ретiнде құрдымға кеттi. Олар тiлден айырылды. Тiлден айырылған халық ұлттық рухынан да, болмысынан да қол үзедi. Ұлт ретiнде тарих сахнасынан түсiп, келмеске кетедi. Қазақ ұлтын жою үшiн жасалған арнайы жоба да бар. Ұлтты жойғаны үшiн бiр адам Нобель сыйлығын алады. Сол кiсiнiң көңiлiн аулау үшiн, сыйлықты әперу үшiн қазақты ұлт ретiнде жоюға билiк жұмыла кiрiстi.
Қазақтың ұлттық намысы мықты, рухы асқақ дейiк. Олай болса, “мемлекеттiк тiлдi қолдау” митингiсiне неге бар-жоғы 2000-ға тарта қазақ шықты? Қалған қазақ қайда? Олардың намысы қайда? Қазақ тiлi тек Шахановқа ғана қажет пе? Қазiр қазақ екiжүздiлiкке әбден ден бұрған сияқты. Халықты кiнәлауға болмайды деген түсiнiк бар бәрiмiзде. Намыссыз, намысы жоқ халықты неге кiнәламау керек? Абайдың өзi: “Сократқа у iшкiзген, Иоанна Арктi отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенiң жемтiгiне көмген кiм? Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебiн тап та, жөнге сал” деген. Ұлт мәселесiн шешуге халықтың өзi құлықсыз сияқты. Оларға ештеңе емес тәрiздi. Ойланып көрiңiздершi. Мұхтар Шаханов қазақ тiлiнiң мәселесiн көтермегенде, биiк мiнберлерден тiл мәселесiн айқай салып айтпағанда, қазiр қазақ тiлi болмайтын едi. Қазақ та Сiбiр халықтарының кебiн киер едi. Ұлт мәселесiн көтерген Шахановты халық неге қолдамады? Бiрлi-жарым адамдар болмаса, жалпыхалықтық қозғалыс байқалмайды. Американың резервацияда тұратын үндiстерiн бәрiмiз бiлемiз. Бара-бара қазақ та солардың жолын құша ма деп қорқамын.

Сейдахмет Құттықадам:
– Қазақ халқының қазiргi жағдайы өте ауыр. Тарихтың әр кезеңiнде әр ұлттың алдында әртүрлi мәселе тұрады. Бодандықтың құрсауында жүрген ел “егемендi ел, тәуелсiз мемлекет болсам” деген мақсат қояды. Егемендi елдiң де өз проблемалары бар. Халықтың ұлттық рухы биiк болуы мiндет. Намыс пен рух болмаған жерде қуатты мемлекет те, дамыған экономика да, денi сау қоғам да болмайды. Құдай адамды балшықтан соқ­ты емес пе? Содан қолдан соғылған балшықтың бойына рух бiтiрдi. Рух бiтiрмегенде не болар едi? Балшық сол мелшиген қалпында қалар едi. Ұлттық рух пен намыс мәселелерi тек қазақ елiнде көтерiлiп жүрген жоқ. Бұл проблема – Оңтүстiк-шығыс Азия елдерiне де, Латын Америкасына да ортақ мәселе. Әлемде жаһандану процесiне қарсы күрес басталды. Ешкiм қапыда қалғысы келмейдi. Соның салқыны қазақ елiне де келiп жеттi. Бiрақ, бiздiң жағдай күрделi. Кезiнде қазаққа қарсы саясаттың шетiн көрсек, кiнәнiң бәрiн Мәскеуге ысырып тастайтынбыз. Ал қазiр кiмдi айыптаймыз? “Iштен шыққан жау жаман”. Өз iшiмiздегi адамдар қазақ ұлтына қарсы саясат ұстануы тым қауiптi. Десек те, қазаққа қол қусырып отыруға тағы болмас. Шет мемлекеттердiң тәжiрибесiне зер салу қажет. Мысал ретiнде Малайзияның проблеманы қалай шешкенiне тоқталсам. Малайлар дербестiкке қол жеткiзген тұста ұлттың қолында еш билiк болмады. Экономика да, саясат та, мәдениет те, өнер де өзге ұлттардың, дәлiрек айтсақ, қытайлардың бақылауында болды. Сонда олардың премьер-министрi Махатмир Мохаммад мәселенi қалай шештi? Күштi мемлекет құру үшiн, ұлтты биiкке жеткiзу үшiн халықтың қолында экономиканың тетiктерi болуы қажет екенiн малай премьерi жете түсiндi. Экономиканы, қаржы саласын малайлардың бақылауына өткiзедi. Ұлттың әл-ауқатын арттыруды қолға алды. Екiншiден, дiн мәселесiн шешуге кiрiстi. Түрлi дiни ағымдардың жолын кесiп, дiни проблемаларды шештi. Үшiншiден, тiл мәселесiн шешуге белсене кiрiстi. Малай тiлiн мемлекеттiк тiл етумен қоймай, оны ұлтаралық қарым-қатынас тiлi етiп те бекiттi. Тiлдi бiлмеген адам Малайзияда жұмыс таба алмайтын болды. Тiлдi меңгеру жалпыға бiрдей мiндет болып жүктелдi. Iс-қағаздар да тек малай тiлiнде жүргiзiлдi. Ғылым да, бiлiм де, мәдениет те, саясат та, экономика да малай тiлiнде сөйледi. Бұқаралық ақпарат құралдары да малай тiлiнде сөйлеуге, жазуға көштi. Сiздер теледидар неге қазақ тiлiнде сөйлемейдi деп ашынып отырсыздар. Мейлi, телебағдарламалардың түгелге дерлiгi тек қазақ тiлiнде жүргiзiлсiн. Бiрақ, оның сапасы нашар болса, оған сұраныс бола ма? Қазақ тiлiндегi газет-журналдардың да санын арттырайық. Алайда, олардың саны артқанмен, сапасы арта ма? Қазiр қоғамда азаттық жоқ. Дербестiк, тәуелсiздiк болмаған жерде сапалы туынды жасау мүмкiн емес. Билiк қысымды азайтып, цензураны тоқтатса, “Егемен Қазақстанның” өзi де жарқырап шығатындай мүмкiндiгi бар. Шет тiлдерiн үйренуден де қашпау керек. Қазақ тiлi мiндеттi болуы керек те, орыс пен ағылшын тiлдерiн де меңгеруiмiз қажет. Онсыз әлемдiк дамудың жарысына қосыла алмаймыз. Қазақ өз тарихын да зерттеуi керек. Тарихты бiлмейтiндер, тарихын оқымағандар арамызда жетiп артылады. Ұлттық кiтапханада жұмыс iстеген бiр жолдасым бар. Араб, парсы тiлдерiне жүйрiк. Кiтапханада араб тiлiнде жазылған қазақтың тарихына қатысты қаншама құжаттар бар. Соның бiрi де әлi күнге дейiн оқылмаған көрiнедi. Сондықтан тарихымызды терең зерттегiмiз келсе, үйренгiмiз келсе, араб тiлiн де, парсы тiлiн де оқуымыз керек. Ұлттық өнердi де жол­ға қою қажет. Шетелдiктер қазақтың музыкасына, әуенiне аса қызығушылық танытады. Себебi, музыка арқылы қазақтың мiнез-құлқын, болмысын, дүниетанымын, көзқарасын жазбай тануға болады. Тiптi ойлау жүйесiн де зерттеуге мүмкiндiк алады. Сондықтан ұлттық музыкамызды да ұмытпауымыз қажет. Мәселенi кешендi түрде шешетiн кез келдi.

“Қазақ әлемiн Қазақстанның аумағымен шектемейiк!”
Мұртаза Бұлұтай:
– Бүгiн өте маңызды әрi күрделi мәселе көтердiңiздер. Ұлттық патриотизм ұғымының мәнi тереңде жатыр. Патриотизмге анық, айқын әрi дәл анықтама бере алмай келемiз. Баспасөзде де бұл мәселе әр қырынан көтерiлдi, айтылды. Қазақ тiлiнiң қазiргi жағдайы көз алдымызда. Ана тiлiн сыйламайтын, қадiрлемейтiн мемлекетте ұлттық патриотизм қайдан болады? Бұл – бiр. Сонымен қатар қазақ әлемiн Қазақстанның аумағымен шектеуге болмайды. Тарихи себептерге байланысты қазақ ұлтының едәуiр бөлiгi әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде тiршiлiк етуде. Сондықтан қазақтың мәдениетiн, қазақтың тарихын, әдебиетiн, қазақ әлемiн ресми аумақтық-әкiмшiлiк шекараның шебiнде қарау ұлтқа жасалған қиянат iспеттес. Тәуелсiздiкке қол жеткiзген Қазақстан кеңес заманынан қалған “ұлттар саясатын” жүргiзiп келедi. Ұлттық мүддеге қайшы саясаттан қол үзбей жүрмiз. Бiзге мүлде лайық келмейтiн, қазаққа қарсы саясаттан бойымызды алшақ ұстауымыз қажет едi. Өкiнiшке қарай, бiзде олай емес. Осы мәселеге кеңiрек тоқталсам. Шетелдегi жағдайға бiршама тоқталып өтсем. Мәселен, Чехия­ның аз ұлттардың мәселесiмен айналысатын министрлiктiң басшысы қазақ әйелi екенi белгiлi (1962 жылы Алматыда туған Жәмилә Стехликова қазақ ұлтының қызы. Екi жылдан берi Чехияда министр қызметiн атқарып келедi). Армения­да бiрнеше жыл қатарынан сырт­қы iстер министрлiгiн АҚШ-тан келген азамат басқарды. Ұлты – армян, бiрақ Америкада туып-өскен азамат. Грузияның премьер-министрi де АҚШ-та бiрнеше жыл тiршiлiк еткен. Ондаған жылдар бойы шетелде қуғында болып, елге оралған Симон сайлауға түсiп, осы елдiң үкiметiн басқарды. АҚШ-та тәрбие­ленген Адамкус Литвада президент болып сайланғаны мәлiм. Францияның президентi Николя Саркозидiң венгриялық иммигрант екенiн де бiлемiз. Шетелден келсе де, француздар оны бетiнен қақпай, президент етiп сайлады. Англияның Лордтар палатасында да ұлты ағылшын емес азаматтар бар. Германияның парла­ментiнде түрiк азаматтары депутат атанғаны белгiлi. Дiнi де, тiлi де, дiлi де бөлек түрiктердi алмандар шетқақпайлап жүрген жоқ. Оларды бауырына тартып, депутат сайлады. Германияның канцлерi Ангела Меркель Батыс Германияда емес, елдiң Шығыс бөлiгiнде дүниеге келген. Социалистiк тәрбие көрген адам. Бiрақ, ол тұтас Германияның басшысы атанды. Берлин қамалы құлағанға дейiн бiр ел екiге бөлiндi. Батыста 65-70 миллион, Шығыс Германияда 15-17 миллион алман тұрды. Қосылған соң алмандардың арасында жiк шығармау қажет болды Герман­ия билiгiне. Сондықтан алмандар арнайы саясатты қолға алды. Мемлекет “батыс, шығыс алманы” деген ұғымды халықтың санасынан өшiруге күш салды. Бәрiне де бiрдей жағдай жасалды. Ұлтты бөлуге, ел арасында алауыздықтың тууына жол бермедi. Әлемнiң әр мемлекетiнде өмiр сүрiп жатқан алмандарды елге қайтаруға да күш жұмсауда. Германия 82 миллион халқы бар, аумағы кiшкене ғана мемлекет. Адам саны жөнiнен алман билiгi тапшылық көрген жоқ. Жұмыс күшi де жетедi. Бiрақ, Германия өзiнiң туған ұлты алдындағы тарихи мiндетiн орындады. Алман әлемiн Германияның аумағымен шектемедi. АҚШ-ты алсақ. Президенттiкке үмiткер Барак Обаманың әкесi кениялық екенiн бiлемiз. Қара нәсiлдi азамат. Бiрақ, американ халқы оған қысым жасап, алалап отырған жоқ. Бұған дейiн АҚШ-та Мемлекеттiк хатшы қызметiн атқарған Мадлен Олбрайт та Чехияда дүниеге келген едi. Израильдi алсақ та болады. Палестина аумағына қоныс тепкен еврейлер әлемдегi бүкiл еврей жұртын тарихи отанына оралуға шақыруда. Бiр ғана мысал. Кеңес Одағында өмiр сүрген Натан Шаранский Израильде Сауда министрi, премьер-министрдiң орынбасары қызметiн атқарды. Қазiр бiлдей партияның басшысы. Православ шiркеуiнiң басшысы Алексей II Всея Русидiң ұлты – алман. Бiрақ, ол Ресейдiң рухани көсемi атанып отыр. Сыртқы iстер министрi Сергей Лавровтың ұлты – армян. Бiрақ, министр қызметiнде. Жазушы Александр Солженицын да Ресейдiң аумағында тумаған. Алайда, орыстың әсiреұлтшыл жазушысы көз жұмғанда оны президент те, премьер де жерлеуге өз аяқтарымен барып, арулап тұрып мәңгiлiк сапарға аттандырды. Ал қазақтар өздерiнiң ардақты азаматтарына сондай құрмет көрсете ме? Алдан Айымбетов қайтыс болғанда оны жерлеуге билiктен кiм барды?.. Перудi бiрнеше жыл жапон ұлтының перзентi Альберто Фухимори бас­қарды. Перуде жапон диаспорасы атымен жоқ. Тiзiмдi одан әрi жалғастыруға болады. Мұны не үшiн айттым? Айталық, адамның бiлiмi, бiлiгi, бойына бiткен дарыны, тәжiрибесi, еңбекқорлығы тәрiздi қасиеттерi мен дүниеге келген жерi таразының басына тартылсын. Қазақстанда туған қазақтың дәрежесi, салмағы шеттен келген қандасымыздан әлдеқайда жоғары тұрады. Германияда жүрiп қырғыздың белгiлi мәдениет қайраткерi, Қырғызстанның Мәдениет министрi қызметiн атқарған Чолпонбек Базарбаевпен таныстым. Ол кiсi кезiнде Мәскеудiң Большой театрында өнер көрсетiптi. Өзi балет билейдi. Большой театрға орналасу оңай емес екенiн бiлесiздер. Сонда әлгi кiсi маған өзiнiң Мәскеуде қалай жұмыс iстегенiн түсiндiрдi. “Мен қырғызбын. Сондықтан Большой театрда өнер көрсету үшiн маған орыстардан әлдеқайда көп жұмыс iстеуге тура келдi” деген едi. Қазақстанда да отанына керi оралған қандастарымыздың жағдайы дәл сондай. Бұл – қоғамның дертi. Адамның қайда, қашан дүниеге келетiнi оған беймәлiм. Пенденiң қолында емес қой бұл. Ендеше бiз неге шетте туған қандастарымызға қысым көрсетемiз? Неге оларды өзiмiзбен тең дәрежеде қабылдамаймыз? Неге кемсiтемiз? Мәселен, бiреу Түркияда дүниеге келедi. Ендi бiреу Қытайда, Өзбекстанда, Ресейде дүниенiң есiгiн қағады. Бiрақ, ұлты – қазақ . Шекаралас аймақтар болады. Шекараның бер жағында Қазақстан азаматтары тұрса, ар жағында – Өзбекстан азаматтары. Екi жақ та – қазақ. Бiрақ, шекараның ар жағындағылар қазақ елiне қоныс аударса, олар “оралман” болады. Күлкiлi жағдай емес пе?! Мемлекет тарапынан осы мәселелердi шешуге бетбұрыс жасалмады. Қайбiр бағдарламаларға ой бөлiсу үшiн ортаға шақырады. Сондай кездесудiң бiрiнде Әзiмбай Ғали маған қарап: “сен қазақ емессiң” деген едi. Әуезхан Қодар да менi түркиялық “миссионер” деп айыптады. Мұндай пiкiрдi көшедегi адам айтса, бiр жөн. Әйтпесе, қазақ емес, өзге ұлттың өкiлi айтса да, ештеңе етпес едi. Бiрақ, бұл азаматтар өздерiн нөмiрi бiрiншi ұлтжандылар қатарына қосып жүр емес пе? Ендеше оларға не жорық? Шеттен келгеннiң бәрi “тыңшы”, “миссионер” емес шығар? Миға қонбайтын, қисынға келмейтiн пiкiрлер. Адам болған соң оның iшiнде аласы да, құласы да болады. Қазақстанда ержеткен адамдардың iшiнде де қараниеттiлер жоқ емес. Соның айқын көрiнiсi ретiнде әрқайсысы бiрнеше жыл­ға темiр тордың ар жағына тоғытылған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты алсақ, соның өзi жетiп артылады. Қазақстандағы қазақтың саны 9 миллионнан сәл ғана асты. 5 миллион қазақ шет мемлекеттерде тұруда. Бұл аз ба? Аз емес. Оларды бауы­рымызға тартып, туған елiне қайта әкелуiмiз керек емес пе? Тәуелсiздiгiмiздiң 17 жылында қазақ елiне небәрi 1 миллионға жуық қана қандасымыз керi оралды. Олардың жағдайы мәз емес. Мартин Лютер Кингтiң қозғалысына дейiн АҚШ-тағы қара нәсiлдiлердiң жағдайы қалай болса, Қазақстанға қайтып келген қандас­тарымыздың да жағдайы дәл сондай. Олар екiншi сорттағы адамдар сияқты. Мұндай алалау кеңестiк саясаттың жалғасы сияқты. 1960 жылы елiмiзге көршi Қытайдан 200 мыңға тарта қазақ қандастарымыз елге оралды. Кеңес билiгi қытай елiнен келген қазақтарды қол астындағы Қазақстанның қазақтарынан оқшаулауға мүдделi болды. Мiне, қазақты екiге бөлгенi де сондықтан. Соны санаға сiңiрiп, қазақтың құлағына әбден құйды. Әйтпесе, қазақтар бұған дейiн “қытай қазақ”, “моңғол қазақ” деп бөлiндi ме? Қазақ қазақты өзегiнен тептi ме? Тарихымызда ондай нәрсе әсте болмаған. Қазақтың болмысына жат дүние. Мемлекет осындай келеңсiз құбылыспен күресуi тиiс едi. Шеттен келген қандастарымызды бауырына тартып, оларға жағдай жасауы керек едi. Жақында электронды поштама Жапониядан хат келiптi. Маған таныс емес адамнан. Жапониялық саясаттанушы маман Алматыға келiп, мемлекеттiң репатрианттарды шақыру бағдарламасын зерттемек. Шет мемлекеттерден келген қандастарымыздың жай-күйiмен таныспақ. Соған орай менiмен сұхбаттасып, сөйлеспек көрiнедi. Жобаны қаржыландырып отырған Жапонияның Даму институты екен. Қазақтарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жапондардың бiздiң елдегi репатрианттардың жағдайын зерттеуi көп нәрсенi аңғартады. Бiздiң өзiмiз жасамаған шаруаны шетелдiктер қолға алмақ. Ендi тағы бiр әңгiмемдi айтайын. Таяуда Сауд Арабия­сындағы Қазақстан елшiлiгiнен маған хат келдi. Халифа Алтай, менiң әкем Жүнiс қажы және Мұхаммед Салық 1947 жылы Үндiстанда бiрге болыпты. Сонда Мұхаммед атамыз небәрi 7 жаста көрiнедi. Әке-шешесi әлдебiреулердiң қолынан мерт болып, 7 жасар бала өзiнен 6 жас үлкен әпкесiмен шетелде қалады. Әпкесiн ұйғырдың саудагерi әйелдiкке алады. Бала да сол әпкесiмен бiрге әлгi саудагердiң қолында тұрады. Барлығы қосылып Сауд Арабиясына көшкен көрiнедi. Қазiр ол кiсiнiң жасы жетпiске тақады. Балалы – шағалы екен. 6 баласы бар. Таяуда сол кiсiден елшiлiк арқылы хабар алдым. 60 жылдан аса уақыт араб жерiнде ғұмыр кешкен ақсақалға тiптi азаматтық берiлмептi. Балаларының бәрi де Сауд Арабиясында дүниеге келген, сол елде өсiп, ержеткен. Бiрде-бiреуiне арабтар азаматтық бермеген. Қарияның бар мақсат-арманы туған елiне жетiп, қалған өмiрiн қазақ жерiнде өткiзу. Қазақ елiнен топырақ бұйырса деп армандап отыр. Екi қызы бар екен. Ол қыздарын арабтарға күйеуге бермей отырған көрiнедi. Сол кiсiге қолымнан келгенше көмек көрсетiп бақтым. Қазақтiлдi баспасөздiң бетiнде Мұхаммед қарияның тағдыры туралы жаздым. Көп ұзамай бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi хабарласып, маған көмек көрсеттi. Ол кiсi министрлiкке шығып, ақсақалға көмек көрсетуге күш салды. Атамыз отбасымен бiрге елге көшiрiлетiн болды. Ол кiсiнiң әлеуметтiк тұрмысы төмен екен. Соған жәрдем беремiз деп те уағдаластық. Бiр қызығы, Дербiсәлiден басқа бiрде-бiр ұлтшыл, бiрде-бiр қоғам қайраткерi, зиялы қауымның өкiлi қарияға жәрдем беруге құлшынбады. Тiптi хабарласқан да жоқ. Мiне, қазақтың ұлттық патриотизмiнiң айқын көрiнiсi осы. Қазақстан шеттегi қазақтар­ға көмек көрсетпек түгiлi, өз iшiмiздегi қандастарымызға еш көңiлiн бөлiп отырған жоқ. 1 миллион қазақтың тағдыры оларды неге толғандырмайды? Қазақтың проблемаларына еш назар аудармайды. Қазақ бiртұтас ұлтқа айналуы керек. Қазақ ұлтының басы тәуелсiздiк жылдарында қосылмаса, бiр тудың астына бiрiкпесе, онда бiздiң болашағымыз бұлыңғыр.
Қазақ бөлiнiп бiттi. Дiн жағынан бөлiндi. Қазақ тарихында дiнге бөлiнбеген едi. Мәселен, алмандар протестант пен католик болып 16 ғасырдан берi екiге жарылды. Ал қазақтар қашан бөлiндi? Бөлiнбедi, бiртұтас болды. Тiлiне қарай да бөлiндi. Қазақтiлдi қоғам бiр бөлек, орыстiлдi қоғам бiр бөлек өмiр сүредi. Ендi “оралман”, “жергiлiктi” қазақ болып бөлiндi.

Рысбек Сәрсенбай:
– “Американдық патриотизм” туралы бәрiмiз жақсы бiлемiз. Олардың патриоттық сезiмдерiн Америкаға барсаңыз да байқайсыз, АҚШ азаматымен кездессеңiз де көресiз. Қазақтың, қазақстандықтардың, яғни елiмiздi мекендеген бас­қа да ұлттардың бойынан сондай патриотизм неге байқалмайды? Бұған не кедергi? Әлеуметтiк жағдайымыздың нашарлығы ма? Қоғамды дендеген жемқорлықтың кесiрi ме? Қазақтың айналасында алып мемлекеттер жатыр. Оның бетiн әрмен, бiрақ елiмiздiң шетiне жау тисе, халық елiн, жерiн қорғай ала ма? Бiрiгiп, бiрлесiп, жауға қарсы аттана ма?


Болат Атабаев:
– Тарихқа көз жүгiртсек, соғыстың қоғамды бiрiктiрушi фактор екенiн бай­қаймыз. Қақтығыс бола қалған жағдайда бәрiмiз де бiрiгемiз. Жалпы, тобырдың психологиясы сондай. Ендi “американдық патриотизмге” тоқталсам. Мәселе бұл елдiң экономикалық жағдайында сияқты. Мысалы, қазақ жерiне американдықтар келсiн. Бiз оларды сыйлап, ардақтаймыз. Қонақ деп күтемiз. Оларға иiлiп қызмет көрсетiп, көңiлiн аулауға тырысамыз. Американдықтар бiзден жоғары сияқты көрiнедi. Олар да соған малданады. Қалталарында ақшасы бар, кез келген нәрсенi сатып алады. Жағдайлары жақсы. Мiне, осыдан олар өздерiнiң “американдық” екенiн артықшылық сияқты көредi. Өздерiнiң “американдық” болғанын мақтаныш тұтады. Олардың елдерi халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағда­йына жете мән берген соң тиiсiнше қарапайым халық та Американы сүйедi. Бiзде олай емес. Ондай жағдай қазақ халқы үшiн арман ғана.

Сейдахмет Құттықадам:
– Расында, мемлекет қарапайым халықтың мұң-зарына көңiл бөлiп, олардың мақсат-мүддесiн қорғап отырған жоқ. Өздерiн сыйламайтын, қадiрлемейтiн мемлекеттi халық қолдай ма? Қолдамайды! Ел басына күн туса, қазақ жерiн тастап, алды-артына қарамай, шетелден бiр-ақ шығатын азаматтар көп арамызда. Бай-бақуаттылардың қаржысы шетел банктерiнде сақталады. Олардың ақшасы қай жерде болса, отаны да сол елде. Олар үшiн қасиеттi ұғым жоқ. Отансүйгiштiк деген олар үшiн жат түсiнiк. Мемлекет халықты бауырына басып, елдiң, ұлттың жағдайын ойламайды. Мұндай мемлекеттi халық та қажет етпейдi. Бұл – тым қауiптi үрдiс. Тарихымызды жөнге келтiру керек. Ұлттық сезiмдi, ұлттық намысты ояту қажет. Қазақтың тарихын қайтадан жазып шығу керек. Тарихтағы қателерден арылу керек. Рухани саладағы проблемаларды шешпей, ұлттық намысты оята алмаймыз. Халық мемлекеттi сыйламайды, билiктiң сөзiне мүлде сенбейдi. Билiктiң қадiрi қашты.

Мұртаза Бұлұтай:
– Өткен ғасырда қазақ талай мықты азаматтарынан айырылды. Алашордашылардың көзiн империалистiк билiк жо­йып тынды. Себебi, бүкiл мұсылман елдерiнiң арасынан Алаш ардақтыларына бiлiм жағынан, көрегендiлiк жағынан, iскерлiк, қайраткерлiк жағынан ешкiм жете алмады. Кремль мұны айқын түсiнiп, өздерiнiң билiгiне қауiп төндiретiн азаматтарды құрбан еттi. Содан берi әлi бас көтере алмай келемiз. Ұлттық намысымыз аяқасты етiлдi. Қазiр ондай ұлттық намыс қазақтың бойында жоқ. Мәселен, қытайларды алайық. Қытай ұлтының азаматтары қай елде тұрса да, өздерiнiң тарихи отандарына қызмет етедi. Олардың ортақ мақсаты, арманы, ұлттық мүддесi бар. Бiр сөзбен айтқанда, ұлттық идеологиясы мықты. Ал бiзде ондай идеология, идея неге жоқ? Қытай билiгi шетелдерде тұратын қытай диаспорасының жай-күйiнен үнемi мағлұмат жинайды. Шет мемлекеттерде тұратын қытайлардың санын бақылауда ұстайды. Бiз неге солай жасамаймыз? Тәуелсiздiк алған жылдардан кейiн қазақтың қанша азаматтары шет мемлекеттерге көштi? Бұның санын кiм бiледi? Билiк қайда қарап отыр? Осы мәселелердi мемлекет өз бақылауында ұстауы керек. Сонда ғана қазақта ұлттық намыс, ұлттық рух болады.

“Оралмандар мәселесiмен ешкiм айналыспайды”
Рысбек Сәрсенбай:
– Шет мемлекеттерден елге оралған қандастарымыздың саны миллионға жеттi. Солардың жағдайымен танысып, олардың проблемаларын шешетiн ұйымдар елiмiзде бар ма?
Мұртаза Бұлұтай:
– Ондай iстермен шұғылданатын ұйымдарды бiлмеймiн. Осыдан 4-5 жыл бұрын бұл мәселелермен БҰҰ шұғылданған едi. Американдықтар, түрiктер де бұл мәселемен айналысты. Ендi кезек жапондардiкi сияқты. Алайда, қазақ ұйымдары немесе мемлекет бұл шаруаны қолға алды дегендi естiмеппiн.
Рысбек Сәрсенбай:
– Меймандарымызға ортақ сауал қойсақ. Әрқайсыңыз жеке-жеке жауап берсеңiздер. Билiкте жүрген азаматтардың арасында ұлттық намысы да, ұлттық рухы да жанып тұрған, ұлт үшiн отқа да, суға да түсетiн тұлғалар бар ма?
Тоқтар Бейiсқұлов:
– Ұлт үшiн жанын пида етуге әзiр тұлғаны билiкте жүргендердiң арасынан көрмедiм. Ондай тұлға жоқ тәрiздi.
Мұртаза Бұлұтай:
– Билiкте ұлтын сүйетiн азамат жоқ деу қиын, әрине. Мемлекетшiл, ұлтшыл тұлғалар бар сияқты. Соның iшiнде жарқырап тұрған тұлғаны мен де көрiп тұрғам жоқ.
Қалдыбай Әбенов:
– Қазақ үшiн күйiп-пiсiп, жанын отқа да, суға да салуға әзiр азаматты мен көрiп-бiлген емеспiн. Ондай адам билiкте жоқ.
Болат Атабаев:
– Жоқ емес сияқты. Үмiттенемiн. Бар деп сенгiм келедi. Қазақтардың тұрмыстық мәселесiн шешуге қолғабысын тигiзгендер бар. Оларды бiлемiн. Бiрақ, ұлттық идея қалыптастыруға, ұлт, ел үшiн күш жұмсайтын тұлғалар бар деп айта алмаймын.
Сейдахмет Құттықадам:
– Билiкте ондай тұлғалар мүлде жоқ деп айтуға аузым бармайды. Үш-төрт азаматты атауға да болады. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қасым-Жомарт Тоқаев және Қуаныш Сұлтанов сияқты азаматтарды мемлекетшiл тұлғалар деп бiлемiн. Алайда, iшiнде жарқырап көзге көрiнген тұлға жоқ.
Әмiрхан Меңдеке:
– Өмiрзақ Шөкеев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әлiбек Асқар, Дархан Мыңбай, Ерлан Қарин, Берiк Әбдуәлиев... Жоғары жақта жүрген бұл азаматтардың ұлтқа жаны ашитынына сенiмiм кәмiл.
Рысбек Сәрсенбай:
– Билiк президент Назарбаевты жалпыұлттық лидер етiп көрсеткiсi келедi. Президенттi кез келген мәселенiң бастамашысы етiп, сол кiсiнiң арқасында ғана iске асып жатқандай әспеттейдi. Ал бiздiң президент шын мәнiнде сондай халықтың құрметiне лайық па? Ұлтқа сiңiрген еңбегiн қалай бағалар едiңiздер?

«Үмiтенiп едiм, көңiлiм қалды»
Болат Атабаев:
– Президенттiң еңбегi ересен. “Қазақстандық ұлт” идеясын насихаттап жүр. Сол үшiн де оны ардақтап, төбемiзге көтеру керек. (Мысқылмен). Нұрсұлтан Әбiшұлы президент болып алғаш сайлан­ғанда, ол кiсiден үмiттенiп едiм. Кейiн көңiлiм қалды. Сөзi мен iсiнiң арасында алшақтықты көрген соң президенттен түңiлдiм. Президенттiң ұлтқа сiңiрген еңбегi бар да шығар. Бiрақ, оның еңбегiн қазiр қоғамда қалыптасқан проблемалар жоққа шығарды. Елдiң сенiмсiздiгi күшейдi. Елдi жемқорлық жайлады. Қазақ алақан жайып, қайыршының күйiне құлдырады. Жер сатылды. Қазақтың байлығы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi. Тiл де жойылудың аз-ақ алдында. Мiне, осы проблемалар президенттiң еңбегiн еш еттi.

Қалдыбай Әбенов:
– Қазақты құрбан етуге бағытталған “қазақстандық ұлт” пен “үш тұғырлы тiл” тәрiздi идеяларды қолдауға болмайды. Ал бұл идеяларға кiм қолдау бiлдiрiп отыр? Президенттiң ұлтты көркейту үшiн сiңiрген еңбегiн өз басым көрген де, естiген де емеспiн.

Сейдахмет Құттықадам:
– Мемлекет басшысына әдiл баға беру үшiн қоғамдағы жағдайға зер салуымыз керек. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елiн 20 жылға жуық уақыт басқарып келедi. Мемлекетте, қоғамда қандай жағдай қалыптасты? Осы сұраққа жауап iздеген адам президентке әдiл баға бере алады. Қоғам күрделi жағдайда тұр. Сондықтан да президентке жоғары баға бере алмаймын.

Рысбек Сәрсенбай:
– “Бiрдiң үлгiсi – мыңға өнеге”. Билiктегi азаматтардың ұлттық патриотизмi жалындап тұрса, қоғамда да отансүйгiштiк сезiм мықты болар едi. Өкiнiшке қарай, ондай тұлғалар ортамызда аз. Тiптi жоқтың қасы деуге де болады. Президентке баға беруге келсек. Жақында 20 студентпен кездесу өткiздiк. Солардың арасында бiрнеше сұрақ қойып, сауалнама жүргiздiк. Сауалдардың арасында “президенттiң қызметiне қандай баға берер едiңiз?” деген сұрақ та болды. Сонда “өте жақсы” деген баға берген бiрде-бiр студент болмады. Қалған жауаптарға назар аударыңыздар: “Жақсы” – 2, “нашар” – 14, “өте нашар” – 3, “бiлмей­мiн” – 1. Байқасаңыздар, жастардың едәуiр бөлiгi президенттiң қызметiне төмен баға берген. Бұл өте – қатты ойлантатын жағдай. Елi үшiн еңiреп тұрған ер болса, басқаша баға берiлер ме едi? Әрине, бiз басшыны тәуелсiз мемлекетiмiздiң мүддесiне қызмет ететiн тұлға ретiнде танығымыз келедi. Оның өзi де соған ұмтылатыны ақиқат. Жалған мадақтап, көпiрме сөзбен көсем жасайтын айналасындағылардың тәттi сөзiн тыңдай бермей, ашығын, ащысын айтқан, тiптi тым түңiле, түңiлдiре бағалаған басқа пiкiрлерге де құлақ түрсе, жөн емес пе? Шымбайға батар шындықтың бетiне тура қарап, лауазымын, топ бастаушылық (лидерлiк) шамырқануды ысырып тастап, «мынау елдiң жайы, ұлттың тағдыр-тәлейi, бүгiнi қалай, болашағы не болмақ?!» деген сауалға шынайы жауап iздесе, сол бағытта қарекет жасап, қателiктерден арылса, елдiң де берер бағасы оң болар. Ұлтымыз­ға да, басшылар мен қосшылар­ға да намыс керек! Ой-пiкiрiмiздiң түйiнi осыған саяды.
Дөңгелек үстелге қатысып, ойларыңызды ортаға салғандарыңыз үшiн ризашылығымызды бiлдiремiз.
Дөңгелек үстел әңгiмесiн қағазға түсiрген
Азамат Байұзақұлы
[1] Намысы мен рухын жоғалтқан ұлт бәрiн де жоғалтады, «Жас Алаш» газеті, №80(15330), 07.10.2008 ж., 4-5 беттер

АЛЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ КӨП

АЛЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ КӨП[1]«Қазақтың туған елден, ата-қонысынан ауа көшуінің тарихы біз ойлаған мерзімнен әріде жатыр» – дейді тарихшылар. Сонау, Абылай заманында қара басын емес, үрім-бұтағын аман сақтап қалуды ойлаған қазақтың аз ғана шоғыры Сарыарқаны тастап, Алтай тауына, Тарбағатай жеріне бет алыпты. Орыс боданына өтіп, шекара сызығы тартылған кезде арғы бетте, Тарбағатайдың етегінде қалып қойған қазақ көшпенділерінің бір шоғыры Қытайдың темір ноқтасына басы сыймай бір бұлқынып, Тибет, Гималай тауын асып, Пәкстанға ат басын тірегені тарихтан белгілі. 1941 жылы Қытай жерінен ауа көшкен 18 мың қазақтың 1 мыңы үнді жеріне аман-есен жетіпті. Сырт елдердегі қазақ көші жайлы Халифа Алтайдың ұлы – Әбдіраим Алтай: – Өткен ғасырдың екінші жар­­тысында Үнді елі Үнді жә­не Пәкстан болып, екіге жа­рылғанда қазақтар мұ­сыл­мандар жағында қалды. Сол жылдары қазақтар Пәк­станда Шығыс Түркістан қа­зақ көшпенділер қоғамын құр­ды. Менің әкем Халифа Ал­тай сол қоғамның басы-қа­сында жүрді, – дейді. Сонымен, 1950 жылдары Түрік елінен саяси баспана сұра­ған қазақтарды олар оң қа­бақпен, жылы құшақпен қар­сы алады. Бұл жайлы Түр­кия жерінде тек қазақ ұл­ты шоғырланған Алтай, Қа­зақкент ауылдарының тасын қа­лаған қазақ азаматтары­ның бірі Жүніс Бұлұтай (Мұр­таза Бұлұтайдың әкесі) «Ұр­паққа аманат» атты есте­лігінде: – 1951 жылы Пәкстанға Түр­кияның елшілігі келді. Түркияға кетсек деп өтініш берген едік, түрік үкіметі «1953 жылы аламыз», – деп қа­был етті. 1950 жылы Қы­тай­дан қашқан қазақтар легі Кәшмірге келді. Солтан тәй­жі, Құсайын тәйжі, Қа­либек, Хамза Шөмішбайұлы, Дә­лел­хан Жанымханұлы, Омар Байқонақұлы, Хасен батыр, Қарамолда. Бұл адамдар екіге бөлініп, Түркияға кетті. 1952 жылы жартысы, 1953 жы­лы жартысы кетті. Кейі­нірек біздер Түркияға кетуге ыңғайландық. Түрік үкіметі «Түрік шекарасына келгенше өз ақшаларыңмен келесің­дер. Одан кейін бүкіл шығын­ды түрік көтереді» депті. Үн­діс­тандағы Бомбей қаласы­нан келетін жолаушы таси­тын кеме Пәкстанның Ка­рачи­ қаласына 8 күнде бір ке­леді. Бомбейден телефон со­ғып сұрайды, кемеде қанша кісі­лік бос орын бар деп. Оған қа­рай адамдарды әзірлеп тұрады. 1953 жылы қараша айының басында 114 кісі кемеге мініп, жолға шықтық. 8 күн, 8 түнде Ирактың Басра деген қаласына келдік. Бұл жерден пойызға мініп, бір жарым тәулікте Ирақтың орталығы Бағдатқа жеттік. Бұл жерде 8 күн тұрып, пойыз­ға мініп, түрік шекара­сын­дағы Нұсайбин деген қа­ла­дан пойызбен Ыстамбұлға келдік. Ыстамбұлға келген­дерді екіге бөліп, мүсәпір­ха­наға (босқындар үйі) тұрғы­за­тын болды. Бірі Сіркежи, екіншісі Зәйтүнбұрны деген жерде болатын. Күнде 3 уақыт әзір тамақ, әзір төсек, ішіп-жеп, 2 жыл жайлы тұр­дық. Түрік үкіметі біздерді жақсы қарсы алды, асырап бақ­ты, азаматтық берді. Оқи­мын дегендерді оқытты, кәсіп үйренгісі келетіндерді жұ­мыс­қа алды. Бұдан кейін бө­ліп-бөліп, тізімін алып, қа­лауына қарай қазақтарды қа­лаға, ауылға орналастыра­тын болды.1955 жылы біз 160 үй Ни­да аймағы, Ұлұкышла ауда­ны, Алтай ауылына орна­лас­тық. Біз үшін көршілес түрік ауыл­дарының жерінен жер бө­ліп, тастан үй салып берді. Адам басына 30 дөнім (1 дө­нім 1,000 м2) егін салатын жер бер­ді. Үкімет балалар оқитын мектеп салып берді. Өзіміз намаз оқитын мешіт, биіктігі 30 метрлік мұнара салып алдық. Трактор алып, егін сал­дық. Арпа, бидай жауын жау­са шығады, жауын жау­ма­са жақсы шықпайды. Қой-еш­кі алдық. Мұнымен 18 жыл­ды ауылда өткіздік. Кейін­гі жастар ауылда тұр­май­мыз, қалаға барып, сауда жасаймыз, шетелге барып жұмыс істеп, ақша табамыз деп кете бастады. Германия, Франция, Голландия, Англия, Америкаға кеткендер болды, – деп жазған болатын. Өткен жылы түрік жерін­де­гі Алтай ауылының ірге кө­тер­геніне жарты ғасыр бо­лып­ты. Айтпақшы, Алтай­дың жарты ғасырлық тойын атап өту жайлы ұсыныстың басы-қасында жүргендер де сол екі ауылдың азаматтары екен. Бұл жайлы Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев былай дейді: – Бірде Түркиядағы Ал­тай ауылының әкімі Хасан Алтай жұмыс кабинетіме келіп, «Түркиядағы Алтай қазақ ауылының ірге көтеріп, өз алдына қазақ шаңыра­ғы­ның пайда болғанына жарты ға­сыр болды. Соны атап өтіп, он­дағы қазақтардың рухын бір көтерсек қайтеді» деп жөн сұ­рай келіпті. Мен бұл жайт­ты сол жақтағы қазақ елі ел­шілігі арқылы шешуге бола­ты­н­ын айтып, шығарып сал­дым. Көп ұзамай, Түркияда­ғы бұрынғы елшіміз Бейбіт Исабаев қоңырау шалып, Ал­тай ауылының әкімінің қабыл­дауында болғанын, бас­таманы аяқсыз қалдыр­май­тынын хабарлады. – Бірақ асығыстыққа жол беріп алмайық. Алтай мен Қазақ­кент ауылдарының бүгінгі тұрмысымен танысып қайтайын, – деген еді ол. Түркия жеріндегі қазақ ел­шісінің бастамасын бір ауыз­дан мақұлдаған Нигда про­винциясының басшы­лары Алтай ауылын жалғай­тын ұзындығы 17 шақырым­дық жолды күрделі жөндеу­ден өткізіп, ауыл кейпін жаңартуға атсалысыпты. Оны естіп риза болып қал­дық. Мереке күндері Алтай ауы­лында болған Халифа Алтайдың бәйбішесі Бибатша Алтай:– Алтайда Еуропада жүр­ген қайындарымның, туған-туысқандардың төрт көзі түгел жиналды. Кәсіп іздеп, туып-өскен жерлерінен жы­рақта жүрген балалар туған топыраққа келіп, қарлығаш – қанаттарымен су себелеп, жырақта жүрсе де, айналып соғатын түпқазықтарының беріктігіне тағы да көздері жетіп кетті, – дейді толқып. Бір айта кетерлігі, Нигде про­винциясы губернатор­лы­ғы мен қала әкімдігі арнайы ше­­шім қабылдап, іс-шараны өт­­кізуге байланысты ұйым­дас­тыру комитетін құрған екен. Оның жоғары деңгейде өтуіне Түр­кия­ның Сыртқы істер, Мәдениет және туризм министрліктері, сон­дай-ақ осы елдің Премьер-ми­нистрі­не қарасты Түрік ынты­мақ­тастық және даму әкімшілігі төрағалығы қолдау көрсе­тіп­ті. Бұл жайлы Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­ның төрағасы Талғат Ма­ма­шев мырза: – Мұның алдында Абай­ға, Қабанбайға ескерткіш қойған тү­рік ағайындар енді айбынды Анкараның дәл ортасынан Абы­лайымызды да асқақтатып берді. «Дәл осы қазақ ауылында осыдан 50 жыл бұрын көшіп келген 160 отбасының аттары қа­шал­ған ес­керт­кіш қойылды. Сол жерде киіз үй сәулетін­де­гі «Қазақ үй» мұра­жайы ашыл­ды. «Еруліге – қарулы» де­меуші ме еді халқымыз, ала­сапыран заманда тегі түрік бауырын жат көзге жәутеңдетпей, бауырына басқан түріктердің қазақ бауырларына деген ынта-ықыласының қарымтасы ретінде Ататүрікке де тө­рімізден орын берсек, артық болмас еді , – деген сөзінің жаны бар сияқты.Түйін:Күні кеше ғана сол Алтай ауылының әкімі Хасан Алтай қазақ жеріне келіп кетті. Туған жерден жырақта орналасқан қазақ ауылының көшін бастап жүрген Хасан бауырымыз ауыл-елдің дін аман екендігін, Алтай ауылының мерейтойы ондағы қазақтардың еңсесін көтеріп, абыройын асқақтатып кеткендігін айтып, көңілді бір демдеп қойды. Алаңдайтыны – қазақы ауылды мекендеп жатқан бауырларымыз жыл өткен сайын қазақтық болмысынан айырылып, еуропаланып –түркіленуге бет алғандығы. Бұл жайттар бір кездері атасының шалғайына жармасып, бірге еріп кеткен, бүгіндері жастары 70-80-ді алқымдап қалған көнекөз қариялардың қатары сиреп, жастарының арасында ата-жұрт деп елеңдейтін адам да қалмай қала ма деген қауіпке бой алдырады.Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
[1] «Айқын» газеті, №185(1122), 02.10.2008, 30-бет.

суббота, 25 октября 2008 г.

БАУЫРЫМ МҰРТАЗАҒА 1992

БАУЫРЫМ МҰРТАЗАҒА[1]


Сағыныштан сарғайып алыста жүрген жарығым,
Жағайыншы Азияға сен аңсаған Исламның жарығын,
Қол үздi деп бiздi дiннен суып кеткен жүрегiң,
Сәулесiнен жылынсыншы бiз жаққан сол жалынның!

Бiз жаққан от сенiң отың, бабаң жаққан қоламта,
Түпкiрiнде жүрегiңнiн сақталып жүр ол жақта,
Елдi көрiп дiннен безген, жердi көрiп мұңайма!
Ақ таңымен азаттықтың бiз де ояндық бұл жақта!

Сөндiрмеймiз ендi ешқашан арманыңның алауын,
Ту етемiз барша әлемге Исламның жалауын,
Желбiресiн Ислам туы жетпiс жыл жер құшқан жоқ!
Көкiректен Пайғамбардың ақ кептерi ұшқан жоқ!

Туған жер деп көкiрегi мұңға толып,
Адаспасын үйiрiнен өзiңдей боп құлындар!
Өшiрмеймiз Ислам отын қоламтаңнан қол үзбе,
Күйiп кетсiн сол жалынға «кәпiр» деген зұлымдар!


Бауырың Рыскүл Бәрiмбекқызы

6 қаңтар 1992 ж.
Бишкек қаласы 720082 М/Р Көк-Жар 5-үй 118 кв
Тел. 43 55 09 үйдiкi
[1] Бұл шағын жырды 6 қаңтар 1992 жылы Бишкекте өткізілген Қырғызстан мұсылман әйелдер одағының құрылтайында сөйлеген сөзімді естіп отырған Рыскүл апай жазып, құрылтайға қатысушылардың алдында оқып берген еді. Рыскүл апайды одан кейін көрген емеспін. Аллаһтан амандық тілеймін.

понедельник, 29 сентября 2008 г.

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ 2001 ж.

Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы


ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ

Ғылым және технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірін оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптарды бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Хақ дін Исламды да шарпып өтетін осы мәселенің мән-жайы хақында өзімнің ойларымды былайша түсіндіргім келеді.
Исламият адам және табиғат жаратылысымен толық санасатын, адамның тумысынан пайда болған қажеттіліктерін жауыз санамайтын, оларды дұрыс һәм қажетті деп көретін нағыз орта жол. Мәселен, үйлену, жеп-ішу, жұмыс істеу, байлық тілеу, меншік жинау, араласу, ғылым іздену, тазалық, жыныси қажеттер т.т. осылардың күллісі де жұмыр басты пенденің бәріне қажетті нәрселер. Ислам жыныстық қатынасты шектемейді, не болмаса дін жолында жүрмек болғандар үйленбесін, жанұялы болмасын демейді, қайта, үйленуді, балалы-шағалы болуды, жанұя мен қоғамды сақтауды насихаттайды. Тек, адамның жаратылысымен пайда болған әр түрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан, зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді.
Түркілер кіріп-шыққан манихейшілдік, бұддашылдық, маздак сықылды діндерде ет жеуге, мал союға мүлдем тыйым салынғаны белгілі. Кейін қабылданған христиандықта болса монахтардың (еркек яки әйел) үйленуіне, бала қызығын көруіне тыйым салынған. Кейбір діндер дүниелікті жауыз, күнәкарлық деп санаған да дүние-мүлік жинауды жексұрын ғып көрсеткен. Пайғамбарымыз жомарт байларды мадақтап, мұсылмандарды саудамен шұғылдануға, саудада адал болуға және қайырымдылық жасауға шақырған. Исламият дүниелік байлықты харам деп санамайды. Әбу Бәкір, Осман сықылды сахабалар өз уақытында дәулетті адамдар еді. Бірақ, дүниелік жинау өмірдің, жаратылыстың басты мақсаты болмауы керек. Аллаһ Тағалаға жақындататын жолдың бәрі халал, ал Оның разылығынан алшақтататын әр нәрсе жағымсыз, харам болып саналады, міне, критериямыз осы болмақ.
Маркстік фәлсәфә жеке меншікті (мүлкият) жамандық атаулының қайнар көзі деп санаған; сондықтан, меншікті құрытсақ, қоғамдағы барлық жамандықты жоямыз деп ойлаған. Бірақ, тәжрибе мұның солай болмағанын көрсетті. Үйткені, меншік сезімі адамның жаратылысында (фитрат) бар нәрсе, меншікті жою жаратылыс заңдарына қайшы келеді. Адам болмысындағы нәпсі, меншік хұқұғы болмаса да өзінің арманына жету үшін басқа қайла-шарғыларды іздейді, табады. Бұл болса қоғамда жаман қылықтардың көбеюіне, ахлақсыздыққа, құлдыраушылыққа (коррупция) апарып соқтырады. Сондықтан, Исламияттың нағыз орта жол екені, қайталап айтқанда машрұғ (шарғи, заңды) талаптардың харам саналмағаны анық болады.
Исламиятта фұндаментализм, экстремизм, терроризм деген нәрселер жоқ. Бұл Исламияттың өзегіне сәйкес келмейді, үйткені, Ислам дегеннің өзі бейбітшілік, тыныштық деген сөз. Исламның басты мұраты адамдар арасында бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.т. мақсаттары, ойлары болғанын тексеру керек. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың ойы бөтен. Егер, олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористтерді немесе экстремистерді айыптар еді олар, Ислам сықылды бәшериет (күллі адамзат) жаралғалы бері жеткен ең жоғары өркениет дәрежесіне, ең таза имандылыққа тіл тигізбес еді олар.
Террорист ұйымның мүшесі қандай бір мұсылман елдің азаматы болса болғаны, әлгі бұлақтар дереу «мұсылман террористтер» дей салады. Ал, басқа діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың діні айтылмайды да басшысының ғана аты немесе шыққан жерінің аты, ең болмағанда саяси көзқарасы ғана айтылады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашанда «Христиан террорист Баск тобы» деп айтпайды олар. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «христиан/католик террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес! Токйодағы метрода улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапониядағы бұддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористтер» деп ешкім айтқан емес. Сондықтан, мұның негізінде Исламды көре алмаушылық және Исламды жағымсыз етіп көрсету секілді жауыз пиғылдар болғанын айта кетуіміз керек.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 16.03.2000 күні Құрбан Айт мерекесіне байланысты жұбайымен Астана орталық мешітіне барғанында баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: «Исламның ішіндегі эктремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүние жүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан, әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед Пайғамбарымыздан қалған, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан, осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз».
Нағыз экстремистік топтардың тауқыметін батыс елдері көруде. Соңғы жылдары АБД, Еуропа елдерінде саңырау құлақша қаптап кеткен христиан фундаменталист ұйымдары мен түрлі-түрлі секталар салдарынан мыңдаған адамдар аянышты халде қаза тапты. Мәселен, АБД-нің Калифорния уилаятындағы (штатт) Сан Диего қаласында «Ұлық бұлақ» деп аталған сектаның 39 мүшесі 26 наурыз 1997 күні өздерін улап өлтірген. 18 қараша 1978 күні Оңтүстік Америкадағы Гуяна мемлекетінің Джеймстаун (Jamestown) қаласында «Халықтың храмы» деген сектаның 912 мүшесі циан газымен өз-өзін өлтірген. Фырансаның Сен Пиер қаласындағы «Күн храмы» сектасының 16 мүшесі 23 желтоқсан 1995 күні өз-өздерін өртеп өлген. Осы сектаның Швейцарияның екі қаласындағы мансұбтары (мүшелері) 5 қазан 1994 күні өздерін өртеп өлді. Күн храмы сектасының Канададағы белсенділері де тыныш тұрған жоқ: шығыс аймақтағы Морин төбесі деп аталатын мекендегі 5 адам 4 қазан 1994 күні, ал, Сен Касмирдегі 5 адам болса 23 наурыз 1997 күні өздерін атып не өртеп өлтірген. Американың Тексас уилаятындағы Вако қалашығындағы «Давидиан» сектасына мүше 80 адамның 19 сәуір 1993 жылы өздерін өртеп өлтіргені әлем жұртшылығының әлі де есінде. Филипиндегі рұһбан (монах) Дату Мангайаның сектасының акциясында 19 қыркүйек 1985 күні 60 адам өзін улы газбен өлтірген /[1]/. Жуықта, Орталық Африкадағы бір мемлекетте католик шіркеуінің бірнеше мың мүшесі бірге жан қию рәсімін жасағаны есімізде. Мұның бәрі де адастырушылардың ісі, бейкүнә адамдарды жалған уағдалармен алдаушылық. Жалпы ел болып, осындай қауіпті секталардан сақ болуымыз, балаларымызға лайықты дәрежеде көңіл бөліп, кесірлі ағымдардың қыянаттығынан сақтауымыз керек.
Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде, теледидар хабарлары мен әуе толқынындағы таралымдарда бiзге орыс тiлi арқалы енген «фундаментализм» (iргешiлдiк) сөзiн жиi кездестiрiп жүрміз. Осы мағлұматтарда фундаментализм сөзі көбінесе мұсылмандық һәм осы дiнге сенушi халықтарға тән мағыналарда ғана қолданылады! Осы даурықпа хабарлар «исламдық фундаменталисттер», «мұсылман фундаменталисттер» немесе «мұсылмандардың заңнан тыс қауiптi ұйымдары мен зиянды iс-әрекеттерi» деп жырлайды. Бұл терминдi, шын мағынасын бiлетiн адамдар да бiлмейтiн адамдарша кез келген жерде қолданып, әйтеуiр, шулата бередi. Ал, ғылыми тұрғыдан екшеп, аталмыш терминнiң сөздiк һәм энциклопедиялық мағыналары мен дiни-саяси әдебиеттерде пайда болу барысына қарағанымызда, фундаментализм деген сөздiң хақ дiн Исламмен және осы хақ дiнге сенушi имандылармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын анықтаймыз.
Ең алдымен, мұсылмандарға пәле болып жабысқан осы фундаментализмнің сөздiк һәм энциклопедиялық мағыналарын түсiнiп алғанымыз жөн. Бұл сөздiң түбiрi, көне латын тiлiндегi fundare (фундаре) деген етiстiк. Фундаре – жерге төсеу деген мағынаны бiлдiредi. Осы етiстiктен fundamentum (фундаментум) зат есiмі пайда болған. Оның мағынасы – төсегiш, iрге. Кейiн келе мағынасы толығып, жер тағаны немесе iрге тасы деген түсiнiктердi беретiн болған. Жә, жоғарыдағы фундаментум, яғни осы күнгi батыс Еуропа тiлдерiндегi fundament (фундамент) пен онымен бір түбiрден өндiрiлген фундаментализм сөзiнің мағыналары тым алшақ.
Фундаментализм дегенiмiз дүниежүзiлiк әдебиеттерде бiрiншi ретi Америкада пайда болған дiни-саяси термин. Мен осы мақаламда терминологиялық һәм этимологиялық анықтамалы екi беделді деректi алдарыңызға ұсынбақшымын. Бiрiншiсi күллі әлемге әйгiлi «Oxford Advanced Learners’ Dictionary of Current English» (Бүгiнгi ағылшын тiлiн кәмiл үйренушiлердiң Оксфордтық Сөздiгi) деп аталады. Менiң қолымдағы нұсқасы Оксфорд университетiнiң баспасы тарапынан 1982 жылы он алтыншы рет басылғаны. Бұл құнды деректе фундаментализм былай деп түсiндiрiлген; «maintenance of the literal interpretation of the traditional beliefs of the Christian religion (such as the accuracy of everything in Bible)», яғни «христиан дiнiнiң дәстүрлі сенiм-нанымдарын үзiлдi-кесiлдi сақтау (мисалы, Библияда жазылған нәрселердiң барлығының мүлтiксiз хақ екенiне сену)».
Жә, Америкада екi ғасырдан берi қарай жарияланып келе жатқан беделді «Webster’s New World Dictionary of the American Language» (Американ тiлiнiң Вебстер жаңа дүние сөздiгi), 1986 жылғы басылымы. Мұнда фундаментализмнiң екi мағынасы берiлген;
· Religious beliefs based on literal interpretation of everything in the Bible and regarded as fundamental to Christian faith and morals.
· The 20th century movement among some American Protestants, based on these beliefs.
Яғни;
· Библияның мазмұнына сөзбе-сөз һәм мүлтiксiз сенуге негiзделген және христиан руханияты мен иманының негiзi болып есептелетiн дiни нанымдар.
· Осы нанымдарға негiзделiп, Америкадағы кейбiр протестанттар тарапынан 20 ғасырда басталған қозғалыс.
Жиһан ғалымдары дәрiптеген осы екi беделдi деректе мұсылмандарға жала болып жабылған фундаментализм сөзінiң хақиқи мағналары көрсетiлген. Демек, фундаментализм мұсылмандармен ешқандай қатынасы жоқ ұғым. Христиан әлемiнiң, әсiресе, солтүстiк Америка мен батыс Еуропа християндарының, өздерiндегi рухани шиеленiстiктер мен қақтығыстар үшiн тапқан атауларын, сондай нұқсандар мұсылмандарда да бар шығар-ау деп, жаңылыстықпен қолдануының салдарынан осы күнi кенедей жабысқан, сүлiктей сорған, осы мұхиттың аржағынан келген жаладан құтыла алмай жүрмiз!
Фундаментализмнiң отаны Американың Бiрiккен Мемлекеттерi (АБД «АҚШ»). 1993 жылғы президент сайлауында Америкадағы фундаменталист ұйымдардың үлкен әсер тигiзгені мәлiм. Ал, олардың 1996 жылғы сайлауларға да күштiрек қатысқаны байқалады. Алдымыздағы жылдары фундаменталисттердің Американың iшкi һәм сыртқы саясатында ықпалды орындарда болатыны шүбәсiз шындық.
Фундаментализм ХХ ғасырдың бас шенiнде АБД-нің солтүстiгінде пайда болған ағым. Ол 1950 жылдары оңтүстiк аймақтарға дейiн таралып кеткен. Бұл екi мыңнан астам шiркеу өздерiн «Фундаменталист християндармыз» деп әшкере жариялауымен жиһанға белгiлi бола бастаған діни-экстремистік ағым. Жаппай қалаландыру һәм өнеркәсiптендiруден, сонымен қатар, шаруашылық тапшылықтардан әбден жаны қиналған кедей-жарлы һәм орташа ауқатты жүз мыңдаған християндар азаттықты осы шiркеулерде iздеп, жиналған.
Фундаменталист шiркеулер жамағаттарды христиандықтың жоғарыда аталған негiздерiне бағынуға шақырып, сондай жағдайда ғана кедейлiктен, әлеуметтiк қысымдар мен оның зардаптарынан құтылатмыз деп насихаттаған. Сүйтіп, үнемі өскен фундаменталист ұйымдар 1960 жылдары саяси қозғалыстарға айналады. Америкада сол жылдары фундаменталист болу үшiн протестант мәзһәбiнiң бiр тармағы пентекостал (Pentecostal) жолына кiру керек едi. Пентекостал тармағындағы протестанттар Киелi Рұхтың хауариларға (Апостолдарға) қонғанына сенедi һәм жексенбi күнiн ерекше қасиеттеп өткiзедi. Олар Киелi Рұхпен бүгiнгi күнде де бiрлесуге болады деп сенедi және Библияның сөздерiне, ешқандай тәфсiрсiз, яғни, сөзбе-сөз иланады. Фундаменталисттер Библияның алғашқы бес кiтабына аса мұқияттықпен, сөзбе-сөз иман етудi мiндеттейдi. Мысалы, Библияда, жер планетасы алты мың жыл бұрын жаратылды деп жазылған. Фундаменталисттердiң сенiмi бойынша, осы мәлiметтi қаз қалпында қабылдап, оған мүлтiксiз сену керек. Тағы да мысал келтiретұғын болсақ; Библияда жазылуына қарағанда, ұлық Тәңiр бұл жиһанды алты күнде жаратып, шаршағандықтан жетiншi күнi дем алыпты-мыс. Мiне, сол үшiн олар жексенбi күндерi дем алады екен. Фундаменталисттердiң имандарындағы осындай кереғарлықтардың басқа да мысалдарын келтiруге болады.
Америкадағы фундаменталисттердiң тұңғыш саяси дауы 1963 жылы басталған. Сол жылы Американың Жоғарғы Соты (American Supreme Court) мектептерде дiн сабағының оқытылуына тиым салады. Фундаменталисттер Америкада жаңа бiр дiн таратылады деп, бұл қарарға қарсылық бiлдiредi. Олардың пікірінше, Америкада таратылатын жаңа дiннiң аты «дүниешiл гуманизм» (Secular Humanism) едi. Фундаменталист ұйымдар осы жаңа дiнге қарсы айқасып келедi. 1973 жылы Жоғарғы Сот 46 уилаятта (штатта) ғамалия (аборт) арқалы жүктi әйелдердiң бала алдыруына рұқсат етеді, сол себепті мемлекет пен фундаменталисттердiң айқасы одан ары өршелене түседі. Басқа да християн топтары фунадаменталист болу үшiн алдымен «дiншiл» (Religionist) болу керек деп сенгендiктен, олар бiр дiннiң дiншiлiмiз деп фундаменталисттердi осы күрестерiнде қолдауға ұйғарысады. Сондай-ақ, католик әлемiнiң Ватикандағы бас рұһбаны (Папа) өзiнiң үндеуiнде; «дүниешiл гуманизм – християндықтың ең үлкен жауы!» деп жариялайды.
Ал ендi, Америкадағы ең белгiлi фундаменталисттер жөнiнде бiр-екi ауыз сөз айтатұғын болсақ;
1993 жылғы сайлауда Джордж Бушқа «Християндардың хұқұқтары» (Сhristian Right) атындағы фундаменталистiк ұйым болысқан. Бұл ұйымды католик фундаменталисттердiң жетекшiлерiнен Патрик Ж. Буханан да қолдап, көмек беруде. Екiншi үлкен фундаменталист ұйым Джерри Фальвелдiң жетекшiлiгiндегi «Рухани көпшiлiк» (Moral Majority) қозғалысы. Үшiншi орынды, «Теледидар рұһбаны» деп атағы шыққан Пат Робертсонға қарайтын «Христиан одағы» (Christian Coalition) ұстауда. Джерри Фальвелден бөлiнген фундаменталисттер (iргешiлдер) тарапынан құрылған «Християн әрекетi желiсi» (Christian Action Network) төртiншi орынды иемденуде.
Осылардан кейiн жүз мыңға жуық мүшесi бар екi қоғамды атауға болады. Бұлар – Луи Шелдонның жетекшiлiгiндегi «Дәстүрлі бағалар одағы» (Traditional Values Coalition) және Лон Мабонның басқаруындағы «Азаматтар бiрлiгi» (Citizen Alliance). Сонымен қатар ғамалия арқалы бала алдыруға қарсы күресушi «Құтқару әрекетi» (Operation Rescue) атындағы ұйым да жоғарыда аталған iргешiл қозғалыстарға болысуда. Олар, тіпті, ғамалияларды жасайтын дәрiгерлердi өлтiрiп, ғамалиятханаларды (операционное) жарылғыш заттармен атқылауға дейiн барған.
Бұларға қосымша ретiнде, жиһанға аты әйгiлi Американың «Time» (Тайм) апталығының 8 Мамыр 1995 күнгi санында үлкен мақалаға тақырып болған, фундаменталистiк көзқарастағы азаматтар тарапынан негiзi қаланған «Отансүйерлердiң жасақтары» атындағы белсендiлердiң заңнан тыс жасақтарын айтуға болады. Осы күнде, Американың Бiрiккен Мемлекеттерiне ең үлкен қауiп төндiрiп отырған осы iргешiл, асырашыл топтар. Атақты басылым үлкен мақаланы «Мемлекеттiң жаулары» (Enemies of State) деп атапты! Осы аса қауiптi ұйымдар қалың бұқараны қыру қимылдарына дейiн барған. Мысалы, 1995 жылы Оклохама қаласындағы бала бақшаны бомбалап, жүздеген бейкүнә сәбилер мен азаматтардың қырылуына себеп болған осы жасақтанған топтар (Алайда, қылмыскерлер ұсталғанға дейін батыс баспасөзі тек мұсылмандарды айыптаумен шұғылданған). Тайм басылымы, осы заңнан тыс қарулы топтардың негiзгi құрамын христиан фундаменталисттер, салықты сөгушiлер және Американың негiзгi заңын қорғаушылар құрайды деп тағриф қылады.
1993 жылдың 19 сәуiр күнi Одақтық Тергеу Кеңсесi (ФБР) Тексас уилаятындағы Вако қалашығындағы «Давидиан» фундаменталтисттерiнiң диқаншылық базасына шабуыл жасағанда 80 iргешiл ұсталатындарын аңғарып өздерін өртеп өлтірген. Мемлекеттiң бұл жойқын шабуылынан кейiн iргешiл топтарды жақтаушылардың саны күрт көбейеді. Осы топтардың аймақтардағы бастықтарының көбiнесе христиандық рұһбан қызметiндегi және ақ нәсiлдiң үстемдiгiн орнатқысы келетiн фундаменталисттер екенiн көремiз.
Мысалы, «Тайм» басылымының баяндауына қарағанда, «Християнның белгiсi» (Christian Identity) атындағы топтың өкiлдерi, солтүстiк Еуропалықтар Көне Өсиетте (Библия) аталған таңдаулы пенделер, ал, йаһұдилер (жөһиттер) – шайтанның ұрпақтары деп сенедi. Мишиган аймағындағы қарулы топтардың жетекшiсi Норман Олсон, баптист сектасының рұһбаны һәм қару-жарақ сататын дүкендер торабының иесi. Оның тобында он екi мың қарулы адам бар және олар БҰҰ, АБД-ін социалистiк елге айландырғысы келедi деп сенедi. Тағы да осы аймақта фундаментализмдi таратушы Марк Корнки «Дүниежүзiлiк христиан радиосы» (Worldwide Christian Radio) арқалы хабарлар таратуда.
1990 жылы Ирақ көршiсi Кувейтті жаулап алған соң, Американың Төрағасы Джордж Буш 11 қыркүйек 1990 күнгi арнауында «Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жетекшiлiгiнде жаңа жиһан низамын орнату керек» деген еді. Фундаменталист бағыттағы қарулы топтар бұл жүйені Американың билiгiн қолынан тартып алғысы келетiн сионистiк жоспар дейді. Мисалы, Солтүстiк Каролайна аймағындағы «Конституцияға сәйкес мемлекеттiң қайтадан қалпына келтiрiлуiн жақтайтын азаматтар» (Citizens for Reinstatement of Constitutional Government) атындағы топтың негiзгi ұраны; «Қасиеттi Библияны және Атазаңды Американың негiзгi заңына айналдырамыз!» деп мәлiмдейдi Тайм апталығы.
Америкадағы экстремист ағымдар туралы толық бiр кiтап жазуға да болар едi! Бiрақ бұл мақаланың мақсаты осы деректi мысалдар арқалы экстремизмнің шын мәнiнде не екенiн, қайдан шыққанын анықтаумен шектеледі. Аталмыш фундаменталист ұйымдар Америкада ғана емес, сонымен қатар, Канадада мен Еуропа елдерiнде де ұйымдасқан түрде өсiп, өрбуде. Таяу уақыттарда осындай асырашыл топтардың кесiрлi қылықтарына куә болуымыз әбден мүмкiн.
Қорыта айтқанда, фундаментализм АБД-де және христиандықтан пайда болған. Мың төрт жүз жыл бойы жиһанды ғылымға, әдiлеттiлiкке, тазалыққа, имандылыққа, абзалдылыққа, өркениетке, адамшылыққа бөлеген хақ дiн Исламға және оған иман етушi мұминдерге фундаменталист деген жаланы жабудың жалғыз ғана мақсаты – ең жылдам һәм өздiгiнен өсiп, таралып келе жатқан хақ дiн Исламның алдын тосу, оған жүректерi жiбiп келе жатқан пенделердi айнытудан.
Ислам деген сөздiң өзi араб тiлiндегi «силм» - бейбiтшiлiк, тыныштық, берілу деген сөзден, жә, мұсылман деген мағнаны бiлдiретұғын «мұслим» сөзі – бейбiтшiлiкке берiлген, тәсiлiм болған һәм оны сақтаушы деген мағынадан шыққан. Демек, фундаменталист секiлдi дөрекi де кертартпа сөздер мұсылмандыққа әсте жараспайтынын, әлбетте, оңайлықпен аңдауға болады. Мұсылмандар амандасқанда-ақ «Әс-саламұ алайкұм!» яғни «Саған бейбiтшiлiк болғай!» деп, біріне-бірі татулық, тыныштық тілейді ғой. Ал, хақ дiн Исламның пайғамбары Әз Мұхаммед Ғалайһиссалам бір хадисінде «хайрұн нас, ман йанфағұн нас!», яғни «адамзаттың ең жақсысы, ең хайырлысы, адамзатқа ең пайдалысы!» деген. Пайғамбарымыз тағы да бiр сөзiнде «әс-салату ғимад-ұд-дин», яғни «дұға дiннiң дiңгегi, негiзi!» деген. Ислам ұғымындағы бейбiтшiлiк Аллаһ Тағаланың ризалығына ие болумен, яғни, жақсы ғамалдар iстеумен ғана пайда болады. Он төрт ғасырлық тарихында ғылымның, мәдениеттiң, әдебиеттiң ең озық және пайдалы үлгiлерiн мұралатқан хақ дiн Исламға және мұсылмандар хақында батыс өлшемдерiндегi атаулардың мағналары мен шығу тегіне мән берiлместен қолданылуы, бұл ғажайып байлық пен пәктікті жете түсiнбегендiктiң салдарынан дер едiм!
Ислам және түбірлес сөздер Құран Кәрімде мынандай мағнада қолданылған; құтылу, сәлеметте болу (68-сүре/43-аят), таза жүректі болу (26/89 және 37/84), бейбітшілік, амандық, азаттық (2/208, 8/61, 47/35), бейбіт бітім, тыныштық, татуластық (4/90-91, 16/28-87), жамандықтан, жауыздықтан ада болу, сәлемдесу (6/54, 7/46, 10/10, 11/69, 13/24 т.т.), берілу, тәсілім болу (19/33, 20/47, 8/43), құтылған, ыхыласты (2/71, 4/92, 4/125, 6/14 т.т.) /[2]/. Бір жолы, Мәдинедегі Хазраж руынан бір топ адам Расұлұллаһқа келіп, Ислам туралы сұрайды. Әбден ұғынып болған соң мұсылмандықты қабылдаған олар былай деген: «Біз өшпенділік пен күншілдік билеп алған бір қоғамның мүшелеріміз. Сенің дініңнің арқасында Аллаһ Тағала екі ру арасындағы өшпенділікті жояды деп үміт етеміз. Елімізге барып, үгіттеріңді түсіндіреміз. Аллаһ оларды сенің маңайыңда жинасын деп тілейміз!» /[3]/. Иә, Исламға дейін үнемі теке-тіресте, шайқаста болған Мәдинедегі Әус және Хазраж рулары мұсылмандықтан кейін татуласып, бауырласып кетеді.
Әлем тарихын парақтағанымызда мұсылмандардың әр дәйім бейбітшілік жағында болғанын көреміз. Үстіміздегі ғасырда болған уақиғалар осыны растайды. Сондықтан, әлемдік бейбітшіліктің басты кепілі мұсылман үмметі десек қателеспесбіз.
Пайғамбарымыз Мәдинеге келген соң (622ж.) қаланың саяси тұрақтылығы мен мұсылмандардың амандығын қамсыз ету мақсатымен іске кіріседі. Үйткені, Мәдине тұрғындары Мекке сықылды біркелкі араб факторларынан емес, сонымен қатар йаһұдилер мен басқа жамағаттарды да қамтушы еді. Бұған дейін Мәдинеде орталық билік пен қала тұрғындары ортақ ымыраға (консенсус) келген басқару жүйесі болмаған еді. Сахаба Әнес Мәлікұлының (614?-715?) үйінде мұсылмандар мен ғайри-мұслимдердің уәкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, барлығы келіскен ортақ жазба мәтін дайындалады. 623ж. Мәдине тұрғындарының барлығы ұйғарысқан осы келісімшарттың жазба нұсқалары бүгінге жеткен. Осы тоқтамды Мәдине Ислам Мемлекетінің «конституциясы» деп атайды ғалымдар /[4]/. Осы негізгі заңда қамтылған тақырыптар мен баптардан, және де Пайғамбарымыздан кейінгі халифалардың жаңа ашылған елдерде ұстанған жолынан мұсылман билігінің басқа мәдениеттерге кең рұқсат бергенін байқаймыз.
Исламият бөтен мәдениеттерді жатсынған емес. Қайта, оларды өзіне баулып, олардың жақсы жақтарын алуда ешқандай оқа көрмеген /[5]/. Пайғамбарымыздың түрік-соғды сауытын киюі, қытайдан әкелінген заттарды пайдалануы, түрік шатырында соғысқа шығуы, Арабыстанның төрт жағындағы Мысыр, Бизантия (395-1453), Сасани (224-651) қатарлы патшалықтарға елшілер жіберіп (630ж.) оларды хақ дінге шақыруы, тіпті император Ираклиймен хат алмасып тұруы, Оның күллі адам баласына жіберілген елші екенін растайтын айғақтар. Халифалық дәуірінде де басқа діндер қудаланған жоқ, қайта, олардың еркін жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Мұсылмандар ғайримұслимдердің, ал олар мұсылмандардың шәкірті, ұстазы болды /[6]/. Тіпті, академик Бартольд (1869-1930) христиан ғұламалардың өз діндестерінен гөрі мұсылман шәкірттерінің көбірек болғанын жазады /[7]/. Бұл факт мұминдердің ғылымға деген талабының бәрінен де жоғары болғанын көрсетеді. Ғылымды кім іздесе және дамытса, әрине сол қызығын көрмек. Ғылымға кім көбірек үлес қосса, соның ғылымы билемек. Сондықтан, мұсылмандар ғылымның жетекшілігін қолға алған соң, эллинизмнің беделі төмендеді де мұсылман мәдениеті жоғарылады; араб тілі һәм мұсылмандардың һәм ғайри-мұслимдердің ғылым тіліне айналды. Халифа әл-Мансұр (709?-775) Бизантия патшасына хат жолдап математика туралы кітаптар жіберуін өтінген. Грек, ибрани (иврит), сұрия, парсы тілдерінен көптеген әдебиеттер арабшаға аударылды. Грекшеден тәржімелер сонау VII ғасырдың аяғы мен VIII ғасырдың бас шенінде басталды. Әбу Сұфйанның немересі, Йәзид Мағауияұлының (уаф. 683) баласы Халидтің ханзадалық дәуірінде кейбір астрономия, медицина, химия кітаптарын грекшеден арабшаға аудартқызғаны белгілі. Арабшадан да көптеген туындылардың кейінгі ғасырларда аталмыш тілдерге тәржімеленгенін байқаймыз. Ғайри-мұслимдер мұсылман билігінде алтын дәуірін бастан кешіріп жатқанда, Еуропадағы халықтардың тым примитивті өмір сүргенін байқауға болады. Академик Бартольд литовцылардың сонау XII ғасырға дейін, ал Хиндұқұштағы кафирлардың XIX ғасырға дейін жабайылар болғанын атап көрсетеді /[8]/.
Ешқандай мәдениеттің өздігінен пайда болмайтыны рас. Әлемді тамсантқан Ислам мәдениеті пайда болғанда өзінен бұрынғы Мысыр, Месопотамия, Грек, Парсы, Үнді мәдениеттерін пайдаланғаны, олардың Исламның өзегімен ұштасатын тұстарын алып, дамытқаны белгілі. Мәселен, әл-Фарабидің басқа дін мен басқа ұлттың өкілі болғанына қарамастан Стагирит Аристотелдің (м.б. 384-322) пікірлерін дамытқаны осының бір айғағы. Осы орайда айта кететін бір жәһіт; ерте дәуірдегі мұсылман зерттеушілері грек, ибрани, парсы, үнді және түркі тілдеріндегі көп мұраларды хатқа түсіру не аудару арқалы әлемдік мәдениеттің маңызды мирастарының сақталып қалуына үлкен үлес қосты. Егер мұсылман ғалымдары мен көрегенді билеушілерінің осы қызметі болмағанда, бәшәриет көп нәрседен махұрым қалар еді, бүгінгі өркениет сәуиесіне жете алмас еді.
Мұсылман ғалымдар бар ғылымын жұртшылықтың пайдалануына ұсынды. Ғылымды күнкөріс пен мәртебе алудың құралы деп көрмеді олар. Бір мисал келтірелік: Иран патшасы I Шапұр кезінде (241-272) Хұзистан аймағында Жұндишапұр деген қала орнатылады. Осы шағын қалашық Сасани билеушісі I Хұсраудың кезінде (531-579) патшалықтың екінші үлкен қаласына айналады. Мұнда атақты дәрігерлік мектебі пайда болады. Алайда, Жұндишапұрлық дәрігерлер өздерінің кәсіби сырларын тек өз топтарында ұрпақтан ұрпаққа қалдырып сақтайды да монополия мен кірістен айырылмас үшін басқа ешкімге білдірмейді һәм үйретпейді /[9]/. Аталған аймақ мұсылман билігіне қаратылғаннан соң ғана мұсылман ғалымдар олардың кейбір ғылымын ашып, пайдалана алған-ды. Алайда, Ибни Сина сықылды біртуар дәрігерлер болса жазған кітаптары тек мұсылман елдерінде ғана емес, сонау Еуропаның өзінде кем дегенде алты ғасыр бойы бас оқулық есебінде оқытылған. Со ғасырлардың ең мықты батыс елдерінде мұсылман ғалымдарымен салыстырарлық ілімдарлардың шыға алмағаны осыдан.[10] Бұл жөнінде Бартольд (1869-1930) былай дейді: «Исламның басты артықшылығы, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі білімді халықтардың алдында болуы, әрине, материалдық һәм рухани мәдениет жағынан бірдей мәдени біріншілікті ұстауында жатады» /[11]/.
Мұсылмандардың басқа мәдениеттерге қамқорлық жасағанының енді бір белгісі олардың жер-су атауларын, кісі есімдерін өзгертпеуі. Күні бүгінге дейін мұсылман елдерінде Исламнан бұрынғы жағырапиялық атаулар сол қалпында (дыбыс үндестігінен басқа) қалғаны мұны растайды. Мисалы, Түркиядағы жер, су, қала, аудан атауларының басым көпшілігі грек тіліндегі бұрынғы атауымен қалған. Тек, түрік тілінің үндестік заңына сәйкестендірілген; Ыстамбұл, Анкара, Измир, Трабзон, Анталя, Бұрса т.т. бәрі де ежелгі атауында. Бұдан басқа Солтүстік Африкадағы Триполи (Либия), Константин (Жазайыр), Казабланка (Мағриб), Александрия (Ескендерие, Мысыр) т.т. айтуға болады. Жә, мұсылмандар тарапынан Испанияда, Портұғалияда, Балқан елдерінде салынған қалаларды санап шығуға сан жетпейді. Мисалы; Италиядағы Палермо қаласының негізін мұсылмандар қалаған.
Тарихта бірінші рет халифалықтар дәуірінде дүние жүзі мәдениеттері тығыз араласты; қиыр шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктері батысқа, мұсылмандардың ғылыми-мәдени табыстары болса қытай еліне мәлім болды. Талас (751ж.) соғысынан кейін Атлант мұхитынан Қытай мұхитына дейінгі халықтардың бірін-бірі жақын тануына мұмкіншілік ашылды. Мұсылмандар 3 құрлықтағы билігінің арқасында халықтар арасында мәдени байланыстардың орнатылуына орасан зор үлес қосты. Халифалар батыстағы франк, герман, рим патшаларымен және шығыстағы қытай ханадандарымен тығыз мұғамалада болды; мәселен, қытай деректерінде халифалықтан 651-798жж. аралығында 37 рет, ал 908-1168жж. аралығында болса 49 рет елшілік келгені жазылған /[12]/.
Қорыта айтатұғын болсақ, тарихта мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі һәм кірігуі (интеграция) тек Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мәдениеттер арасында өшпенділік пен пышақ сырты ғана байланыс болған болса, Исламмен бірге шығыс пен батыстың барша мәдениеттері жамырасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оған дейін белгілі бір мәдениетке ғана тән боп есептелген нәрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Мисалы, араб цифрлары деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде тек Үндістандықтарға ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдіріп қана қойған жоқ, оларды құр символдықтан шығарып, мағналы белгілерге айналдырды. Бәшериет тарихында бірінші рет нөл (сыфыр) цифрін мұсылман ғалымдар тапты уә еңбектерінде пайдаланды; мәселен, нөлді бірінші рет сан ретінде қолданған Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми (780-850) болды /[13]/. Арал теңізі маңында дүниеге келген дана бабамыз сонымен қатар 1-ден төмен қарайғы сандарды белгіледі, жүздік, мыңдық және ондықтарды жүйелеп, бөліп жазуды көрсетті. Оның бұл табыстары мүмкін тарихтағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарға жатады. Үстіміздегі информация ғасырында, телекоммуникация дәуірінде мұсылмандар ашқан осы жаңалықтың қызығын бүкіл әлем көруде. Орыс тіліндегі цифр мен батыс тілдеріндегі cipher сөздері арабша нөл дегенді білдіретін «сыфыр» сөзінен алынған. Шындығында араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы өте икемді һәм оңай. Әл-Хорезми ашқан бұл жаңалық Еуропаға тек X-XIIғғ. ғана мәлім болған; осы жаңалықты батысқа жеткізген Герберт есімді адамның абырой-беделінің артқаны соншалық, кейін ол Рим Папасы сайланған /[14]/. Оның есімі Папа Силвестер II болып, Еуропа тарихында қалды. Әл-Хорезмидің «Китаб әл-жәбір уә-л Мұқабала» (Алгебра мен теңдіктер кітабы) латын тіліне аударылғанда (XIIғ.) әл-жәбір сөзі алгебра деп аударылғандықтан осы сөз термин боп қалыптасты. Оның екінші бір кітабы латыншаға «Algorithmi de numero Indorum» деп аударылғандықтан, алгоритм сөзі тағы да терминге айналды.
Адам хұқұқтары жөніндегі үндеудің ХХ ғасырда ғана бекітілгенін ескерсек, он төрт ғасыр бұрын Раббымыздың Құран Кәримінде барлық адамдардың хұқұқтарын қорғау міндетін бұйырғанын көріп таң қаламыз:
«26/183: Адамдардың хұқұқтарын қыспаңдар! Жер бетінде бұзақылық шығарып, бүлік жасамаңдар!» /[15]/.
Міне, көптеген аяттар мен хадистер мұсылмандарды орта жолға, қанағаттылыққа, адамгершілікке шақыруда. Сондықтан, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындағысы келетін мұсылман ешқашан да экстремист, террорист т.т. бола алмайды. Ислам дініндегі автоконтроль жүйесі мұсылмандарды асыра сілтеушілікке жібермейді. Ислам дінінде дүниедегі өмір мен ахиреттің, құлшылық пен пендеуи өмірдің, дүнияуилік пен ұхрауиліктің балансы жасалған. Мұсылман сондықтан ифрат уә тәфриттен, яғни әр түрлі әсірешілдіктен аулақ болады. Қоғамдағы һәм жанұядағы орнын сақтайды, көршілерімен тату-тәтті қатынас орнатады, мемлекеттің дамуына үлес қосады. Мұсылмандар ешқашанда «құлатушы» болған емес, қайта «тұрғызушы» болған үммет. Ал, Ислам атын жамылып адамзатқа зиянды іс-әрекет жасаушылардан сақ болған жөн, олардың негізінде Исламнан басқа нәрселерді іздестірген жөн. Үйткені, Ислам діні күллі адамзатқа рахмет ретінде жіберілген дін. Басты мақсаты адам нәсілін қорғау, көркем ахлақты уағыздау, бейбітшілікті орнату. Дініміздің қадірін білейік ағайын һәм дінімізді қанаушыларға жол бермейік.

ҺӘШИЯЛАР:
/[1]/. Yeni Yüzyıl газеті, 28.03.1997 күнгі саны
/[2]/. Çanga, Mahmut., Kuran-ı Kerim Lugatı, Timaş Yayınları, Istanbul, 1994, 249-251 беттер
/[3]/. İbni Hişam, Siretü’n Nebeviyye, I-том, 267-бет
/[4]/. Büyük İslam Tarihi, Çağ Yayınları, Istanbul, 1992, 1-том, 263-бет. Көбірек мағлұматтану үшін осы мәтінді терең зерттеген профессор Мұхаммед Хамидұллаһтың мына кітаптарын оқыңыз: Muhammed Hamidullah, İslamda Devlet İdaresi, Istanbul, 1973; İslam Peygamberi, Istanbul, 1980; әл-Уәсаиқ ұс-Сиясия, Бейрұт, Лұбнан, 1969 ж.
/[5]/. «Ислам терпимо относился к местным традициям и в то же время удерживал их в приемлемых для себя рамках… все участвовали в формировании исламской культуры, сами развивались и сохранились под покровительством ислама». Қараңыз: Кривец, Е.А., Ислам в Центральной Азии, Леном, Москва, 1999, 23-бет
/[6]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, Москва, 1998, 23-бет: «Стремление каждого возвеличить свой народ и свою веру не мешало этим культурным элэментам учиться друг у друга; христианин мог иметь учеником мусульманина или язычника, и наоборот»
/[7]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 24-бет.
/[8]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 12-бет.
/[9]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 22-бет.
/[10]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 23-бет: «Даже самый передовой из восточнохристианских народов, сирийцы, не выдвинули ни одного ученого, который мог бы сравниться с Фараби, Ибн Синой и Ибн Рушдом»
/[11]/. Бартольд, В.В., Тюрки-Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии, Алматы, Жалын, 1993, 54-бет
/[12]/. Hee-Soo Lee, İslam ve Türk Kültürünün Uzak Doğuya Yayılması, Türkiye Diyanet Vakfı, Ankara, 1991, 40- беттер
/[13]/. Numeral Systems, Encyclopaedia Britannica, 15th Edition, 1994-1998
/[14]/. Numeral Systems, Encyclopaedia Britannica, 15th Edition, 1994-1998
/[15]/. Құран Кәрім, Шұғара сүресі (26), 183-аят
Мұртаза БҰЛҰТАЙ
ҚР Білім қайраткерлері одағының мүшесі

ТҮРКIЛЕРДIҢ ИСЛАМ ТАРИХЫ ЖӘНЕ
МӘДЕНИЕТIНДЕГI ЕРЕКШЕ ОРНЫ

Исламият алып елдердің, мәселен Әмәуи (661-750), Аббаси (751-1258), Селжүк (1040-1157), Осман (1299-1922) патшалықтары сықылды әлемдiк мемлекеттердің ресми дiнi болған дәуiрде, азат етiлген немесе олжаланған өңiрлердiң тұрғындарын жаппай дiнге енгiзу яки мұсылман болуға зорлау уақиғалары байқалмайды. Әуелi, ғайримұслимдерді мұсылмандандыру туралы қажеттiлiк һәм мемлекеттік саясат болмаған секілді. Бодандар мен қамқорлыққа (вассал) алынған елдерге толық еркiндiк берiлген. Ислам билiгiндегi жөһит, несториан, православ, католик, бұдда дiндерiнiң мансұбтары шат-шадыман өмiр сүрген, олар дiни-рухани өмiрiнiң ең гүлденген дәуiрiне мұсылмандардың жанашырлығының арқасында жеткен. Мисалы, сан ғасырлар бойы Османияның билiгiнде болған Грекия, Бұлғарыстан, Мажарыстан, Сербістан, Рұмыныстан, Әрмәния, Гүржістан (Грузия) сықылды мемлекеттер; Африкадағы мұсылман билеушiлердiң құзырында болған халықтар; Моғолдардың иелiгiнде болған Үндiстан халықтары өз дiнiнен аластатылған емес. Олардың өз дiнiн, тiлiн, әлiппесiн һәм ежелгi салт дәстүрiн емiн-еркiн сақтап келгенi айқын.
Мәзкүр (аталмыш) елдерде Исламияттың жайылуы ғасырларға созылған табиғи барыстардан (процесс) кейiн, яғни қабылдаушы адамдардың өз ықтиярымен болғаны байқалады. Мұсылман билеушiлердің әдiлеттiлiгiн көрiп, осы дiннiң мансұбтарының таң қаларлық сипаттарымен танысқан басқа дiн уәкiлдерi аралас-құралас мұсылман қоғамдарын қалыптастырған. 1372 ж. қайтыс болған Ибни Кәсiрдiң “әл-Бидая уән-Ниһәя” атты кiтабында айтуына қарағанда, Мұса Нұсайырұлы Солтүстiк Африка аймақтарын мұсылман билiгiне қосқаннан соң, жергiлiктi халықтар еркiнше иман келтірген /[1]/. Түркiстан өңiрiне Ислам билiгiн әкелген басшылардың аса даңқтысы, ақылгөйі һәм мұжаһиді Ғазы Құтайба Мүслiмұлы едi. Аталмыш кiтаптың 167-бетiнде Ибни Кәсiр былай дейдi: “Құтайба Мүсiлiмұлының еңбегiмен шексiз көп адам мұсылман болды, олардың дәл санын Аллаһ Тағала ғана бiледi!” /[2]/.
Әсiресе, X-ғасырда мұсылманшылықтың толқын-толқын таралғаны байқалады. Со кездегi Орта Азия тұрғындарының лек-лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960 ж. 200 мың шатыр (үй/түтін) түркi халқы Ислам дiнiн қабылдаған. Ұзақ саны 2 миллионға жететiн осы көпшiлiктiң мұсылмандыққа кiруi бәшәриет уә түркi халықтарының тарихындағы аса iрi уақиға. 1232 ж. қайтыс болған көрнектi тарихшы Ибн әл-Әсир осы уақиғаны қысқа һәм нұсқа ғып келтiрген; “Түрiктерден екi жүз мың шатыр адам мұсылман болды!” /[3]/.
Шындығына келгенде, Әмәуи дәуiрiнде басталып, Аббаси дәуiрiнде кемеліне жеткен түрiк қуаты, түрік факторы 10 ғасырдан астам уақыт Исламияттың қызметшiсi һәм қылышы болғаны хақ /[4]/. Ислам дiнiнiң осы күнгi жағырапияларға таралуында, ғылым-бiлiм, техника, өнер салаларындағы теңдессіз туындыларда түркі халықтарының үлесi мұғаззам (аса зор). XXI-ғасырға қадам басайық деп тұрған шақта, түркiлердің Ислам үмбетiнiң құрамындағы және халықаралық аренадағы маңыздылығының тағы да өсiп келе жатқанын байқаймыз. Иә, осы түркі халықтары құрған мемлекеттер мұсылман үмбетiнiң басын қосқан, бiр билiкке ұюына атсалысқан, Қытай мұхитынан Әндүлүске, яғни Атлант мұхитына дейiнгi шетсiз-қиырсыз аумақтағы мұсылмандардың бiртұтас сипаттарға ие болуына қызмет еткен-ді.
Пайғамбарымыздың замандас түрiк қағандығы және түрiктер туралы хабардар болғаны, хатта түрiктер хақында хадистер айтқаны көптеген әдебиеттерде келтiрiледi. Жоғарыдағы тарауларда көрсетілген “Түрiктер сендерге тиiспесе, сендер де оларға тиiспеңдер!” сықылды хадистер осының айғағы болса керек /[5]/.
Ұзақ ғасырлар бойы Ислам әлемiнiң дүние жүзiлiк саясаттағы уәкiлшiлiгiн түркілер жасағаны мәлiм. Негiзiнен миладтан бұрынғы ғасырларда белгілі мөлшерде отырықшы болған, кейін көбінесе көшпелi өмiр салтын ұстанған түркі халықтарының ұлан-ғайыр аумаққа тарап, әр түрлі бөтен ұлттармен бiрге өмiр сүрiп, олардың мәдениетiнiң, дiнi мен тiлiнiң тәсiрiне ұшырағаны мәлiм. Кей жағдайларда антропологиялық кескiн де мүлдем өзгерiп кеткен /[6]/. Оғыз тобындағы батыс түркілері ежелгі бракисефальдық кескінін сақтағанымен, қарлұқ-қыпшақ тобындағы шығыс түркілері мұңғұлбейнелі (монголоид) типке қосылған. Мәдени ықпалдасудың қаншалықты дәрежеге жеткенi Орхон тастарында, түрiк қағанаты құлап бара жатқан шақтың өзiнде ел билеушi ханзадалардың, бекзаттардың, ақсүйектердің табғачтарға (қытайларға) елiктегенi, ат пен атақтарын қытайшалағаны суреттеліп, ашына мысал етiледi /[7]/.
Әсіре ұлтшы зерттеушi Зәкария Китапчының пiкiрi бойынша түрiктер арасында таралған Арилық және Сами (семит) дiндер, атап айтқанда бұддашылық, отқақұлдық, христиандық түрiктердiң мәрттiк, батырлық, жауынгерлiк сықылды ұлттық қасиеттерiн, аң-сезiмiн қоректендiрудiң орнына қаймықтырушы рөл атқарған /[8]/. Нәсілшіл автор аталған еңбегiнде Жiбек жолы керуендерi арқалы жиi жолаушылайтұғын миссионерлердiң жылмың еңбегiнiң арқасында көптеген түрiктердiң бұдда дiнiне кiргенiн айта келiп, дiн ауыстырудың жоғары дәрежелі мемлекет қайраткерлерiне дейiн жұққанын мысалға келтіреді. Шынында, атақты түрiк билеушісі Бiлге қаған бұддашылықты түрiк мемлекетiнiң ресми дiнiне айналдыру туралы ұсыныс жасаған-ды. Бiлге қаған “Қытай патша әулетiнiң ресми, мемлекеттiк дiнi бар, түрiк мемлекетiнiң де ұлттық дiнi болу керек” деп, осындай ойға келгенiн айтады. Алайда, қытай елiнде оқып, тәлiм-тәрбие алған Тонйұқұқ (644/646?-731) уәзiр, қағанға бұдда дiнiнiң түрiктердiң жауынгерлiк рұхына сәйкес келмейтұғынын, мемлекеттiк билiкке керi ықпал тигiзетұғынын айтып, әрең-зорға дегенде райынан қайтарады /[9]/.
Жоғарыда келтiрiлген дәйектерден байқалғандай, Исламға дейiн түркi халықтарында тұтастай біркелкі бір дiн болған емес. Түрiк ұлыстары, тайпалары мәдениет сатысы өскен сайын көптәңiрлi нанымдардан алыстап бірте-бірте бiр-тәңiрлi дiндерді қабылдай бастаған. Олардың Исламияттан бұрын тұрпайы қоғамдарға тән дiндерді тастап, отқақұлдық, бұддашылық, манихейшілік т.т. сықылды өз шамасынша ахлақи (этикалық) және фәлсәфалық түсiнiктерi бар нанымдарды қабылдауы табиғи құбылыс. Орталық Азияда наным-сенімдердің таралу үрдісін былайша көрсетуге болатын секілді:


Тотемизм
Анимизм
Натұризм
Ханиф Діні Зороастризм ИСЛАМ
(Ежелгі Ислам) Манихейзм
Бұддизм
Йаһұдилік
Христиандық

Мүмкiн, осы сатылардан өтудiң өзi хақ дiн Исламның теңдессіз алыптығын, шексiз ұлылығын, Бiр Аллаһ Тағалаға ғана тәсiлiм болатұғын ықыласын, шынайылығын түсiнуге зерделердi, жүректердi дайындаған шығар. Бiртәңiрлi дiндердi кезегiмен жөһиттiк, христиандық ретiнде қабылдағаннан кейiн, Ислам туын көтерген Пайғамбарымыздың VII-ғасырда хақ дiнге бүтiн адамзатты шақыруына түрiк ұлыстары да қүлшына һәм ұмтыла қосылғаны хақ! Содан бастап Исламият барша түрiктердің бiртұтас дiнiне айналды, олардың бiртұтас ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болды, өзара қырғын соғыстарды тоқтатты, тiлдiң бiркелкiлiгiн сақтады! Түркілер Исламның жауынгерi һәм жаршысы сипатында тарихта аса маңызды орынға ие болды. Еуропалықтар үшін түрiк және мұсылман атаулары мағна жағынан тым жақын сөздерге айналды, тіпті синоним болып кетті десек жаңылмаспыз. Түркілер Африка құрлығының iшкi аймақтарында, Еуропаның орталық елдерінде, Азия құрлығының көптеген түкпiрлерiнде Исламның нұрын шашқан, Исламдық құрылымдар мен ұғымдарды апарған, орналастырған, әдiлеттiліктің белгiсiне айналған мұсылман халқы болды. Осы күннiң өзiнде Еуропаның барлық елдерінде, Америка құрлықтарында, Тынық Мұхиттағы дәулеттерде мектептер, мешiттер, қоғамдар ашып, мұсылманшылықтың қызметiн iстеп жатқан тағы солар. Түрiктер бұрынғы дiндердiң ешқайсысына осындай берiк болып, құрбандыққа жанын фида еткен емес. Шынтуайттап айтатұғын болсақ, бұрынғы дiндердiң бүгiнде аты аталғанымен заты түгiмен жоғалып кеткен. Осы тұрғыда белгiлi ағылшын ғалым Леуис (Lewis) былай дейдi ;
“Түрiктер Исламға кiргеннен соң, олар осы дiннiң арқасында жап-жаңа бiр тұлғаға ие болды және де олар өздерiнiң өткен тарихтағы қылықтарынан тез алшақтап кетті, тiптi ұмытып кеткен деуге болады” /[10]/.
Ислам түрiктердiң жүрегiне соншалықты орналасқан-кім, оны қияметке шейiн ешкiм орнынан қозғалта алмақ емес. Тарихта болған көптеген тырыспалардың нәтиже бермегенiн көкiрегi ояу ағайын өте жақсы бiледi.
Түрiктердiң Ислам тарихында жасаған еңбегi мен қызметiнiң көлемiн осы кітаптың құрамында айтып жеткiзу мүмкiн емес. Аллаһ Тағала қасиеттi Құран Кәрiмнiң Маида сүресiнiң 54-аятында мұсылман үмбетiне былай деп бұйырған;
“5/54: Ей имандылар! Сендерден кім діннен қайтса, ол білсін-кім, шүбәсiз Аллаһ Өзi сүйетін һәм олар да Оны сүйетін, мүминдерге дегенде өте кiшiбейiлдi, кәпiрлерге дегенде абыройлы уә паң бiр қауымды әкеледi! Олар Аллаһ жолында күреседі және ешкiмнiң сөгуiнен, жазғыруынан тайсалмайды. Бұл, Аллаһ тарапынан бiр абырой және мейiрiм, оны кiмге қаласа соған бередi! Аллаһ, ихсаны мол, ең көп бiлiмдi!” /[11]/.
Тарих беттерiн ашқанымызда Аллаһ Тағаланың Құранында баяндалған осы уағдасын орындағанын көремiз, ағайын. Ислам нұрымен абыройланған түркiлердiң алдында, ендеше, аса ұлық мақсаттар пайда болған-ды: Аллаһ ризалығы үшiн өмiр кешу, Оның Баянын жан-жаққа тарату, Исламның хақ туын шартарапта желбiрету! 623 жыл құдіреттілікпен, абыройлылықпен билiк жүргiзген Осман Патшалығы осының нағыз айғағы. Түркiлер өздерінің кеңбейілділік, мәрттік, жомарттық, батырлық сықылды қасиеттерiн одан ары дамытқан хақ дiннің жолында бiр сәт ойланбай жанын фида ететұғын, сондай шәһидтер қиыр шығыстан қиыр батысқа дейiнгі топырақтарда, өздерiнiң мәңгiлiк мекенiнде жатыр, оларды өлiктер деуге болмайды, үйткенi, олар шәһидтер!
Ислам дiнiнiң түркілердiң ұлттық қасиеттерiн қорғап қана қалмай, одан ары дамытқанын жоғарыда атап өттiк. Бұл шындық тек қана түркiлер үшiн емес, Исламиятты қабылдаған басқа ұлттардың барлығында бірдей. Ислам дiнiн қабылдаған түркi халықтарының ешқайсысы да араб болған жоқ. Керiсiнше, арабтар, парсылар және мұңғұлдар түрiктенiп кетті. Бұл Исламның бiр ұлтқа ғана тән дiн емес екендiгiн, күллі адамзаттың дiнi екенiн дәлелдейдi. Мұсылмандық дәуірде Жүсіп Хас Хажибтің Құтты Бiлiк” (1069-70), Қашғарлық Махмұдтың“Түрік Лұғатының Диуаны” (1072-74), Әбіл Қасым Махмұд Омарұлы әз-Замахшаридің (1075-1144) “Мұқаддимат-ұл Әдеб”, Сүлеймен Бақырғанидің (1104-1186) “Бақырғани Кітабы” (XII ғ.), Ахмед Йүгнекидің “Һибат-ұл Хақайық” (XII-XIII ғ.), “Қорқыт Ата Кітабы” /[12]/ (XIV-XVI ғғ.), Ахмед Йесеуидің “Хикмет Диуаны”, “Оғұзнама” /[13]/ (XIV-XV ғғ.), Насреддин Рабғұзидің “Қиссас әл-Әнбия” (1310), Құтыб жазған “Хұсрау уә Ширин” (1341-1342), Хорезми жазған “Мұхаббат-нама” (1353), Хұсам Кәтібтің “Жұм-жұма Сұлтан” (1370) нәсірі, Сәйфи Сарайи (1320-1396) жазған “Гүлистан би-т-Тұрки” (аударма, 1391 ж.), Сәййід Ахмедтің “Тағашшұқ-нама” (1435-36) атты еңбегі т.т. жазылды, яғни түрiк әдебиетiнің алтын дәуiрi Исламнан кейiн ғана басталды. Исламнан бұрынғы тарих пен әдебиет туралы шағын мөлшерде ғана (тас жазулар, ыдыстар) материал болғанымен, Ислам дәуiрінен қалған әдебиет пен өнер туындылары бүгiнде мұсылман елдерiнiң мұражайлары мен архивтерiн толтырып, бұған қоса Лондон, С. Петірбор, Мәскеу, Парис, Берлин, Рим, Нью-Йорк, Вена, Пекин, Киото, Ватикан т.т. қалаларындағы кітапханалар мен мұражайлардың ең бағалы экспонаттары қатарында аталуда. Ислам дәуіріндегі әдебиет шығармаларымызды 100 мыңдық, миллиондық цифрлармен ғана айтуға болады.
Исламият дәуірінде түркі тілдерінің зерттелуіне, үйретілуіне, жоғары оқу орындарында (медреселер) сабақ ретінде оқытлыуына мүмкіндік жасалды. Мәселен, Мұхтар Махмұдұлы әз-Закиди, Махмұд Ахмедұлы Мұсаұлы сықылды мәшһүр араб ғалымдары Сарай қаласында ғылыми жұмыстармен шұғылданған. Осы сәтте, мұсылман-қыпшақ ғалымдар Махмұд Фатшаһұлы әс-Сарайи, Шаһабұддин әс-Сарайи, Махмұд Абдұллаһұлы әс-Сарайи Ислам әлемінің мәшһүр орталықтарынан Қаһирада сабақ оқушы еді. Түрік тілінің грамматикасы, сөз байлығы туралы мұсылман авторлар тарапынан жазылған еңбектерден бірнешеуін атайық: Әбу Хайан жазған “Китаб әл-Идрак ли лисан әл-Әтрак” (Түрік тілінің түсіндірме кітабы), жазушысы беймәлім “Китаб әт-Тұхфат әз-Зәкия фи лұғат әт-Түркиййа” /[14]/ (Түрік тілі туралы ерекше зерделі кітап), “әл-Қауа-а-нийн әл-Кұллия ли-забт әл-Лұғат әт-Тұркиййа” (Түрік тіліне толық ие болдыратын құрал) /[15]/. Мұның бәрі де мұсылмандардың түрік тілін зерттеуге һәм үйретуге қатты назар бөлгенін дәлелдейді.
Жә, ендi, басқа дiнге енген түркi тектес халықтардың тiлден уә ұлттық қасиеттерден айырылғаны байқалады: мәселен, бұлғарлар (Дұнайлық) мен мажарлар осының дәлелi. Африкадағы көптеген тайпалардың христиан болғаннан кейiн туған тiлiнен айырылып қалғаны баршаға мәлiм. Олардың көбiсi не фырансызша не ағылшынша сөйлейдi, есiмдерi де не ағылшынша, не фырансызша аталады. Мұсылманшылық кісі аттарын ғұрыптық нәрсе деп бағалайды да бұған араласпайды; мәселен, бүгiнгi күннiң өзiнде түркiлер арасында Исламнан бұрынғы дәуірдің яки Исламнан кейінгі ғайримұслим адамдардың аттары кездесе бередi; мәселен, Түркияда Ескендір, Мете (Моде), Истеми, Билге, Аттила (Еділ), Шыңғыс, Ильхан, Құбылай есiмдерi жиi кезігеді. Орталық Азияда Шыңғыс есімі көбінесе қазақ-қырғыздарда кезігеді. Бұған мұсылманшылықтың кедергi жасамағаны анық.
Ислам дiнi бiрiктiрушi, бiрлестiрушi дiн. Өзiнiң аясына кiрген барлық халықтарды, ұлттар мен ұлыстарды өңiне, санына, байлығына қарамастан бiрiктiрген, бiр күмбездiң астында араластырған ұлық дiн. Балқан елдерiндегi түркi халықтары мен қазақтардың яки ойғырлардың тәржiмәшiсiз сөйлесiп, бiрін-бiрi ұғынысып жатқаны, әрине Исламның берекешiлдiлiгi, ұйымшылдығы. Ал, жағырапия жағынан түбiмiзде тұрған, бiрақ басқа дiндерге ауып кеткен хақас, тува, саха /[16]/ сықылды түркi тілді халықтармен не орысша немесе аудармашы арқалы ғана сөйлесе аламыз. Олар сiздiң бісмілләңізді /[17]/, ассалаумағалайкiмiңiздi /[18]/, жәрекемаллаңызды /[19]/, бәрекелдіңізді /[20]/, жарапазаныңызды /[21]/, құрбан айтыңызды, қажылығыңызды, ылайымыңызды /[22]/ (Иләһым), сүндет тойыңызды, ауызашарыңызды, қарилығыңызды, дұғай сәлеміңізді т.т. әрине білмейді /[23]/. Демек, Ислам иманының дәмiн татқан түркiлер ғана емес, барлық мұсылмандардың жалпы ортақ дәстүрге, сезiмге, түсiнiкке ие екенi хақ.
Ислам тарихының алуан түрлiлiгi, орасан зор байлығы уә жан-жақтылығы тiкелей Орталық Азияға қатысты. Орталық Азияда Ислам тарихының ең мәшһүр тұлғалары, Құран мен Хадис ғалымдары өмір сүрді, шаирлар, қаламгерлер, даналар, өнерпаздар керемет туындылары арқалы Исламдық мұрағаттарға өз үлесiн қосты. Самарқанд, Бұхара, Хорасан, Мәру, Йесе, Тараз, Отырар, Исфижаб секiлдi Түркiстан қалалары ғасырлар бойы Ислам мәдениетi мен өркениетiнiң ең беделдi орталықтары болды /[24]/. Мұсылмандардың ғылымдағы, өнердегі жетістіктері күллі адамзаттың игілігіне ұсынылды.
Түркiлер Исламиятты қабылдаған соң Ислам әлемiнде өздерiне тән ерекше мәртебелі орынды иемденді. Алғашында арабтардың хакiмиятында болған олар кейiнiрек саяси һәм әскери салада аса маңызды күшке ие болды. Жазба құжаттарда арабтардың түркiлердi Исламнан бұрынырақ аз да болса білетіні туралы мәліметтер келтіріледі. Екi халықтың тығыз қарым-қатынасы халифа Әділетті Омар кезiнде Иран мен Хорасан өлкелерiнiң мұсылман билiгiне енуiнен кейiн басталды. Деректер халифа әл-Мансұр дәуiрiн (754-775) түркiлердiң Ислам әлемiне терең сiңiп, үстем күш бола бастаған кезең деп белгiлейдi /[25]/. Халифа әл-Мағмұн билеген 813-833 жж. Орта Азия аймақтарының маңыздылығы арта түседі. Үйткені, әл-Мағмұнның әкесі Һарұн әр-Рәшид (786-809) өз кезінде Иран мен Тұран аймақтарының әміршісі еді. Ол 813 ж. бауыры әл-Әминді жеңіп, халифа болғанымен Мәру қаласынан кетпейді, оның мақсаты Мәруді Аббаси әулетінің орталық қаласы жасау еді. Бірақ, орталық болып қалыптасып қалған Бағдадтағы кейбір қарсылас күштер Ибраһим әл-Мәһдиұлын халифа етіп жариядайды. Мұндай жағдайда, әл-Мағмұн Бағдадқа баруға мәжбүр болады. Әл-Мағмұнның билігінде халифалықта түркілердің күш-қуаты мейлінше артады.
Атақты халифа Һарұн әр-Рәшид (786-809) арнайы сақшыларының (мұхафыздар) айтарлықтай бөлiгiн түрік жауынгерлерiнен құраушы еді. Әл-Жәһиз (776?-869) “Түрiктердiң үстемдiктерi” атты еңбегiнде Ибн Абди Раббиһтiң осы мәселе туралы былай дегенiн нақыл етедi; “Халифа Һарұн әл-Рәшидке Үндiстаннан елшiлер тарту-таралғыларын алып келгенде, халифа түрік әскерлерiне салтанатты түрде сапқа тұруды бұйырды. Олар елшiлер жүретiн жол бойынша екi сап түздi. Түркi жауынгерлер сауыттарын кигенi соншалық, олардың көзiнен басқа еш жерi көрiнбеушi едi” /[26]/. Һарұн әр-Рәшидтiң (786-809) ең беделдi сардарлары түрік-соғдылардан едi. Мисалы, һижраның 170 ж. Е.Ф. әт-Түрки атындағы қолбасы халифаның бұйрығымен осы күнгi Түркиядағы Тарсұс қаласын орнатады және сонда Хорасаннан уә басқа өңiрлерден көшіп келген мұсылмандарды орналастырады.
Халифалар әл-Мағмұн (813-833) мен әл-Мұғтасым (833-842) дәуiрiнде болса түркiлердiң хилафат әскериесiндегi маңызы одан ары артып, әскериенiң басым көпшiлiгi тек түркiлерден ғана құралатұғын болады. Сол түркiлердiң iшiнен көптеген мемлекет қайраткерлерi мен қолбасылар шықты /[27]/. Түркiлерден құралған түмендердiң қаһармандығы мен соғыс өнерi мұсылман елдерiнде ғана емес, сонымен қатар басқа да алып мемлекеттерде аңызға айналған-ды. Бартольдтың пiкiрiнше мұсылмандардың Бизантияны (395-1453) түбегейлi жеңiлiске ұшыратуы халифалықта түрiк билiгi орнағаннан кейiн ғана мүмкiн болған /[28]/.
Сонымен қатар мұсылман түркiлер тарапынан құрылған мұғаззам мемлекеттердiң, патшалықтардың жалпы тарихтағы орасан маңызды, айрықша орнын күллі жиһан мойындайды; Ғазналық Махмұд сонау Х-ғасырда осы күнгi Иран, Ауғаныстан, Пәкiстан және Үндiстанның аумағында алып дәулет құрды. Ол басқарған мемлекеттiң (999-1031) құдiреттiлiгi соншалық, оның беделiн Рим, Қытай сықылды сол заманның алыптары мойындады.
Алман ғалым Хаұссиг түркілердің Исламды қабылдағаннан кейінгі жағдайын бүйтіп суреттейді: “Жаңа дінге (Исламға, М.Ж.) түріктер толқын-толқын қосылды. Орта Азияның оғыздары енді осы мұқаддас (қасиетті) сенімнің қуанышымен қобалжуда еді. Бұл киелі сенімді Сырдарияның ар жағындағы әлі мұсылман болмаған бауырларына қабылдатқызу үшін жиһад етуші еді олар. Орта Азиядағы оғыз руларының осы шабытын Османдықтардың ХV-ХVI ғғ. жиһад һәйежанымен (этнузиазм) ғана салыстыруға болады. Мұсылмандықтың туын көтерген Қарахандық, Ғазналық және Селжүк мемлекеттерін ылғи да осы түріктер құрған еді” /[29]/.
Әлемнің ең беделді энциклопедияларынан Британникада болса былай деп жазылған: “Орталық Азия Ресей патшалығының ішқалына (оккупация), яғни 1870 жылға дейін Ислам мағарифінің ең маңызды орталығының бірі болды. Осы аймақтың адамдары арабша классикалық әдебиет жасады. Ислам әлемінің тарихындағы ең мәшһүр ғалымдар мен шаирлар, араб немесе парсы тілінде жазғанына қарамастан, осы терииторяның өкілі болды” /[30]/. Демек, Тұран халықтары араб және парсы тілдерінің өсуіне, дамуына кем дегенде арабтардай еңбек етіп, үлес қосқан.
Қорыта айтқанда, Ислам үмметінің ішінде мұсылман түркілердің орны ерекше. Ислам дінінің шартарапқа жайылуында, мешіттер мен медреселердің ашылуында, ғылыми еңбектердің дүниеге келуінде, мұсылман үмметінің әскери үстемдігінде мұсылман түркілердің орасан маңызды орнын мысалдармен атап көрсеттік. Ендігі міндет, жас ұрпақтарымызға осы сара жолды лайығынша түсіндіруде, қайтадан тарихтағы жетекші орынды жаңғыртуда. Бұл жолда қызмет етуші бауырларыма Аллаһ жар болғай!

[1] Ибни Кәсiр, Әл-Бидәя, 9-том, 172-бет
[2] Ибни Кәсiр, Әл-Бидәя, 9-том, 167-бет
[3] Ибн әл-Әсiр, Әл-Кәмiл, 8-том, 532-бет
[4] Ғалым Бартольд бұл туралы былай деп жазған: «Турки на востоке, как берберы на западе, вообще выступали в роли защитников религии в тех странах, где представители религии вели борьбу с правительством. Махмуд Кашгарский приводит хадис, в котором, со слов пророка, самому Аллаху приписаны слова: «У Меня есть на востоке войско, которое называют турками; когда я разгневаюсь на какой-нибудь народ, я посылаю их на него».» Қараңыз: Бартольд, В.В., Тюрки- Двенадцать лекций…, 65-бет
[5] Әбу Дәуiт, Сұнен-и Әбу Дәуiт, Мысыр баспасы, 4-том, 112-бет, белгiлi араб тарихшысы әл-Жәһиздың 1964-ж. Қаһирада басылған “Ресаил-ұл Жәһиз” деген кiтабының 1-томының 76-бетiнде де осы хадис келтiрiлген.
[6] Философтарымыз бұл жөнінде: «Тарихшы, антропологтардың көрсетуі бойынша халқымыздың ең арғы ата-бабалары- түп түркі, түп мұңғұл және түп тұңғұстардың этник бірлестіктері – неолит (жаңа тас) дәуірі кезінде қалыртасып болды» дейді. Қараңыз: Қасабеков, Аманжол., Алтаев, Жақып., Қазақ Философиясының Тарихына Кіріспе, Алматы, Ер-Дәулет, 1994, 38-бет
[7] Ergin, Muharrem., Orhun Abideleri, Ankara, 1970, 5-6 беттер
[8] Kitapçı, Z., Yeni İslam Tarihi ve Türkistan, 37-бет
[9] Barthold, W.W., Orta Asya Türk Tarihi, 1958. Бұл туралы Л. Гумилев былай деп жазған: “Тонйұқұқ Білге ханмен татуласқан кезде ол басқаша сөйлей бастады: Могилян (Білге) орданы дуалдармен қоршап, Бұдда мен Лао-цзыға храмдар салмақ болды. Тонйұқұқ былай деді: “Түрік халқы өзінің саны жағынан қытайдағы халық санының жүзден бірімен де теңдесе алмайды. Сондықтан ол мемлекетке қарсы тұра алмақ емес. Мұның себебі түріктер шөп пен судың соңында жүріп, өздеріне тұрақты мекен таба алған жоқ. Және әскери істермен ғана шұғылданады. Оның үстіне Бұдда мен Лао-цзы ілімі оларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеп, жаугершілікке икемсіз, әлжуаз етеді”. Қараңыз: Гумилев, Л.Н., Көне түріктер, Алматы, Білім, 1994, 334-335 беттер
[10] Lewis, В., The Еmergency of Modern Turkey, London, 325-бет
[11] Құран Кәрім, Маида сүресі (5), 54-аят
[12] Қорқыт Ата Кітабының араб харіптерімен жазылған екі нұсқасы Ватикан және Дрезденде сақтаулы. Қазақшаға алғаш аударған Ә. Қоңыратбаев болды (1986).
[13] Оғыз-нама жырының ойғыр және араб харіптерімен жазылған екі нұсқасы сақталған. Қараңыз: Шербак, А.М., Огуз-нама, Москва, 1959, 22-42 беттер
[14] Бұл нәдір кітаптың жалғыз данасы Ыстамбұлда сақтаулы, 182 беттен құралған. XIV ғ. Мысыр елінде жазылған. Кітапта 3 мыңдай қыпшақ сөздерімен қатар, түрік, татар, қарлұқ тілдері туралы мол мағлұматтар келтірілген.
[15] Қазақстан – Ұлттық Энциклопедия, I-том, Алматы, 1998, 317-бет
[16] Көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібай мұның себебін былайша түсіндіреді; «Әсіресе сахалардың ХVIII ғ. соңы мен ХIХ ғ. басында жаппай шоқындырылуы, аты-жөндерінің орысша жазылуы, елдің дағдысына христиан салттарының ене бастауы оларды түрік, мұсылман әлемінен тіпті алыстатып жіберген. Оның үстіне сахалардың ғасырлар бойында мұңғұл, бұрят, эвен, эвенкі, чукчи, юкагир секілді халықтар мен аралас-құралас өмір кешкендігі сөздік құрамының да күшті өзгеруіне әсер еткен». Қараңыз; Бердібай, Рахманқұл., Байқалдан Балқанға дейін, Қазақстан баспасы, Алматы, 1996, 3-бет
[17] Бисмиллаһ – Аллаһ атымен
[18] Әссәламұ аләйкұм – Саған сәлем болғай!
[19] Йерхамұкеллаһ – Аллаһ сені жарылқасын!
[20] Барекаллаһ – Аллаһ мүбәрәк етсін!
[21] Шәһри рамазан – рамазан айы
[22] Иләһым – Тәңірім
[23] Бір қызығы мұсылмандыққа кірмей қалған түркі халықтарының тілінде арабша және парсыша кірме сөздердің кезігетіні. Тіл, мәдениеттің басты көрсеткіштерінен бірі боп табылады. Тіл, сонымен қатар мәдениеттердің бір-біріне ықпал жасауына жол ашатын ең маңызды құрал. Мәселен, Алтайлықтардың тілінде ежелгі қытай (кангза/ гуандза), иран (құрбұстан/ахұрамазда), санскрит (эрдине/ратна) сөздерімен қатар арабшадан кірген саат/сағат, арақ, қалық/халық сөздері кездеседі. Христиан дініндегі гагавуздардың тілінде аалем/әлем, маави/көк, лаазым/ләзім, зоор/зор сықылды араб-парсы сөздері мәужүт. Тағы да, шоқынған түркі халықтарына жататын чуваштардың тілінде; пахча/бақша, хыпар/хабар, салам/сәлем, хұча/қожа, Эхмет/Ахмет, Селиме/Сәлима секілді араб, парсы тілдерінен енген сөздер кездеседі.
[24] Diloram, Ibrahim, The Islamization of Central Asia, 3-бет
[25] Kalkan, М., Orta Asya Türk Devletlerinde Ordu va Savaş Stratejileri, 110-бет
[26] Cahiz, el-Bahr bin Amr Ebu Osman, Hilafet ordusunun menkıbeleri ve Türklerin faziletleri, tercüme: R. Şeşen, Ankara, 1988, 28-бет
[27] Cahiz, Hilafet ordusunun…, 29-бет
[28] Бартольд, В.В., Тюрки- Двенадцать лекций…, 83-бет
[29] Haussig, Hans Wilhelm., Ipek Yolu ve Orta Asya Kültür Tarihi, 304-бет
[30] Turkic Languages, Encyclopaedia Britannica, 15th Edition, 1994-1998