пятница, 15 августа 2008 г.

СЫРТТАН КЕЛГЕН ҚАЗАҚ МИЫ

СЫРТТАН КЕЛГЕН «ҚАЗАҚ МИЫН» «ІШКІ АҒЗА» ҚАЖЕТІНЕ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?[1]
Аласапыран, аумалы-төкпелі заманда бір-бірінен көз жазып қалған жалғыз қазақ ұлты емес. Империя тәрізді алып қазанның басында қайдан құлақ шығарса да, өз еркінде болған орыс та тарыдай шашылып кеткен өз ұлты өкілдеріне «қара шаңыраққа жиылыңдар» деген үндеу тастады. Көші-қон мәселесімен айналысатын арнайы ведомство құрып, бастамаларының желге ұшып кетпеуін қадағалап жатыр.
Бір кездері екі жүйе, екі саясаттың ек­піні­мен екі айырылған елдерде қазір ұлт болып ұйысу, қазақша айтқанда ет пен тері болып бі­рі­гу үрдісі жүріп жатыр... Оған дәлел екіге айырылған Германия мен Корея. Осы тұрғыда: – Тағдыр тезімен екіге бөлінген кәріс халқын қандай мүдде біріктіреді, қандай көзқарастар алшақтатады? Екі елдің жақын болашақта бірігуіне мүмкіндік бар ма? – деген сауалымызға Сеулдегі қазақ елшісі Дулат Бақышев мырза:
– Бұл өзі – өте маңызды мәселе. Халық­тың бір екені рас. Мүдделері де ортақ болса ке­рек... Алайда жікке бөлініп, 60 жылдай еркін қатынас болмағандықтан, Оңтүстік пен Сол­түстіктің тұрғындарында өзіндік ерек­­шеліктер де жоқ емес. Бірақ қарапайым ха­лықта тұрған не бар? Түрлі себептермен екіге бөлінді... Бірігу мәселесіне келсек, мүм­кіндік бар. Ерте ме, кеш пе, корей халқы қайта қосылады. Бұл – уақыт мәселесі. Дегенмен реализм тұрғысынан оңтүстікте­гілер бірігуге жағдай жасап, солтүстіктің экономикасын көтеріп, бар шаруаны содан кейін ғана жүзеге асыруды қалайды. Сеулдің саясаты да осы тақылеттес. Оның үстіне ҚХДР-дің ядролық мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Жағдай жағымды жаққа өз­герсе, қайта қосылу да тездетер еді, – десе, кезінде Германия Федеративтік Республи­ка­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін атқарған, Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Қайрат Сарыбай мырза: – ГДР мен ГФР-де болған түрлі қоғамдық саяси жүйелер, бүгінгі таңда біріккен елдің осы бөліктерінде тұрған халықтың ділдеріне таңба қалдырған. Дегенмен қанша күш-жігер жұмсалса да, экономикалық дамуда, сондай-ақ өмір деңгейінде де неміс мемле­кетінің екі бөлігіндегі айырмашылықтар әлі жойылмай отыр. Еуроодақ пен елдің одан әрі дамуы және нығаюы қос Германияны біріктіріп отырған ортақ мүдде болып отыр деп ойлаймын,– деген жауап алған едік.Ал неміс ұлтының бірігу үрдісі басталған кезде билік екі жүйеде өмір сүрген пси­хологияны барынша жымдастырып жіберу мақсатында Федералдық канцлері лауа­зымына арғы бетте қалған неміс қызы Ангела Меркельді әкеліп отырғызды. Ұлттық психо­логияның бірігуін барынша қолдаған неміс қоғамы осындай әрекетке барса, жапон елі соғыста қайтыс болған жауынгерлерінің әлдеқашан қурап қалған сүйегін алдырып, өз жерінде жерлеуді қолға алды.
Бірақ жоғарыда атап өткен елдер тағдыр тезімен жерімен, ата-қонысымен екіге жа­рылса, қазақ халқы ата-қонысы, жер-суын тастап, ел ауып кеткенде ұрпағын сақтап қалуды ғана ойлағаны тарихтан белгілі. Демек, сырттан келіп қатарымызды көбейтіп жатқан қандастарымыздың тағдыры ата-мекенімен келіп ірге кеңітіп жатқан өзгелер­дің тағдырына қарағанда салмақтылау. Ондай болса кейбіреулердің «сырттан келіп, қатарымызды көбейтіп жатқан қандастары­мызды біздің қырық қатпардан тұратын қо­ғамымыз жатырқап жатқан жоқ па?» деген пікір таратуы артықтау емес пе?
Соңғы кездері өзіндік пікірімен айшық­талып жүрген дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай мына бір жайтты есіне түсіреді:
– Осыдан бірер жыл бұрын қазақша басылымдардың бірінен Мұңғұлиядан кө­шіп келген бір ақсақалдың хатын оқыған едім. Хаттың тақырыбы «Қазақстанға рақ­мет!» еді. Ақсақал бүкіл өмірінде мұңғұл болуға тырысып, Улан-Баторда өткізген екен. Мұң­ғұлша сөйлеп, мұңғұлша киініп, балаларын мұңғұлша оқытса да мұңғұлдар оны мұңғұл демей, қазақ атаудан бас тарт­паған екен. Ал Қазақстанға табан тіресімен «қазақ» аты жойылып, «моңғол» атанып шыға кел­геніне аң-таң болған ғой. «Сон­дықтан бүкіл өмірі жете алмаған арманыма жеткізген Қазақстанға рақмет!» деп хатын тәмамдаған екен. Біз елде жүріп жатқан ре­формалар барысында талай елдің тәжіри­бесін өзімізге үлгі еттік, кейде тіпті көшіріп алдық. Ал осы қан­дастарымызды Қазақстан қоғамына бейімдеу және оларды қатарға қосу жағы­нан дамыған елдердің тәжірибесін көп пай­даланған жоқпыз. Мысалы, екі Германия қосылған кезде мен сол өңірде тұрған едім. Неміс билігі «сырттікі» немесе «өзіміздікі» деп немістерін бөлгізген жоқ. Сөйтіп, жік­шіл­дік туралы ойды жатырында тұншық­тырды. Біздің көші-қон саясатына аса маңызды ұлттық стратегиялық саясат деп қарайтын кезіміз жетті. Жалпы, мықты ұлт болып ұйысатын және біртұтас қазақ­шы­лық идеясын ұстанатын шақ жетті, – дейді Мұртаза Бұлұтай ...
Сонымен, сырттан келген қазақ пен ішкі қазақтың бір-бірімен бірігу, ұлт болып ұйысу процесі қалай өтіп жатыр? Сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» ішкі ағза жатыр­қамай, қажетіне жаратып жүр ме? Оған қо­ғам мүмкіндік беріп жүр ме?
Бұл тұрғыда тарихшы Зардыхан Қи­наят­ұлы ойын әріден тарқатады:
– Бізде кадр таңдау жүйесі өте ауыр. Өзіңіз білесіз, бізде командалық жүйе үс­темдік етеді. Қазір билік басына келген топ шеттен келген қазағың түгіл, тұрғылықты қазақты, қажет болса, өз туысқанын да сый­дырмауға бар. Бізде төртінші жүз – орыс, бесінші жүз – қазақ жерінде тұратын өзге ұлт өкілдері, алтыншы жүз – сырттан келген қазақтар. Бұған халық немесе сіз айтпақшы ру басы – ақсақалдар емес, тұтас билік кінәлі. Қазір ұлт болып, ұйыстырып, телі мен тентегін жөнге салып отырған қазақтың ақ­сақалдарынан билік кетіп қалған. Қо­лында қаржысы, тірегі бар аз ғана тұлға сырттан ешкімді жақындатпайды, сырттан ешкімді кіргізбейді. Қазіргі заман бидің төрелігін, сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» қажетсі­ніп жатқан жоқ.
Қазір Қытай, Моңғолия, тіпті Ресей қазақтарының тұрмыстық жағдайы жаман емес. Шетел қазақтарына қарағанда, қара шаңырақта отырған қазақтардың жағдайы рухани-психологиялық, материалдық тұрғыдан алып қарағанда анағұрлым қиын. Мен жат жерде жүріп ширап, диірменнен бүтін шыққан бидайдай, аяқ-қолын жи­нақы алып жүретін шеттен келген қазақтар емес, жергілікті қазақтарға жаным ашиды. Менің ойымша, шеттен келген қазақ көші осымен бітті. Бірлі-жарым келуі мүмкін. Бұрынғыдай, тобымен, ағайынымен келетін ұлы көш енді келмейді. Қазір жас болсын, кәрі болсын, бәрі «қазақ жері» деп елеңдеп отыр. Бірақ бұ­рынғыдай ұлы көшті қабылдайтындай, қазақ Үкіметінде жағдай жоқ. Барлығы жеке­шеленіп кеткендіктен, Үкіметтің мүм­кіншілігі қалмады.Ұлттық табыс та жоқ. «Шетелден бес миллион қазақты көшіріп әкелеміз» деу, бұл көші-қонды бизнеске айналдырып жүрген адамдардың бос ұраны. Оны орындау мүмкін емес. Қазақтың көші осымен тоқтайды. Келгені келді, қалғаны қалды. Рас, жергілікті халық арасында да қарызға үй алып жатқандар жетеді. Бірақ өзге елден келіп, есін жинай алмай тұрғандар қалай қарызға баспана сатып алады? Өйт­кені оралмандардың көпшілігі жұмыссыз. Тіпті осы келген 800 адамның арасында мемлекеттік қызметте, яғни жоғары лауазым алып жүрген бірде-біреуі жоқ. ҚАШАН БАСТАЛДЫ?
Осы тақырыпты тереңірек зерттеп жүр­ген ғалымдарымыз шеттен келген қандас­та­ры­мызға үрке қарау, сенбей қарау қазір емес, сонау 1955-1962 жылдарды ал­ғаш­қы көшпен бірге ілесе келгендігін айта­ды. Дін­танушы ғалым Мұртаза Бұлұтай­дың пайымдауынша, бұл – кешегі келмеске кет­кен кеңестік жүйенің жылқы мінезді аз ғана қазақты бөліп-жаруға бағытталған жы­мысқы саясатының жемісі. Біз отарлық қа­мыт­пен бірге санамызға өшпестей болып таңбаланып қалған құлдық қамыттан күні бүгінге дейін арылуға дәрменіміз жетер емес. Мұны мойындағымыз келмейді. – Елге алғашқы көш 1955 жылдары Қы­тай жақтан жеткенінен хабарыңыз бар шы­ғар. Қытайдағы мәдениет төңкерісінен бос­қан мыңдаған қазақ Қазақстанға ауған-ды. Кеңес билігіне осы босып келген қа­зақ­тарды өзінің «кеңестік» қазақтарынан бөліп, ажы­рату керек болды. Сондықтан Қытайдан келген қазақтарды «китайцы» деп атады. Өкі­­ніштісі, сол жымысқы да қия­натшыл саясат қазақы қоғамның санасына ұя салып үлгірді. Сол саясаттың жаңғырығы әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Қытайдан кел­ген қан­дастары­мызды «қытайлар» деп, Мұң­ғұлия­дан кел­гендерді «мұңғұл» деп атау бұ­рынғы құлдық сананың, отаршыл езгінің сар­қын­шағы. Аллаһ тағалам қазақ етіп жарат­қан пендесін басқа ұлттың атымен шақыру діни жағынан алғанда да дұрыс емес. Қы­тайдағы қандас­тары­мыз өзінің атамекенінде 1780 жыл­­дан отыр. Ресей мен Қытайдың отар­лауымен көп жеріміз басқа елдің ішінде қалып кетті. Ре­сейдегі, Өз­бек­стандағы аға­йындар да өз жерінде тұрып жатыр. Басқа елдерден көшіп келген қан­дастарымызды жауапты қызмет­терге жа­қын­датпау деген дүм­білез саясаттың алғы­шарты да сол кезде қаланды. «Қаш­қын­­ның тұқымы», «сатқын­ның ұрқы», «байдың, мол­даның ұрқы», «сырт­­тың тың­шысы» де­генді та­лай естіп жүрміз. Сондағы біздің бар кінә­міз қазақ боламыз, тәуелсіз елдің аза­маты бо­ла­мыз, еліміздің мәртебесін көтереміз деп ата­мекенімізге кө­шіп келгендігімізде. Бұ­рын­ғы бодандықта санаға сіңірілген осын­дай жа­­­­ғым­­сыз да зиян­ды алалаушылықты, өгей­­сі­туді біржолата жойып, оның орнына Отаны­­мызға адал қызмет етемін, қалың елім – қаза­ғыммен бір тағ­дырды бастан кешемін деп кел­ген қан­дастарымызды өз бауыры­мыздай кө­ріп, күллі әлемге ұлттық ұйым­шыл­дық пен ынты­мақ­тастықтың үлгісін көр­сетуіміз ке­рек.
Елге оралған қазақтарды бірыңғай мал­шы деп көру де теріс пиғыл. Оның ішінде өздері өмір сүрген елдерде үздік білім алған, біршама биік орындарға дейін көтерілген тұл­ғалар аз емес. Бұл интеллектуалды по­тен­циал­ды әліге пайдалана алмай келе жа­тыр­мыз. Бізге жер бетіндегі барлық қазақтың басын біріктіретін мемлекеттік идеология ауа­дай қажет. Бұл – заман талабы. Тәуел­сіздік ке­зінде басы қосылмаса, бұл қазақтың басы еш­қашан да бірікпейді. Кешегі тарих аз қа­зақ­тың басын ыдыратып, иелік таныта ал­маса, өткенге салауат. Ал бас ие болып, та­ры­­­дай шашылып жүрген аз қазақты бір орта­ға жию­ға, елдік танытуға тағдыр бізге мұр­сат берсе, біз одан неге бас тартуға тиіс­піз, – дейді ол. ТүйінҒаламдық көші-қон үдерісінің тамыршылары «ұлт болып ұйысу, тек іздеу – тек ХХ ғасырға тән құбылыс, ХХІ ғасырда оның жаңғырығы ғана қайталанады» дегенді айтып үлгірді. Шынында да солай сияқты. Себебі тоқсаныншы жылдары басталған көш қызығының түгесілгені күні кеше ғана өткен Үкімет жиынында байқалып қалды. Қаржы дағдарысы арқасына аяздай батқан біздің Үкімет «шеттен келген қазақтарға үй берілмейді» деп салды. Көштің ендігі беталасы – қазақ жеріне келіп қоныстанған қандастарымыздың тұрмыс-жағдайына ғана емес, қоғамда алар орнына қарап та бағаланатыны сөзсіз. Қазір сырттағы қандастарымыз «Қазақ үкіметі шеттен келген қазаққа үй бере ме, бермей ме?» деген сауалдың емес, «Сырттан келген «ҚАЗАҚ МИЫН» «ішкі ағза» қажетіне жаратып жүр ме?» деген сауалдың жауабын іштен тынып күтіп, сырттан бақылап отыр. ХХ ғасырдың орта шенінде басталған Ұлы көштің беталысы Үкіметтің пейіліне емес, енді сол жауаптың беталысына қарап анықталатын болады.Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
[1] Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ, «Айқын» газеті, №151(1088), 14.08.2008 ж., 6-бет.