пятница, 7 марта 2008 г.

Ислам дін туралы айтсаныз. Өзге әлемдік діндерден несімен ерекшеленеді?Айырмашылыгы не?
М.Б. – Қазір әлемде көптеген дін бар. Оның ішінде ислам, христиандық, буддизм діндері көптеп таралған. Осы діндердің барлығын салыстырып қарайтын болсақ, ислам дінінің артықшылығы ішкі дүниесінің тұтастығында. Оның кереметтігі уникалдылығында. Ислам дінінің қайнар көзі – қасиетті Құран Кәрім. Ол аталмыш діндердің кітаптарының ішінде өзінің түпкі мазмұнын сақтаған жалғыз кітап. Ислам дінінің жаршысы – Құран Кәрім.
Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бері түрлі діни ағымдардың жерімізде қанат жайып көбейіп отырғандығы аңғарылады. Неліктен деп ойлайсыз? 1992 жылы қаңтар айында қабылданған «Діни сенім бостандығы» заңының осыған әсері бар ма?
М.Б. – Бұл сұраққа келетін болсақ, қазір Қазақстанда 49 конфессия тіркеуден өтіп, 5000-ға жуық діни бірлестіктер жұмыс істеп жатыр. Тіркеуден өту аса қиын мәселе емес. Кейбір діни бірлестіктертердің тіркеуден қалай өтіп кеткені сұрақ туғызып отыр. Әр мемлекеттің өзіндік пайда болу тарихы бар. Мысалы, Германия, Британия тағы да басқа елдердің мемлекет болып қалыптасу тарихы, өзіндік даму тарихы бар. Сол сияқты біздің де өз даму тарихымыз, территориялық аймағымыз бар. Ұлттық тұтастығымыз бар. Қазақстан, аты айтып тұрғандай, қазақ елінің негізінде қаланған мемлекет. Қазақ елі тарихта дінге бөлінбеген. Бұл елдің діні – ислам діні. Бұған ешкім дау айта алмайды. Бірақ, кейінгі 18 жылдың шамасында біз дінімізді жік-жікке бөліп алдық. Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдері тұрмақ, қазақ өз ішінде түрлі дінге бөлініп кетті. Бұл өзің айтып отырған 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның өте жеңіл шарттардан тұруы негізінде болып отырған құбылыс. Еліміздегі дінді жікке бөлуді мен ешқандай ақтауға болмайтын үлкен қателік деп есептеймін. Сондықтан бұл заңды тұтастай өзгерту керек. Заң мемлекеттің ішкі мүддесіне қызмет ететін мазмұнда қабылдануы керек. Қазіргі заң ішкі мүддеге зиян келтіріп, қайта сыртқы мүдделерге жол ашып беріп отыр. Ондай заңның бізге керегі жоқ. Әр заң сол мемлекетте болып жатқан құқықтық қатынасты реттейді. Әлеуметтік, құқықтық қатынастардағы проблемаларды шешетін заң болуы керек.
Ислам-иллахи дін. Бейбітшілікті уағыздайтын дін. Десек те соңғы кездері исламды қаралау мақсатында «терроризммен» байланыстырып жүр. Бұған не айтасыз.
М.Б. – Бұл да саналы түрде жасалып жатқан әрекет. Ислам діні тазалық діні. Жалпы өмірде мен мынадай келеңсіз жағдай бар деп сенемін. Мысалы, адамды алайық. Кімде-кім ақ, яғни пәк болса, сол адамды қаралаушылар көп болады. Қазақта «Турасын айтқан туғанына жақпайды» деген сөз бар. Сол секілді тура адал жолмен жүрген адам көбінесе қорлыққа душар болады. Керісінше, жандайшаптар мен арамтамақтарға өмірдің сүбелі жағы бұйырады. Бұл менің жеке пікірім. Бұған кейбіреулері келіспеуі мүмкін, оған еш қарсылығым жоқ. Дінді де осы турашыл, пәк, адал адам ретінде алатын болсақ, ислам дініне де күйе жағушылар көп болары сөзсіз. Қазір әлемдік билікті қолында ұстап отырған топтар бар. Олар қанаушы, импералистік топтар. Олар адам құқығы дегенді белінен басып, қанаушылық, тонаушылық әрекетін іске асырып жатыр. Бүгінгі заманда біз соның куәгерлеріміз. Ал, ислам діні тап-таза жүйе. Ол бұған қарсы. Ислам – бейбітшілік діні, тыныштық діні. Әлемді жаратқан Аллаһқа табынуды уағыздайтн дін. Ал лаңкестік топтар айтады: «Жоқ! Маған табынасыңдар!»,– дейді. Ислам: «Өмірде әділеттілік болсын, ешкімге нүктедей зорлық жасалмасын, бір жанды күнәсіз өлтіру, күллі жанды күнәсіз өлтірумен тең»,– дейді. Ал лаңкестер: «Мен күштімін! Мен мықтымын! Менің дегенім болады, айтқаныма көнесің, айдағаныма жүресің»,– дейді. Қазіргі таңда осы екі жүйенің арасында тайталас бар. Ислам бөлек жүйе, жиһандастыру жолымен ұйымдастырылған империялистік жүйе мүлде бөлек. Исламда барлық адамның құқығы бірдей десе, қанаушылар құқықтың үстемдігіне емес күштің үстемдігіне арқа сүйейді. Ислам бар жерде қанаушылық, тонаушылық деген ұғым жоқ. Жапай қыру, жаппай жою дегендер исламда жоқ. Сондықтан не істеу керек? Исламды құбыжық етіп көрсету керек, исламды қаралау керек. Исламды немен қаралау керек? Исламды ең жауыз қылмыс – терроризммен қаралап отыр. Терроризмнің иманы да, діні де жоқ. Адамзатқа жасалған ең үлкен қылмыс – лаңкестік. Ислам бұл істің барлығын атымен қаралаған.Адам тұрмақ, құмырсқаның өзін өлтіруге дініміз қарсы. Ислам діні адамды өлтірмек түгілі, адамның сыртынан ғайбат айтудың өзін кісі етін жеумен тең деп есептейді. Бірде-бір дінде мұндайды таба алмайсыз. Исламда жала жабудың өзіп үлкен күнә. Кімде-кім біреуге жала жапса, ол өмір бойы куәгер болу құқығынан айырылады. Ендеше бұл дін қалайша лаңкес болады? Исламды қаралау мақсатында мұсылман азаматтарға қаржы беріп, оларды ұйымдастырып, қолына қару беріп жатқандар бар. Олар саяси-экономикалық мәселелер салдарынан шабуыл да жасайды. Сөйтіп, түбінде күйе исламға жағылады.