пятница, 7 марта 2008 г.

Дінтанушы Мұртаза БҰЛҰТАЙ: ОРГАНИЗМГЕ ВИРУС КІРДІ![1]

Әділет – Исламдағы ең маңызды әлеуметтік ұғым

Ө.А. – Сұхбатымыздыең негізгі мәселелердің бетін ашып алудан бастайық. Діннің пайда болу себептерін бізге, «Құдай жоқ» деген атеистік кеңес заманында өскен кешегі ұрпақ пен көпдінділікке тап болған бүгінгі ұрпаққа Аллаһ Тағаладан ешқашан қол үзбеген ұрпақ өкілі әрі кәсіби дінтанушы ретінде сіз түсіндіріп беріңізші.
М.Б. – Діннің адам өміріндегі пайда болуын біріншіден дінге қатысы бар ғылымдар тұрғысынан, екіншіден, діннің өзінің тұрғысынан түсіндірген жөн. Дінтану, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану, философия, археология, антропология, этнология, этнография, тарих тәрізді ғылымдар бұл жөнінде өз тұжырымдарын жасаған. Дін өзінің қалай пайда болғаны жайлы және түсіндірген. Осы екеуінің арасында айырмашылықтар бар. Ғылымдар тұжырымдамасы бойынша діни сенім адамзат өміріндегі ең ежелгі қоғамдардан бері адаммен бірге жасасып келеді. Адамдар әрқашан белгілі бір діни қағидалар бойынша өмір сүрген. Адам баласы туғаннан өлгенге дейін атқарылатын діни рәсімдер ерте дәуірлерде қалыптасқан. Яғни, діннің пайда болуы адамзат қоғамының дамуымен тікелей байланысты. Адам өзі білмеген, түсіне алмаған нәрсенің қыр-сырын табиғат күштеріне арту арқылы натуризм сенімдері пайда болған. Бұл сенім адамдарға қорқынышты, түсініксіз нәрселерді түсіндіруден, олардан сақтанудан бастап, қоғам мүшелерінің арасындағы түрлі қатынастарды, мәселелерді реттеуге шейін барған. Адамның ойлау деңгейі дамыған сайын адам баласы да политеистік (көптәңіршілік) ұғымнан, монотеизмге (біртәңіршілік) бет бұрған. Көптәңірлі көне дәуірде инкарнацияланған, яғни көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, антропоморфты, адам кейпіндегі тәңір (пұт) бейнесі көбірек таралған болса, кейінірек біртәңірлі, абстрактылы, көзбен көруге болмайтын, адамға, жалпы, ешнәрсеге ұқсамайтын, бейнесін адамның ақыл-санасы ойлап тани алмайтын, айтып жеткізе алмайтын тәңір (Құдай) сипатына қарай ойысқан. Ғылымның көзқарасын қысқаша түсіндірсек осылай. Көне дәуірлерде тотемизмді, тотемге табынушылық, фетишизм – пұтқа табынушылықты, анимизм – рухтарға табынушылық, натуризм – табиғатқа, өсімдік пен жануарларға табынушылықты сол кездегі рулық-тайпалық қоғаммен етене араласқан сенімдер ретінде көреміз. Әр ру-тайпаның өзінің қамқоршы, қорғаушы, киелі пұттары болған.
Дін өзінің қалай пайда болғанын өзгеше түсіндіреді. Мәселен біртәңірлі діндерге жататын Ислам діні дінді Жаратушы тарапынан пайғамбарлар арқылы адамзатқа жіберілген сенім және тіршілік жүйесі ретінде түсіндіреді. Жалпы дінтану ғылымында монотеистік діндерге иудаизм, христиандық және ислам діндері жатады. Бір қызығы бүгінгі күні көптәңірлі сенімдер қатарынан табылатын көне Иран және Үнді діндерінің сарғыш тартқан жазбаларынан біртәңірлі сенімнің сарқыншақтары әлі де болса кезігіп жатады. Мәселен, ең көне веда жырларындағы «Брахма» сөзінің мағынасы «Жаратушы», ал, «Вишну» – сөзінің мағынасы «Қамқоршы» дегенді білдіреді және Брахманың бір ғана жаратушы екені, оның теңдесі жоқ екені айтылған (Чандогя Упанишад жыры, 6-тарау, 2-бөлім, 1-шумақ және Светасватара Упанишад, 6-9). Вишнудың сұлбасының жоқ екені айтылған (Ригведа жыры, VI-том, жыр №45-16 және Яжурведа жыры 32-3). Үнділердің веданта, ригведа, яжурведа сияқты көне жырларында жоғарыда сипаттары аталған тәңірдің бірлігі және Құран сүрелеріндегі сипаттамалармен үндес келетін мәліметтерді табуға болады. Бірте-бірте сол дәуірдегі халықтардың сауатсыздығына байланысты, таптық жүйеге қарай діннің атын жамыла отырып, оны кәсіпке, дүние табу көзіне айналдырған дінпаздардың (дін саудагерлері, дінбұзарлар, діни каст – М.Б.) қанаушылық, озбырлық әрекеттері нәтижесінде бастапқыда біртәңірлі болған нанымдар пұтқа табынушылыққа бет алған тәрізді.
Қазіргі кезде аталмыш діндердің ең көне діни мәтіндерін зерттеп жатырмын. Себебі, олар, Веда жырлары болсын, Заратуштраның «Авестасы» болсын, Будданың өсиеттері болсын, Библия, Көне және Жаңа өсиет болсын, бәрі де көптеген қол сұғушылықтарға ұшыраған. Атақты дін көсемдері тарапынан жазылған діни мәтіндер көбінесе жазбаша жеткен жоқ, ауызша ғана жалғанған. Көсемдердің шәкірттері, шәкірттердің шәкірттері толықтырып, өзгертіп, алып-қосып отырған. Бірақ, соның өзінде бұлардың ішінде, оқтын-оқтын болса да, Құрандағы Аллаһ, Жаратушы, бір-ақ тәңірдің сипатына сәйкес келетін сөздер бар. Сикхтердің діні де сондай. Олар өздеріне тән монотеизмді ұстанады. Заратуштра да өз кезінде біртәңірлі дінді уағыздаған болуы әбден ықтимал. Кейінірек оның үгіттері дінпаздардың қолында диалектикалық дуализмге ауысып кеткен сыңайлы. Құран аяттары бойынша дінді – Жаратушы жіберген. Діндегі үкім ету билігі тек діннің Иесінің құзырында. Мына аяттарға қараңыз; 30/30, 12/40, 18/26-27, 3/85. Мысалға екі аятты бере кетейін: «Күдіксіз, нағыз үкім тек Аллаһтікі. Ол Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді әмір етті. Нағыз өзгермейтін тура дін, міне, осы. Бірақ та, адамдардың көпшілігі білмейді!» (Йұсұф сүресі, 12/ 40) және «Аллаһ Өзінің үкіміне ешкімді де ортақ етпейді! Жаратқан Иеңнің кітабынан саған уахи етілгенді (білдірілгенді) оқы! Оның сөздерін өзгертетін ешбір құдірет жоқ!» (Кәһф сүресі, 18/26,27).
Ө.А. – Осы мен тағы бір маңызды мәселенің бетін ашып алсақ деп едім...
М.Б. – Сәл тұра тұрыңыз. Біз алдымен «дін» сөзінің мағынасын түсініп алайық. Дін сөзінің арабшада «қарыз, борыш, сенім, мәжбүрлеу, мойынсұну, жақындау» секілді көп мағыналары бар. Ол «жаза, үкім, әдет, жол» дегенді тағы білдіреді. Жалпы «дін» сөзімен түбірлес сөздер көп. Мысалы, «медине» сөзі. Ол «қала» деген ұғымды білдіреді. Осыдан келе діннің мағынасын «сенім және тіршілік жүйесі» деп түсінемін. Бұл адамның Жаратушының алдындағы «борышы». Құран дінді бүкіл ғаламды жаратқан Аллаһтың бізге жіберген жүйесі, үгіті, бұйрығы, ұсынысы ретінде танытады. Құран бойынша Жаратушының жүйесін адамдарға жеткізетін, түсіндіретін, баяндайтын хабаршылар, жаршылар жіберілген. Оларды пайғамбарларлар, яғни елшілер деп атаймыз. Олардың нақты саны бізге белгілі емес. Құран біразын ғана атаған. Мәселен Ниса сүресінде (4/164) және Ғафир сүресінде (40/78) пайғамбарымыздан бұрын да көптеген жаршылардың жіберілгені, олардың кейбірі туралы хабарланғаны, ал кейбірі туралы оған әңгімеленбегені жөнінде айтылған. Демек, бізге де олардың бәрінің қашан, қайда, қалай өткенін білудің қажеті жоқ.
Осы жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Құранның аяттарын тұтастай алып, оларды бірімен-бірі үйлесіп жатқан біртұтас жүйе ретінде оқып, саралап, таразылап, талқылап қарағандағы түсінгенім – Аллаһ біздерге «дін» деген бір ғаламат кеңістікті беріп отыр. Бұл кеңістікте тек Аллаһ Тағаланың бұйрығы ғана жүреді. Дінге адамдар қол сұға алмайды. Жаратушыға тиесілі осы кеңістікте, алаңда өзгерістер болмайды. Осы өзгермейтін сенім және өмір сүру жүйесі күллі адамзатқа, күллі ғаламға, күллі заманаға бірдей тән. Өзгермес діннің не екенін түсіну үшін де бізге Құранды жіберген. Құран – «оқулық», «көп зерттелетін», «көп оқылатын» деген мағынаны білдіреді. Дін адамзаттың борыштар жүйесі болғанда, сол жүйені бізге анықтап, түсіндіретін оқулық – Құран. «әл-Расұл» сөзі «расала» етістігінен өрбіген; жол жүру, тапсырысты, аманатты, жолдауды жеткізу дегенді білдіреді. «Расұлаллаһ» – Аллаһтың аяттарын, яғни өзіне тапсырылған, жүктелген мәліметтерді адамзатқа жеткізуші, жаршы, хабарлаушы, жіберілуші деген сөз. Осындай Құрани ұғымдарды дұрыс түсінбей, дінді де дұрыс түсіне алмаймыз. Ал, «ислам» сөзі «берілу», «өзін-өзі тапсыру» дегенді білдіреді. Осы түбірден шыққан «мұслим» сөзі «берілген», «тапсырылған», «тәсілім болған» дегенді білдіреді. Яғни, «мұслим» (мұсылман) сөзі оқулықты (Құранды) оқып, борыштар жүйесінің Иесінің билігіне берілген, тапсырылған, бой ұсынған адам деген мағынаны береді. Исламның бір мағынасы «берілу» болса, екінші мағынасы «тыныштық, бейбітшілік». Кімде-кім Жаратушы жіберген оқулықты оқып, сонда көрсетілген бейбітшілік жүйесі бойынша өмір сүріп, Жаратушы құдіреттің билігіне бой ұсынатын болса, ол адам «берілген» һәм «тынышталған» адамға айналады. Негізгі тұжырым осы жерде жатыр.
Осы тұрғыдан қарағанда адам өмірі екі алаңнан тұрады. Біріншісі – діни алаң. Онда өзгеріс жоқ, оған қол сұға алмаймыз, оның шекаралары Жаратушы тарапынан белгіленген, Жаршы тарапынан жария етілген. Екіншісі – діннен тыс алаң. Мұнда адамның өзінің ықтияры, ерік-қалауы, таңдауы жүреді. Барлық нәрсе атымен Құранда аталмауы мүмкін. Бүгінгі өміріміздегі көптеген мәселелер, ғылыми-технологиялық табыстар, дүниелер атымен аталмауы мүмкін. Құран түскен дәуірдегі қоғамда болмаған түсініктердің қазіргі өмірде болуы заңды. Құранда атымен аталмаған мәселелер туралы болса ақыл, ғылым, жаратылыс заңдылықтары, логика сияқты инструменттерді Құрандағы тәухид, әділеттілік, адам құқықтары, ізгілік, теңдік, пайдалылық т.б. сияқты басты құндылықтар мен қағидалар бойынша талқыға сала отырып, өзіміздің ерік-қалауымызбен таңдау жасап, шешім қабылдай аламыз. Демек, ислам діні адамға үлкен кеңістік, яғни еркіндік алаңы береді. Құран қияметке дейін өзгермейтін негізгі принциптерді анықтаған. Қалған мәселелерде адамға өз еркімен қимылдауға мүмкіндік берілген. Олай болмаса адам баласына ақыл-ой мен сана-сезімнің берілуінің де мағынасы болмас еді. Сонымен қатар, адам баласының бұ дүниедегі ісі үшін о дүниеде жауап беруінің де мәні қалмас еді. Аллаһ Құранда: «Сендерге аяттарды әбден анықтадық, бәлкім ойланарсыңдар!» (Құран, 3/118) деп ашық айтқан. Құран сауда-саттық, ел басқару, билік ету, руханият, ғылым қатарлы көптеген саланы қамтитын үгіттерден құралған. Иманды пенде «түсірілген» және «көрсетілген» аяттарды басшылыққа алады. Түсірілген аяттар деп Құранды, ал көрсетілген аяттар деп барлық ғалам мен оның ішіндегілерді айтып отырмын. Мәселен – әділеттілік. Құранда көп қайталанады. Бір аятта былай делінген: «Ей, иман еткендер! Әділет пен турашылдықтың куәгерлері ретінде Аллаһ үшін қарайласушылардан болыңдар! Бір қауымға деген жеккөрушіліктерің сендерді әділетсіз болуға итермесін! Әділетті болыңдар! Бұл сақтық танытушылар үшін жарасымды!» (5/8). Тағы бір аятта: «Аллаһ сендермен дін бойынша соғыспаған және сендерді жұрттарыңнан шығармаған адамдарға ізгілік жасауларыңа, оларға әділетті болуларыңа тыйым салмайды. Күдіксіз, Аллаһ әділеттілерді жақсы көреді!» (60/8) делінген. Демек, әділеттілік мұсылман қоғамының ең маңызды әлеуметтік ұстанымы. Оның маңыздылығы соншалық, Аллаһ оны өзінің көркем сипаттарының біріне жатқызған. Қоғамдық қатынастардағы тағы бір маңызды қағида – «әл-қист» деп аталтын әділеттіктің бір формасы. Ол негізінен сауда-саттықтағы, алыс-берістегі әділеттілдікті анықтайды. Саудада алдамауды, таразыдан жемеуді, адамзатқа зиян әкелетін тауарларды өндірмеуді, оларды сатпауды, өнімді сапалы етіп шығаруды айқындайды. Үшінші қағида – адам құқықтарын бұзбау, таптамау. Құранда сенім еркіндігіне рұқсат етіледі. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық (жиіркеніш, қысым) жоқ! Шынында турашылдық (ақиқат) адасушылықтан (жалғаннан) өте айқын түрде ажыратылды» (2/256) делінген. Исламда зорлық-зомбылық жоқ. Әр адам өзі қалаған сенімімен жүре алады.

Билік иелері, яғни әміршіліер де өз үкімдері мен жасаған істері бойынша Жаратушының алдында сұралады. Құранда барлық адамзаттың, тіпті, оның ішінде пайғамбарлардың да жауапқа тартылатыны туралы анық айтылған (7/6,7). Бұны неге айтып отырмын? Діндегі Аллаһқа тиесілі алаң мен пендеге тиесілі алаңды шатастырмас үшін айтып отырмын. Билік иелеріне бағынуды талап ететін аяттың өзі адамға билік жүргізу құқығы мен кеңістігінің берілгендігін дәлелдейді. Ал, христиандықтағы теократиялық билік Исламда жоқ. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар (бұл біздің мұсылман дінінде де, иудаизмде де, христиан дінінде де, басқа да діндерде орын алған жайт – М.Б.), Аллаһтың құзырындағы нәрсені өзі иемденіп алып, бұ дүниеде жүзеге асыруға тырысады. Қалайша? Мысалы, Аллаһ Құранның көптеген аяттарында бұ дүниеде істеген тірліктерімізге қарай ақыретте үкім берілетіні жайында айтқан. Тіршіліктегі ісіңе қарай не сыйлық, не жаза аласың. Ал, кейбір дінпаздар (дінді қанаушылар – М.Б.) ол жазаны о дүниеге жеткізбей-ақ, бұ жақта бергісі келеді. Тірі адамды «тозақтық» деп жариялайды. Инквизицияда осы жайт орын алды ғой. Христиан дінпаздары ғасырлар бойы Құдайдың атымен (!) халыққа қан жұтқызды ғой! Ал, бұл Жаратушының ғана құзырындағы нәрсе, кімді тозаққа, кімді жұмаққа жібереді, Өзі ғана шешеді. Мына аяттарды олар неге оқымайды: «Ешкім ешкімнің орнына өтемін бере алмайтын күннен қорқыңдар! Сол күні ешкімнің шапағаты (басқа біреудің күнәсін кешіруі – М.Б.) қабыл етілмейді! Сол күні ешкімнен құн (бодау) алынбайды (әділетсіздік етілмейді – М.Б.)! Және ешкімге жәрдем берілмейді!» (2/48). «Еркек болсын, әйел болсын, имандылықпен ізгілікті істер жасағандардың барлығы да жәннетке кіреді және олар бір нүктедей әділетсіздікке ұшыратылмайды!» (4/124). Тіпті қолдағы Інжіл мәтіндерінде Иса пайғамдардың мынадай бір сөзі бар: «Кайзердің құқығын кайзерге, Құдайдың құқығын құдайға беріңдер!» (Матфей, 22/15-22). Кайзер деген сөздің мағынасын түсінесіз бе?
Ө.А. – Иә, патша деген сөз ғой, латында с әрпінің бірде «с», бірде «к» болып оқылуына байланысты кейде «цезарь» деп, кейде «кайзер», немесе «кесарь» деп оқылады. Орысша мәтінде бұл сөз «Отдайте богу – богово, кесарю – кесарево» болып оқылады.
М.Б. – Мейлі. Билік иесінің, әміршінің үкіміне оның қол астындағылар бағынуы керек, әйтпесе тыныштық, тәртіп болмайды. Бұл жөнінде Құранда: «Ей, иман еткендер! Аллаһқа бағыныңдар! Пайғамбарға және өздеріңнен әмір (бұйрық, іс) иелеріне де бағыныңдар!» делінген (4/59). Осы аятта назар аударатын мәселе пайғамбардың тірі кезінде әмір, бұйрық иелеріне бағынудың бұйырылғандығы. Әмір иелері де өз үкімі, өз шешімі үшін Жаратушының алдында жауап береді. Бұдан біздің ұғатынымыз Ислам дінінде фәни адамға да билік жүргізу, үкім ету құқығының берілгендігі. Ал, теократияда адамға билік жүргізу құқығы берілмейді, ол тек Құдайдың тікелей уәкілі шіркеудің жарлықтарын орындайды. Міне, діндегі осындай нәзік мәселелер дұрыс түсіндірілмегендіктен көп жағдайларда дін адамға еш ырық бермейтін бір зомбылық жүйесіне айналдырылуда. Адамға қалдырылған кең алаңның орнына оның әрбір сәтіне билік жүргізетін тар шеңберлер мен құрсау-қалыптар қойылғандықтан, адамға тыныштық пен рахат беруге тиісті дін оның орнына өмірді қиындатушы қанау құралына айналдырылуда. Бір жағынан догматизм, догмаға, яғни ешқандай ақыли яки ғылыми дәлел келтірмей-ақ, талассыз мойындалатын шіркеу бұйрықтарына арқа сүйейтін ілім, екінші жағынан өмірден алшақ жатқан – схоластицизм, міне, бұл екеуі бүгінгі пенденің қолында бұрмаланған құрама діндердің басты аурулары. Адамның дінге қол сұғуы, тіпті онымен де қоймай, Жаратушының құқығын иемденіп алып, Оның атынан жер бетіне үкім жүргізуі, әсілі, қалың бұқараны билеп-төстеудің, айдап-салудың, қанап-жаншудың амалы ретінде көрінеді.
Ө.А. – Мысал келтіре кетіңізші.
М.Б. – Түсінікті болуы үшін мұсылман әлемінен мынадай бір мысал келтірейін. Құранда адамға діни сенім еркіндігі берілді дедік. Оның өз дінінен басқа дінге өтуіне де тыйым салынбаған. Ал, кейбір мұсылман елдеріндегі діни ағымдар, мәселен Ауғаныстандағы талибандар, басқа дінді қабылдаған адамға өлім жазасын бұйырады. Былтыр ғана Ауғаныстанда басқа дінге кірген бір әйелді ату жазасына кесіп еді, бүкіл әлем дүр сілкінгеннен кейін кері қадам жасауға мәжбүр болған. Осындай Құранға қайшы, заманауи адам құқықтарына қайшы әрекеттер Ислам дінінің имиджін бұзуда және адамдарды діннен қашыруда. Бұл – Аллаһтың құқығына, Құранда ашық көрсетілген діни алаңға қол сұғушылықтың бір көрінісі. Есесіне дінімізді қаралағыштардың қолына таптырмас материал. Құранда (2/217) Исламнан басқа дінді таңдағандардың ақыретте зиянға ұшырайтыны айтылған. Ал, дінпаздар Құранның берген еркіндігіне қарсы дінді күшпен мойындатуды діни үкімге айналдырған.
Тағы бір мысал келтірейін. Ауғаныстанда билікке келген талибандар теледидар көруге, музыка тыңдауға тыйым салған. Әйелдердің құқықтарын шектеген. Еркектердің сақалын уыстап өлшеген. Тыңдамағандарды халықтың көзінше дүре соғу арқылы аяусыз жазалап отырған. Бұлардың ешқайсысы да Құранда жоқ! Құран түскен ғасырда теледидардың болмағаны белгілі. Кез келген нәрсе сияқты, дінді де екі мақсаттта – ізгі яки зомбылық бағытта қолдануға болады. Әділетті болу, адамзатқа пайдалы өнім өндіру, іс істеу, ғылым-білімге ұмтылу, еңбекқор болу, осы тәріздес көптеген негізгі құндылықтар Құранда бар. Құранда Аллаһтың құзырына қол сұғушы діни тапқа – рұһбандыққа тыйым салынған. Бұл христиандардың ойдан шығарғаны делінген (57/27, 9/31 және 34 аяттар). Діни тап дегеніміз не? Христиандықтағы діни тап – Құдайдың, Иса Мәсіхтің жердегі тікелей уәкілі ретінде билік жүргізеді. Католик догмасы бойынша Папа Әке-Құдайдың жердегі жаңылыспайтын, қателеспейтін, күнәсіз уәкілі. Оның бұйрықтары тікелей Құдайдың бұйрықтары деңгейінде қабылданады. Оның вердиктері, жарлықтары діннің құрамдас бөлігіне айналады. Папа яки шіркеулер белгілі бір адамды әулие етіп жариялай алады. Ол адамның әулиелігі жайлы Жаратушыдан келген ешқандай бір хабар-ошар жоқ болса да...
Ө.А. – Православие де әулие етіп жариялай береді ғой..
М.Б. – Немесе біреуді кәпір, тозақтық деп жариялау. Сонымен қатар схоластика еркін ойлаудың да дұшпаны. Бүгінгі күннің өзінде Ватиканда тыйым салынған кітаптардың сала құлаш тізімі бар. Ғасырлар бойы осы тізім толықтырылып келеді. Химия, физика, т.б. ғылымдар бойынша көптеген кітаптардың оқылуына тыйым салған шіркеу қазір не істерін білмей тұр. Жаратқанның берген кеңістігін өздері тарылтып, сау бастарына сақина тапқан жайлары бар. Бұл сенім және сөз бостандығына, ғылымға қарсы жасалған қадам. Ақыл-есі сау әрбір адамға айдай анық көрініп тұрған оғаштық. Адамзат өркениетінің өсуіне, дамуына нұқсан келтіретін әрекеттердің Жаратушының атымен (атынан) жасалуы, әрине, трагедия! Біздің мұсылман қауымы Құранда қаншама рет назар аударылған осы оғаштықтан аулақ болғаны жөн. Аллаһтың құқығы Аллаһтікі! Ешкім өзін Аллаһтың орнына қойып, дін санатына жататын мәселелер бойынша өзгеше үкім бере алмайды. Адам мен қоғам даму жолында болуы тиіс. Ислам діні адамзат Құранда келтірілген діннің өзгермейтін құндылықтарын, сонымен қатар ақыл мен ғылымды ұштастыра отырып, алға жылжысын дейді. Ілгерішіл, еркіндігі мол, әрбір адамның бірегей құқықтары толық сақталған қоғамның пайда болуы негізгі мақсат. Ол жерде күштеп дінге кіргізу, зорлықпен бағындыру жоқ. Өйткені, дін еріктілік негізінде қабылданатын сенім институты. Әрбір пенде қандай құлшылық жасаса да, қандай діни сенім-нанымға кірсе де, өзінің еркімен, өз санасымен, өз ақыл-ойымен таңдау жасауы тиіс. Сана-сезімсіз, еріксіз адамға дағдылы іс-әрекеттерді жасату – дініміздің рухына қайшы. Мәселен, Құрандағы бір аятта (16/106) «мәжбүрлеу нәтижесінде Аллаһты кері қаққандарға» обал жоқ екені айтылған. Себебі, мәжбүрлеумен жасалтыған іс дінге сәйкес келмейді. Екінші жақтан бұл аят адам өмірінің қаншалықты маңызды һәм бағалы екенін көрсетеді. Міне адамға және оның ерік құқығына деген құрмет осындай болады.

Діндар мен дінпаздың айырмашылығы

Осы арада бір мәселенің басын ашайық. Дініміздің діндар, яғни таза жүрекпен дінге сеніп, хал-қадарынша құлшылығын жасап отырған, шынайы момын пенделермен еш дауы жоқ. Дінпаз деп отырғанымыз – дінді күн көру кәсібіне айналдырған, дінді қанаушы, дінді сатушы һәм бұрмалаушы, Аллаһтың үкімдеріне қол сұғушы, дінді идеологияға айналдырып, елге жік салушы, адамдардың Жаратушы алдында ғана анықталатын мәртебелерін өзінше анықтаушы, дінде өктемдік пен зорлық-зомбылық жүргізуші, еңбексіз өмір сүргіш жаны науқастар. Міне, әр қашанда осындайлар Аллаһтың пайғамбарлары арқылы жіберілген пәк дінді былғауда алдарына жан салмағандар. Мына аят осындай дінпаздарды қандай тамаша сурттеген: «Ей, иман еткендер! Абыздар (раввиндер, оқымыстылар) мен рұһбандардың (шіркеу қызметкерлері) көбісі адамдардың мал-мүлкін жалған жолдармен (хақсыздықпен) жейді де, оларды Аллаһтың жолынан тосады» (9/34).
Тағы бір маңызды мәселе діннің қоғамдағы орнына байланысты. Жаратушының дін деп аталатын үкімдер кеңістігі, жіберген құндылықтар жинағы, оның ішінде бұ дүниедегі өмірге байланысты, ақыреттегі өмірге байланысты, адамдар арасындағы дүнияуи қатынастарға байланысты көптеген мәселелер туралы айттық. Әрбір жиналыста, әрбір сұхбатта, әрбір кездесуде қазіргі діни көзқарастардың қайшылығы жөнінде әңгіме көтеріледі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда көптеген діни ағымдар пайда болды. Ресми тіркеуден өткен 49 конфессия бар, 4000-нан астам діни бірлестіктер жұмыс істеп жатыр. Бұлардың сыртында діни ұйым ретінде тіркелместен, қоғамдық бірлестік ретінде құрылып, ішінара діни бағытта жұмыс істеп жатқан ұйымдар тағы бар. Олардан басқа ешбір заңды тұлғасы жоқ, бейресми түрде істеп жатқан діни ағымдар да жеткілікті. Бұған қоса үкіметтік емес ұйымдар, түрлі интернет платформаларында азаматтарымызға діни, саяси, идеологиялық ықпал жүргізіп жатқан орталар және бар. Азаматтарымыздың діни саладағы сауаттылығының, біліктілігінің ойдағылай дәрежеге көтерілмеуі салдарынан аталмыш ағымдар еркін жұмыс істеуде және олардың біршама жетістіктерге қол жеткізуіне қолайлы жағдай туып отыр. 90-шы жылдары экономикалық дағдарысқа тап болған қоғам мүшелерін, сонымен қатар идентификациялық вакуумға ұшыраған кейбір азаматтарымызды тез арада өз қатарына тарта білген сырттан келген діни ағымдар бүгінгі күні екінші, үшінші буынды тәрбиелеп үлгерді. Олардың ішінде исламнан басқа ағымдармен қатар мұсылмандардың ішіндегі діни қайшылықтарды, ұстанымдарды үгіттейтін ағымдар да бар. Біреуінің ақ дегеніне екіншісі қара дейтіндерін, біріне-бірі қайшы бағыттарды ұстайтындарын көру жаңалық емес. Бұның бәрі халқымыздың біртұтас рухани-мәдени сипатына зақым келтіруде. Жалпақ тілмен айтқанда – ұлттың ауызбіршілігіне, ішкі татулығына жойқын зиян келтіруде. Қазіргі кезде Қазақстанда кейбір діни ағымдарың жетегінде кеткен көзқаман бауырларымыздың бірін бірі атуға дейін барғанын естіп, газеттен оқып жатырмыз. Діннің атын жамылған кейбір топтардың ғибадатханаларынан қару-жарақтар, психотроптық заттардың табылуы мұндай бірлестіктердің арғы, түпкі мақсаты қандай екенін анық көрсетсе керек. Мысалға, жуырда Қарағандыдағы шіркеуде табылған заттарды айтсақ жеткілікті. Азаматтардың сөз бостандығы мен діни сенім бостандығын пайдалануы, әрине, жақсы. Бұл плюралистік демократиялық зайырлы қоғамға тән ізгі жетістіктер. Алайда, Қазақстан секілді жас мемлекеттерге, өзінің геосаяси, геоэкономикалық орналасуы жағынан әлемдегі күш сынасатын алпауыт мемлекетттердің дәл кіндігінде орналасқан және өзіне тән проблемалары бар мемлекеттің ауыз біршілігіне нұқсан келтіруі мүмкін барлық іс-әрекетке қарсы тұруымыз керек. Меніңше, азаматтардың ынтымақтастығын терроризм арқылы бүлдіру мен сол татулықты діннің атын жамылып бүлдірудің арасында айырмашылық жоқ. Біз нәтижеге, дәлірегі, әрбір істің алып келер салдарына қарауымыз керек. Діннің атын жамылған істердің салдарынан қоғамның рухани иммунитеті әлсіреп жатса, адамдар бір-бірімен тек діни көзқарастарына қарай жауласып, қастық ойлап жатса, онда мұндай қоғам болашақта одан да үлкен кикілжіңдерге тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан, біз жараны тек таңып, байлап, сылап-сипап қоя салмай, оны түбегейлі жазатын амалдарды істеуіміз ләзім. Организмге вирус кірді! Ол вирус организмнің ішіндегі қорғаныс жүйесімен соғысуда. Вирус жеңсе организм ауруға шалдығады, ол ауру организмді ертең есеңгіретіп жіберуі де әбден ықтимал. Егер организмнің вирусқа қарсы қорғаныс жасайтын тетіктері сау, бірлікте жұмыс істейтін болса, вирус ауыртса да, ажалға апара алмайды. Сондықтан, мемлекетіміздің болашағы үшін барлық азаматтарымыз ең басым, негізгі мәселелерде ортақ пікірде болуы қажет дегім келеді.

Дінді қиындатудың өзі дінге жасалған қиянат

Діни жағынан ойлайтын болсақ, мұсылмандардың ішіндегі бөлінушіліктің өзі жетіп жатыр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату үшін, ақ-қарасын айыру үшін, тағы да қайталап айтайын, Аллаһтың өзгермейтін алаңы – Құранға жүгінуіміз қажет (18/26,27 және 6/115 аяттарға қараңыз). Онда келтірілген үкімдер, қағидалар, үгіттер негізінде бүгінгі ұстанымдағы діннің төңірегіндегі келіспеушіліктер қатарынан көп нәрсенің жігін айырып алуымызға болады. Одан тыс алаңда болса ақыл мен рационалды ойлау, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар, ғылым және табиғат заңдарын түсіну негізінде қорытынды жасағанымыз абзал. Мысалы, сүт діни тұрғыдан халал тамақ. Бірақ, сол сүттен жасалатын өнім талапқа сай өндірілді ме, сақталу, тасымалдау шарттары, санитарлық-гигиеналық ережелерге сай ма? Оны сала мамандары шешеді, тиісті құқықтық құжаттар анықтайды. Басқа сөзбен айтқанда діни жағынан халал болып табылатын тағам әлгі аталған өлшемдердің біреуіне сәйкес келмесе, адамдардың денсаулығына зиян келтіретін болса, оған тыйым салынуы мүмкін. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр. Ақыл мен білім не үшін берілген дегенге жауап. Сондықтан, біз осындай ахуалдарда Аллаһтың құқығы мен адамның қозғалу кеңістігін шатастырмағанымыз жөн. Ислам – мойынсыну, берілу, бой ұсыну, тапсырылу жүйесі, бейбітшілік жүйесі. Бұл жол – жеңіл жол, адамзатқа қиындық әкелмейді. Аллаһ пенделеріне қиындықты қаламайды, жеңілдікті қалайды, ауыртпалық салмайды (22/78, 2/185, 4/28, 54/17, 73/20 аяттарға қараңыз). Дінді қиындатудың өзі дінге жасалған қиянаттылық! Адамдардың өмірін дінге жамалған бос, негізсіз, тіпті жиіркенішті қылықтармен азапқа айналдырудың өзі адамгершілікке жасалған қиянаттылық, күпіршілік. Мұндай орталарда жүрген мұсылман бауырларымыздың көпшілігі психологиялық травма алуда, тіпті психологиялық ауруларға ұшырауда. Құранда жіберілген ислам діні нағыз бейбітшілік, тыныштық жүйесі. Оның ішінде жиіркенішті еш нәрсе де жоқ. Адамның абыройына, жаратылысына қайшы, қарсы, жеккөрінішті, жиіркенішті нәрселер ислам дінінде атымен жоқ. Соныдқтан, дінді қиындатушылар мен адамдарға діннің атынан зорлық-зомбылық жасаушыларға тосқауыл қойылса екен. Дін, тағы да қайталап айтамын, еріктілікпен қабылданатын және еріктілікпен жүзеге асырылатын сенім жүйесі. Міне, сол үшін де адам істегеніне жауап береді. Еркінен айырылған, тұтқынға айналған адамнан ненің жауабын сұрайсың?! Адамның таңдау құқығы болуы тиіс. Адамның жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықты ажырата алатын сана-сезімі боуы шарт. Сол сана мен сезімнің арқасында адам ізгілікті таңдайтын болса, оның рухани дәрежесі жоғары болмақ. Ал, егер теріс жолды таңдайтын болса, жауыздыққа, зұлымдыққа бет бұратын болса, жауап беруі де заңды, түсінікті. Біздегі бір келеңсіз жәйт – бір діннің ішіндегі азамааттардың діни лагерлерге бөлінуі. Бұның ақыры үлкен қасіретке апарып соғуы мүмкін. Оған келтірер мысалдар жетерлік; Ирак, Ирландия, Израиль, Югославия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, АҚШ сияқты елдердегі азаматтардың арасында тек қана діни сенімге бола орын алып жатқан қақтығыстар мен соғыстарды айтсақ жеткілікті. Мұндай діни бөлінушілік қазақ халқының болмысына жат нәрсе, бізде бұрын ондай діни жікке бөлінушілік болмаған. Ал, тәуелсіздік жылдары, өкінішке қарай, азаматтарымыздың діни тұтастығына сызат түсіріп алдық, екіншіден, оның ішіндегі мұсылман дініндегі азаматтарымызды әлі күнге дейін бір жүйеге келтіре алған жоқпыз. Оның да түрлі себептері бар. Бірақ, ондай себептердің болуы түпкі нәтижені өзгертпейді. Нәтиже, қазіргі шындық – азаматтарымыздың көптеген діни ағымдарға бөлініп кеткендігі. Оның ішінде әсіредіншіл, экстремистік, радикалды ағымдардың, тіпті Қазақстанның заңдарымен тыйым салынған, діннің атын жамылған, саяси мақсатқа топтасқан, ұйымдасқан топтардың да бар екенін айта кеткен жөн.
Ө.А. – Осы жерде тағы бір сұрақ. Біздің кейбір діндарлар «ислам насихатты қажет етпейді» дейді. Ал, уағыз сөзінің өзінің қазақша мағынасы «насихат» деген сөз. Насихатты қажет етпейтін дін бола ма?
М.Б. – Сұрақтарыңыздың бәрі маңызды екенін көріп отырмын. Оларға кең көлемде жауап беруіміз керек. Оның бәріне бір сұхбаттың көлемінде жауап беру қиынырақ. Алдымен сұрақты дұрыс түсіне білуіміз керек. Ол сұрақтың себептерін, неге осындай сұрақ беріліп жатқанын түсінуіміз, сезінуіміз керек. Мысалы, сіз еліміздегі діни ахуалды көріп, сезінгендіктен сұрап жатырсыз. Әр мәселеде сынаушы жақ пен сыналушы жақтың орнына өзімді қойып көруге тырысамын. Біржақты қарасақ ешқандай мәселе шешілмейді. Нағыз халықтың ауызбіршілігін, елдің болашағын, оның тұтастығын ойлайтын, діни сауаты бар, жалпы мәдениеттен хабардар, бірнеше тілді білетін, заманауи ғылымдардан нәр алған уағызшы азаматтардың тапшылығын бәріміз мойындаймыз. Одан тыс мешіт қызметкерлерінің әлеуметтік-мәдени тұрмыс-жағдайы өкінішке қарай нашар. Менің білуімше қазір олар ең төменгі жалақыны алады. Солай болғаннан кейін олардың ел алдындағы, өз жанұясының алдындағы мәртебесі лайықты деңгейде емес. Бүгінгі замандағы ең ауыр мәселе – күн көру мәселесінде жүздері жарқын, көңілдері шат деуге келмейді. Шет елдерден кебеже-кебеже доллармен келіп жатқан миссионерлермен салыстырғанда олардың үнінің бәсең болатынының бір себебі де осында. Мәселенің екі қыры бар. Бірі осы, әлеуметтік жағдай, қаржылай мүмкіндіктің нашар болуы. Екінші жағынан діни насихатты жасау үшін де қажетті материалдық мүмкіндікке ие бола алмауы. Екі тұрғыдан да жетіспеушілік бар. Бұл – мәселенің материалдық жағы. Біліктілік жағына келетін болсақ, бүгінгі заман талабына сай сауаттылықтың, тек діни ғана емес, зайырлы сауаттылықтың, білімдарлықтың, зерделіліктің, қайраткерліктің жетіспеушілігі де бар. Сондықтан, бізді Қазақстандағы ислам дінінің уағыздалу деңгейі мен сапасы шын мәнінде ойлантатын болса, толғантса, мазаласа, онда біз ислам дінін дұрыс түсіндіру, уағыздау жағында жүрген азаматтарымызды қолдауымыз керек. Соларға жағдай жасап, білім беруіміз керек. Бір жағынан білімді, екінші жағынан өз ауқаты өзінде азаматтар қалыптаспайынша бұл проблема шешілмейді. Біздің мақсатымыз мәселеге біржақты баға беріп, мешіт қызметкерлерінің бәрі алымқор, бәрі білімсіз деп, бәрін қаралау ма, жоқ әлде өмірдегі проблеманы шешу ме? Меніңше мақсатымыз проблеманы шешу болуы тиіс. Мақсатымыз жүзім жеу, бағбанды сабау емес. Зайырлы ел Түркиядағы дін саласының қызметкерлерінің барлығы да мемлекеттің қамқорлығында. Әлеуметтік қамсыздандырылуы, демалыс құқықтары, денсаулығын сақтауы, балаларын оқытуы, жәрдемақы алуы ел бюджетінің мойнында. Сондықтан олар ешқандай ағымға берілмейді, барлық уақытын өз жамағатымен шұғылдануға жұмсайды. Кейбір қызметкерлер өзі қызмет ететін мешітті Құран академиясына айналдырған. Бәрі бірдей керемет деп айтпасақ та, Түркиядағы миссионерлер дәл Қазақстандағыдай «жетістіктерге» жете алмай жатқандығының бір себебі осында жатыр. Біздегі дінтану саласында білім беріп жатқан жоғары оқу орындарының техикалық базасын күшейту, ондағы оқытушы-профессорлар құрамын нығайту, материалдық жағынан қолдау аса маңызды міндет. Одан бөлек, ешбір идеологиялық ағымға берілмеген, таза ғылыми негізде жазылған, және елімізде оқытуға жарайтын мазмұндағы кітаптардың сапалы аудармаларын шығарып, ой салатын сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету шарт. Сондай-ақ, Құранның сапалы ғылыми-әдеби аудармасын жасау керек. Бұл аударма қол сұғушылықтар мен бұрмалаушылықтардан, идеологиялық ықпалдардан ада болмағы керек. Әйтпесе, діни үгіт-насихат ісінде сырттан келген ағымдардың, сонымен қатар ислам атын жамылған ағымдардың ықпалының күштірек болуы салдарынан пайда болған тепе-теңсіздікті жоя алмаймыз. Осы мәселеде қатты ұтылып жатырмыз. Еліміздің тұтастығын ойласақ, осылай қимылдаудан басқа жол жоқ.
Бірақ, қалай қимылдаған күнде де, азаматтарымыздың наным еркіндігі, ой еркіндігі идеалына деген сенімін нығайтуымыз керек. Қоғамның дамуының тетігі осында. Ойлауға шек қойылса, ол ойдың өндіретін өнімдері де шектеулі болады. Кешегі Кеңес елінің артта қалу себебі ойға құрсау салынғандығында. Өйткені, Кеңес идеологиясы ғылымның, білімнің барлық саласында монополия жасап отырды. Ислами ұғымда Жаратушының кеңістігі (үкімдері) өзгермейтін кеңістік. Ал, адамның кеңістігі түрлі себептермен өзгеріп тұруы мүмкін. Аллаһтың діні адамзаттың өмірін жеңілдету үшін, оған тыныштық, бейбітшілік, ізгілік беру үшін жіберілген. Діннің негізгі мақсаты осы. Адамның кім екенін түсіндіру, не үшін бұ дүниеге келгенін түсіндіру, және бұ дүниеде қандай құндылықтар негізінде өмір сүруі керектігін түсіндірумен шектеледі. Оның сыртында қалай өмір сүргісі келеді, ол әр адамның өзінің еркі.
Ө.А. – Салмақты сұхбатыңызға рахмет! Келесі кездескенше!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ

.
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Организмге вирус кірді, «Қазақ» ұлт газеті, №6(363), 08.02.2008 ж., 11-бет.