пятница, 21 марта 2008 г.

ТЕОЛОГИЯ МЕН ФИЛОСОФИЯ ЭТИОЛОГИЯСЫ[1]

Адам мен Ғылым егіз екен

Жалпы ғылым атаулының генезисі, немесе, түп-тамыры неде? Иә болмаса, адам құдіреті мен тіршілігінің гнесеологиясы қайда? – деп толғанып көрген жөн сияқты. Әйтсе де бұл мәселені барынша ұтымды, тұжырымдап қысқа қайыру – бұл мақаладағы басты талап болмақ. Өйткені, телегей-теңіз ойға жетелейтін, шеті мен шегі жоқ сауалдың – тек тегіне ғана көңіл аударсақ та, тақырыбымыздың табиғаты адам болмысына барып тірелетінін анық байқауға болады. Тек, осы түсініктің өзінен-ақ – Адам – Табиғат – Ғылым – бір үндестікте екенін ұғыну қиын емес. Олай болса, адам санасының жетілуімен ашылған, бүгінгі қолданыстағы ғылымның екі саласы – Табиғи (естественный) ғылым және Рухани (гуманитарный) ғылым – деп аталынып жүргені де белгілі. Ендеше, осынау ұзақ–сонар мәселенің этиологиясын қысқа қайырып, немесе, тектік себебін мүлдем жаңа көзқараспен айтар болсақ: 1. Табиғи ғылымның тегі – адамның Тән қажеттілігінен туындаса; 2. Рухани ғылымның тегі – Жан қажеттілігінен жетілетіндігі анық. Бұл жаратылыстың – өзгермейтін тұрақты заңдылығы десек те болады. Сонымен, Адам мен Ғылым егіз екен!..

Сөз жоқ, жер бетінен адамзат қауымының жойылуымен бірге, бүгінгі таңғажайып жетістіктерге жетіп отырған Табиғи және Рухани ғылым салалары да із-түссіз ғайып болары ақиқат. Сондықтан да адамзатқа Жан мен Тән тәрбиелерінің үндестіктері туралы терең толғанып, қатты ойланатын мезгіл жетті. Өйткені, осы екі үндестік қана рух қуатына негіз болмақ?! Рухы биік жандар ғана рухани байлық жасай алатыны белгілі. Мінеки, осынау адам бойындағы – Тән – Жан – Рух – атты үш жүйенің гнесеологиясы да, тек білім-ғылыммен ғана жетілетіні ақиқат. Осыдан келіп, сол білім-ғылымның тегі қайдан шығады дейтін заңды сауал туындайды. Міне соған мысал іздеп көрсек, адам алғаш рет отты игеру арқылы – оның жылуы мен жарығынан бүгінгі Физиканың негізі (1) қаланса, ал тамақ пісіру әрекетімен Химияның негізі ашылып, күллі Табиғи ғылымның алғашқы қадамы жасалғанын түсінеміз.
Ал, өзімізге белгілі ғылымның екінші саласы – Руханияттың негізі – сөз, жанның азығы ретінде бүкіл (2) рухани байлығымызды жасайтыны да рас!.. Олай болса, Аллаһтан түскен Құран Кәрімді күллі ғылыми танымның рухани көзі деудің жөні бар. Оны Жаратушы, тек адам үшін ғана түсірген ғой. Ендеше, Теология мен Философия ілімдерінің түп-тамырының бір екендігі дау тудырмаса керек.
Жалпы бұлардың өзара ұқсастығымен қоса, тәулік ішіндегі күн мен түн тәрізді айырмашылықтары да аз емес. Осы айырмашылықтарды анық байқап, терең ұғындыру үшін, ұстаздыққа жетілген ғұламалардың қажеттігі айдан анық. Ондай ұстаздарды іздеген жан, еріксіз осы саладағы ғалымдардың еңбектеріне үңілуге тура келеді. Бұл да айтқанға оңай көрінгенмен, осыншама игілікті игерудің өзі де оңай шаруа емес. Әйтседе, кімдер бар дейтін сауал бәрібір мазаңды ала береді. Сірә, міне, осындай ізденістің нәтижесі болар, жақында Мұртаза Бұлұтайдың – «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?», Алматы, 2000 ж., «Мұсылман қазақ еліміз», Алматы, 2001 ж., «Бурханизм туралы шындық», Алматы, 2003 ж., «Дін және ұлт», Алматы, 2006 ж. – атты іргелі еңбектерімен танысып шықтым.
Осы еңбектерден жоғарыдағы мен іздестіріп отырған – теология – фәлсәфә - тарих – этнология – социология – шығыстану – түркология – мәдениеттану – дінтану – антропология – археология – филология – мәселелері бірсыдырғы үндесе зерттелгені қанағаттанғандық сезімге бөледі. «Ата-баба діні» атты монографиялық еңбекке алғы сөз жазған – филология ғыл.док.проф., ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай және философия ғыл.док.проф. Аманжол Қасабек – ғұламалардың талдауларымен ұқыпты түрде таныстым. Белгілі ақынымыз, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли және мед.ғыл.док., академик Мұрат Каримов мырзалардың пікірлерінде де шындық бар.
Әділетін айтсақ, М. Бұлұтайдың бұл монографиясы өзінің алдына қойған аса биік мақсатына орай, бұрын-соңды ана тілінде айтылып көрмеген, күрделі де батыл құрылымына лайық – жүйе мен қисын (логика) үндесе өріліпті. Жеті-сегіз тілді еркін меңгерген Мұртаза бауырымыз, айтар ойын түйдектете қотарып сапыра білген. Егер оқып отырған адамның дайындығы жетсе, әрбір тақырыптың ішінен, соншама мол ақпарат пен дәл айтылған деректерге еріксіз айызың қанғандай әсерге бөлейді. Мұның дәлелін көргіміз келсе, тек мазмұнына көз жүгіртсек жетіп жатыр. Тоғыз бөлімнен тұратын ғылыми еңбектің сан-алуан тарауларынан мысал келтірсек те болады. Бірақ, бұл тым ұзаққа созылып, шұбалаңқы жайсыздыққа ұшыратар еді. Сондықтан да, түсінген жанға, әр тақырыптың өзі-ақ ішкі мазмұнына кепілдік беріп тұрғаны анық.
Басқа бөлімдердегі сансала ғылыми ақпараттар мен білімге толы деректерді айтпағанда, тек Сегізінші – Тоғызыншы бөлімдегі, Ата-баба жолының қазақ тарихындағы кейбір аспектілері мен ислам және әдет-ғұрыптар жайында айтылған жаңалықтар да жетіп жатыр. Қысқартып қорта айтар болсақ, иісі қазақ қауымына берер білімі мен тәлімі мол еңбек деп түйіндесек, ешқандай да артық айтқанымыз емес.
Мұртаза бауырымыздың – «Дін және ұлт» және «Мұсылман қазақ еліміз» – деген кітаптары да, аса үлкен жауапкершілікпен жазылып, бүгінгі әділеті мен тәртібі жоқ қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Тіпті осы кітаптарды оқи отырып, оның нағыз әмбебап дінтанушы, білімдар теолог фәлсәфашы ғалым екеніне шек жоқ. Сондықтан да ол қай ортада болса да, кез келген мәселені жүйелі де қисынды айтып, шешен сөйлеп отырады. Адамдардағы мұндай құбылыстар, сөз жоқ, оның сансала ақылмандығын байқатары хақ. Мұртаза Бұлұтайдың «Мұсылман қазақ еліміз» (2001), атты кітабындағы – «Гете және хақ дін ислам» деген мақаласынан үзінді келтіре отырып, көтерген мәселедегі танымдық сипаттарды аңғартқым келеді.
- «Әсілі, Гетенің хақ дін ислам мен исламдық шығысқа» деген махаббаты, алғысы һәм еміренуі хақында Алмания уә Түркия сықылды мемлекеттерде ертеден-ақ жазылып һәм айтылып келе жатыр. Біз де осы мақала арқылы еліміздің оқырман жұртшылығының назарын аударуды жөн көрдік.
Аталмыш жинақта Гетенің:
- Әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) туралы 3 арнау өлеңі;
- Исламдық шығыстың белгілі ақыны Хожа Хафиз туралы 6 өлеңі;
- Мұсылмандар ерекше құрметтейтін 4 әйел аналарымыз хақындағы 2 өлең;
- Исламдық шығыстың белгілі есімі Зылихаға арналған 8 өлең;
- Исламдық шығыс әдебиетінің белгілі есімдері Жалаладдин Руми (1207-1273, Түркиядағы Қония қаласында қайтыс болған ғұлама, ойшыл, сопы), Шаһ Зижан, Атымтай Жомарт, Мұхаммед Шәмседдин, Осман патшалығының сол кездегі шейхұлисламы Әбұссұғұд Әфенди, Низами, Сағди, Жами, Бақи жөніндегі жиырма шақты өлеңі;
- Ақсақ Темір падишаһ хақындағы 3 өлеңі;
- Исламдық Шығысқа тән тақырыптарда, атап айтқанда – Самарқанд, Бұхара, Бағдат қалаларына, бұлбұл, хұри (хор қызы), сонымен қатар пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у) 622 жылы Меккеден Мединеге көшуіне, діни фәтуәларға (бітімдерге) Аллаһ жолында залым патшаның кесірінен қашып, бір үнгірдің ішін паналап, ұйықтап жатқан жеті әулиеге және қасиетті кітабымыз Құран Кәрімге т.т. арналған жиырмашақты өлеңдері бар.
Бүкіл әлемнің жаратушысы һәм билеушісі ретінде Аллаһ Тағаланы «Гуте Нахт» яғни, «Хайырлы кеш» атты өлеңінде Гете былай деп тағриф қылады:
Шығыс Құдайдікі,
Батыс та Құдайдікі,
Теріскей мен Күнгейдегі жерлер,
Оның қолындағы тыныштықта де алады!
Ал, қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің әр Рахман сүресінде Аллаһ Тағала былай деген:
«Ол Аллаһ, екі күншығыстың және
Екі күнбатыстың Раббы-дүр!
Олай болса Раббыларыңның қайсы
Нығыметтерін өтірік дейсіңдер!»
Міне, «Гетенің барша адамзатқа жіберілген ең соңғы Құдай бұлақпен үндестігі!» – дей келіп, алып отырған мәселесін жан-жақты сипаттап, Мұртаза теолог одан ары тереңдей береді. Ол оқырманын осылайша сендіре отырып, тақырыптың маңызы мен мәнін жымдастырып жібереді.
Мұртаза Бұлұтайдың биыл 2006 жылы жарық көрген «Дін және ұлт» атты ғылыми және публистикалық мақалалар жинағына енген материалдардың құндылығы бірінен бірі өткендей маңызды. Мәселен, «Исламтану», «Ислам философиясы», «Дін философиясы мен теологияның арақатынасы туралы», «Дін және мәдениет», немесе, «Қазақ пен ортаазиялықтардың ұлттығын кімнен қорғау керек», «Қазақтың ұлттығына нұқсан келтіретін диссертацияларға әрқашанда қарсы боламыз» т.б. толып жатқан әлеуметтік маңызы зор сұхбаттары да кітапқа енгізіліпті. Соңғы айтылған мақалаға аз кем тоқталуға тура келіп тұр. Мұнда, филология ғылымдарының кандидаты, талантты абайтанушы Жабал Шойынбеттің мақаласы жайында, оған қарсы хат ұйымдастырған академик Ғарифолла Есімнің «Ана тілі» (18.05.06ж.) газетіндегі материалы жайында қатты күйініп толғанады.
Мұртаза Бұлұтайдың әрқайсысы 40,0 баспа табақ көлемнен тұратын, үш кітаптан алынған – үш мақаланың ұлттық құндылығы осындай екеніне, ризашылық пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Ал, телегей-теңіз күйінде қалған басқа тақырыптар мен мақалалардың мәдениетімізге қосар үлесі ұлан қайыр екені сөзсіз. Жалпы, соңғы жылдарда оқырмандарының ерекше көңілінен шығып жүрген дінтанушы ғұлама Мұртаза Бұлұтай мен абайтанушы – ғалым Жабал Шойынбетті барынша әділ түрде азаматтықтарын айтып, ер мінезді жүздерінің нұры тасығанын тілер едім. Кезінде бұлардың – Абайды кришнаиттерден сақтап қалғандары да есімізде?! Онда да қазақ философ ойшылдарының ағаттықтарымен алысып, жоғарыдағы жалалы диссертация тәрізді, кришнаит мәселесі де Білім министрлігінің қатаң шешімімен аяқталған еді. Бұл екі мәселеде, өз тамыры мен тегінен шықпаған, еліміздегі философияның еліктегіштігі мен әлсіздігін көрсетіп отыр. Сондықтан, философ ғалымдарымыз шамданып шамырқанбай–ақ, азаматтық парасаттарымен ойланғандары жөн. Себебі, ғылым атаулының – атасы саналатын, ақылмандық ілімінің абыройлы болғаны, келешек ұрпағымыздың тәрбиесіне керек...

Совет-Хан Ғаббасов,
Жазушы-дәрігер, фантаст, медицина ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, Махамбет сыйлығының лауреаты






«Дін және ұлт» білуге тиісті білім

23-қараша күні түстен бұрын Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласының Достық даңғылы, 85-үйінде белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл тұсаукесерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Махмұд Фәһми Жинази және әдебиет-мәдениет қайраткерлері мен дінтанушылар қатынасты.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай жарық көрген «Дін және ұлт» кітабына тоқталған ғалымдар мен қаламгерлер оның ұлтымызды, дінімізді танудағы сүбелі еңбек екенін ерекше атап, оны автордың ғана емес, қазақ мәдениеті мен дінтануының мақтанышы деп бағалады.


[1] Советхан Ғаббасов, Теология мен философия этиологиясы, «Әдебиет айдыны» газеті, №47(93), 30.11.2006 ж.