пятница, 21 марта 2008 г.

СҮЙЕР ҰЛЫҢ БОЛСА – СЕН СҮЙ
НЕМЕСЕ БҰЛҰТАЙ СЫНДЫ ҰЛАНДАРЫМЫЗ
КӨП БОЛСА ҒОЙ, ШІРКІН![1]


Біздің халқымыздың мінезі қызық. Жүрегін алаулата көтеріп, жанын шүберекке түйіп, маңдайын қасқа боранға беріп, наркескен сөздер айтып, жай оғына кеудесін тосып жүрген есіл ерлерінің кеудесінен итереді. Абай бабамыздың «Сүйер ұлың болса – сен сүй, сүйенерге жарар ол» деген отты сөздеріне құлақ аспайды. Әйтеуір, өзін сүйген ұлынан бір кінәрат табуға тырысады. Түймедейін түйедей етіп жаны тап-таза, ары ақша қардай әппақ ұлын құлға айналдырғысы келіп, небір сөздерді боратады-ай келіп! Әрине, қалың бұқара бала сияқты ма, әлде аңқау ма, үркердей топтың айтағына еріп жүре береді...
Тәуелсіздігіміз келгелі дініміз, тіліміз жанданды, рухымыз тірілді. Жап-жас өндірдей мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында небір күрескерлер шықты. Қазақты тарыдай шашыратқан кәпір заман артта қалды. Тағдыр талайымен ығып шетке кеткен қазақ оралман болып атамекеніне оралып жатты. Солардың ішінен де білімдар да батыл, өр де кең тынысты азаматтар шықты. Соның бірі өткен бейсенбіде ғана «Дін және ұлт» деген кітабының тұсаукесерін өткізген Мұртаза Бұлұтай. Осы бір есім кейінгі оншақты жылдың көлемінде жұлдыздай жарқырап шықты. Білігі мол, білімі терең, батыл, жауына аяусыз, сөзі мірдің оғындай Мұртаза өз ойын ашық та, бүкпесіз, қылыштың жүзіндей өткір етіп айта бастады. Бір ғажабы ол жазған мақалалары өзіне оқырманын магниттей тартады. Тілі бұдырсыз, ойы тұщымды. Тағы бір көңіл аударатынымыз оның «ақылды» жаулары өздерінің міндетін әлгі мақаладан оқығаннан кейін мойындап, Мұртазаға қос қолын ала ұмтылғанын да естідік.
Құлжаның асығындай ғана жігітіміз бәріне үлгереді. Басқа-басқа, ағылшын, неміс, араб, түркі тілдерінде еркін көсіледі. «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты монографиясы шықты. Араға алты жыл салып, алты жүз бет етіп, мінеки, қалың кітабын ұсынып отыр. Найзағайдай жарқ-жұрқ еткен мақалаларын оқып: «Пәле! Қазақ болсаң осындай бол!» - деп сүйсініп отырасың. Мұртаза Бұлұтай бауырымызды жете тану үшін осы кітабын толық оқып шық. Ұлтшыл, отаншыл азамат екенін жаныңа тоқисың.
Қазір елімізде көзге көрінбейтін соғыс жүріп жатыр. Соның ең бастысы – Тәуелсіздігімізді көздің жанарындай сақтау. Қазақ ел бола ма, әлде жаһандану әлемі жұтып жібере ме? Жегі құрттай жеген ішкі жау жаман. Жиырмасыншы ғасыр қазақ үшін қасірет ғасыры болды. Шыбындай қырылған аштық жылдары... Репрессия... Соғыс... Солтүстігімізді дінсіздердің жайлауы. Әсіресе, Қызыл империя ислам дінін қазақ арасынан аластауға тырысты. Тамыры тереңге кеткен дініміз өлген жоқ. Бірақ ұрпақ азды, алпыс екі тамырымыз уланды, көкірек сарайымызды құлдық психология жайлады.
Соғысты жауларымыз енді іштей қаулатты. Соғысқа қарсы соғыс жариялап Мұртазалар шықты. Ұлт, дін мәселесіне келгенде шынында да Мұртаза Бұлұтай аяусыз. Ешкімді де бет қаратпайды. Бойындағы бар күшін, жанын, жалынын соған жұмсайды. Кітаптағы мақалалар соны дәлелдейді. Жай ғана шайпау мақалалар, қызыл сөз емес, отты, терең, білікті, білімді сөздер. Арыстандай айбаттанады, жолбарыстай шамырқанады, көк бөрідей қауып алады. Бізге осындай ұлдар керек! Бұлұтайлар көп болса ғой, шіркін! Қытай қаймығып, орыс ойланар еді. Сүйер ұлдарымыз бар. Сүйейік оларды. Қасында болайық. Ал, Мұртаза бауырым, сен осы қайтпас қайсарлығыңнан тайма! Біз сенімен біргеміз!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
Қазақстан-ZAMAN газетінің
Бас редакторы
[1] Ертай Айғалиұлы, Сүйер ұлың болса, сен сүй, «Қазақстан-ZAMAN» газеті, №49(612), 01.12.2006 ж.