пятница, 21 марта 2008 г.

«ДІН ЖӘНЕ ҰЛТ» КІТАБЫ[1]


Жуықта Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты кітабының тұсаукесер рәсімі Алматыдағы Бизнес орталығының ғимаратында өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған бұл кітапта дін, әлеуметтану, тарих, құқық, филология, саясат және мәдениеттану салаларында еңбек етіп жүрген ғалымдардың ой толғамдары, сұхбат-кеңестері, сыни көзқарастары берілген. Сондай-ақ автордың «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты қомақты монографиялық дүниесі кез келген оқырман қауымды бей-жай қалдырмасы анық.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің айтуынша, «кітап авторы ағылшын, неміс, араб тілдерін еркін меңгерген ғалым болғандықтан, ол бізге діни тұрғыдағы зерттеуді көп қажет ететін дүниелермен танысуға есік ашты. Жалпы, Мұртазаның бұл еңбектерінің басты мақсаты – дінімізді түрлі «изм»-дерден қорғау, оның асыл құндылықтарына сөз келтіртпеу және исламның ішіндегі бірлік-берекені нығайта түсуге бағытталған», - десе, академик Махмұт Фәһми Хижази кітап авторына «Қазақ ойшылы» деген баға берді.


[1] Дін және ұлт кітабы, «Қазақ әдебиеті» газеті, №49(3001), 08.12.2006 ж.