пятница, 21 марта 2008 г.

ҚАЖЫРЛЫ УАҒЫЗШЫ[1]


Біз бүгін мына мәселеден қатты қорқатынымызды ашық айтуға тиіспіз. Болашақта мұсылман қазақ пен кришнаит немесе католик, иуда (тағы басқа) дінді қазақтар бірлік-берекеде күнелтеріне күмәндіміз. Яғни, ұлттық діни бірлігімізге сызат мықтап түсті.
Осындай алмағайып заманда, өте елгезек (дәлірегі – тез үн қататын) уағызшылар ауадай қажет ұлтымызға. Ондай азаматтар әлем тілдеріндегі діни әдебиеттерден хабардар болса тіпті жақсы.
Дәл сондай дінтанушы – Мұртаза Бұлұтай. Ол күні кеше, оқырмандарымыздың есінде, Чарльз Уэллер сынды миссионер қазақты мәсіхшіл болған деп дәлелдегенсіп ғылыми еңбек қорғамақ болғанда да бірден өре түрегелді.
Сол Мұртаза Бұлұтайдың жақында Алматыда «Дін және ұлт» деген кітабының тұсаукесері болды. Ең құптарлығы – тұсаукесердің басында да, аяғында да Құран оқылды. Ат шаптырым залға зиялы қауымның мұнша көп жиналғанын да көптен көрмеген едік. Кітап Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналып, 10 мың данамен «Арыс» баспасынан басылыпты.
Қазақ қоғамы дін мен ұлт мәселесінде бұра тартушы кім болса да келіспейтіндігін ашық мәлімдей алатын, білімдар діндарларға қашаннан зәру.

Нәбиден ӘБУТӘЛИЕВ
Баспа ісінің ардагері
[1] Нәбиден ӘБУТӘЛИЕВ, Қажырлы уағызшы, «Ана Тілі» газеті, №48, 30.11.2006 ж.