пятница, 7 марта 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты
дінтанушы


ШІРКЕУ КӨСЕМІНЕ ШАРИҒАТТЫҢ КЕРЕГІ НЕ?[1]

Атам айтқандай қилы қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды, тіпті, қарағайды түп-тамырымен жұлып әкеткен заман болды. Кішкентай кезімде апаларымыз бір өлеңде: «Қайғы жоқ шұқанаққа жел тұрғанда!» дейтұғын. Демек қайғы бар болмақ. Атам қазақ тарихында қайғысы көбірек болғандықтан ба, кім білсін, өлеңінде де, күйінде де осы мұңлы, қайғылы жағын көбірек білдірсе керек. Қазіргі жиһанилестіру дәуірінде еш нәрсеге де таң қалуға болмайтынын ұққандаймыз. Иракта мұсылманның қанын суша ағызған, өз елінің ғана емес, әлем экономикасын күйреу алдына сүйреген АҚШ президенті Буш қызыл қанға боянған Ақ сарайында, ислам әлемін қаншалықты сыйлағанын (!) көрсетпекке, қарамағындағы мұсылман көсемдерін ауызашар дастарханына шақырып, күтеді. «Орыс ұлтшылымыз» деп, байбалам салатын, тіпті, еш жазығы жоқ қазақтың қызын бір ғана қазақша сөйлегені үшін жауыздықпен өлтірген құйқабастар (скинхедтар) орыс халқын қырған, миллиондаған Кеңес жұртшылығын жойған, Гитлердің туған күнін жылда тойлайды! Өткен жылы Израильдегі бір топ ұлтшыл жастар құрған ағымның да Гитлердің жанкүйері екені әлемдегі БАҚ-тарда таңданыспен берілгені есімде. Бұрынғы «қызыл коммунистер» бүгінгі «қызыл капиталистерге» айналғанына да таң қалмайсың. Қытайдың мұңғұлдың Шыңғысын дәріптеуін кейбір қазақтар зор қошеметпен қарсы алды. Батыстың кейбір дамыған елдерінде еркек көріністі мен еркек көріністінің, әйел бейнелі мен әйел бейнелінің заңды неке қию арқылы үйленуіне рұқсат етілді...
Тізімді жалғастыра берсек, бітетін түрі жоқ. Сондықтан, осы мақаланы жазуға итермелеген мәселеге көшелік. Өткен аптада Англикан (ағылшын) шіркеуінің бас көсемі Роуан Уильямс жылына екі мәрте өтетін шіркеу көсемдерінің мәжілісінде жасаған баяндамасында және ВВС 4 радиосына берген сұхбатында «шариғаттың кейбір үкімдерін» Британия құқық жүйесіне енгізудің «амалсыз» жасалатынын білдірді. Роуан Уильямс әзірше шариғаттың тек жанұя және неке мәселелері мен қаржы қатынастары жөніндегі үкімдерін ғана енгізу керек дейді. Оның ұсынысы бойынша Британия аралын мекендейтін мұсылмандар аталмыш мәселелер бойынша құқықтық қатынастарын, дау-дамайларын, тілек-талаптарын шариғат соттары яки зайырлы заңдарды басшылыққа алатын тәуелсіз соттардың ішінен қалағанына арыздану арқылы шешу, таңдау құқығына ие болуы керек екен. Әлбетте, оның осы ұсыныстары ислам десе мыстан кемпір көргендей болатын Британия жұртшылығын ғана емес, Еуропаның, тіпті мұсылман елдерінің саясаткерлерін, дін көсемдері мен зиялыларын елең еткізбей қойған жоқ. Британияда үкімет жаршылары мен саяси партиялар түгелдей бұл ұсынысқа қарсы шықты. The Times, The Daily Telegraph, The Sun, The Financial Times сияқты газеттердің анау-мынауы емес, бас редакторлары мақалалар жазып, шіркеу көсеміне: «Аузыңда жап!» деді. Ағылшын шіркеуінің сақалы кіндігіне түсетін басқа басшылары да дардай наразы болып, Уильямсты «қасиетті» орынтақты тастауға шақырып үлгірді.
Соңғы бірнеше күннің көлемінде біздегі кейбір БАҚ тілшілері алма-кезек хабарласып, Уильямстың мәлімдемесі туралы пікірімді сұрап жатты. Осы мақала арқылы жұртшылыққа пікірімді жеткізгім келеді.
Алдымен, мәселені салқын қандылықпен, байсалдылықпен талдап көрелік. Неліктен Британиядағы Ағылшын шіркеуінің басшысы осындай мәлімдеме жасауды, осындай күрделі мәселені күн тәртібіне тастауды қажет деп тапты? Өйткені, Британия Еуропа елдері ішінде ең көп мұсылман тұратын мемлекет емес. Бар жоғы 1,6 миллиондай діндесіміз осы патшалықтың халқының небары 2,7 пайызын құрайды екен. Германияда 3,5 миллион, ал Францияда одан да көп мұсылман тұратынына қарамастан, олардың шіркеу көсемдері ондайды ұсынып отырған жоқ. АҚШ-та мұсылмандардың саны бәрінен де көп. Бірақ, ондағы англо-саксон көсемдері де жақ ашпаған. Құранды «шайтанның аяттарына» теңеп, сүйікті пайғамбарымызға және жанұясына жала жапқан Салман Рушдиге баспана болған, пана болып қана қоймай, жуырда ғана оған ақсүйек атағын берген, Хизб-ұт тахрир, Ахмадия, Таблиғи жамағат сияқты көптеген діни-идеологиялық ағымдардың байтағына айналған бұл елдің дін көсемінің осындай қиқарлыққа толы ұсынысты тектен текке жасамағаны мәлім. Әлемдегі империялизмнің ошағы Британия. «Бөлшектеп биле» саясатын, «билей алмасаң иле» амалын ойлап тапқан да, жетілдірген де осылар емес пе?! Ирландиядағы католиктерді аяусыз қудаған кімдер? Лаңкестіктің шыққан жері қай жер? Анау бір ғасырларды баптистер мен пуритандарды қуып салған, Америка мен Африкада, Австралия мен Шын-Машында қырғынның көкесін көрсеткендер кімдер еді? Қырғыншыларды желеп-жебеп жүргендер қай шіркеудің дінпаздары болатұғын? Африкадағы апартгейдтің ойшылдары қайдан шабыт алды? Қайсы бірін айтасың. Тарих қоржынында осыншама ауыр күнәларды арқалаған шіркеудің көсемінің адамзат алдында кешірім сұраудың орнына (2003 жылы тек бір мәселеге байланысты кешірім сұраған – М.Б.), Ирактағы қан теңізін тоқтатудың орнына, пайғамбарымызды қорлап, карикатураларды шығарған Дания, Англия газеттеріне «тәйт!» деудің орнына, Палестинадағы мұсылмандардың трагедиясына көз жасын төгудің орнына, зайырлы мемлекеттің ісіне араласып, басқа діннің ішкі істеріне қол сұғуын қоғамда дүрдараздық туғызуы деп бағалаймын. Осы Уильямс 2002 жылы Ағылшын шіркеуінің көсемі болып сайланған соң, 11 қыркүйек 2001 лаңкестігін жасаған қанішерлердің «этикалық бір себептері болуы тиіс» деп, мәлімдеме жасап, сол кездің өзінде-ақ салиқалы шіркеу басшысынан гөрі саясаткерлікке жақынырақ екенін байқатқан еді. Уильямс басқаны былай қойғанда христиандықтың да доктриналарын белінен басып, біржынысты адамдардың некелесуіне қарсы еместігін жария еткен. Мен бұл өзі қандай дінпаз екен деп біраз ізденіп едім, оның шіркеу қызметіне 1978 жылы 28 жасында кіріскені бірден назарымды аударды. Христиан шіркеулеріндегі иерархияда өсу үшін жастайынан шіркеу қызметінде болмақ керек. Ал, бұл бұғанасы әбден қатып, атақты оқу орындарында оқып, тіпті, зайырлы университеттерде ғылыми жұмыстар қорғап, кәсіби аудармашылық жасап, өлеңдері жарияланған ақын бола тұрып, қысқа мерзімде шіркеу басшылығына көтеріледі. Орны келген соң айта кетейін, Ағылшын шіркеуі Британия патшасының Ватиканмен байланысы нашарлаған соң Католик шіркеуінен бөлініп, 1534 жылы өз отауын тіккен. Британия тарихында осы шіркеу патшалар мен патшайымдарды жарылқаушы, мемлекеттің мүддесін қорғаушы, отарлаушылықты ақтап-жақтаушы, құл саудасын ынталандырушы рөл атқарған. Ресейде православие шіркеуі қалай болса – Британиядағы Ағылшын шіркеуі де солай. Бұлар ұлттық-мемлекеттік шіркеулер және қожайындарының мүддесіне қарсы әрекет жасай алмайды.
Роуан Уильямс шариғатты енгізу туралы ұсынысын былайша ақтайды:
1-Шариғат үкімдерінің қолданылуы ағылшын қоғамындағы бірлікті күшейтеді.
2- Бұл мұсылмандардың «мәдени тәуелділік» пен «мемлекет тәуелділігі» ішінен бірін таңдап, өзінің кім екенін көрсетуіне жағдай жасайды.
Менің ойымша бұл екі мақсаттың екеуі де мұсылмандар үшін зиянды. Уильямстың мақсатының мұсылмандарды одан ары оқшаулау және бөлшектеу екені осы сөздерінен-ақ көрініп тұр. Ол мұсылмандарды қай жаққа берілгендерін дәлелдеуге шақырып отыр.
Біріншіден, Британия патшалығы зайырлы, демократиялық мемлекет. Зайырлы, демократиялық һәм құқықтық мемлекеттерде бір ғана құқық жүйесі қолданылады – зайырлы заңдар. Зайырлы заңдар ел көлеміндегі барлық азаматтарға бірдей қолданылады. Бұл әркімнің заң алдындағы, мемлекет алдындағы тең құқықтылығын қамсыздандырады. Кейбір діни яки этникалық топтарға бөлек заң, жеке құқық қолдану заманауы зайырлы да демократиялық құқық жүйесіне оғаш. Бұл тек отарланған, жаулап алынған елдерде ғана қолданылған қанаушы тәсіл. Өркениетті зайырлы елдерде ел тұрғындарының барлығына бірдей құқық беретін, әділ, мөлдір заңдар қолданылады. Сөйтіп, адамдардың заң алдындағы теңдігі мен әділетті құқық жүйесі қоғамды біріктіретін мықты күшке айналады. Ал, Уильямстың мұсылмандарға бөлек заң қолданылсын дегенін «Ей, мұсылмандар! Сендер бізден емессіңдер, өз заңдарың өздеріңе» дегені деп түсініп отырмын. Егер бұл ұсыныс оқыс қабылданып қалса, мұсылмандардың Британия қоғамынан жіктеліп, бүгінгіден де жабық қоғамға, «азшылық» статусына ұрынары сөзсіз. Заң қоғам мүшелерін бірбіріне қосатын желім сияқты. Әркім өз қалауынша заң, құқық таңдайтын болса, ондай елде ешбір береке, тыныштық қалмайды. Сонымен қатар халықаралық құқықта «қысастық» қағидасы бар. Яғни, Британияда мұсылмандарға бөлек құқық жүйесі енгізілсе, олар мұсылман елдерінен де ұқсас әрекетті сұрауы мүмкін.
Екіншіден, Уильямс неліктен шариғаттың тек неке, жанұя және қаржы, сауда-саттыққа қатысты үкімдерін, оның да бәрін емес, ішінен сұрыпталғандарын ғана енгізуді талап етіп отыр? Қабылдайтын болсаң, тұтастай қабылда. Неге шариғаттың ішінен таңдаулы үкімдерді ғана ұсынады? Оған кім қарар қабылдамақ? Бүгінгі күні бүкіл әлем мұсылмандары келіскен стандарт шариғаттың жоқ екенін ескерелік. Шариғат заңдары мұсылман елдерінің көпшілігінде қолданылмайды. Көпшілігі зайырлы құқық жүйесіне баяғыда көшкен. Ал, шариғат заңдарын басшылыққа алатын Сауди Арабыстан, Иран қатарлы елдердегі шариғат нормалары біркелкі емес. Бір мәселе бойынша мәзһәбтердің де түрлі, тіпті, біріне бірі қарама қайшы үкімдері бар екенін ескерелік. Сонда, Уильямстың айтып отырғаны қай шариғат? Қайсы мұсылман елдің шариғат жүйесін үлгі етуді ұсынбақ? Оған Британиядағы мұсылмандар көне ме? Өйткені, бұл елдегі мұсылмандардың барлығы да бір елден барған адамдар емес. Африканың отарланған елдерінен көшіп, қашып барғандар, құлдыққа сатылғандар, Үндістан мен Пәкістаннан барғандар, арабтар мен түріктер, ирандықтар мен жергілікті мұсылмандар бар. Ал, олардың әр қайсысына өздері қалаған шариғаттың вариантын қолдануды ұсынса, бұның өзі мұсылмандарды өз ішінде бөлу, қақтығыстыру емегенде не?!
Үшіншіден, шариғаттың қайсы қалыптары, қайсы үкімдері қабылданбақ? Неке және қаржы мәселелері шым-шытырық мәселелер және жеке тұлғалардың өміріне, тіршілігіне бірден әсер етеді. Уильямс мұсылмандардың өміріне қол сұғу үшін бұлардан артық саланы таба алмас еді. Мәселе нақты түсінікті болуы үшін кейбір мысалдар берелік. Мәселен, зайырлы заңдарда кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың үйленуіне болмайды, яғни қыз бала кемінде 18 жаста болуы шарт. Ал, әһли сүннет шариғаты бойынша 6 жастағы қызға құда түсіп, 9 жастағы қыз баланы некелуге болады. Осы шариғат бойынша кәмелеттікке жетпеген қыз баланы әкесі қыздың келісімінсіз күйеуге бере алады (Ибн Һишам 4/321, Бұхари 6/134,139, Ибн Мажа 1877, Имам Шавкани, Нейл-ұл Аутар, 6/128-129, Ибн Құдама, Мұғни, 6-том, 487). Шариғат еркектерге төртке дейін әйел алуға, күң ұстауға рұқсат етеді. Шариғаттың үкімі бойынша зинақорлық жасаған үйлі-барандылар тас ату арқылы өлтіріледі. Бір ғажабы осы жазаға көбінесе әйелдер тартылады. Шариғат заңдарының қазіргі зайырлы заңдармен салыстырғанда шектеуі мен тыйымының көптігі, жазалардың ауырлығы бірден байқалады. Әсіресе, әйелдердің құқықтары көбірек шектелген. Шариғат бойынша ажырасу құқығы негізінен еркекке берілген. Сонда жоғарыда келтірілген нақты мысалдар мен тағы да жүздеген мәселелер бойынша Уильямстың шариғат соттары қандай үкім шығармақ? Британияның неке актісін тіркейтін ресми мекемесі кәмелетке жетпеген қыз баланың некесін тіркей ала ма? Төртке дейінгі әйелдердің әрқайсысының некелерін бекіте ала ма? Тас атып өлтіру жазасын қолдануға қалай рұқсат береді өлім жазасын мүлде мойындамайтын Еуропа Одағы? Ұрылардың қолын кесу ше? Қаржы, сауда-саттық мәселелері бойынша да жағдай солай. Шариғат қағидалары бүгінгі экономикалық қарым-қатынастарда жасалатын көптеген мәселелерге рұқсат етпейді. Ең әйгілісі пайыз мәселесі. Көптеген діндар мұсылмандар тіпті банкіге ақша салудың өзіне қарсы. Олардың да өз фәтуалары бар. Кредит алу, ипотека, мұсылман еместермен жасалатын мәмілелер, алтын мен жібек т.т. сияқты мәселелерде шариғат нормалары көбінесе шектеу, тыйым салу жағында, яки қазіргі қоғамда орындалуы қиын талаптарды алға тартуда. Жалпылап алғанда, Британия елінде тұратын мұсылмандар аталмыш шариғат заңдары қолданылатын болса, ұтпақ па, ұтылмақ па, ағылшын қоғамындағы бәсекелестікке төтеп бермек пе, осы жағын салиқалықпен ойластырған жөн.
Төртіншіден, Уильямс ұсынған шариғат соттары туралы бір ауыз сөз. Британияда қазіргі күннің өзінде аз да болса (оншақты) шариғат соты істеуде. Алғашқы шариғат соты 1982 жылы Бирмингам қаласында ашылған. Мұсылмандар бір ғана қалада яки аймақта шоғырланбағандықтан әр елді мекенде шариғат соты ашу мүмкін емес. Қазіргі шариғат соттары қоғамдық ұйым ретінде ғана жұмыс істейді. Көпшілігі Ислам шариғаты Кеңесі қоғамына қарайды. Олардың шешімдерінің ресми күші жоқ. Тек өз еріктерімен жүгінген мұсылмандардың көбінесе ажырасу (талақ) және қарыз қайтару сияқты мүліктік дауларына араша болады. Аталмыш соттар азаматтардың сотқа дейінгі қатынастарын анықтауда (досудебное разбирательство) яки жеке арбитраж (частный арбитраж) есебінде қызмет көрсетуде. Осындай қызмет көрсету мүмкіндігі Британияның ағымдағы заңдарында көзделген, оған жаңаша заң қабылдаудың қажеті жоқ. Британияда «Исламдық банкілер» деп аталатын қаржы институттарының және кейбір қаржы, сауда-саттық мәселелерінде келісуші тараптардың дәстүрлі діннің яки шариғаттың кейбір үкімдерін басшылыққа алуларына рұқсат етілген. Қазақстанда да жеке арбитраж және исламдық банкі жүйесінің зайырлы құқық шеңберінде дамып келе жатқанын айтуға болады. Ал, осындай кеңшілікте шіркеу көсемінің бүйректен сирақ шығарғаны несі? Ол алдымен өз елінде Англикан соттарының ашылуын неге талап етпейді өзі? Британияда шариғат соттары сияқты йаһұдилердің (еврейлердің) де Бет Дин (Beth Din) деп аталатын соттары бар. Ғасырлар бойы Британияны мекен еткен ортодоксальды йаһұдилердің қалағандары ғана осы сотқа жүгінеді. Ол да қоғамдық ұйым. Бұдан тыс Британияда мұсылман емес африкалықтар, карибтіктер мен полшалықтар, сикхтер мен үнділер бар. Осылардың барлығына бөлек сот, бөлек құқық берілмек пе? Бұл қандай қисынға сияды. Неге Уильямс басқаларды емес, мұсылмандарды ғана сөзге тиек етеді?
Бесінші мәселе – Уильямстың ұсынысын Британия мұсылмандарының көпшілігінің дұрыс қабылдамағандығында. Оның ұсынысын тек Хизб-ұт тахрир, Таблиғи жамағат, салафия, Ахмадия, мұсылман бауырлар, хизбұллаһ сияқты әсірешіл һәм догматшыл ағымдардың ғана қолпаштағаны біраз нәрсені аңғартса керек. Жоғарыда айттық – Британиядағы мұсылмандардың дені зайырлы құқық жүйесін ұстанатын елдердің тумалары. Сонымен қатар еркіндігі мол өркениетті елде тұрақтанып қалған соң олардың көпшілігінің шариғатқа деген көзқарасы дұрыс емес. Британиядағы саяси шиеленістерді, экономикалық ахуалды, әлеуметтік проблемаларды бес саусақтай білетін мұсылман зиялылары Уильямстың түпкі мақсатын бірден аңғарып, қарсы мәлімдемелер жасады. Мәселен, Британия парламентінің мұсылман депутаты Халид Мұхаммед: «Шариғаттың қай бөлігін алмақшысыз? Асыра сілтеулерден қалайша қорғанбақшысыз? Мұсылмандардың бөлек мәмілеге мұқтаждығы жоқ!» деген. Консервативті партияның уәкілі, Парламент депутаты Саида Уарси де: «Уильямсқа деген құрметім зор, бірақ мына сөздер мұсылмандардың басын қатырмақ. Әркімнің заңның алдындағы теңдігі бірдей болуы керек» деген. Сонымен қатар Лейсестер мешітінің имамы және Британия мұсылмандар Кеңесінің дінаралық қатынастар бойынша маманы Ибраһим Морга The Times газетінің 8 ақпан күнгі санында былай деген: «Архиепископтың сөздерін исламофобиялық топтар мен нәсілшілдердің өз мүдделеріне пайдаланатынынан қорқамын. Осы мәселе бойынша пікір алмасуды құптаймын. Бірақ, мұсылмандардың басым көпшілігі біздің қоғамымызда мұсылмандар үшін бөлек құқық жүйесін көруді қаламайды». Даудың осымен бітетін түрі жоқ. Болашақта Уильямстың ұсынысы жүзеге асса мұсылмандардың өзі кем дегенде екі топқа бөлінбек: 1-Шариғатты 2-Зайырлы заңдарды басшылыққа алатындар. Ал, осындай бөлінушілік жеке адамдардың өмірінен бастап, көптеген жанұяларды да дауға салатынын, мұсылмандар арасында келіспеушіліктер мен зорлық-зомбылықтың пайда болатынын көру үшін сәуегей болу шарт емес шығар.
Алтыншы мәселе – қызмет этикасы және дінаралық қатынас жағы. Бұл жағынан алғанда да шіркеу көсемінің басқа діннің мәселесіне ауыз салуы дұрыс емес дер едім. Британиядағы мұсылмандар әлемдегі діндестеріміздің ішінде ең мықты ұйымдасқан мұсылман қоғамының бірі. Олардың Британияда көптеген қоғамдық ұйымдары, оқу орындары, бала бақшалары, баспасөз құралдары, кәсіпораныдары, тіпті партиялары бар. Жоғарыда айтқанымыздай Парламент мүшелері, «Сэр», «Лорд» атағын алғандары да бар. Сондықтан, өз қотырын өзі қаситындай жағдайлары да, білімдері де жетерлік. Олардың осындай талабы жоқтығына, 11 қыркүйек және Лондон жарылыстарынан кейін мұсылмандардың қысымға ұшырауына қарамастан, Уильямстың бар мәселе шешіліп, тек шариғат соты ғана қалғандай сөйлеуі отқа май құю ғана. Шиеленіскен жағдайды одан ары шиеленістіру ғана. Әйтпесе, Уильямс өте зерек, өте білімді адам. Ол тастың қайда барып тиерін әбден біліп тұр. Оның мұсылмандардың мәселелеріне араласу құқығын қайдан, кімнен алғанын түсінбедім. Өз шіркеуі оның бұл қылығын қатты сынап отыр. Бірақ, шіркеу аскетінен гөрі саясаткерлігі басым Уильямстың қазіргі үкімет басшысымен етене қатынаста екені баршаға белгілі. Мұнда бір саяси тапсырыс орындалып жатқан жоқ па? Уильямс шуылдағы мол мәлімдемесін неге Түркия парламентінде хижабқа рұқсат беретін конституциялық өзгерістерді қабылдау туралы шетін пікірталастар жүріп жатқанда жасады? Оның «шариғат соты керек» деген сөздерін Түркиядағы дінпаздар мен саясилер іліп алып кеткен жоқ па? Соңғы күндері Түркияда жарияланған саяси-исламшыл газеттердің тұрақты авторларының мақалаларына көз жүгірттім. Онда шариғатты көксейтін һәм хижабты жақтайтын авторлардың шіркеу көсемінің ұсынысын материал ретінде, дәлелдеме ретінде пайдаланғандарын көрдім. «Кәпірдің өзі шариғат сұрағанда, сендердің...» деген мағынада жазылған. Жуырда Малайзияны құрайтын кейбір уилаяттар шариғат заңына өту туралы қызу пікірталасқа түскен-ді. Малайзияның қазіргі бас уәзірі де ұсыныстарды қолдап отыр. Иран, Сауди Арабыстан, Мысыр, Алжир, Пәкістан сияқты елдерде фундаменталист ағымдардың күші күн өткен сайын артуда. Сонда ойлаңызшы Уильямстың сөздері бәрінен бұрын кімнің олжасына тиюде? Уильямс мұсылмандарды соншалықты ойлайтын болса, олардың құқықтарына алаңдаса, неліктен бірінші кезекте тұрған көкейтесті мәселелерге қол ұшын бермейді де шешендікпен, арандатушылықпен шұғылданады? Шамасы келсе Ирактағы қанды неге тоқтатпайды? Гуантанамодағы қамақта 6 жыл бойы ешбір айыптаусыз, соттың қарауынсыз, үкімсіз азап көріп отырған мұсылмандардың құқықтарын қорғауға неге атсалыспайды? Лаңкестің де, қылмыскердің де халықаралық заңнамаларда құқықтары бар. Кінәсіздік презумпциясы деген қағида бар. Әр адам өзіне тағылып жатқан айыпты білуге және өзін заңды негізде қорғау құқығына ие болуы керек. 2005 жылы Даниядағы бір газет әлемдегі екі миллиард мұсылманның пайғамбарын келеке етіп карикатураалар жариялады. Сол газет кеше ғана жаңа карикатуралар берген екен. Уильямс осыларға неге үндемейді?
Қорыта айтқанда, Роуан Уильямстың екі ұшты һәм екі ойлы ұсынысын саналы түрде жасалған мәлімдеме деп санаймын. Әлемде 77 миллион мүшесі бар (оның 26 миллионы Британияда) Ағылшын шіркеуіндегі бассыздық пен рухани дағдарыстың анық көрінісі бұл. Америкадағы эпископалян шіркеуі бөлінуі мүмкін екенін хабарлаған-ды. Британияны көп жылдар басқарған Тони Блайрдың өзі премьерліктен кеткеннен кейін ресми түрде Ағылшын шіркеуін тастап, католик шіркеуіне қосылғанын мәлімдеген-ді. Демек, Уильямстікі ішкі дағдарыстың назарын басқа жаққа аудару және мұсылман елдеріндегі схоластикалық догматшыл ағымдарға жанама қолдау көрсету. Мұсылмандарды ілгерілеген қоғамнан орта ғасырға аттандыру саясаты. Мұсылмандардың ішіне іріткі сала отырып, оларды бөлшектеп, билеу саясаты. Бұл саясатты әлемде ағылшындардан артық ешкім білмесе керек. Сондықтан, мұсылман бауырларымыз осындай күрделі мәлімдемелерді сезімталдыққа берілмей, ақыл таразысына салып, алды-артын өлшегені жөн, арғы жағын болжағаны жөн дегім келеді.


[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Шіркеу көсемі шариғатты неге қолдайды? «Ислам және өркениет» газеті, №6(114), 21.02.2008 ж., 8-9 беттер және «Түркістан» халықаралық саяси апталық, №8(710), 28.02.2008 ж., 7-бет және Шіркеуге шариғат не үшін керек? «Жас Қазақ» ұлттық апталық, №8(164), 29.02.2008 ж., 3-бет.