пятница, 7 марта 2008 г.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы
Қанат Ескендіров, журналист

ТАРИХИ ШЫНДЫҚ БАСҚАША

Қ.Е. - Мұртаза аға, мұсылман дүниесіне іріткі сала келген Дүкенбай Досжанның әдеби туындысы жайлы ой бөліссек деп едік?..
М.Б. - Не айтарымды біле алмай отырмын, себебі жазушылықтың этикалық ережелерімен, жалпы зиялылықтың ешбір ережесімен сәйкес келмейтін асқан әбестікпен, үлкен ұятты жағдаймен тұспа-тұс келіп тұрмыз. Танымал жазушы Дүкенбай ДОСЖАН жуырда «Қасиет» деп аталатын баспадан «Жан тәтті» деген алты хикаяттан тұратын роман шығарған екен. Оның ішінде 124-ші беттен бастап, 129-бетке дейін, яғни, алты бетінде Ислам әлеміне, құдды үндістандық шарлатан Салман Рушдидің осыдан жиырмашақты жыл бұрын жарияланған «Шайтан аяттары» атты романы сияқты, рухани соққы беретін мәліметтерді келтірген екен. Бұл жерде бүкіл 2 миллиярдық ислам әлемінің Әз Елшісі, күллі адамзатқа жіберілген пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) тіл тигізілген. Мәселе түсінікті болуы үшін мына жәйттерді келтіре кетейін; Біріншіден, аталмыш бөлімде Дүкенбай ДОСЖАН жазған нәрселер өте жиіркенішті нәрселер, өте ұятты нәрселер, адам ауызға ала алмайтын, көре алмайтын, көрсе оқи алмайтын, оқыса шыдай алмайтын, әрбір өзін иманды санайтын мұсылманның ар-намысына тиетін сөздер. Тарихты бұрмалаушылық. Әуелі, Дүкенбай ДОСЖАН жала жапқан адамдардың мәртебелерін біз Құранның аяттарымен анықтап алайық. Дүкенбай ДОСЖАН зинақорлық жасады деп, жала жапқан хазіреті Айша анамыз хазіреті Әбу Бәкірдің қызы. Хазіреті Әбу Бәкір – Ислам дінін ең алғаш қабылдаған ер адам. Пайғамбарымыздың ең жақын досы, ең сүйікті сахабаларынан. Оның пайғамбарымызға адалдығы соншалық оған Әбу Бәкір әс-Сыддиқ, яғни «турашыл, адал Әбу Бәкір» деп ат қойылған. Хазіреті Әбу Бәкір Құранның алғашқы аяттары пайғамбарымызға түсірілген кезде бірден, күдік келтірместен, иман еткен адам. Иманы өте күшті болған адам. Пайғамбарымыздың 23 жылдық пайғамбарлығының басынан аяғына дейін қасында болған адам. Ең қиын сәттерде, ең жауапкершілігі мол кездерде пайғамбарымыздың қасында болған. Ислам дінін өте жақсы білетін, Құран аяттарын өте жетік білетін парасатты сахаба. Ал, хазіреті Айша сондай адамның қызы. Хазіреті Айша ислам діні пайғамбарымызға жіберілген жылдары дүниеге келген.
Қ.Е. – Дүкенбай ДОСЖАН қандай тарихи деректерге иек артты екен?
М.Б. – Ал, енді Д. ДОСЖАН әңгіме етіп отырған оқиға хижрадан кейінгі алтыншы жылы болған. Яғни, қазіргі күнтізбе бойынша 628 жыл шамасында болған жағдай. Құранның аяттары түскеніне 18 жыл болған. Исламның 18-жылында болған оқиға. Исламның алғашқы жылдарында, адамдар әлі дінді білмейтін, діннің қағидаларын білмейтін, Құранның аяттарын білмейтін жылдары болған жағдай емес, пайғамбарымыздың өмірінің соңғы кезеңдерінде болған оқиға. Бұны не үшін айтып отырмын, тарихи деректерде осы оқиғаны «Жала (ифк) оқиғасы» деп атайды. Жала оқиғасы болғанда, Хазіреті Айша анамыз шамамен 18 бен 24 жастың аралығында болған (кейбір деректерде 17-18-де десе, кейбір деректерде 23-24 жаста болған) дейді. Өмірін тікелей Хазіреті Әбу Бәкірдің тәрбиесімен бастаған және бүкіл өмірі исламның ішінде өткен Хазіреті Айша анамыз қалайша Д. ДОСЖАН келтіргендей бір көрген адаммен зинақорлыққа бара салады? Бұл қандай ақылға, қандай ұятқа, қандай ынсапқа сыяды? Құрандағы Ахзаб сүресі, 6-аятта былай делінген; «Пайғамбар имандыларға өз жандарынан да қымбат жақын, оның әйелдері болса, имандылардың аналары-дүр» (33/6), дейді. Яғни, Хазіреті Айша Құранның аяты бойынша бүкіл мүминдердің анасы болып табылады. Бұл – Құранның аяты бойынша Аллаһ Тағаланың қияметке дейін өзгермейтін үкімі. Тағы да Ахзаб сүресі, 53-аятта мұсылмандардың пайғамбардың үйіне қалай кіріп шығатыны бәрі нақты тәртіпке салынған, сонда былай делінген: «Пайғамбардың әйелдерінен бір нәрсе сұрағандарыңда, оларды перденің артынан сұраңдар, бұл сендердің жүректерің, һәм олардың жүректері үшін ең дұрыс жол, Аллаһтың елшісінің мазасын алуларың және онан соң оның әйелдерімен некеге тұруларың сендерге халал етілмеген. Өйткені, ол Аллаһтың алдындағы бір үлкен обал һәм күнә» (33/53) дейді. Ал, пайғамбар өлсе де оның әйелін ешкім ала алмайды, бұл кісілердің мәртебелері Құранмен белгіленген адамдар, жай адамдар туралы сөз қозғап отырған жоқпыз. Дүкенбай ДОСЖАН көшеде жүрген жай адамға жала жасап отырған жоқ, жай адамға да жала жасауға болмайды, ешкімге жала тағуға болмайды, Пайғамбарымыздың әйелдерінің Құранның аяттарымен белгіленген жоғары мәртебесіне тіл тигізуге мүлде болмайды. Қазіргі заңдарда да, мысалы мемлекет басшыларының, патшалардың, корольдердің әйелдерінің де ерекше мәртебелері бар. Кез келген адам қалай болса солай олардың алдына бара алмайды, қалай болса солай сөйлесе алмайды. Сонда бүгінгі елбасылардың әйелдерінің заңмен бекітілген қаншама мәртебесі болып жатса, ислам дінінде де пайғамбарымыздың әйелдерінің бекітілген осындай жоғарғы дәрежесі болған. Бұдан басқа Ниса сүресі, 15-аят бойынша бір әйел зинақорлық жасады деп айту үшін төрт куәгер алып келу керек. Төрт куәгер шын мәнінде оның жыныстық қатынасқа барғанын растаса, онда ол тиісті жазаға тартылады. Ал, төрт куә келтіре алмағандардың жазасы, міне, Нұр сүресіндегі, 4-аятта айтылған «Ар-намысы сақталған мүмин әйелдерге жала жауып, төрт куәгер келтіре алмағандар болса, оларға сексен дүре соғыңдар да ендігіде олардың куәгерліктерін әсте қабылдамаңдар. Олар нағыз пасықтар, жолдан шықандар» (24/4), дейді. Осыншама қатаң үкім беру – әйелдердің намысы ойыншық емесін білдіреді. Исламның әйелдерге берген жоғарғы мәртебесі, міне, осында. Аллаһ Тағала абыройын сақтаған, ар-намысын сақтаған, ұятын сақтаған әйелдерге жала жабудың жазасын дүниеде де бергізіп отыр, ақиретте де бергізіп отыр. Осындай жағдайда кез-келген адам қолында нақты дәлел болмай, мынау әйел зинақорлық жасаған деп айта ала ма? Айтуы үшін мінеки шарттары бар, төрт куә әкелуі керек, төрт куә әкеле алмаса, 80 дүре соғылады, және ол өле-өлгенше куәгер бола алмайды. Бұдан ауыр жаза бар ма?
Қ.Е. – Хазіреті Айша жайлы ақиқатқа оралайық...
М.Б. – Ал, хазіреті Айша анамыздың жағдайына келер болсақ; ислами деректерде пайғамбарымыздың шайқасқа аттанған кезде, әйелдерінің ішінен бір әйелін сол шайқасқа бірге алып баратыны туралы жазылған. Хижраның 6-жылы, пайғамбарлықтың 18-жылында, Бәни Мусталиқ деген арабтың руымен болған шайқасқа Хазіреті Айша анамызды алып барған. Шайқаста мұсылмандар жеңіске жетіп, қайтып келе жатқанда, Медине қаласынан бір көш жерде (шамамен 20-30 шақырым) бұлар демалуға тоқтаған. Сол жерде таңға жақын Айша анамыз әжетін өтеуге барғанда, туысының қызынан сұрап алған Йемен елінен әкелінген, Йеменнің моншақ тасынан жасалған алқасын жоғалтып алады. Сол алқаны іздеуінде де себеп бар, Хазіреті анамыздың қаншама терең парасаттылығы, егер моншақ өзінікі болса, мүмкін іздемес еді, ал бұл туыс сіңлісінің уақытша берген нәрсесі болғандықтан, іздеп табу үшін шөлдің ішінде жүреді. Ал, оны Дүкенбай ДОСЖАН «алтын алқа» деп жазған. Сол кезде жейтұғын тамағы жоқ, пайғамбарымыздың өзі екі, үш күн тамақсыз жүрген кездер болған. Сонда олар алтын алқаны қайдан алсын? Жә, хазіреті Айша анамыз жоғалтқан алқаны тауып, елге келсе, ел кетіп қалған екен. Онда анамызды арнайы адам көтеретін, жан-жағы пердемен жабылған орындықпен түйеге салып жүреді екен. Ол кісі өте арық болғандықтан, қызметкерлер ішінде адам бар жоғын байқамай қалған. Түйеге салып алып кеткен. Хазіреті Айша анамыз сол жерге отыра қалады, артынан іздеп келетін шығар деп күтеді. Сол кездегі арабтарда (біздің қазақта да) көштің алдында, артында шолғыншы, қарауылдар жүрген. Көштің алдындағылар алда қарақшылар бар ма, апат бар ма деп алдын шолады. Ал, артына жіберген шолушылар артымыздан жау келе жатыр ма, артта бір жоғалған дүние бар ма, мал бар ма, түйе бар ма, адам бар ма деген мақсатта көштің алдына да, артына да шолушы жібереді. Шолушыға кімді жібереді? Ондайға ең қырағы, ең білімді, жауынгерлік қабілеті бар, парасатты адамдарды жібереді. Сондай мақсатта сахабадан Сафуан есімді жігітті шолушы ретінде жіберген екен. Хазіреті Сафуан пайғамбарымыздың артында тұрып талай рет намаз оқыған, Хазіреті Айша анамызды білетін, танитын адам. Ол пайғамбарды, хазіреті Әбу Бәкірді білетін адам. Ол кісі келеді де жерде отырған Айша анамызды көріп, бірден танып, бір ғана сөз айтады. «Инна лиллаһи уә инна иләйһи ражиун!» (Күдіксіз бәріміз Аллаһтан келдік, және бәріміз де Аллаһқа қайтарыламыз) дейді де, түйесін шөгертіп, Хазіреті Айша анамыздың түйеге отыруын өтінеді. Хазіреті анамыз да оған жауап бермейді, екеуінің арасында жөн сұрасу, әңгімелесу болмаған. Пайғамбарымыздың әйелдерімен қарым-қатынас жасаудың этикасы жоғарыдағы аяттарда айтылған ғой. Ал, сахаба Сафуанның айтқан сөзі соның анық айғағы емес пе? Хазіреті Айша анамыз түйеге отырады, хазіреті Сафуан сахаба түйенің бұйдасынан ұстап, бір көштік жер Мединеге алып келеді. Сафуан есімі қазақтарда да бар, ол сахаба Д. ДОСЖАН жазғандай адам болғанда халқымыз оны қастерлемес еді ғой. Мединеге мұсылмандар келгелі 6 жыл болған. Мұсылмандар Меккеден келсе де билікті қолға алған кез. Мединедегі саяси құрылымды өзгерткен, кейбір бұрынғы ру басыларының мәртебесі төмендеген, оларда іштей наразылық бар, пайғамбарға, мұсылмандар мен олардың санының өсіп келе жатқанына өте наразы. Олар қай жерден осы мұсылмандарды әлсіретеміз, қайдан іріткі салсақ болады, қалайша осы пайғамбарды ұятқа қалдырамыз, пайғамбар мен ең жақсы достарының арасында қайтіп сына қағамыз деген амал ойлап отырған. Ал, олардың көсемі Абдуллаһ ибн Убай деген ислам тарихындағы ең атақты екіжүзді мунафық болған. Бұл мунафық болған жайдан хабардар бола сала бірден өзінің нөкерлері, өзіне құлдық ұрған адамдар арқылы өсек таратқызады. «Айша мынадай жігітпен келе жатыр, олар пәлен уақыт не істеді, зинақорлық жасады» деп, өсек таратқызады. Ешқандай негіз, еш дәлел, еш сұрастыру, еш куә жоқ, қараптан қарап пайғамбардың әйеліне, сол арқылы бар мұсылман әйелдерге жала жауып, ислам үмметінің ішіне күдік ұялату, пайғамбарға қарсы күдік ұялату, пайғамбардың жанұясын бұзу, пайғамбардың Әбу Бәкірмен арасындағы мығым достығын бұзу мақсатында бұлар іріткі салады. Айша анамыз келген бойда ауырады, өзі онсыз да әлсіз, пайғамбарымыздан рұхсат сұрап, өзінің әке-шешесінің үйіне емделу үшін барады. Пайғамбарымыз оған рұхсат береді. 20 шақты күн Айша анамыз өсекті естімейді, өйткені, өзі ауырып төсекте жатады. Бір күні бір туысы арқылы өзі туралы мынадай жиіркенішті жаланың тарап жатқанын естіп, дерті онан сайын асқынып, түнімен таң атқанша жылап, Аллаһ Тағалаға жалбарынады, «Ей, Жаратқан Ием! Мынадай бір жалаға душар болдым, тек қана Өзіңнен медет күтемін, менің пәк екенімді, менің намысымның таза екенін бір белгімен Расулуллаһқа білдір!» деп сұрайды. Солай болып тұрған кезде, пайғамбарымыз өзінің сахабаларымен ақылдасады. Олар Хазіреті Айшаның таза екенін, бұның бәрінің жала екенін айтады. Кейбірі әлгі Абдуллаһ ибн Убай секілді пасық мунафықтың сөзіне бой алдырады. Мәселе белгілі бір келеңсіз жағдайға тіреліп, Мединеде 20 күндей тыныштық жойылады. Ол кезде қазіргідей бұқаралық ақпарат құралдары жоқ, осындай әңгіме, өсек сөз тез тарайтын болған. Бүкіл Медине қаласының тыныштығы бұзылады. Мұны Айша анамыз да байқайды. Сонда Аллаһ Тағала Нұр сүресінің 10-24 аяттарын жібереді. Онда былай делінген «Ол жалған мәліметті, жаланы әкелуші сендердің өз іштеріңдегі бір топ. Оны өздерің үшін бір шәр, яғни жамандық деп санамаңдар, керісінше ол сендер үшін қайырлы-дүр. Олардың әрқайсысына болса, сол күнәдан ұпай бар, ал ол күнәні басқарушылардың ішіндегі ең ұлығына да, өте үлкен азап бар!» (24/11), деп, яғни Абдуллаһ ибн Убайды айтады. Солардың сөзіне иланған мүминдерге былай дейді, «Оны естігендеріңде, иманды еркектер мен иманды әйелдер бір бірі үшін ізгі болжамда болып, «мына мәлімет нағыз жаланың өзі деп», айтуы керек емес пе еді? Оған 4 куә әкелулері қажет еді ғой, ал олар куәгер әкеле алмады, демек олар Аллаһтың алдында қарабет, өтірікшілер-дүр» (24/12-13). «Сол кезде сендер бұл жаланы тілдеріңмен бір біріңе жеткізуші едіңдер. Және өзі туралы ешқандай мәліметке ие болмай тұрып, көп нәрселерді айтушы едіңдер, оны әдеттегі мән маңызы жоқ мәселе ретінде қарастырушы едіңдер. Алайда ол Аллаһтың алдында өте үлкен күнә» (24/15). Қазіргі біздің қоғамымызда да осындай жалақорлар бар. Сыртынан біреуді қаралай салу ойыншық сияқты. Ешнәрсені білмей, көрмей, тіпті, ол адамды танымаса да жала жабатындар бар. Ал, біздің дінімізде жала жабу, ғайбат айту өте үлкен күнә екенін ескерген жөн.
Қ.Е. – Бұл оқиғадан қандай ғибрат аламыз?
М.Б. – Аллаһ Тағала осы оқиға арқылы өзінің Елшісін де сынады, оның әйелін де, Мединедегі барлық сахабаларды да сынады, осы оқиға арқылы Исламның бір үкімі қалыптасты. Ал, Дүкенбай ДОСЖАН болса қолында ешбір дәлел жоқ, сол дәуірде өмір сүрмеген, осыдан он төрт ғасыр бұрын болған жәйтті тура көріп тұрған кісідей, ең бір жиркенішті, дөрекі сөздермен суреттеген. Және суреттеп отырғаны басқа біреу емес, өзіміздің Анамыз, Пайғамбардың әйелі! Құранда: «Еш нәрседен хабарсыз, ар-намысын сақтап жүрген мұсылман әйелдерге зинақорлық жасады деп жала жапқандар дүниеде де, ахиретте де лағынеттелген! Оларға сұмдық қиын азап бар!» делінген (Нұр сүресі, 24/23). «Күн келмек, сонда олардың тілдері, қолдары, өз аяқтары істеп қойғандары жөнінде өздеріне қарсы куәлік айтпақ!» (Нұр сүресі, 24/24). «Сол күні Аллаһ оларға лайықты жазаларын дәлме-дәл береді. Сонда олар Аллаһтың Хақ екенін біледі» (Нұр сүресі, 24/25) дейді. Сондықтан да бұл өте ауыр жағдай. Оның қазақтың ішінде болғаны, біздің елімізде болғаны өте ыңғайсыз. Бұл жерде жалақор – Дүкенбай ДОСЖАН. Жалаға ұшырағандар – Хазіреті Айша анамыз, адамзаттың ең ұлығы Пайғамбарымызға да, хазіреті Сафуан сахабаға да жала жабылған. Ислам шариғаты бойынша да, бүгінгі заманауи заң нормалары бойынша да тек жалаға ұшыраған адамдар ғана кешірім беру құқығына ие. Бұл жерде Құранның үкімдері бұзылғандықтан, Құран аяттарымен мәртебесі анықталған адамдардың абыройына тіл тигізілгендіктен оның да күнәсін кешіріп-кешірмеу Аллаһ Тағаланың құқығында. Сондықтан да, бұл жазушының еш қисынсыз, тарихты бұрмалай тұрып, Ислам дініндегі ең киелі, ең қадірлі, ең мүбәрак адамдарға ең жиіркенішті жаланы жабуы бұл ешқашанда кешірілмейтін қателік деп санаймын.
Қ.Е. – Дүкенбай ДОСЖАН жағынан кешірім сұралды ма екен?
М.Б. – «Түркістан» газетінде (21.09.2006 ж. саны) Дүкенбай ДОСЖАН мырзаның хаты жарияланды. «Дүние тіршілігі емтихан ғана» деп Бас Мүфтиіміз Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ ағамызға жазған хатын мұқият оқып шықтым. Бұл хатта ешқандай кешірім сұраған ниетін көре алмадым. «Дәл осылай кешіре білу, ашу-ызаны дер уағында тоқтату, қызғаныш пен қызбалықты ақылмен жеңу пайғамбарымыздан қалған мінез» деп ақталғысы келеді. Сөйте отырып, Айша анамызды тағы да күнә жасаған етіп көрсетіп отыр. Пайғамбарымыз нені кешіруі керек? Зайыбы зинақорлыққа барған жоқ қой! Айша анамыздың ешқандай қылмысы, айыбы болған жоқ қой! «Пайғамбар кешірім етті» деген сөздің ар жағында бәрібір зинақорлық жасалған деген гәп тұр. Егер автор тура сол көзге шөп салу тақырыбына қадалып қалған болса, Клинтон мен Моника Левинскийді жазсын. Ол сотта дәлелденген оқиға. Ол да жетпей жатса, адамзаттың алдында әшкере болған нәрселерді жазсын. Мына хатында Мұхтар Әуезовтің «қаралы сұлуын» мысалға келтіреді. Ол пайғамбардың әйелі емес қой!!!. Дүкенбай ДОСЖАНның хатында опыну, кешірім сұрау жоқ, кітапты жоятыны туралы мәлімдеме жоқ. Ондай болғанда Аллаһ Тағала кешірер еді; «Ал, осы қылмыстан кейін тәубе сұрап, ізгі хал көрсеткендер болса басқаша. Өйткені, расында Аллаһ кешірімді һәм есіркеуші-дүр!» (Нұр сүресі, 24/5) дейді Құранда. Егер Дүкенбай ДОСЖАН шынайы түрде Аллаһтан кешірім тілеп, мұсылмандардан кешірім сұрап, кітабының көзін жоятын болса, қалған өмірінде мұсылмандыққа қиянаттық жасамай, қайта қызмет етсе, онда Аллаһ Тағаланың кешіруі мүмкін. Бірақ, дәл бүгінгі оқиғаның кезінде мынадай хатын оқып, мен жағамды ұстап отырмын. Бұл кісі жас бала емес, сауатсыз емес. Осыдан бір жыл бұрын біздермен бірге қажылық сапарда болған адам. Меккеде болды, Қағбаны көрді. Пайғамбар жасынан асып кеткен адам. «Түркістан» газетінде жарияланған хатында қажылықтан келген соң Құранның аудармаларын құнттап оқып шықтым деп жазыпты, демек мүлдем хабарсыз да емес. Егер Дүкенбай Досжанның әйелі туралы яки анасы туралы біреу бірдеңе жазатын болса, ол кісі не дер еді? Жазған адамға кешіріммен қараймын дей ме, әлде ар-намысын сақтау үшін еркектік мінез таныта ма? Д. ДОСЖАН пайғамбарымыздың мейірімділігінің ұлылығын паш ету үшін аталмыш хикаяны жаздым дейді. Ал, мынадай қисынсыз жалақорлықпен пайғамбарды қастерлеу бола ма? Пайғамбарымыздың кешірімділігің қаншама ғибратты уақиғалары бар ғой. Мәселен, 624 ж. болған Бәдір соғысында мұсылмандарды жою үшін келген мүшріктердің қолға түскен тұтқындарын әрбір сауатты тұтқын 10 сауатсыз мұсылманға хат тануды үйрету шартымен қоя берген. Пайғамбарымыз өзінің сүйікті немере ағасы Хазреті Хамзаны өлтірген Уахши есімді мерген мен оны өлтірткізген Һинд есімді әйелді және Мекке әміршісі Әбу Сұфянды кешірген. Міне, осындай толып жатқан ғибратты уақиғаларды мысал етсеші шіркін! Кеше Астанада діндердің құрылтайын өткіздік, ертең қасиетті Рамазан келе жатыр. Ал, Дүкенбай ДОСЖАН сияқты жазғыштар біздің дінімізге, ең қасиетті ұғымдарымызға тіл тигізіп отыр. Және сол қателігін ақтап, Батыстың авторларының аттарын атап, өзі тап-таза болып шығуға тырысып отыр. Тек қана Аллаһ Тағалам һидаят нәсіп айласын, тура жолға салсын деп айтудан басқа айтар сөзім жоқ...