пятница, 7 марта 2008 г.

Құбыла
Исламды жою мүмкін емес,
өйткені, ол – Аллаһтың діні[1]

Дінтанушы Мұртаза Бұлұтаймен сұхбат

Салман Рушди және Дүкенбай Досжан

- Мұхаммед пайғамбардың жары Айша анамызды қаралап жазған Дүкенбай Досжанның «Жан тәтті» кітабы қоғамда дүрбелең туғызып отыр. Мұртаза мырза, осы жағдайға қандай баға бересіз?
- Мәселенің діни, әдеби, саяси-қоғамдық және халықаралық қыры бар. Қазіргіше Д.Досжанның кітабын тек әдеби қырынан қарастыру үлкен қателік. Осы елдің болашағын ойлайтын діндар адамдар мәселені көтеріп, дабыл қағуы да сондықтан. Д.Досжан «жаңылды, жаңылысты» дейік, бәрібір үлкен күнә жасады. Бүкіл дүние жүзіндегі мұсылмандарға, біз – қазақтарға, еліміздегі иманды барша жұртқа тіл тигізді. Пайғамбарымызға, хазіреті Айша анамызға, сахабаларға жала жапты, тарихи шындықты бұрмалады. Әр мұмин пенденің ең киелі алаңына қол сұқты. Ислам тарихындағы маңызды тұлғалардың тек өлген жылын, туған жылын бұрмаласа, әрине, онда да дау болар еді. Ал бұл жағдайда Пайғамбарымыздың әйелі хазіреті Айша анамыздың ар-намысы, абыройы туралы әңгіме болып отыр. Діни тұрғыдан алғанда бұл күллі ислам үмметінің рухани мұрасына жасалған шабуыл. Сондықтан біз арнайы мәлімдеме жасадық. Ақпарат құралдарында өз көзқарасымызды білдірдік, пікірімізді айттық. Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі ағамызбен ақылдастық. Ол кісі де Д.Досжанның әрекетіне қатты наразы.
Екіншіден, мәселенің саяси-қоғамдық қырына келсек, Д.Досжан елге танымал жазушы: көптеген кітаптар жазған, сол үшін атақ-абырой да алған. Оның жанұя мүшелері де мемлекеттік лауазымды орындарда жұмыс істейді. Сондықтан қоғамда беделді адамның жіберген қатесі әп‑сәтте саяси мәнге де ие болады. Мәселенің халықаралық қырына келсек, Пайғамбарымыз бен оның жанұясын, әйелін, туған-туысын қаралап осыдан жиырма жыл бұрын Үндістаннан шыққан Салман Рушди деген бетбақ роман жазған. Бұл жағдай әлі күнге әлем мұсылмандарының ашу-ызазын тудырып отыр. Ал Д.Досжанның кітабы содан кейінгі екінші оқиға. Егер бұл оқиға өз ішіміздегі әңгімеден асып-тасып, Батысқа, Ислам әлеміне жария болса, біз мұсылман халық ретінде ислам үмметіннің алдында өте ұятты жағдайға қаламыз. Сондай-ақ, Батыстың мұнафық пасықтары тағы да исламды қаралау науқанына пайдаланып кетуі мүмкін. Дінімізге қарсы ұйымдастырылған Даниядағы суреттер, Рим Папасының мәлімдемесі, Австралия үкіметінің «біз христиан мемлекетіміз» деп, мұсылмандарды елден қумақ болған әрекеттерден бұл анық байқалады...

- Д.Досжан күнәсін мойындап кешірім сұрағандай болды. Баспасөзде екі рет хат жариялады. Бірақ оның кешіріміне көпшіліктің көңілі толмайды. Содан болуы керек, бұл дау әлі басылмай тұр. Мұртаза мырза, Д.Досжанның кешірім сұрап жазған хаттарына Сіздің көңіліңіз тола ма?
-Дау басталғаннан біраз күн кейін Д.Досжан маған хабарласып, қателік жасағанын, істеген ісіне өкінетінін айтты. Қалыптасқан даулы жағдайдан шығудың жолы мен діни жоралғысы қандай екенін сұрап, кеңес беруімді өтінді. Мен оған былай дедім: «Сіздің баспасөздегі кешірім сұраған хаттарыңызды көрдім. Бірақ оның бәрі діни тұрғыдағы кешірім сұрау талаптарына сай жазылмаған». Өйткені, ислам дініндегі кешірім сұраудың өзіндік формасы бар. Оны «тәуба истиғфар» дейді және оның да өзіндік айтылу, жазылу, міндеттеме алу тәртібі бар. Д.Досжанның ақталу хаты әдеби тұрғыдан жазылған: «Мен былай деп келтірдім, пәлен ағамыз былай деп, түген ағамыз олай деп жазған, оқырманға қызықты болу үшін бояуын көбірек қосып жіберіп едім» дегенге саятын салыстыру әдісін қолданған. «Бұл мәселе әдебиеттің әңгімесі емес, дінге қарсы жасалаған қылық. Сондықтан да бас иіп кешірім сұрау «тәуба истиғфар» бойынша болуы шарт» деп Д.Досжанға айттым. Мұның бәрі – оншақты күн бұрын телефонмен болған әңгіме. Мен өткен апта жолым түсіп Астанаға барғанымда Д.Досжанмен көзбе-көз жолықтым, үйіне шақырды. Өзімен, Сәуле жеңгеймен таныстым. Мен ол кісіге мәселені тағы да жан-жақты түсіндірдім. Әңгіме барысында байқағаным, Д.Досжанның күнәһарлыққа баруының басты себебі – діни сауатының жетіспеушілігінде екен. «Пайғамбарымыздың әйелі Айша кім, оның ар-намысы біз мұсылмандарға нені білдіреді және оның мұсылмандар үшін маңызы неде?», «Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының кісілік тұлғасы, абыройы мен адами келбетінің қазіргі мұсылман үмметі үшін маңызы қандай?» деген сұрақтардың мәнін түсінбеген. Мұхаммед пайғамбарды келемеждеп сурет салған даниялық суретші өзінің баспасөзде берген жауабында «Өнер туындысы – карикатура арқылы Мұхаммедтің кісілік келбетін көрсетпек болған едім» деп ақталыпты. Ол өзінің христиандық яки йаһудилік менталитетімен, түсінігімен солай істеп отыр. Ал Д.Досжан ағамыз да өзінің атеистік тәрбиесімен, түсінігімен «Пайғамбардың кешірімшілдігін көрсетіп, дәріптемек болдым» деп күнәға барған екен. Ал шындығында, Пайғамбарымызды дәріптеп, үлгі етіп көрсететін ислам тарихында оқиғалар жеткілікті. Соның кез-келгенін айтсақ та Пайғамбарымыздың дана, мейірімді, шапағатты, сабырлы және басқа да нағыз мұсылманға тән салауатты істерін көреміз.
Әңгімені қысқартып айтсам, ол кісі жіберген қатесін түсінді. Сосын ислам тұрғысынан, ең алдымен Аллаһ Тағаладан кешіруін сұрады, Пайғамбарымыздың, Айша анамыздың және сахабалардың рухани тұлғаларынан, бүгінгі мұсылман үмметінен кешірім сұрады. «Тәуба истиғфар» етіп, жазылған ашық хатқа қол қойды. Хатта кітаптың тиісті беттерін жыртып, оны «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына» тапсыратыны, бұдан былай дінімізге тиіспейтіні, істеген күнәсін кейінгі өмірінде жуып-шаятыны, сауапты да қайырлы іспен шұғылданатыны айтылаған. Қазір хат Діни басқармаға табысталды. Енді олар хатқа алғы сөз жазып, осы аптадағы газеттерге жариялайды деп ойлаймын.
Мен мұсылман бауырларыма мынаны айтқым келеді: Ислам – Аллаһ Тағаланың хақ діні – асыл дін. Илам діні күнә жасағандарға тас атып, оны мансұқтап, өлтіргеннен де бетер кек алуды мақсат тұтпайды. Біздің, мұсылмандардың міндетіміз де күнә жасаған адамға оның қателігін түсіндіру. Болар іс болды: мұсылманға ұят, қазаққа таңба болатын үлкен қателік кетті. Ендігі жерде біздің мақсатымыз осы тығырықтан шығудың жолын іздеу. Қара бастың мүддесін күйттеген пендешілікпен, осы оқиғаны пайдаланып, біреуден кек қайтару, өш алу үшін дауды басқа жаққа бұру дұрыс емес. Біздің мақсатымыз – Д.Досжанның қателігін мойындату, түсіндіру, бұдан былай мұндай қателікке басқалардың жол бермеуіне сабақ қылу. Себебі, біздің елде рухани кеселге ұшыраған біраз жазғыштар бар. Олардың жүрегіндегі клеткаларына дейін имансыздық кеселі дендеп кеткен. Ондайлар қайтсе де исламға тиіспей тұра алмайлы – арақкештер, нашақорлар сияқты ауруға шалдыққан. Д.Досжанның кітабына қатысты дауды халықаралық дауға айналып кетпесе екен. Менің тілегім де, мені қатты мазалап жүрген ой да дәл қазір осы.
- Мұсылмандардың намысына тиетін Д.Досжанның кітабына қарсылық білдіріп, мәселе көтергендердің ішінде зиялы қауым - жазушылар болған жоқ. «Егер осы оқиғадан кейін зиялы қауым дүр көтеріліп қарсылығын білдіріп, тентегін түзеп, «Жарылған бас бөрік ішінде, сынған қол жең ішінде» қалдырғанда, дау тез тиылар ма еді» деп те ойлаймын. Дау әлі жалғасып жатыр. Халықаралық дауға ұласып кету қаупі жоқ емес. Мұртаза мырза, қоғам үшін маңызды мәселеден зиялы қауымның сырт қалуын қалай түсіндіресіз?
- Осы мәселеге қатысты мәлімдемеге кейбір діндар зиялылар қолдау көрсетті. Дегенмен, жазушылардың қоғамдық мәселеден сырт қалуы, проблеманың маңызы мен апатты салдарын жете түсінбеуі бірінші рет емес. Көпшілігі «Менің жеке басыма тиіспесе болғаны» деп, көбіне бұғып қалады. Олар тек өздерінің кітабы туралы, атағы туралы сын айтылғанда ғана шұғыл бас көтереді, жеке басын қорғайды. Қоғамның, елдің абыройы сондайларды аса мазаламайтын сияқты. Мысалы, қазақтың ішіне жайылып бара жатқан миссионерлердің жүгенсіз әрекетін алайықшы. Осы мәселені реттеуге, проблема етіп көтеруге зиялы қауым деп аталатын жұртшылық құлықсыз болып отыр. Қайта зиялы атын жамылған кейбір ағаларымыз солардың қатарына кіріп, уағызшысы болып, қолғабыс жасап жүр. Ал, кейбір жазғыштардың кітабын ашып қарайықшы, исламға тіл тигізген, ислами құндылықтарға қарсы жазған пікірлері қаншама?! Театр қайреткелерінің кейбір ұятсыз спектакльдерін көру, тіпті, мүмкін емес. Бірнеше рет бетімді басып, ұялғанымнан театрдан шығып кеткенім бар. Жалпы зиялы қауымның халық алдындағы биік беделіне нұқсан тиді. Сондықтан мен бұл жолы да жазушы қауымнан көп үміт күткен жоқпын.
Мұның себебі де жоқ емес. Біздің жазушылардың дені Кеңес тәрбиесін алған. Қазіргі заманға бейімделе алмай қалды. Өткенді, Кеңес заманындағы өмірін аңсайды. Бәрін бұрынғыша көргісі келеді. Соған сай ойлайды, пікір айтады. Сөйтіп, дағдарысып қалғандары жаңа заманның зиялысы, жетекші тұлғасы болып қалыптаса алмай отыр. Дания суретшілері Пайғамбарымыздың карикатурасын жасағанда жарты жыл бойы бүкіл әлем мұсылмандары қарсылығын білдіріп, ереуіл жасады. Мұны білмеген, естімеген адам қалмаған шығар. Сонда «Жазушылар одағы», «Ғылым академиясы» және басқа да зиялылардың басын қосып отырған қоғамдық ұйымдар үнсіз қалды. Одан кейінгі Рим Папасының сөзіне де қарсылық пікірін білдіре алған жоқ. Мен осыны түсінбей-ақ қойдым. Ал болмашы нәрсеге топ-топ, жік-жік болып ұйымдаса қалады, бірін-бірі сынап сала-құлаш мақалалар жазады. Өткенде «Хабар» арнасындағы «Кеш қалмаңыз» деген бағдарламада «Баланы кім тәрбиелеуі керек?” деген сұрақ төңірегінде пікірталас болды. Әркім өзінің пікірін айтты. Әшірбек Сығай ағамыз «ауыз әдебиеті арқылы тәрбиелеуіміз керек» деді. Мен «ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, сондықтан жаһандану дәуірінде өзінің еліне, ұлтына ие болатын, жаңа заманға сай туынды, технология жасай алатын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек, бір ғана батырлар жырымен шектелуге болмайды, ХІХ ғасырдың адамын дайындаудың қажеті жоқ» деген пікір айттым. Сол сөзімді бұрмалап, «Бұлұтай батырлар жырына қарсы» деген пікір туғызып «Қазақ әдебиетіне» жазып қойыпты. Мені таңқалдырған нәрсе – мақаланың тез әрі алыстағы Ақмола облысының бір ауылынан жазылғандығы. Сол жазғыш егер барлық мәселені қалт жібермей бағып отырса, исламды қаралап жатқанда, бүкіл әлем шулап жатқанда неге жазбады екен?! Мұның екі себебі бар: біріншісі, менімен жауығып жүрген дінбұзар секталардың айдақтауымен жазылған немесе оның санасы басты проблеманы көре алмай, түйсіне алмай, ұсақтыққа, бұрмалаушылыққа барып отыр. Міне, осындай «ұсақтық комплексі» кейбір жазғыштарға да тән. Оларда ауызбірлік, атағына сай ірілік, биік кісілік парасаттылық пен ислами ахлақ жетіспейді. Мемлекеттің, елдің, халықтың мүддесін өзінің жеке мүддесінен жоғары ойламайды. Қазақтың осынша тәлкекке түскені, қырылғаны, тентірегені жететін шығар енді!

Қазақ қоғамы және зиялы қауым

- Кейбір қарсыластарыңыз, оның ішінде жазушылар да бар, біраз компромат жинап, Сізді қаралау науқанын ұйымдастырмақ болып жатыр екен. Бұл туралы интернет арқылы таратқан хатыңыздан білдік. Олар Сізге неге жауығып жатыр?
- Қазақ қоғамында корпоративтік топ құрып, команда болып жүретін кеңес заманынан қалған психологиялық кертарпа қылық бар. Олар бірін-бірін «аға», «іні», «көке» деп атайды. Мұның бәрі бақай есепке құрылады. Біреуіне қарсы келген адамды шибөріше талап жейді. Бірі бірін «аға» деп, соның жолында құрбан болады. Мейлі, сол «ағасының» сөзі дұрыс емес, ісі қоғамға зардап әкелетін қылмысты іс болсын, бәрі жабылып қол жинап соны қорғайды. Міне біздегі «аға», «іні» деген түсініктер осындай болып кеткен екен. Мен олардың ұлтымызға зиянды қылықтарын ашып, қоғамға қатер төндіріп тұрған мәселені дабыл қағып көтердім. Ал, олар қарсы сөз айтқан адамды аямайды екен. Топ құрып талап жеуге дайын. Бірақ олар мына нәрсені түсінбей-ақ қойды. Мысалы, мен өткендеамерикалық миссионер Чарльз Уеллердің исламға, қазаққа қарсы әрекетінен туған дауда өзімнің ғылыми жетекшім болған профессор Ғарифолла Есімге қарсы пікір айтуыма тура келді. Егер мен кеңестік психологиямен тәрбиеленген адам болғанымда, мүмкін ол кісіге қарсы ешнәрсе айтпаған да, жазбаған да болар едім. Таразының бір жағына ұлтым мен дінім салынғанда, маған оның екінші жағы көрінбей кетеді. Д.Досжанның кітабына, оған рецензия жазған, редактор болған адамдарға қарсылығымды мұсылман ретінде білдірдім. Олардың жеке басына қысастығым, қастығым жоқ, тіпті араласып жүрген немесе бір нәрсені бөлісе алмай жүрген адамдарым емес. Елдің абыройы, мемлекеттің мүддесі тұрғысынан ойладым, ақиқатшылдық жағынан қарастырдым. Ал, әлгі адамдардың «інілері», «әдеби мергендері» қалай болғанда да мені қараламақ. Міне, біздің қоғамның келбеті, әділетсіздігі осында.
- Бәрібір мемлекеттік билік соларға иек артып, сүйеніп отырған сияқты. Неге?
- Менің Қазақстанда тұрғаныма он алты жыл болды. Елдегі жағдайды бір кісідей бастан кештім, білемін. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетімізді басқарып отырған Президент Н.Назарбаев зиялы қауымнан ауыз толтырып айтарлықтай қолдау көрген жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде жағымпазданып, Президентке өлең арнап, роман жазғандарын айтып отырған жоқпын. Н.Назарбаев Президент болған соң бүкіл әлемді аралап жүр, елімізді танытып жүр. Қазақ қазақ болғалы алты ғасырдан бергі тарихтағы бұл бірінші жағдай. Ол кісі кездесулерде аты әлемге мәшһүр саясаткерлермен, ойшылдармен, ғалымдармен, жалпы, әлемдегі ең ірі тұлғалармен кесдеседі. Өнердің, ғылымның, мәдениеттің ең озық жетістіктерін көреді. Шетелдегі зиялы қауымның біліміне, өз еліне қосып жатқан ісіне, әлемдік деңгейде көтеретін мәселесіне қарайды, сөздерін тыңдайды. Соларды біздің зиялылармен, сірә, салыстырады. Менің ойымша, осыны салыстыра отырып, Президенттің түңілетін кездері аз болмаса керек. Өйткені, өз ішімізде атақты кейбір зиялыларымыз Президенттің өзін сыртынан ғайбаттаумен ғана шұғылданады. Сонысына қарамай, былай шыға бере басқалардың төбесінен қарап, менменсіп, өзін ұлықтап жүреді. Ал, жасаған шаруасы ше? Елдің абыройын көтеретін, бүкіл әлемге танымал шығармалары, ғылыми жетістіктері бар ма? Шын мәнінде әлем мойындаған қайсысы бар? Нобель сыйлығын алған кім бар? «Мына біздің әлем таныған ақынымыз, жазушымыз, ғалымымыз» деп, қасына алып жүріп шетелдегі жиындарда таныстырып жүрсе, қандай жақсы. Бірақ ондай ірі адамдар жоқ. Бары болса, оның іштегі дау-дамайдан басы босап, сыртқа шыға алмайды. Президент те осыны көріп ренжитін шығар. «Бізде пеленбай өнер адамы, өнер жұлдызы бар» деп мақтанамыз. Қырық миллион доллар шығарып, бірнеше жылдар бойы «Көшпенділер» фильмін түсірдік. Шетелді былай қойғанда, тіпті Қазақстанның ішінде таңқалдырған дүмпу туғыза алған жоқ. Бұл нені білдіреді? Біздің зиялы қауымның интелектуалдық деңгейінің төмен екенін көрсетпей ме? Осыдан кейін Елбасы, жалпы жұрт «Көшпенділер» фильміне, оның режиссерлеріне қалай разы болсын?! Осыдан кейін қалай зиялыларға сүйенеді, қалай сенеді?
Ал шын мәнінде мемлекеттік билікте отырғандарға елді дамытатын жаңа идеялар, жаңа ұсыныстар керек. Экономикалық, саяси реформаларды дамыту үшін интелектуалдық ресурс қажет. Бұл сұранысты біздің зиялы қауым, оның ішінде ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары да бар, қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі олардың басым көпшілігінің өз-өзіне табынуы, пендешілігі, нәпсіқұмарлығы басым. Ал керісінше, азамат ретіндегі борышын түсіну, соны орындауға талпыну кем. Көп нәрсе ақшаның күшімен шешілуде. Бұл қоғамның өте терең дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. Президент жазушылармен кездескенде оларға үлгі боларлық сөз де айтты: «Қашанғы өткенді, ескіні жаза бересіздер, болашақ үшін жазыңыздар» деп. Бірақ олар баяғы дағдысынан танбай отыр. Сөзді көбейтіп қайтейін, менің ендігі үмітім жастарда. Олар жікшілдік, рушылдық, командаластық сияқты аға буынның психологиялық ауруынан ада, тек елдің қамын ойлайтын адал азамат болып өседі ғой деп ойлаймын.
- Д.Досжанның кітабына қатысты дауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өзінің көзқарасын білдірген жоқ. Сіздер жазған ашық хатқа қол қоймады. Мұны қалай түсінуге болады?
- Д.Досжанның кітабына қатысты айтсақ, Ораза алдындағы баспасөз мәслихатында Бас мүфти «Кешірім сұрап жатыр, кешірейік» деп мәлімдеме жасап, бұл дауға қатысты өзінің алғашқы пікірін айтқан. Ал, нақты анық позициясын Діни басқарма осы аптада білдіреді деп ойлаймын. Жоғарыда айттым, Д.Досжанның діни тұрғыдан кешірім сұрап қол қойған хатын Діни басқармаға тапсырдым деп. Осы хатты негізінде Діни басқарма мәлімдеме жасайды. Сіздер «Діни басқарма көзқарасын білдірмеді» деп, оны айыптамаңыздар. Өйткені даудың жан жақты қыры бар. Осының бәрін, зардапты болмайтын жағын қарастырып, ойластырып, жан-жақпен ақылдасып жатқан болар.
Әрине, ҚМДБ аты айтып тұрғандай, еліміздегі мұсылмандардың қара шаңырағы. Қазақстанның зайырлы заңдарына бағына отырып, ислам дінінің қағидаларын – Құран Кәрімді басшылыққа алуы шарт. Және исламды насихаттау, уағыздау, сонымен қатар ислам құндылықтарын қорғауы керек. Өйткені бұл – Діни басқарманың тікелей міндеті. Егер исламға қарсы әрекеттерге дер кезінде және лайықты тойтарыс бере алмаса, онда ұйымның жарғысына сай әрекет ете алмаған болады. Бірақ, бұл жағдай ислам үшін трагедия емес. Аллаһ Тағала әрқашан өзінің дінін өзі қорғайды. Тек Діни басқарма халық алдындағы беделін жоғалтады.
Екіншіден, ҚМДБ төңірегінде де жағымсыз көп әңгіме айтылып жүргені рас. Мен ҚМДБ-ның қызметкері емеспін, ол жерден жалақы алмаймын. Бірақ, бәрібір әділетті сөз айтқым келеді. Діни басқарманың өзіне тән проблемалары бар. Саяси, халықаралық мәні бар, әлеуметтік салдары бар, құқықтық қыры бар мәселелерді толық түсініп, соған сай әрекет ете алатын мамандар бізде кем. Мешіт қызметкерлері, имамдар көбіне діннің ритуал жағын меңгерген, сол тұрғыда ғана ой айта алады. Шынайы дін қайраткері олай болмауы керек. Діннің қағидаларын жетік біле отырып, заманауи ғылымдарды – математика, саясат, құқықтану, экономика, әлеуметтану, психология, тарих, компьютер, экология, шетел тілі және т.б. ғылымды да терең меңгергені ләзім. Бұл – заманның талабы. Өйткені, сұрағына жауап іздеп, олардың алдына көп адам келеді. Дінді насихаттағанда дін адамдары өзінің зиялылық, білім деңгейімен көзге түсіп тұруы керек. Біздегі дін қызметкерлерінің бәрі бірдей ондай деңгейге көтеріле қойған жоқ. Бірақ, Әбсаттар Дербісәлі Бас мүфти болғалы бұл бағытта біраз игі шаруалар жасалып жатыр. Оның ынтасы мен ниетіне ықылас білдіруге болады. Діни басқарманың бастамасына біздер – мұсылмандар да қолдау көрсетіп, көмектесуіміз керек. Діни басқарманың материалдық жағдайын жақсартып, мемлекеттік мәртебелі ұйым деңгейіне жеткізуге қолқабыс жасауымыз керек.

«Қазақтың исламы» немесе суфизм

- Мұртаза мырза, қазір «қазақ исламы» деген сөз жиі айтылады. Олардың пікірінше, жеке ұлт, халық болған соң «араб исламы», «өзбек исламы» және тағы басқа халықтардың дінінен «қазақтың исламы» өзгеше болуы керек. Исламды осылайша түсінуге бола ма?
- Осы мәселені айта-айта тілім жауыр болды. Және менің пікірім кейбіреулерге ұнамайды. Ұнамаса да, тағы да айтамын: Қазақстанда, оның ішінде өзіміздің қазақтардың арасында Кеңес дәуірінде қалыптастырылған христанша ойлау санасы басым. Тіпті, «зиялымын», «ұлтшылмын» деп жүрген азаматтардың көпшілігі христианша түсінікте. Себебі Кеңес өкіметі қаншалықты атеистік саясат жүргізді деп айтқанмен, саяси, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық шараларды таза христандық, иудейлік негізде жүргізді. Балабақшадан бастап, өмірдің барлық кезеңіндегі тәрбие осылай болды. Жетпіс төрт жыл ішінде ислами түсінікке көп элементтер кіргізілді, қоғамды христиандарша ойлайтындай етті. Бұлай болып жатқанын, христиандарша түсінікпен жүргенін адамдардың өздері де біле бермейді. Біреулер «мен өмірімде орыс көрмеген қазақпын, не айтып тұрсың» деп, дауласуы мүмкін. Бірақ, өкінішке орай, қалыптасқан қазіргі жағдай солай болып тұр. Мысалы, жазушы Дулат Исабеков ағамыз ана бір жылы «Дініміз өзгерсе, өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін. Мейлі, христиан болайық, әніміз өзгермесін» деп, «Қазақ әдебиетінің» бірінші бетінде мақала жазды. Міне! Ал бұл кісі тек қазақша жазып, қазақ тілімен жұртқа белгілі болған, бедел алған адам. Және өзі қазақы жерде, оңтүстікте туған азамат. Оны орыстанып кеткен адам деп ешқашан айта алмайсың. Солай бола тұра, өмірге деген түсінігі мұсылман қазаққа жат. Осындай жайттардың бәрін зерттей келе мен «қазақстан қоғамы хриcтианша ойлайды» деген тұжырымға келдім.
Христиан дінін ұстанатын халықтардың жеке-жеке діні бар. Мысалы, орыс православиесі – орыстардың христиандық діні. Грек православиесі – гректікі, копт провославиесі – Египеттегі алты миллиондай копттардың діні. Олардың шіркеулері бөлек, біріне-бірі бағынбайды. Польшаның католиктігі мен Португалияның котоликтігі бөлек. Осындай бөлінушілік протестант шіркеулерінің ішінде тіпті көп. Мысалы, Британиядағы патшалық әулеттің діні – Англикан шіркеуі Рим католик шіркеуінен бөлініп, ұлттық сипатқа ие болды. Олардың рухани иерархиясы да, қабылдайтын шешімдері де бөлек. Сондықтан христиандықта жиырмадан астам ағым пайда болды. Бәрі «христианбыз» дейді, бірақ бірін-бірі мойындамайды. Исламда мұндай үрдіс жоқ. Ислам дінді ұлтқа, нәсілге бөлмейді. Ал «исматуллашылар» деген суфизм атын жамылған секта болса «бізге араб исламының керегі жоқ, бізге дала исламы, қазақ исламы керек» деп, исламға христиандық санамен қарайды. Бұл өте қате түсінік. Өйткені, ислам бір ғана ұлтқа тән емес, күллі адамзатқа тән. Исламның қарсыластары осы түсінікті бүлдірмек болып жүр. Олар – Еуропа елдері мен Америка. Ресейде де осындай пиғыл кейде жалт ете қалады. Өздерінің дініне ұқсату арқылы мұсылмандардың бірлігін жоймақ. Өздерінің теріс пиғылын суфизм тариқаттары арқылы жүзеге асырмақ. Бұл жобаның авторы – АҚШ. Осы елдің идеологтары «қазір әлемде діни терроризм, оның ішінде ислам терроризмі күшейіп келе жатыр, Хизбут-Тахрир, әл-Қаида сияқты радикалды ұйымдар күшейіп барады, мұсылман елдерінде саяси ислам күшейіп барады т.т.» дегенге саятын он шақты қауіпті айтады. Енді осы қауіптен сақтанудың жолын қарастырады. Исламды жою мүмкін емес, өйткені ол Аллаһтың діні. Сондықтан, дінімізді бөлшектеудің, бұрмалаудың әдісіне көшті. Олар өздерінің бұл жобасын «әлжуаз, осал, бағынышты ислам жасау» деп атайды. Бұл жоба бойынша біздің атымыз мұсылман, затымыз христиан болады. «Исматуллашылар» сияқты суфизм тариқаттары исламнан гөрі христиандыққа жақын» деп айтатыным сондықтан. Әлгі жобаны ойластырып жүргендер исламды бөлшектеу үшін суфизм тариқаттарынан басқа тәңіршілдік, шыңғысханшылық, зороастризм, тотемизм, анимизм сияқты нанымдарды жаңғыртпақшы. Осы ағымдармен «исматуллашылардың» тілектестігі, бірін-бірі ақтап, бірін-бірі жақтап жүруінің себебі сол. Америкалық миссионер Чарльз Уеллердің шығармаларын қарасақ, ол Құрандағы исламды қауіпті, радикалды етіп көрсетеді де, суфизмді жақтап, ақтап жазады. Сондықтан, мені жиі қаралап жазатын «исматуллашылардың» үнпарақтарына айналған «Евразия.кз», «Үш қиян» сияқты басылымдар христиан миссионерлеріне, тәңіршілдерге қарсы пәлендей мақала бермейді. Пайғамбарымызға, дінімізге жасалған шабуылдарға телміре қарайды. Өйткені, олар айтып жүрген «қазақ исламы» ұлттық формат тұрғысында қарастырсақ, түп негізінде тәңіршілдікке, пұтқа табынушылыққа алып барады.
- Шииттерде «тәкия» – екіжүзділік тактикасы бар. Мұны елдің ішіне кіріп бүлдіру, шииіттендіру мақсатында қолданады. Сопылық тариқаттарға жасаған зерттеуім мені осындай ойға жетелейді. Сіздің осы мәселе бойынша пікіріңіз қандай?
- Қазақ халқының тарихында, кең тараған болмаса да, суфизмнің болғаны рас. Суфизмнің түркі халықтарында болғаны рас. Орта Азияда, Кавказда, Түркияда суфизм тариқаттарының дамығаны рас. Болған нәрсені «болған жоқ» деп айта алмаймыз. Проблема, қасірет дейікші, суфизмнің жоқ болғанында емес, бар болғанында. Сондықтан, қазір бізге «суфизм керек пе, жоқ па?» деген сұрақты талқылау өте маңызды. Меніңше қазіргі заманда суфизмнің бізге еш қажеті жоқ.
Ислам дінінде суфизм жоқ. Біздің Пайғамбарымыз суфм пірі болған жоқ. Мен бұл жерде дін туралы айтып отырмын. Суфизм Пайғамбар заманынан 250-300 жылдан кейін ІХ‑Х ғасырда шықты. Мұсылмандар Месопотамия, Сирия, Кавказ, Мысыр, Үндістан сияқты өзіндік мәдениеті бар аймақтарды бағындырды. Кейбір патшалар исламды өз еркімен қабылдады. Сонда жергілікті халықтардың әдет-ғұрпының, наным-сенімдерінің көп элементтері мұсылман мәдениетіне еніп кетті. Зороастризм, маздакизм, манихеизм уағыздаушылары, будда монахтары, христиандар мен йаһұдилер өздерінің діни сенім қағидаларын, өздерінің иерархиялық жүйесінің элементерін мұсылмандарға әкеп құя берген. Мысалы, Бұхара деген қаланың атауы этимологиялық жағынан алғангда буддизмдегі «вихара» – «аскеттерді дайындайтын оқу орны» деген сөзден шыққан деген болжам бар. Суфизм христиандықтың аскетизмін, йаһұдиликтің каббала мистицизмін, буддизмнің «нирвана» – «кәміл адамға жету философиясы», шаманизмнің безгектей зікір салуын және пұтқа табынушылықтың көптеген нышандарын жинақтаған. Кейбір суфи тариқаттарда шиизмнің элементтері де бар. Мысалы, «әл-Мәһди» нанымы, өздерін «Мәһдидің сарбаздарымыз» деп санауы шиизмді еске түсіреді. Әрине, ішінде исламның элементтері де бар. Мысалы, олар «Құран», «хадис», «шариғат» сөздерін келтіріп, Пайғамбарымызды да айтуы мүмкін, кейбір мұсылман ғибадаттарын, діни ресімдерді жасауы да мүмкін. Бірақ, біз суфизмнің арғы мақсатын айтатын болсақ, Аллаһқа, исламға бармайды. Барлық мәселе осында.
Ал, қазақ арасында суфизмнің нақшибандия тариқаты болған. Иассауия тариқаты Ахмет Йассауи өлген соң бірнеше ғасырдан кейін жойылып кеткен. Өйткені, жаңадан тариқат ашқан пір ескі тариқаттың шәкіртерін өзіне бағындырып алатын болған. Мысалы, ХІІ ғасырда өмір сүрген Йассауи тариқатында «жария зікір» – дауыстап зікір салу әдеті болған. Ол мына «исматуллашылардың» зіркілдеген зікірінен басқаша болатын. Ал, ХV ғасырда Йассауи тариқатының орнын басқан Мұхаммед Баһауидин Нақшибанди «жария зікірге» тыйым салған. Ол «құпия зікірді» – яғни, зікірді іштей айтуды дұрыс деп санаған. Бұл суфизмнің өз ішіндегі үлкен келіспеушілік. Сөйтіп, түркі жұртында нақшибандия кеңінен таралған. Жойылып кеткен Йассауи тариқатын жаңғыртпақ болып жүргендер үшін А.Йассауи қабірінің қазақ жерінде болғаны жеткілікті. Йассауия тариқатында «исматуллашылар» қазір жасап жүрген ғибадаттар болды ма, болмады ма, оны ешкім білмейді, бұл даулы мәселе. Егер А.Йассауидің қабірі Қырғызстанда болғанда, исламды бөлшектеушілер сонда баратын еді. Бұл Батыстан жасалып жатқан саяси жобаның бір қыры. Әр елге өзіндік тактика қолданады.
Суфизм деградацияға ұшыра отырып, әсіресе, ХV-XVIIІ ғасырларда кеңінен қанат жайды. Суфи тариқаттары ислам әлемін бөлді. Ислам өркениетіндегі регресс суфизмнің прогресімен басталды. Суфилардың жақсы көретін мынадай мақалы бар: «Пірі жоқтың пірі шайтан», «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан». Бұл нені білдіреді? Аллаһты мансұқтау, Аллаһтың құдіретіне шек келтіру және фәни адамға табындырудың жолы. Ғылымның жойылуы, рационалды ойлаудың жойылуы суфизмнің кең таралуымен басталған. Суфизм адамнан оның ақылын ажыратады, адамды санасыз құлға айналдырады, адамнан зомби жасайды. Олардың түсінігінде белгілі зікірлерді, тапсырмаларды орындап тұрсаң, ұстазыңның, піріңнің, тақсырыңның разылығына ие болсаң, сен ең бақытты адамсың. Сөйтіп адамды адамға құл етеді. Адамның тағдырын Аллаһ емес, тақсыр мен пір шешеді. Адамның қалай жатып, қалай тұратынын, кіммен үйленетінін, ажырасатынын, не жазатынын, не айтатынын, бәрін-бәрін тариқат көсемдері шешеді. Христиандыққа ұқсайтын тұстары да бар. Мысалы, христиан дінінде Құдай бар, бірақ ол әріде тұрады, барлық мәселені шіркеу шешеді, Папа шешеді. Кімнің тозаққа баратыны, кімнің пейішке баратыны патриархтың қаулысымен шешіледі.
Суфилер халықты адастырғанда, «суфизм жүректі тазарту жолы, асылдың асылы, әр адамға қонбайды, әркім суфи бола алмайды» деп айтады. Жүректі тазарту, ізгі жан болу, жақсы адам болу, нәпсіні тыю, көркем мінезді болу, рухани тазару деген мақсат болса, оның бәрі қасиетті Құранда жазылған. Олар айтқандай, жақсы адам болу үшін исламнан шығып, суфизм жолына түсудің еш қажеті жоқ. Құранның жолы біздерге жеткілікті. Онда бәрі бар.
‑ Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ораз Әлімбеков
[1] «Ар» газеті, Ақтау қаласы, 13.10.2006 ж.