вторник, 15 июля 2008 г.

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШҰЛЫ

ЗАЙЫРЛЫ ДА ЗИЯЛЫ


Осыдан 5-6 жыл бұрын болуы керек, «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деген кітапты сатып алдым. Оған профессор Рахманқұл БЕРДІБАЙ тілек білдірген екен. Кітапты құнттап отырып оқыдым. Шынында да біз қай уақыттан бері мұсылманбыз деген ойға қалып, түріктердің, оның ішінде өзіміздің қазақтардың қай уақыттан бері ислам дінін ұстанып келе жатқанын білгім келді. Оған дейін «дін – апиын», «діншіл болу – кінә» дейтін коммунистік идеологиямен келе жатқан адамның бірі едім. Қазірдің өзінде діни уағыздың бәріне бой алдырмайтын халім бар. Өйткені, материалистік таныммен тәрбиеленген адам ретінде өмір шындығы мен ғылыми шындықтың, рухани тірлік пен бүгінгі тірліктің арасындағы қарым-қатынастарды, басқалар қалай екенін білмеймін, мен салыстырып отырамын. Сондықтан, бұрыннан діни уағыздарға сыни көзбен қарайтын әдетім бар. Мұртаза Бұлұтайдың аталмыш ғылыми зерттеуін де осы сыни көзқараспен, талдай отырып, біздің ата-баба дінімізді таратып отырған бұл қандай автор екен деген сауалдың жетегінде оқыдым. Сенбейін десем, Мұртазаның 6-7 тілді білетіні, әр жерден әкеліп отырған дәлелдері, Батыстан да, Шығыстан да, бүгінгіден де, бұрынғыдан да келтіріп отырған дәлелдері мені тәнті етті, қанағаттандырды. Сондағы ұққаным, дін дегеніміз әлдебіреулердің әншейінде ойлап тапқаны емес, тек құлшылық етудің амалы ғана емес, өмір сүрудің, тіршілік жасаудың, жалпы, адам болып қалыптасудың жолы екен.
Соның ішінде ежелгі ата-бабаларымыз неше түрлі дінге сеніп келген халық болғанда, олар оп-оңай қалай мұсылман бола қалды деген сұрақ мазалап жүрген. Оның алдында Шоқанның да «қазақтың мұсылмандығына шүбәм бар», дейтін пікірлерін оқып көргем. Біраз жасқа келген адамбын ғой. Сондықтан, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдауы мен үшін аса маңызды мәселе болатын. Әл-Фарабидің Шығысты аралап кетуі, Бағдад пен Мысырға барып, сол жақта өмір сүруі, сол жақта сүйектерінің қалып қоюы себептері не? Міне, осындай көптеген сауалдар мені мазалаушы еді және шүбәлана қарайтын кездерім көп болатұғын. Осындайда, Мұртазаның аталмыш кітабы менің бетімді мұсылмандыққа бұрды, жүрегімді жұмсартты. Оған дейін Сауд Аравияның королінің шақыруымен қажылыққа барыңыз дегенде, «әлі рухани жағынан дайын емеспін», деп бармағаным бар еді. Құдай сәтін салып, былтыр бір топ азаматтармен умра қажылыққа барып келу нәсіп болды.
Мұртаза Бұлұтайдың «Ата-баба діні» деп аталатын монографиясынан басқа кітаптары мен баспасөз бетінде жарияланып жүрген мақалалары мен сұхбаттарын оқып, осы азаматқа сырттай ішім жылып жүретін. Мұртазамен былтырғы умра зияраты кезінде кездестік. Оның теледидарда айтып жүрген ойлары мен еңбектерін жіті қадағалап жүргендіктен кездесуіміздің өзі көңілдегі бар жақындықты паш еткендей болды. Содан кейін жиі араласатын болдық. Сонда мен Мұртазаның басқа да қырларын көріп, ризашылығым арта берді. Оның өзінің туған халқына деген перзенттік махаббаты, сырттан келген алуан түрлі секталарға қарсы күресуі мені әбден тәнті етті. Ең соңғысы мына Уеллер деген америкалықтың еңбектеріндегі қателіктерді әшкерелеп біраз жерге баруы. Жасыратыны жоқ, біздің философтарымыз да, біздер де диалектикалық материализм негізінде тәрбиеленген халықпыз. Ол әлі біздің бойымыздан шығып кете қойған жоқ. Сондықтан, сырттан келген «жомарт» миссионерлерге данышпандай қарайтындарымыз бар. Тіпті, еуроцентристік көзқарастағыларға қалпағымызды шығарып, бас шұлғып, сәлем беріп тұратындарымыз да бар. Ал, шындығына келгенде ұлттық негіз бірінші болуы керек. Одан кейін басқалардың абзал жақтарын алу мәселесін ойластыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда да Мұртаза бауырымның ел алдында атқарып жатқан еңбегі зор деп айтар едім.
Нақтылы айтар болсақ, Қазақстанда ислам дінін насихаттау жетіспейді. Кейбір азаматтарымыздың әр түрлі секталардың жетегінде кетіп жатқаны сондықтан шығар деп ойлаймын. Бізде дінге қатысты құқығы аяққа тапталып жатқан азшылық емес, көпшілік деген пікірге толық қосыламын. Біз бәрінің көңілін табамыз деп, сырттан келген секталарға есікті ашып бердік. Олардың ішінде ақша таратып жатқандары да бар көрінеді. Ал, олардың түпкі пиғылы қандай екенін кім тексеріп, анықтап жүр? Қолдарыңыздағы кітап осы тұрғыдан алғанда сырттан келген бүлікшіл ағымдармен күресте таптырмас құрал дер едім. Кітап бес негізгі бағытта жазылған мақалалардан құралған десек болғандай; жүзшақты бет ислам ғылымдарына, жүзшақтысы миссионерлермен күрес мәселесіне, ендігілері ұлттық мәселелерге, оралмандар мәселесіне, тіл, құқық, экономика, саясат, мәдениет, ғылым-білім салаларына бағышталған. Барлығында да Мұртазаның ең басты арманы – ұлттық бірлік пен діни бірлікті сақтау және нығайту, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғау, дінімізге іріткі салғызбау екені көрініп тұрады. Мен Мұртазаны нағыз дінтанушы және соның ішінде дінді дұрыс насихаттап жүрген азамат ретінде танимын. Оның ұлттық мәселелер жөніндегі ой-толғаныстары да өзіміз айтып жүрген пікірлермен қабысып жүргені қуантады.
Жалпы, бізге не жетпейді? Білім жетпейді. Оның ішінде діни білім жетпейді. Осы жағын нығайтуымыз керек. Діни білімнің жетілуі дегеніміз біздің ауызбірлігіміздің күшеюі деген сөз. Дін бірлікке шақырады, тірлікке шақырады. Діні күшті халықтың ынтымағы да мықты болады, жүз-жүзге, жік-жікке бөлінбейді ол халық. Ол үшін ең алдымен діни кадрларды дайындау сапасын жоғары деңгейге көтеруіміз шарт. Бұл мәселеде де автордың айтқан ойлары ақылға қонымды, жүрекке жағымды. Бізге осындай зайырлы да зиялы діни кадрлар, дінтанушы ғалымдар ауадай қажет. Теріс уағыз жүргізіп жатқан шала оқымыстылар мен дүмшелер елді әбден әурелеп болды. «Болашақ» бағдарламасымен шетте оқып жатқан балалардың біраз бөлігін мұсылман елдеріне, дамыған Азия елдеріне жіберуіміз керек. Болашақ кадрларымыз тек Батыстың білімімен емес, сонымен қатар мұсылман елдерінің, Азияның білімімен де дайындалуы керек деп санаймын.
Сонымен қатар Мұртазаның баспасөз беттерінде мемлекет дін мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек, министрлік деңгейінде діни мекеме ашылуы керек деген ойларына түгелдей қосыламын. Мұртазаға «осы бетіңнен тайма!», деп тілек айтамын. Осы біліміңді бүкіл қазақ ұғатын болсын. Автордың шартараптың дерек көздерінен сұрыптап, біздің халыққа қажетті жерлерін әкеліп отырғаны Қазақстан ғылымына аса қажет. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып шыға келетін әдеттен, құлдық психологиядан арылуымыз үшін осындай иманды да ұлтжанды ғалымдарымыздың еңбектерін кең насихаттауға жол ашқан жөн.

Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ,

Филология ғылымдарының докторы,
профессор


01.07.2006 ж.
Алматы қ.