вторник, 15 июля 2008 г.

ОРАЗАЛЫ СӘБДЕН

Оразалы СӘБДЕН,
Ғалымдар Одағының президенті,
Академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері


ІЗДЕНІМПАЗ ҒАЛЫМ


Әлемнің дамыған өркениетті елдерінің көпшілігіне қарап отырсақ, олардың даму-нығаю үрдістерінің ғасырдан-ғасырға жалғасып, өзіндік түпкі келбетін жоғалтпай келе жатқанын көреміз. Ал, сол елдерді мықты мемлекет еткен, әртүрлі дүрбелеңдерге қарамай өркендеткен негізгі факторлар - олардың тілі мен діні, ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігі, ішкі бірлігі мен татулығы дер едім. Тәуелсіз Қазақстан осы өркениетті де дамыған мемлекеттердің қатарында болу жолында еңселі істерімен алға жылжып келеді.
Дегенмен, қоғам дүнияуи бағытта дамып, экономикалық жағынан қуантса, екінші жақтан, рухани құлдыраушылық жанға батады. Халықты ұлт ретінде сақтаушы негізгі күштің бірі – халі мүшкіл тіліміз. Соңғы кездері тіл жанашырларының жанайқайының нәтижесінде бұл біраз дұрыс жолға қойыла бастағандай. Екіншісі, ұлтымыздың ұйтқысы, бір емес бірнеше халықтың басын бір арнаға біріктірген, бар болмысымызбен біте қайнасқан дініміздің теріс пиғылмен бұрмаланып жатқан жағдайы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сананы сансыратқан, нақты саны белгісіз секталар қаптап кетті. Аз уақытта олар талай қазақтың миын айландырып, өздеріне бағындырып та үлгерді. Құдды бір, ғасырлар бойы осы жерде өмір сүріп келе жатқандай алшаң басады. Керісінше, оларға біз жаутаңдай қарайтын халге жеттік. Қой терісін жамылған қорқау қасқырлардың халықты іштей ірітіп жатқаны талайдан бері айтылса да, оның құлаққа құйылып, құлыққа сіңісті болғаны соншалық, миссионерлерге мүлдем мән бермейтіндей болдық. Көпшіліктің ойында: «Билік өзі бір әрекет жасар немесе ертең-ақ оларды еліне қайтарамыз, сәл шыдап, жағдайымызды түзете берейік» деген алдамшы сылтау бар. Алайда, кейбір зиялыларымыз бұл мәселеге көзжұмбайлықпен қарап тұрса, кейбір орындаушы органдардың қызметкерлері бұқпантайлықпен олардың заң жүзінде жұмыс істеуіне тікелей немесе жанама түрде жағдай жасап отыр. Тіпті, біз ойлағандай ертең миссионерлерді еліне қайтардық дейікші. Бірақ, миына миссионерлердің «менталитеті» сіңіп, санасына басқаша сенім ұялаған қандастарымызды қайда қоямыз? Жер – оларға да, бізге де ортақ. Ливан, Ирақта болып жатқан оқиғалар ертең бізде де шықпасына кім кепілдік бере алады? Әрине, сұрақ көп. Осындай сұрақтарды зерттеп, зерделеп, дұрыс жолға қоюдың орнына, өз басын құмға көмген түйеқұс секілді, ушығып бара жатқан «ауруды» жасырып, жаппақшы болатын жағдайымыз да бар...
Осындайда елдің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлайтын қөзқарақты азаматтар, ұлтының болашағына шын жаны ашып, жан айқайын жеткізетін зиялылар ауадай қажет. Ал, сол санаулылардың шырылына құлақ асудың орнына, «өзің білме, білгеннің тілін алма» қағидасын ұстанатынымыз да бар. Немесе оларды халық алдында өздерін «көрсеткісі» келетіндердің қатарына (өздерін өзі жарнамалап жүргендер де бар) жатқыза саламыз. Рас, білімі мен ғылымы, парасаттылығы мен пайымы шындыққа ұштасып жатса санасу керек.
Ұлттық бірлік пен егемендікті сақтауға зор үлес қосып, дінді бұрмалаушыларға тойтарыс беріп жүрген азаматтардың бірі – филология ғылымының кандидаты, дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай. Түркияда туылып, Шығыс пен Батыстың озық білімін алған, түрік, ағылшын, неміс, орыс, араб, парсы және түркі тілдерін меңгерген. Жеті жұрттың тілін білген ғалым еліміздің ғылымына құнды жаңалықтар әкелді. Ол Батыс елдерінің, оның ішінде АҚШ-тың әлемге жүргізіп отырған саяси ұстанымын, олардың өз ішіндегі саяси, экономикалық және әлеуметтік процестерін жетік түсінеді. Мұртазамен сонау Кеңес Одағының соңғы жылдарында Жоғарғы Кеңес депутаты болып жүргенде Мәскеуде танысқан едім. 1990 жылы болса керек, бір қыдыру депутаттармен Мәскеуге ресми кездесулерге қатысу үшін барғанымызда Қызыл Алаңды бір топ мұсылман экономист профессорлармен бірге аралап жүрген жас қазақ жігітін кездестіргенбіз. Қасындағы Америка, Еуропа және Түркиядан келген экономика саласының ғалымдарымен біздерді таныстырып, дін, ел, отан туралы жылы лебіздер айтып, лезде өзіне баурап алған Мұртазаны сүйсіне әңгіме қылғанбыз. Мұртазамен қарым-қатынасымыз содан бері үзілмей жалғасуда. Ол 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алысымен - «Атамекенім Қазақстанға қызмет етемін», - деп, өз отанына қайтқан ұлтжанды азамат. Мұртаза құнды-құнды төрт кітап жазды, жүзден астам мақалаларды оқырманға ұсынды. Солардың бірі, 2000 жылы жарық көрген «Ата-Баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» – кітабы. Бұл кітабында ғалым ислам дінінің бізге белгісіз болып келген таралу белестерін жазады. Дүниеге кең таралған тілдерде жазылған зерттеулерді оқып, оларды қазақша сөйлетеді.
Осы кітаптың алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай былай дейді: «Мұртаза Жұнісұлы «Ата-Баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деп аталатын осы зерттеуінде Қазақстан жерін, жалпы Еуразия кеңістігін мекендеген, қазақ халқының қалыптасу процесіне үлес қосқан сақ, сармат, үйсін, қаңлы, хұн, түрік, қырғыз, оғыз, керейт, найман, арғын ел-тайпаларының наным-сенімдерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін сараптайды. Нәтижесінде, ежелгі бабаларымыздың әуел баста біртәңірлі (монотеистік) нанымда болғанын, кейін келе көптәңірлі (политеистік) діндерді ұстағанын, ақырында қайтадан біртәңірлі діндерге мойын бұрғанын көрсетеді», - деп, бір тоқтаса, «соңғы жылдары жарық көрген ғылыми туындылардың бірі – көп мәселелерге тыңнан түрен салған, көп пәндердің тарихы мен тағдырын қамтыған, әсіресе халқымызды имандылыққа баулып келген берік тұғырымыз ислам дінінің түбірі мен даму белестерін талдап берген жас автор Мұртаза Жүнісұлы Бұлұтайдың осы кітабы десем артық айтқандық болмас», - деп, өзінің әділ бағасын береді.
Рас, кітап тиянақты еңбектің, қажырлы ізденістің нәтижесінде дүниеге келген. Біріншіден, ғалым исламның Орта Азия елдерінде таралуын бүге-шігесіне дейін зерттеп, жаңа деректер келтіреді. Екіншіден, дінді таратуда Ахмед Иесеуи, Ахмед Йүгнеки, Жүсіп Хас Хажиб, Әбу Райхан әл-Бируни секілді білгір ғалымдарды, дін үшін шешуші соғыстарда шәһит болған батырларды насихаттайды. Үшіншіден, асыл дінімізге дейінгі әртүрлі «измдердің» пайда болу тарихын зерттеп, мағыналарын ашып көрсетеді. Төртіншіден, исламды түсінбей, кереғар пікір (ислам арабтардың ғана діні, әйел құқығы шектеулі, басқа да сыңаржақ ұғымдар) таратушыларға ғалым нақты дәлелдермен тойтарыс береді. Бесіншіден, кітап философия, тарих, этнология, түркология, социология секілді оншақты ғылымның үлесіне тиесілі материалдарды қамтиды. Осыдан-ақ, бұл кітаптың оқырман үшін құнды екені даусыз.
2006 жылы тәуелсіз еліміздің 15 жылдығына арналған ғалымның «Дін және ұлт» атты кітабы шықты. Бұл құнды еңбек те ұлттың қалыптасу үрдісі, оған діни-рухани ахуалдардың тигізетін ықпалын жан-жақты көтерген айтулы дүние. Онда автордың соңғы жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген дінтану, философия, әлеументтану, құқық, халықаралық қатынастар, саясаттану, мәдениеттану, экономика секілді көп жанрды қамтитын ғылыми-публистикалық материалдары қамтылған. Сондай-ақ, осы кітапты оқи отырып, автордың мемлекет, ұлт, дін мәселелеріне келгенде өзінің бей-жай қарай алмайтынын, өмірлік ұстанымының мықты екендігін көреміз.
«Дін және ұлт» кітабына алғысөз жазып, өзінің жүрекжарды ықыласын білдірген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің мына бір сөзін келтірсек: «Жалпы, осыдан 10-15 жыл бұрынға дейін қазақ жазба әдебиеті Абайдан басталды деп келсек, кейінірек оны шегіндіріп, XV-ғасырға дейін апарғанбыз. Ал, Мұртаза Бұлұтай өзінің нақты дәлелдерімен оны ары қарай 10-шақты ғасырға дейін шегеріп тастады. Соның дәлелі ретінде Отырардан, Тараздан, Түркістаннан шыққан, Мауера-ән-нәһір мен Орталық Азиядан шыққан ғалымдарымыздың ислам өркениетіне қосқан, жалпы адамзат мәдениетіне қосқан сүбелі еңбектері туралы қызықты, тартымды, тағылымды ойлар айтады».
М. Бұлұтайдың діннен басқа қоғамымызды алаңдатып отырған демографиялық ахуалды көтеріп, кезінде тағдырдың тәлкегімен шетел асқан қандастарды Қазақстанға қайтарудың жолдарын тынбай айтып келе жатқаны да халық жадында. Бұлармен қатар алаштың мұңына айналған қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде көріне алмауы да авторға қалам тербетеді. Зерделі ғалым ел экономикасын дамыту, мемлекеттік институттардың қызметтерін жетілдіру және э-үкімет туралы да келелі ойларын білдіріп келеді. Олардың қай-қайсысы да оқырманға әсер етіп қана қоймай, мәселені одан ары зерттеуге ынталандырады.
Қорыта айтқанда, ғалымның бар ойы, арман-тілегі діннің негіздерін терең ұғынумен қатар қазіргі заман мәселелеріне парасатты көзқараспен қарауға, саф дінмен нығайтылған заманауи мемлекетті құруды түйсінетін қазақылыққа, бейбітшілік пен қоғамдық келісімге негізделген. Осындай ғылыми ізденістер мен ізгі шаралардың елбасы Н.Ә. Назарбаев 14.11.2006 ж. бекіткен «Қазақстан Республикасының 2007-2024 жж. тұрақты дамуға өтуі туралы Тұжырымдамасына» сәйкес діннің мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі ретінде танылуына септігін тигізері сөзсіз. Көкірекке түйгені мол ғалым інім Мұртаза ел игілігіне жарар әлі талай туындылар әкелеріне сенімім кәміл. Ал, қазақ қоғамы осындай ойы өткір, пайымы терең, азаматтығы мен парасаты асқан білімдарларға қашанда зәру. Зиялылық пен зайырлылыққа шақыруыңды жалғастыра бер ғалым інім!


Оразалы СӘБДЕН,

Ғалымдар Одағының президенті,
Академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері




12.02.2007 ж.
Алматы қ.