вторник, 15 июля 2008 г.

АМАНЖОЛ ҚАСАБЕК

МӘНІ ЗОР ЕҢБЕК

Фәлсәфә ілімін зерттеу дін ілімімен тікелей байланысты. Жалпы фәлсәфи мектептердің негізінде адам баласының рухани байлығының, сенімдерінің қатысы мол байқалады. Осы тұрғыдан алғанда Орталық Азияда болған діндердің дүниеге келуі мен жайылуын анықтау – фәлсәфә тарихы мен дін фәлсәфәсі ілімдері үшін аса маңызды дүние. Қазақстан жері қауымдардың көші-қоны мен әр түрлі діндердің таралуына сахна болғанын ескерсек, қазақ халқының дүние-танымында, фәлсәфәлік жоралғыларында діннің алар орнының маңыздылығы айқын болмақ. Әл-Фараби секілді әлемдік деңгейдегі философтың еңбектерінде діни сенімнен туындаған бай һәм терең мазмұнның кезігуі осының айғағы.
Бұл шығарманың өзекті мәнін қазақ діни тарихының философиялық негіздемелерін анықтау десе болады. Түркілердің тарихы әлеуметтік-мәдени құбылыстармен астарласып жатқан діни процесстің дамуы ретінде зерттелген. Методологиялық жағынан алғанда мұндай ғылыми ізденіс қазақ ділін, тілін, дінін біртұтас әлеуметтік тарихи жүйе ретінде қарастыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Ілкі қазақтардың діни тарихының жүріп өткен жолын «монотеистік – политеистік – монотеистік» сатыларды басып өтіп, тұтастай түркілердің ортақ діні – Исламмен қауыштырған объективті заңдылық деп түйіндеп дәлелдеуі, автордың үлкен ғылыми жетістігі.
Ежелгі дәстүр мәдениеттері, тарих тағлымдары, түркілер қабылдаған нанымдар, Орталық Азияға таралған Исламның даму ерекшеліктері, осы діннің түркі тайпаларының арасында қалыптасуының әр түрлі факторлары, олардың әлеуметтік-саяси жағдайлары, ата-баба культі, әдет-ғұрыптар және басқа да зерттелген жәйіттер автордың осы мәселеге кең ауқымда зер салғанын көрсетеді. Соның нәтижесінде автор көптеген тың тұжырымдамалар жасауға қол жеткізген; кейбір пайымдаулары осы кезге дейінгі қазақтану іліміне қосылған соны жаңалықтар деп бағалауға тұрарлық.
Шығарманың тілі өте бай және негізінен Кеңес төңкерісінен бұрынғы әдебиеттерде кездесетін шұрайлы тіл. Бұл тілде философиялық ой-толғамның ауқымды да шеңбері қомақты көрініс табатынын Мұртаза Жүнісұлы дәлелдеп беріп отыр. Бұл да осы еңбектің үлкен жетістігі деп білемін. Шетел тілдерінен тұңғыш рет ғылыми оралымға кіргізілген материалдардың танымдық-деректік мәні зор.
Қазақстан мен Еуразия елдерінде өмір кешкен сақ, сармат, үйсін, қаңлы, ғұн, түріктер мен қырғыздар, қыпшақтар мен қарлұқтар т.б. халықтарға тән діни сенімдердің шығу төркіні, даму ерекшеліктері қазақ этносының қалыптасуындағы атқарған рөлі арқылы жіті қарастырылған. Басты ерекшелік - әрқандай тарихи, мәдени, діни, әлеуметтік қоғамдық мәселелердің адами тұрғыдан, оның тарихи-нақтылық өмір салты мен ойлау тәсілінің тұтастығына байланысты зерттелгені. Бұның дүниетанымдық алғышарттарды қалыптастыруға және қоғамдық ғылымның дамуына тигізетін әсерлері өте құнды.
Бүгінге дейін Исламды зоршылдық етіп көрсетуге тырысушылық үрдісі басымырақ боп келді. Егемендікке қолымыз жеткен жылдары дініміз қоғамдық өмірдің басқа саласынан артта қалды, мұсылманшылықтың әлем мойындаған терең ілімдері қараусыз қалды, Ислам философиясы туралы мұсылман елдеріндегі ғылым ордаларының деңгейіне жетерлік зерттеулер мен монографиялар жарыққа шықпады. Осы тұрғыда оқырман назарына ұсынылып отырған мына ғылыми зерттеудің алар орны ерекше демекшімін. Қазақстан тұрғындарының 65 пайызынан астамының мұсылмандар екенін және еліміздің Ислам конференциясы ұйымының толық мүшесі екенін ескерсек, осындай зерттеулердің отанымыздың ғылыми, мәдени, рухани деңгейінің өсуіне барынша үлес қосатынына сенімім кәміл.
Монографияда отандық гуманитарлық ғылымда біраз зерттелген және көрініс тапқан ұлы ғұламаларымызбен қатар әлі де белгісіз немесе кең ауқымды қарастырылмаған ұлы есімдердің ойлары келтірілген. Жан-жақты қамтылған тарихи-әдеби деректер діни дамудың эволюциясын жоғары ғылыми дәрежеде және көпшілік қауымға түсінікті тілде көрсете білуге мүмкіндік берген.

Аманжол ҚАСАБЕК
Философия ғылымдарының докторы, профессор, Балтика Педагогикалық Академиясының академигі (Санкт-Петербург)

17/07/2000ж.
Алматы қ.