пятница, 11 июля 2008 г.

АЗ ҒАНА ЖЫР СӨЙЛЕЙІН


Жүніс қажы Рақиұлы БҰЛҰТАЙ
(1922 - )
Анкара/Түркия
АЗ ҒАНА ЖЫР СӨЙЛЕЙІН!

Аз ғана жыр сөйлейін,
Сексенге келдім селкілдеп,
Көзімнен жас мөлтілдеп,
Бір Алладан тілегім:
«Аман-сау жүріп өлсем», – деп,
Екі тізем бастырмай,
Әрең жүрмін еңкеңдеп,
Бұған да шүкір айтамын,
Жүре алмай қалсам, қайтем деп,
Алланың қуатында жүреміз ғой,
Ажал келсе бір күні, өлеміз ғой,
Иман айтып Аллаға, өліп кетсек,
Мұратқа сонда жетеміз ғой,
Қабірдің азабынан аман болсақ,
Сираттың көпірінен өтеміз ғой,
Тумақ сүннет болғанда, өлмек парыз,
Үмітпенен қауіптің арасында,
Алладан иман тілеп, берем арыз,
Қабірде Мүңкір, Нәңкір сұрақ алса,
Раббым Алла,
Пайғамбарым Мұхаммед,
Дінім Ислам,
Кітабым Құран деп,
Тіліміз осыларға келіп қалса,
Адамның зүрриятынан,
Ибраһимнің мілләтінен,
Мұхаммедтің үмбетінен,
Иман айтып, өліп кетсек,
Үмітім бар – Алланың «жаннатынан»,
Бұл дүниеде байлық пенен кедейлік,
Жақсылық пен жамандық,
Жастық пенен кәрілік,
Бәрін де көріп өткіздік.
Екі қатын алдым,
Тоғыз балам болды, 5 қыз, 4 ұл.
Бәрін де үйлендірдім,
Үйде ешкім қалмай, тәмәм болды.
Алтай аулынан Анкараға келіп,
Екі қабатты үй салдым.
Сегіз қыз ұзатып, екі келін алдым.
Тіршіліктен қолым тимей,
Зейнетақы ала алмай, босқа қалдым.
1991 жылы туған жер, туыстарды көрейін деп,
Үрімжі, Шонжы, Мори, Баркөл бардым.
Қырық сегіз қой жеп,
Жетпіс күн жүріп, қайтып келдім,
Туыстардың сәлемін айтып келдім.
1992 жылы әйелім Әніш екеуміз қажылыққа бардық,
Қағбаға тәуап қылып, зәмзәмға қандым.
Арафат, Мұздалифа, Минаға барып, құрбан шалдым.
Үш шайтанға тас атып, өшімді алдым.
Мединеге барып, Рауза Мұтаһар,
Пайғамбардың қабырына дұға оқып,
Көзімнен жас шығарып, қайран қалдым.
Қырық намазды оқып,
Хамзаның шәһидтік қабіріне,
Мешіт Құба, Мешіт Құбылатайын,
Мешіт Жұма – жеті мешіт,
Бұлардың бәрін көріп, риза-қош боп қалдым.
1993 жылы Ашқабат, Ташкент, Алматы бардым.
Талдықорған, Қарағанды, Баянауыл, Қарабұлақта болдым,
Монғолиядан келген Жұматай атамызды көріп,
Әбден жақсы болып қалдым.
1998 жылы Мұртаза баламның үйіне барып,
Алты айдан астам тұрып,
Қонаевтың туған жері Бақанас,
Нұрсұлтанның туған жері Шамалған,
Жамбыл атаның қорғанын көрдім.
Ұзынағашқа бардым.
Жамбылда Айша бибінің қорғанын көрдім.
Шымкенттен шығып, Түркістанға бардым.
Арыстан бап, Гауһар ана,
Қожа Ахмет Яссауи,
Сахаба Хакашаға зиярат қылдым.
1999 жылы және Алматы барып,
Алты ай тұрдым.
Орталық мешіт, Тастақ мешіт,
Ұйғыр мешіт, Ақсай мешіт, Мысыр мешіт,
Бұларды көріп, намаз оқыдым.
Көлсай көлі, Қапшағай көлі,
Медеу сайы, Алмаарасан сайы,
Алатау мен Жетісу,
Жап-жасыл орман,
Сарқырап аққан су,
Түрлі-түсті бәйшешек,
Табиғатқа қарасаң,
Тамашалап отырсаң,
Қайта кеткің келмейді.
Атамекен жер көрдім,
Туыс-туған ел көрдім,
Алматыны аралап,
Лағман мен бесбармақ,
Ел берген соң жей бердім,
Аман болсын халқымыз,
Домбыраңды тарта бер,
Ата дәстүр салтымыз,
Арақ ішпе, қымыз іш,
Денеңе келер сонда күш,
Қайсыбірін айтамын,
Анкараға қайтамын,
Жасым келді сексенге,
Үйге барып жатамын,
Жатқанменен болмайды,
Білгенімді айтамын,
Батамды берем Қазағым:
«Еш болмасын азабың,
Сілкінген жерден,
Аққан селден,
Соққан желден,
Жанған өрттен,
Аллаһ Тағала халқымызды
Аман сақтасын!»
Аумин!
1999 ж. Анкара/Түркия