вторник, 15 июля 2008 г.

РАХМАНҚҰЛ БЕРДІБАЙ

АСА ҚАЖЕТТІ ЗЕРТТЕУ

Ұзақ жылдарда әкімшілік-әміршілдік жүйенің қыспағы мен асыра сілтеулер салдарынан ұмыт бола жаздаған дініміздің негіздері мен тарихын білуге еліміз егемендік алғаннан кейін ғана жол ашылды. Тарихтың, әдебиеттің, мәдениеттің түрлі салалары бойынша бойынша туып жатқан еңбектер тәуелсіздікке жол тартқан кезеңнің жемісі.
Соңғы жылдардағы елеулі ғылыми туындының бірі – көп мәселеге тыңнан түрен салған, көп пәндердің тарихы мен тағдырын қамтыған, әсіресе халқымызды имандылыққа баулып келген берік тұғырымыз Ислам дінінің түбірі мен даму белестерін талдап берген жас автор Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙдың осы кітабы десем артық айтылғандық болмас.
Бұл еңбектің тақырып желісіне тоқталардан бұрын бірер мәселеге оқушы жұртшылық назарын аударғым келеді. Біз осы кезге дейін Исламның түрік халықтары арасына таралуы мен бекуінің тарихын сөз еткенде көбінесе араб, парсы, түрік мәнбелерінің (деректерінің) жекелеген аударма үзінділеріне ғана сүйеніп келдік. Дүниеге кең таралған (араб, ағылшын, алман т.б.) тілдерде жазылған зерттеулерді түпнұсқадан оқып, маңызын «шағып» қазақ тарихына қатыстыра талдаған еңбектердің жоққа тән болуы осы себептен.
Мына кітаптың авторы Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ «жеті жұрттың тілін білген», ізденгіш де зерделі ғалым екені бізге қуанышты құбылыс боп көрінеді. Өзі Түркияда туып өскен, еліміз егемендік ала салысымен отанына оралып, қалың қазақ ортасына қосылған бауыр, ініміздің қазақтың жазба әдеби тілін бір кісідей меңгеріп алғаны, шет тілдерді білгенмен ана тілінен махрұм қалған кейбір қандастарымызға нағыз үлгі, сабақ деп айтуға болады. Ағылшын, алман, араб, орыс, түрік, қазақ тілдерін барабар білетін мұндай жастардың көрінуі халқымыздың рухани, мәдени дамуындағы жаңа белестің нышаны боп елестейді.
Мұртаза Жүнісұлы «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деп аталған осы зерттеуінде Қазақстан жерін, жалпы Еуразия кеңістігін мекендеген, қазақ халқының қалыптасу процесіне үлес қосқан сақ, сармат, үйсін, қаңлы, хұн, түрік, қырғыз, ұйғыр, соғды, хазар, бұлғар, қимақ, қыпшақ, қарлұқ, қарахан, оғыз, керейт, найман, арғын ел-тайпаларының наным-сенімдерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениеттерін сараптайды. Нәтижесінде, ежелгі бабаларымыздың әуел баста біртәңірлі (монотеистік) нанымда болғанын, кейін келе көптәңірлі (политеистік) діндерді ұстанғанын, ақырында қайтадан біртәңірлі діндерге мойын бұрғанын көрсетеді.
Кітапта Орталық Азияда бұрын-соңды болған көптәңірлі (тотемизм, анимизм, натұризм, шаманизм, фетишизм, зороастризм, буддизм, манихейзм) және біртәңірлі (иудаизм, христиандық, ислам) діндердің негізгі сенім тұтқаларының пайда болуы, таралуы хақында егжей-тегжейлі мәлімет беріледі. Мұның бәрі әлем мойындаған ғалымдар мен тарихшылардың, шаирлар мен өнер иелерінің еңбектері арқылы дәлелденген. Мәселен, осы кітапта 300-ге тарта құнды ғылыми, әдеби еңбектер пайдаланылған. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, алман, араб секілді сегізге тарта тілдегі түпнұсқа бұлақтардан дәйек сөздер алынғаны зерттеушінің сенімді талдаулар мен қорытындылар жасауына мүмкіндік берген.
Монографияда Ислам дінінің Орталық Азияға қай кезде келгені, қалай таралғаны жөнінде мол мағлұмат келтіріледі. Әмәуи (Омеядтар) және Аббаси халифалықтары тұсында болған тарихи уақиғалар қысқа да нұсқа баяндалады, әсіресе 751ж. Талас соғысы туралы тың талдаулар жасалады. Осы соғыста түркі халықтарының арабтармен бірігіп, қытайдың Таң империясы әскерлерін қирата жеңуінің нәтижесінде Таң қосындары Орталық Азияны тастап кетуге мәжбүр болған.
Кітапта түркі халықтарының мұсылманшылықты қабылдау себептері мен осы орайда маңызды рөл атқарған басқа да факторлар келтіріледі. XIII ғасырдағы мұңғұл шапқыншылығына дейін Қазақстан мен Орта Азия жерінде болған игі өзгерістер, атап айтқанда қалалық мәдениеттің дамуы, сәулет өнерінің гүлденуі, сауаттылықтың артуы, Әл-Фараби, Ахмед Йесеуи, Ахмед Йүгнеки, Қашғарлық Махмұд және Жүсіп Хас Хажиб секілді данышпан жерлестеріміздің шығармалары және есімдері бүгінгі ұрпаққа беймәлім көптеген Қазақстандық авторлар туралы деректер беріледі. Сондай-ақ, мұнда түркі халықтары тарапынан құрылған Тұлұн (868-905), Ихшид (932-968), Селжук (1040-1157), Хорезмшаһ (1077-1231), Ғұри (1149-1215), Мәмлүк (1250-1517), Ғазна (962-1187) т.т. мемлекеттері туралы тағылым аларлық мәліметтер мол.
Бұл кезге дейін «ата-баба культі» мәселесі елімізде терең зерттелмей, бір жақты тұжырымдар жасалып келгені мәлім. Кітапта ата-баба культі туралы танымдық деректер және осы культтің негізгі түрлері баяндалады. Көне Орта Шығыс пен Еуропа елдерінде, Африкада, Қиыр Шығыс халықтарындағы ата-баба культінің жоралғылары жайында ғылыми материалдар келтіріледі; бұрынғы өткен пайғамбарлар туралы қиссаларға тың талдаулар жасалады. Халықтың сана-сезімінің өсуіне залалды ұрлық-қарлық, барымталасу, балгерлік, сиқырлау, маскүнемдік, құмарпаздық сықылды жат қылықтар туралы түсініктемелер айтылады; меймандостық, бауырмалдық, бейбітшілік, ғылымқұмарлық, әділеттілік секілді бүкіл әлемдік құндылықтардың ерекше орны атап өтіледі. Кітап ата-баба культінің қазақ тарихындағы кейбір аспектілерін шолумен аяқталады.
Қорыта айтқанда, бұл туындыны энциклопедиялық ауқымда жазылған, түрік халықтарының дін тарихының очеркі деуге саяды. Кітаптың тілінде көне сөздер мен тіркестер баршылық. Еңбек тарих, фәлсәфә, социология, фәлсәфә тарихы, этнология, шығыстану, түркология, дінтану, культурология, антропология, археология, әдебиет, тіл зерттеушілеріне, жалпы зиялы қауымға аса қажетті құрал бола алады.

Рахманқұл БЕРДІБАЙ
Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Түрік дүниесіне қызметі сыйлығының» иегері

07/07/2000ж.
Алматы қ.