четверг, 17 июля 2008 г.

ЕСІМ МЫРЗА ЕСТЕН ТАНДЫРДЫ

ЕСІМ МЫРЗА ЕСТЕН ТАНДЫРДЫ[1]


«Қазақстан» газетінің биылғы 3 сәуірде жарияланған академик, һәм философ Ғарифолла Есімнің «Қазақ деген этнос емес, ұлт емес, қазақ деген – қазақ елінің азаматы» атты сұхбатын оқып жағамызды ұстадық. Бұрын-соңды естімеген, оқымаған мұндай да философиялық теория бар екен-ау, кім білген? Аузы дуалы академиктің айтып отырған мына тұжырымына қарасақ, қазақты қазақ құртатын сұрқия заман орнаған сияқты.

«Біздің бүгінгі ойлайтынымыз ұлттық құндылықтар емес, елдік құндылықтар. 1991 жылы саяси тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін қазақ халқы ұлт емес, қазақ еліне, қазақ елінің азаматына айналдық. Ұлт деген мәселе біз отар болып тұрған кезде қойылды... 1991 жылдан кейін ұлттық құндылықтарымыз елдік құндылықтарға трансформацияланды», деп ой қорытады Есім мырза. Сондай-ақ, ол: «Қазақ деген этнос емес, ұлт емес, қазақ деген – қазақ елінің азаматы... Ұлттық келісім, ұлт арасындағы келісім деген дұрыс емес», - дегенді айтады.
Сонымен, біз қазақ халқы, қазақ ұлты емес, жай ғана азамат екенбіз. Естімеген елде көп. Философтың пікірінше, ұлт тек отаршылдықта ғана болады екен. 1991 жылдан бері біз ұлттығымыздан айрылыппыз. Бар болғаны қазақ елінің азаматы ретінде ғана қалыппыз. Ұлт, халық сөздерін қолданыстан алып тастауымыз қажет екен. «Қазақ деген азаматтық, туыстық, бауырластық, ол – мемлекеттік сана. Қазақ дегенде біз мемлекетіміздің азаматтығын айтамыз. Қазақ деген азаматтықтың аты, қазақ болу – азамат болу», - дегені тағы бар («Қазақ ренессансы» мақаласы «Егемен Қазақстан», 14.03.2006ж.). Бұған сенсек, қазақ деген ұлттың, халықтың атауы емес, ол тек азамат болуды ғана білдіреді екен. Ендеше, Есімшілеп айтсақ, Қазақстандағы қазақ еместер біздің елдің азаматы болмай шықты ма?
«Қазақ ұлты, қазақ халқы» дегенді тілімізден, санамыздан аластауға тырысқан Ғарифолла Есім өзінің жаңағы «Қазақ ренессансы» мақаласында «Ұлттың ұлы идеясы... Қазақ – бүгін де ұлы идеяға ие болған ұлт. Қазақ – түлеу жолына түскен, өз бойынан пассионарлық қуат тапқан ұлт», - деп түйіндейді. 2006 жылы ол қазақты ұлт десе, 2008 жылы керісінше сөйлейді. Алдыңғы пікіріне, екіншісі қарама-қайшы.
2006 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген материалда «Ұлтшыл халықтың болашағы бар, ол анау-мынау тарихи кезеңдерде жойылып кетпейді, ол ұлттық ынтымақтастықтың жолын іздейді, ұлтшылдық корпоративтік сана... Ұлттық идея қоғамның болмысынан шықпақ, қоғамды қозғайды, оны сапалық өзгертуге түсуге бастайды» деген. Егер, ұлт болмаса ұлтшыл халық қайдан шығады? Ұлттық идеяны неге ту етеміз?
Осыған қарап Ғарифолла Есімнің ұлттарды жою жөніндегі маркстік-лениндік философиядан да асып түскенін байқаймыз. Әрине, биылғы 2008 жылғы айтылған теориясы бойынша алғанда. Әйтсе де, аталмыш философия ұлттықты жоққа шығармайды, өзінше түсіндіреді. «Нация – это историческая форма общности людей, у которых в процессе длительного развития выработался ряд общих признаков», - дей келіп, төрт белгісін атап көрсетеді: ортақ тілі, ортақ аумағы (территория), ортақ экономикалық өмірі, ортақ психологиясы, тұрмыс-салты мен мәдениеті. Азамат – сол ұлттың, халықтың бір мүшесі. Азамат деп кәмелеттік жасқа жеткен адамды атайды.
Қазақ деген ұлт болмаса дардай аты бар Ұлттық ғылым Академиясы, Ұлттық банк, Ұлттық кітапхана, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық университет, ұлттық тіл, ұлттық салт-дәстүр дегендерді неге айтамыз?
Ғарифолла Есім: «... үштілдік қазақтанудың, қазақ бола бастаудың, қазақ елінің жаңа құндылықтарының қалыптасуының технологиясы», дейді. Бұдан өткен сандырақ жоқ шығар, сірә. Қазақ, қазақ бола бастау үшін ана тілімен қоса орыс пен ағылшын тілдерін де білуге міндетті екен. Кезінде, орысшаға көшіп қазақтығымызды жоғалта бастап едік, енді міне ағылшын тілін үйренбесек қазақтың құритындығын Есім мырза ескертеді. Осыған қалай ішің ашымайды. Жетпіс жыл орыстың боданында жүріп өшуге айналған тіліміз бен дінімізді, ділімізді енді ғана тұғырына қондыруға тырысып жатқанда сананы ластаған мұндай жаңсақ пікірлер қазақтың түбіне жетіп жүрмесін.

Бекен ЖАПАРОВ
Зайсан қаласы
[1] Бекен ЖАПАРОВ, «Қазақстан» газеті, №22(210), 05.06.2008 ж.,