вторник, 15 июля 2008 г.

СЕЙДІН БИЗАҚ

Сейдін БИЗАҚОВ


Имандылыққа баулитын еңбек

2000 жылы «Білім» баспасынан жас ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты көлемі 32 баспа табақ монографиясы жарық көрді. Түркияда туылып, елімізден тысқары Германияда т.б. елдерде еңбек етіп, жеті жұрттың тілін біліп, бірақ қазақ тілді ортаны көрмей өскен жас талант 1990 жылы егемендік алған өзінің тарихи отанына сағынышпен оралып, бірден қоғамдық еңбекке араласып, ана тілін бір қазақтан кем білмейтінімен, қаламгерлік білім-парасатымен зиялы қауымды тәнті етті. Ізденгіш те зерделі ғалым сегіз тілдегі жүздеген бұлақты пайдаланып, он мыңнан аса бетті қамтитын үш жүзге тарта құнды ғылыми әдебиетті түпнұсқадан пайдаланып, алты жыл бойы тынымсыз іздестіре еңбектеніп, тым тереңнен деректі материал жинап, зор жауапкершілікпен, жанашырлықпен, туған тіліне деген ыстық махаббат, отансүйгіш толғаныспен кең ауқымды тақырыпты зерттеп шыққан Монографияның алғы сөзінде ислам діні мемлекетіміздің іргетасына айналған «бүгінгі мүмкіндікті, нығмет пен ризықты пайдаланып, еліміздің босағасын берік етуге, іргелі, мықты ел болуына атсалысуымыз керек». Исламиатты саф халінде түсініп, лайығынша ұстанып, мәдениеті, білім-ғылымы дамыған, рухани дүниесі бай әлемдегі үлгі тұтар өркениетті мұсылман халқы болуымыз керек дегенге саятын мақсат-мүддесін алға тартады.
Адам бойындағы бар жақсылық, бар игілік, қайырымдылық пен адамгершілік имандылықтан бастау алатындықтан, аузы дуалы білімдарлар ислам дінін ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі ретінде бағалауда. Әлемнің әр түкпірінен ислам дінін қабылдаған ойшыл гуманистер, ғалымдар, мемлекет пен мәдениет өкілдері: «Ислам - өте жетілген дін. Мұсылмандар арасындағы рухани орнықтылықты байқап жүрміз»,- деп, исламның құдыретін шын сезініп, бұл діннің рухани жан тазалығындағы ұтымды тұстарын, дене ағзаларын ауру-сырқаудан, дерт-дербезден сақтаудағы пайдалы жақтарын жылы лебізбен атап жүр («Азия» газеті, 18.03.1994). Шынында да, жұмыр жерде қасірет бар десек, содан құтқаратын, бізге күш-қуат беретін иманымыз – ислам діні. «Мұсылмандықты қабылдаған қауымның хақ дінді тастауы деген тарихта атымен болған емес» деген автордың пікіріне орыс миссионерлерінің ғасырлар бойы қорқытып-үркітіп, қысым жасап, үгіттеп-қызықтырып та татар, башқұрт, қазақ т.б. халықтарды христиан дініне мойынсұндыра алмағаны айғақ болады.
Дін біткенді мансұқ еткен әкімшіл-әміршіл жүйенің солақай да озбыр саясатының дүбірлі дауылында ТМД елдерінің ішінде өте-мөте Қазақстанда келеңсіздік белең алып, діни орталықтар таратылып, сан мың мешіт түгелге жуық қиратылған еді. Жас зерттеушінің айтып отырғанындый, 70 жылдан астам уақыт бойы рухани, әлеуметтік, саяси, экономикалық хақиқатпен мүлдем сыйыспайтын, адами құндылықтан аулақ кеңестік империя кезіндегі атеистердің кесірлі саясаты мен үгіт-насихатының салдарынан жас жеткіншектер арасынан ізгілікті, адамгершілікті мансұқ етіп, ауыр қылмыс жасаушылар көбейіп кеткен еді. «Халқының діни санасы берік, өзіне өзі сеніммен қарайтын, отанының келешегіне деген үміті қанық, ішкі һәм сыртқы татулықты мақсат тұтқан азаматтары бар мемлекеттің еңсесі биік, қуаты жоғары болмақ»,- дей отырып ғалым елмізде мұсылмандық сананы оятып, дамыта түсіп, асыл дінімізді дұрыс түсіндіре білуіміз керек деп ой түйеді. Енжарлықтың жарға жығарын ескеріп, автор жан дүниенің жұтаңдауынан сақтайтын ислам дінінің мән-жайын, оның адалдыққа, татулық пен бірлікке, бауырмалдыққа, тазалыққа, ізгілікке, ұстамдылық пен төзімділікке тәрбиелейтін тұстарын аса тартымдылықпен жеріне жеткізе насихаттап, қалың жұртшылықтың діни сауатын аша түсуі – дер кезінде атқарылған сауабы мол іс.
Аталған еңбекте қазақ халқының дүниетанымы, діни нанымы, дін исламның қағидалары, қазіргі таңдағы көкейкесті мәселелер, әсіресе халықтың дәстүрлі дінін қайта жандандыру жөнінде ой толғайды. Автор сондай-ақ таяу уақытқа дейін ресми басылымдарда ата-бабамызды көшпелілер деп, біздерді көшпенділер ұрпағы деп келгенмен, нақты деректерге қарағанда оңтүстік пен орталық аймақтарда қалалық мәдениеттің белгісі мол кездесетінін, монғол тектес тайпалардың шапқыншылығына дейін ежелгі бабаларымыздың айтарлықтай деңгейде отырықшы өмір салтын ұстағанына нақтылы деректер келтірген. Еңбекте исламияттың ешбір елде ешқашанда қарулы күшпен, зорлық-зомбылықпен қабылданбағаны туралы мәліметтер бар. Автор орталық Азиядағы қағанат пен хандықтарды, ежелгі оқиғаны сипаттай отырып, VII ғасырдан-ақ қазақ елінің ислам дінін қабылдағанын, Евразия құрлығының орталығында орналасқан Қазақстанның мыңдаған жылдық тарихы бар екенін, қадим дәуірінен бері келе жатқан мәдениет пен өркениет бесігі болғанын айғақтайды. Қазақ елінде болған бір сапарында марқұм Тұрғыт Өзал «Бір заманда Кіндік Азиядан келген мұсылмандар үлкен ғұлама Ахмет Иассауидың өзі бас болып бізге ислам дінін жайған еді» деген еді («Егемен Қазақстан»).
Таяу уақытқа дейін исламға қарсы қолданылған кертартпа үгіттің ғылыми, тарихи шындықпен ұштаспайтынын айта келіп, «Исламияттың ең басты игі мақсаты әлемде бейбітшілік орнату, бәшериеттің бейбітшілігі, рухтың тыныштығы, жүректің тыныштығы» екенін зерттеуші шегелеп айтқан. Біздер абыройлы қазақ халқының ұрпақтары, мұсылман-түркі нәсілінің перзенттері осыны ұмытпаумыз, даңқты тарихымызды екшеп-елеп көңілге түйуіміз керек деген тұжырым жасайды.
Өз еңбегінде ғалым халқымыздың бүгінгі тұрмыс-тіршілігінде жас ұрпақты имандылыққа баулитын діни болмысымызбен қоса түркітану, шығыстану, этнология, фәлсафа, социология секілді ғылым саласына да қатысты дәйекті мәліметпен екшеленген ой-толғаулар айтқан. Автордың әсіресе ана тілімізді байыта жетілдіре түсуі жөнінде білдірген пікірі көңіл бөлерлік. Атап айтқанда, қаламгердің баяндау тәсілі мен сөз саптауындағы өзіндік ерекшелігіне қазір ұмытыла бастаған көнерген сөздерді қайта жаңғыртып қолдана білуі жатады. Туыс тілдерден алынған жаңа атауларды ретін тауып қолдана білуі деп ұтымды шыққан. Мұның өзі баба тілімізден бастау алған төл тіліміздің әуезін сезінуге мүмкіндік беретінін оқырмандар ашып айтып жүр. Халықтар тұтастығын айғақтап, оларды бір-біріне жақындастыратын алтын көпір, басты тетік - олардың тілі екені баршаға мәлім. Түбі бір түркі тілдерін, түркі тектес әлемді бейнелеп, бұтақтары тармақталып жапырақ жайған алып бәйтерекке ұқсатамыз. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін түркі халықтарының саяси-әлеуметтік өмірінде тарихи игі өзгеріс, жаңа бетбұрыс болып, туыс тілдерге ортақ жазу ендіруге, ортақ термин жасауға жағдай жасалғаны тіл жанашырларын, отаншыл қауымды қызықтырып отыр. Ел мен елдің бір-біріне риясыз ұмтылысын, халық пен халықтың зәузаттық туыстығын қасиетті іс санаған түріктің абзал азаматы, қоғам қайраткері Кемал Ататүрік түркі жұртының рухани-тілдік жақындығына да аса зор мән берген. Ататүріктің бұл игі бастамасына барынша қолдау білдірген Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақтап өскенде тіл де бұтақтаған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып, түрік тілінің арасына жік түскен. Тілдің басқалануына себеп болған әртүрлі бөтен жұртпен сыбайлас болып араласқандықтан… егер де, Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек»,-деп атап өткен (А.Байтұрсынұлы, Тіл тағылымы, А, 395).
Үшбу монографияда енді ғана бой көтеріп келе жатқан дінтану ғылым саласына қатысты көпшілікке әзірше беймәлім сөздер мен тіркестер кездеседі. Кеңес дәуірінде намаз, ораза, зекет секілді ілуде біреу болмаса, дін саласына қатысты терминдер жалпы жұртшылыққа беймәлім болып келді. «Мың жыл бойы барлық мұсылман - түркі жұрты қолданып келген төл сөздерімізді ғылым тілімен қауыштыру арқылы ана тіліміздің сөздік құрамын молықтырамыз әрі түркі халықтарымен және басқа да мұсылман үмметтерімен тіл жағынан алшақтай түспей, жақын мұғамалада боламыз»,- дейді автор. Ғалымның ғылыми айналымға алғашқы болып енгізген сөздеріне көптәңірлі (политеистік), біртәңірлі (монотеистік), қазбажай, атахандық (патриархат), анахандық (матриархат), затқақұлдық, отқақұлдық, шармық, бәшер (фәни адам баласы)», бәшериет (күллі адамзат), нәжат (спасение – құтылыс), рәд қылу (отказ беру) т.б. жатады.
Зерделі ғалым тіліміздің әлі де болса қалыптасу, дамып жетілу кезеңін бастан өткеріп отырған қазіргі таңдағы жағдайын ескеріп, туыс тілдердің етенелігінен мол олжамыз болатын мынадай тұстарына мән берген.
Біріншіден, қажетті ауыс-түйіс арқылы орыс тілінен енген көптеген терминнің туыс тілдегі сәтті баламасын тауып, тілімізді байытуға елеулі үлес қосар едік. Туыс тілдерден алынған пайыз, мәтін, ұшақ, рәміз, сынып, уәзипа, мәслихат, пай, бекет, махалла, ғибадатхана т.б. сөздер еш қиындықсыз тілімізге сіңісті болып кетті емес пе. Дәл осыған ұқсас Мұртаза бірінші болып қолданған арази (территория), ғұрбат (диаспора), бәшери ғылым (гуманитарные науки), мұхтарият (автономия), нәсір (проза), ыхтисат (экономика), назым (поэзия), хауза (бассейн), мүжәррәд (абстракт), мүдир (директор), рахауат (роскош), ихтикарат (монополия), миғмари (архитектура), раһиб (монах), тәшһиз (диагноз), хитабат (адресовать), пікірият (идеология), ижад ету (инновация, бір нәрсені жаңадан ойлап табу), тауыр (реакция, позиция), хәйежан (эктузиазм), жұмхұрият (республика), һашия (цитат), мұсташриқ (ориенталист – шығыстанушы), ахлақ (этика), мұтлақ (абсолютті), ихтикарат (монополия),һәман (почти), махзан (подвал), мағдан (руда), шиқал (оккупация ) атаулары да орыс тілінен енген сөздердің әдемі баламасы болатындықтан, оларды елеп-екшеп, қажеттісін әдеби тіліміздің игілігне жаратқан абзал.
Екіншіден, балама атауы жоқ, сөз тіркесі, сөйлем түрінде сипаттама аудармамен берілген мына төмендегі сөздердің де қайсыбірі тілімізге енуге өздері сұранып тұрғандай: тақриз - мадақтап, марапаттаған алғы сөз, мадақты ұсыныс, хайати - өмірлік маңыздылығы бар мәселе, тахқиқ - хақиқатты екшеп анықтау, рашид - тура жолды ұстанып мақсатқа жету, һидаят - тура жолға бастау, ифтира - жала жабу, жалған айып тағу, хирс - амбициялық озбырлық, тойымсыздық, ишхал - қарулы күш қолданып жаулап алу, басып алу, захмат - қиын қыстау кез, мүһаражат - орын ауыстыру, көшіп кету, ихдас ету - қайтадан қалпына келтіру, мансұб - жолын қуалаушы, бір діннің яки ұйымның өкілі, ханиф - хақ дінге бағынған адам, тәкәмүл - кемелденіп даму, мүшрик - серік қосушы, шірк келтіруші, мүршид - тура жолға бастаушы, ізгілікке апарушы, ихтидар - билікке ие болған, рәһбәр - жол көрсетуші, жол бастаушы, иғтиқад - иманның негіздері, нәдір - өте сирек, хақиқаният - ақиқатқа тән, мағзан - жер асты қоймасы, муафиқ - қол жеткізу, табысты болу, миллият - бір ұлтқа тән болу, искад - хадисті жеткізушілердің алқасы, аса ірі, мұсамаха - қош көру, кеңшілікпен қарау, мүңкір - іңкәр етуші, кері қағушы, насара - пайғамбармыздың дәуіріндегі христиандар, шаһиқа - биік шың, мағлұбият - тойтарысқа ұшырау, салахият - бір нәрсені тындыруға толық билігі болу, фитнәшіл - іріткі салғыш, мақлұқат - жануарлар дүниесі, мұртаза - разы етліген, тәдбір - алдын ала шара қолдану, мұтасавуф - дүниелікті талақ еткен, күпір - хақиқатты жасырып, оны мойындамау, сахаба - әз Мұхаммедті көрген, сұхбаттасқан мұсылман, табиғин - сахабаларды көрген мұсылман, мұқаққақ - міндетті түрде, мазлұм - зұлымдыққа кез келген, иддиға - әлі нақтылы анықтала қоймаған мәселені алға тарту, фәтих - бір елді мекенді өз билігіне қарату, милад - Иса пайғамбардың дүниеге келуі, туылуы, мәулид - Мұхаммед пайғамбардың туылуы, иһтида - исламиятты қабылдау, хақ жолды табу, тәдбір - бір нәрсеге, мәселеге қатысты нақты іс-шара қолдану, фасахат - сөздің анықтылығы, образдың нақтылығы, мұстасна - ережеден тыс (исключение), мүһтәди - тура жолды ұстанып, имандылыққа берілген, мұғаззам - аса ірі, керемет үлкен, халифа - орынбасар, бедізші - тасқа қашап сына жазуын жазушы, мүфсид - фитнәшіл, іріткі салушы, мансұб - мүше, өкіл, садахият - бір нәрсені жасауға толық билігі болу.
Үшіншіден, көпшілік түркі халқына ортақ, қайсыбірі көнеріп ұмыт болған, тағы бірі орта ғасыр ескерткішінде сақтаулы сөздердің, сәл-пәл мағыналық реңкімен ажыратылып немесе абсолют синоним ретінде қолданып, сөздік қорымызды байыта түсетін сәттерін ескеріп, монографияда мынадай атауыш сөздердің толық тізімін беріп отырмыз: сахих - дұрыс, қатесіз, ғалиб - жеңген, үстем болған, муафық - сәйкес, бойынша, лайықты, парық - өзгешелік, айырмашылық, лахид - лақат, ақым, әсір - туынды, матбұғат - баспасөз, басылымдар, мұғамала - іс әрекет, ғамал, тасуир - суреттеу, бейнелеу, инсан - адам баласы, хайат - өмір, тіршілік, милләт - ұлт, мәуле - қамқоршы, ие, нәби - пайғамбар, елші, тасуир - суреттеу, бейнелеу, нақыштау, уасиф - сипат, имканият – мүмкіндік, ерекшелік, сапа, сәуие - деңгей, дәреже, хұрафа - бейғылыми, дәйексіз, негізсіз, ақибет - соңғы, нәтижесі, арзу - тілек, өтініш, қалау, хадиса - уақиға, жаңалық, мәуле - қамқоршы ие, асалат - ақсүйектік сезімі, асылдық, баятыл - нахақ, михтар - мөлшер, сан, көлем, мәзиет - сипат, усыф, кәлимә - сөз, хатиб - сөзге шешен, күміс көмей, мұхарраф - өзгертілген, бина - ғимарат, құрылыс, ғұмұми - жалпы, бүтіндей, әжыз - әлсіз, шарасыз, шамасыз, тағриф - таныту, сәкін - тұрғын, кібір - тәкаппарлық, паңдық, өркөкіректік, ихтирам - құрметтеу, дәріптеу, машруғ - заңға сәйкес, заңды, негізді, імқаният - мүмкіндік, дәхшетлі - үрейлі, қорқынышты, мұхтарам - құрметті, хатта - тіпті, мұхтамал - ықтималды, хамла - ұмтылыс, талпыныс, исбахбад - қолбасы, ижазат - рұхсат, келісім, мұхараба - соғыс, шайқас, мұхаққақ - міндетті түрде, жари - күшінде, жарамды, өтімді, мұқаддас - қасиетті, киелі, мүнәсіб - ыңғайлы, қолайлы, сәйкес. Бұл сөздердің әдеби тіліміздің қажетіне жарайтыны аз болмаса керек.
Қорыта айтқанда, аталған монографияны ислам дінінің қазақ жеріне қай кезде қандай жолмен таралғанына, ежелгі дәстүр мәдениетіне танымдық деректермен тың талдау жасап, егжей-тегжейлі мол мәлімет берілген энциклопедиялық ауқымда жазылған, қазақтану ілімі мен қоғамының ғылым үшін айрықша маңызы бар имандылыққа баулитын әрі ұлттық кемелденуді айғақтайтын тарихи очерк, кең тынысты зерттеу еңбегі деуге болады.




Сейдін Бизақов,
филология ғылымының докторы,
профессор.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
тілбілімі институтының
бас ғылыми қызметкері
2005 ж.