пятница, 11 июля 2008 г.

СӘЛЕМ ДЕ ТУҒАН ЕЛГЕ


Жүніс қажы Рақиұлы БҰЛҰТАЙ
(1922 - )
Анкара/Түркия

СӘЛЕМ ДЕ ТУҒАН ЕЛГЕ![1]

Ассалаумағалейкум қалған елім,
Кір жуып, кіндік қаны тамған жерім.
Дәм тартып, Құдай айдап барып қалсам,
Ішімнен тарқар еді қайғы шерім.
Сәлем де бүкіл қазақ баласына,
Үрімжі, Алтай, Құмыл, Баркөл қаласына,
Және де сәлем сөйлеймін,
Тау мен тас, аққан су, тоғай менен даласына,
Жерден шығып кеткелі 45 жыл болды,
Қайран ел бір көрінбей қаласың ба?!
Сағындық ел менен жұртты бір көре алмай,
Жәнтекей, Шүйіншалы баласында,
Және де сәлем сөйлеймін,
Нағашым Ерғали, әпекем Бәтимаға,
Жиенім Боғдаш, Нүкей, Оспандарға,
Тағы да сәлем сөйлеймін,
Ағамыз Ожынай, жеңгеміз Мырзабекке,
Бауырым Ысмағұл, Әнуәр, Мұралбекке,
Дәм тартып, шығып кеттік біз бір шетке!
Сәлем де Шүйіншалы баласына,
Ботақара, Секел, Көбек, Барақ,
Барақ баласы Хангелді, Тайлақ болар,
Атамыздың аттарын үйреніп ал,
Жігіттер бір күнінде керек болар.
Руым Шүйіншалы, атам Тайлақ,
Тұрыпты Қызылтастың бойын жайлап,
Қыстауы Шұңқыр деген жер болады,
Ұғып ал азаматтар өзің ойлап.
Бергі атам Бекбау, Марқабай, Әлібек,
Рақи Сопы болады менің әкем,
Ағам аты Сағдолла, менің атым Жүніс,
Ата баласынан Зүпін, Кәмен бар,
Немереден Мілләтхан, Мейрам, Мұрат, Рапик, Рапат, Мүкәрәм, Мұзафар, Мұртаза,
Қыздарым: Фатимажамал, Гүлсән, Нүрсән, Айтан, Айфар. Әйелім Әніш. Түркияда Шүйіншалы баласынан 33 семья, 150 адам бармыз.
Ақсақалдан Сағдолда, Тиянақ, Құсайын, Берікбол, Сәдуақас, Сарқыт, Бейсенбай, Бопай, Кәмен бар.
Азамат жігіттерден Махмұт, Ырысбай, Мағзұм, Шәми, Жақып, Хабиб, Мұхаммед, Қизат, Ләтіп, Жүсіп, Жасар, Мұса, Шұғайып, Рауып, Рамазан бар.
Ауылымыз Стамбул, Анкараның қаласында,
Жерлестік 1953 жылдың аяғында,
Біз тұрмыз аман-есен деніміз сау,
Алланың өзі берген панасында.
Тұрамыз мәшинемен киім тігіп,
Кәрі-жас, қатын-бала, бәрін жиып,
Кәсіп қып мәшинемен шұғылданып,
Тұрамыз бір Аллаға шүкір қылып,
Зат сатсақ алушыға қуанамыз,
Сата алмасақ, ренжіп жуанамыз,
Ақшаң болса әр нәрсе табылады,
Пұл болмаса, бос жүрген диуанамыз.
Бұл жердің тастан салған үйі бар,
Темірден аққан суы бар,
Тас көмірден отыны,
Алтай қыста пеш жағар.
Жаз болғанда адамдар,
Көлге барып жүзеді,
Ақшасы көп адамдар,
Әрбір жерге кезеді.
Адамның жаны аяулы,
Далаға шығып симейді,
Жүріп тұрған мәшине,
Табаны жерге тимейді,
Түн болғанда өлең той,
Айнаға[2] қарап отырар,
Жасөспірім балалар,
Мектепке барып оқып жүр,
Жақсы оқыған балалар,
Еркек әйел демейді,
Дәреже мәнсап алып жүр,
Оқымаған балалар,
Тұрған жерде қалып жүр.
Бұл жердегі туыстың,
Бірі бай, бірі орта, бірі жарлы,
Бұрынғы қой мен жылқы қайда қалды?!
Бес қабат үйі болған бай болады,
Қайғы жоқ төрт түлігі сай болады,
Кедей мен байдың парқы жоқ,
Секер салған шайы бар,
«Сана»[3] деген майы бар,
Айран сүттен қатығы,
Тонарға[4] пысқан наны бар.
Бір үйге қонақ қонса,
Сойып берер малы жоқ,
Қайнатып берер бір жілік,
Пиғылымен берген соң,
Қонақтың қарны қампайса,
Ол да бізге тіршілік.
Мен сөйлеймін жігіттер,
Біреуден-біреу үміткер,
Үлкенді көрсең аға де,
Кішіні көрсең іні де,
Ақсақал көрсең,
Қол қусырып сәлем бер!
Өз тіліңді ұмытпа,
Басқа тілде сөйлесіп,
Нәсіліңді құрытпа!
Бұл сөзім сіздерге емес бәрімізге.
Балалар ата-анаңа құрмет қыл!
Рахмет сауап аларсың.
Ренжітпе оларды!
Жаһаннамда жанарсың,
Разы-хош қып, бата алсаң,
Мұратыңа жетерсің,
Бұл дүниеге алданба,
Бір күні тастап кетерсің,
Бір Алла таупиқ берсін бәрімізге,
Өліге иман, тіріге береке бер!
Дәм ризық тартқаның бұл жерге кел.
Бұл сөзім осыменен болды тәмәм,
Сіздер де хат жазарсыз әрбір заман,
Рақи Сопы баласы Жүніс атым,
Таспаға сәлем сөйлеп, жазған хатым,
Қисық болса, өзіңіз түзетіп қой,
Қолымыздан келген қадари халым,
Оқушы айып етпе жамағатым!

01.04.1982 ж. Анкара қ.
[1] Бұл өлең 1982 жылы Қытайдағы туыстарға сәлем-хат ретінде үнтаспаға оқылған еді.
[2] Айна – теледидар.
[3] Сана – Түркияда көп тұтынылатын майдың аты.
[4] Тонар – тандыр.