вторник, 15 июля 2008 г.

ӘБСАТТАР ДЕРБІСӘЛІ

АЛҒЫ СӨЗ


Оқырманның пайдалануына ұсынылып отырған мына қомақты еңбектің авторы Мұртаза БҰЛҰТАЙ еліміздегі санаулы дінтанушы ғалымдардың бірі. Ол араб, парсы, түрік, ағылшын, неміс және орыс тілдеріндегі дерек көздеріндегі мағлұматтарды, еңбектерді, қолжазбаларды, басқа да тілдерде жарық көрген туындыларды оқи алатын, оларға сараптама жасай алатын, ой жүгірте алатын, ақ-қарасын ажырата алатын зерделі қаламгер. Автор, жалпы, ғылыми-публицистикалық шығармаларында Батыстың дерек көздерін өте жақсы пайдаланған. Оның ішінде, әсіресе, біздің ғалымдарымыздың қолы жете бермейтін, қолы жетсе де тіл тұрғысынан қиындық келтіретін бірқатар құнды дүниелерді еркін пайдаланып, бізге жол ашып беріп отыр.
Мұртаза Бұлұтайдың 2000 жылы «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» атты үлкен монографиясы жарияланған еді. Осы құнды еңбектің еліміздегі зиялы ортада, ғылыми ортада, әдеби ортада өзінің лайықты жоғары бағасын алғаны қуантады. Мен де аталмыш кітаптың тұсаукесеріне қатысып, өзімнің жүрекжарды ой-пікірімді білдірген едім. Содан бері қарай Мұртаза БҰЛҰТАЙ бұқаралық ақпарат құралдарында дінге, өмірге, қоғамға қатысты өзінің ойларын жазып, асыл азаматтық позициясын білдіріп отырады.
Біз сөз еткелі отырған қолдарыңыздағы кітап автордың бұрынғы зерттеулерінің заңды жалғасы деуге болады. Мұнда ислам дінінің тарихы, тарих сахнасында көтерілуі, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтары, ислам философиясы, дін социологиясы, исламдағы ғибадат, исламдағы салықтар, дін және мәдениет секілді көптеген маңызды мәселелер қозғалған. Еңбекте қазақ сахарасына исламның келуі, соның ішінде, әсіресе, ежелгі ислами орталықтар, 751 жылы қарақытайлар мен мұсылмандардың арасында болған атақты Атлах шайқасы, соған байланысты исламның орнығып, Қазақстанның оңтүстігінде руханият, білім және ғылым орталықтарының ашылып, солардан бірте-бірте үлкен ғұламалардың шыққандығы, жалпы, Орта Азияның түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының исламды тек қабылдаушы болып қалмастан, қайта ислам мәдениеті мен өркениетіне үлкен үлес қосқандығы нақтылы деректермен дәйектеледі. Осы Мауера-ән-нәһір өлкесінен шыққан Әбу Әли Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, нақты қазақ жеріне келсек, Әбу Насыр әл-Фараби бастаған атақты Отырар ғалымдары плеядасы, Тараздан шыққан әл-Тарази есімді ғұламалар, Каир мен Дамаскідегі мәдениет, ғылым ошақтарында қызмет еткен және сонда қайтыс болған ғалым бабаларымыз туралы терең ой жүгіртіп, деректерге сүйене отырып соны ой толғайды.
Жалпы, осыдан 10-15 жыл бұрынға дейін қазақ жазба әдебиеті Абайдан басталады деп келсек, кейінірек оны шегіндіріп XV-ғасырға дейін апарғамыз. Ал, Мұртаза БҰЛҰТАЙ өзінің нақты дәлелдерімен оны ары қарай 10-шақты ғасырға шегеріп тастайды. Соның дәлелі ретінде Отырардан, Тараздан, Түркістаннан шыққан, Мауера-ән-нәһір мен Орталық Азиядан шыққан ғалымдарымыздың ислам өркениетіне қосқан, жалпы адамзат мәдениетіне қосқан сүбелі еңбектері туралы қызықты, тартымды, тағылымды ойлар айтады.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ Қазақстан егемендік алғалы бері ислам дінінің өркендеуі, еліміздегі түрлі діндерді ұстанатын ұлттар мен ұлыстар арасындағы қарым-қатынастардың нығаюы туралы да үнемі қалам тербеп, өзінің дәйекті пікірлерін білдіріп отырады. Сол пікірлерінің ішінен бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде берілген сұхбаттары да осы жинаққа енгізілген. Бұл қадамы өте дұрыс болған деп ойлаймын. Баспасөздің аты баспасөз ғой. Мұртазаның сұхбаттары мен кең көлемді талдау мақалалары кезінде радиода, теледидарда айтылды және газет-журналдарда шықты. Дегенмен, баспасөзе жарияланған материалдар бірте-бірте ұмытылып қалуы мүмкін. Ал, олардың осы кітапқа енуі, кітаптардың кітапханаларға түсуі, дінтанушыларға, өзінің ата дінінің тарихы мен құндылықтарын білгісі келетін жас шәкірттерге, студенттер мен болашақ ғалымдарға таптырмас олжа деп ойлаймын.
1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға байланысты, жалпы, дінге байланысты кейбір баспасөз құралдарында, зиялы қауым ортасында пікір таластар болып қалады. Бұл заңды да. Мұртаза БҰЛҰТАЙ осы таластардан сырт қалмастан өзінің терең ойларын, батыл азаматтық позициясын білдіріп тұрады. Міне, сол дүниелердің де осы кітапқа енгізілгенін көріп ризамын. Сондай-ақ, соңғы жылдары бүйректен сирақ шығаратын тәңіршілік немесе ұлттық дінді кіргізуіміз керек деп жүрген адасқан топтардың да қате ойларының жұртты адастырмауын айтып, оны дәйекті дәлелдермен түсіндіріп жазған мақалаларын да кезінде сүйсіне оқығанбыз. Олар өте құнды дүниелер. Олардың да осы кітаптың ішінен орын тапқаны дұрыс болған деп ойлаймын. Жалпы айтайын дегенім, осы шығарманың өн бойынан автордың егемендікке қол жеткізген елімізде халқымыз ислам дінін дұрыс түсініп, өзінің хақ дініне дұрыс бұрылып, оның асыл құндылықтарын дұрыс пайымдап, тіршілікте оны дұрыс жүргізе алса деген ізгі пиғылдағы тиянақты ойларын табуға болады.
Мұртаза бауырымыздың осы еңбегінде дінге, оның өркендеуі мен дұрыс насихатталуына байланысты ойларымен қоса, сондай-ақ, дін және қоғам, қазақ қоғамында діннің рөлі қандай болуы керек, дін қызметкерлерінің атқаратын іс-шаралары, рөлі қандай болуы керек деген мәселелер де көрініс тапқан. Соңғы кездері Батыс әлемінде жарық көріп, бірқатар дау-дамайлар туғызған Самуил Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты кітабына байланысты өзінің әдемі де жүйелі, дәйекті ойларын білдіре кеткені орынды болған. Жалпы, Мұртазаның еңбегінің басты мақсаттарының бірі – дінімізді түрлі «изм»-дерден қорғау, оның асыл құндылықтарына сөз келтіртпеу, исламның ішіндегі бірлік, исламның Қазақстандағы жетекші әрі ірі дін болуына қолқабыс тигізу. Еңбекте діннен басқа қоғамды алаңдатып отырған демографиялық ахуал, шетелдегі бауырларымыздың Қазақстанға оралуы мәселелері, оларды шешу жолдары, сонымен қатар бәрімізді алаңдатып отырған қазақ тілінің өзінің мемлекеттік дәрежесін алуы мәселелері де автордың назарынан тыс қалмаған.
Қазақстан қазір демократиялық қоғам орнатуға батыл бет бұрды. Бұл ретте де автор сол демократия дегеніміз не, оның қоғамымыздағы атқаратын орны, рөлі қандай болуы керек, деген мәселе төңірегінде де жақсы сөз қозғаған. Соңғы жылдары асыл дінімізге кейбір баспасөз құралдарында түрлі «изм»-дерді қосу, қара күйе жағу, жала жабу науқаны да көрініс беріп жатқаны белгілі. Мұртаза бауырымыз асыл дінімізді түрлі «изм»-дерден қорғап, терроризмде дін, ұлт, нәсіл болмайтындығын нақты ашып, жан-жақты көрсете білген. Бұл жөнінде де оның айтар ойлары мен деректері жетерлік. Өткен жылы Дания газеттерінде ислам дінін ұстанып отырған, сан тілді, сан түсті екі миллиардқа жуық мұсылман үмметінің рухани көсемі, соңғы пайғамбар Мұхаммед Ғалайһиссаламды келемеждеп жарияланған суреттерге байланысты да батыл да өткір ойлар айтылған мақалалар бұл еңбектің оқырмандарын тәнті етеріне сенімім кәміл.
Соңғы жылдары қоғамымызды алаңдатқан, елімізде түрлі атпен тармақталып, ел ішінде іріткі салып жатқан адастырушы топтар туралы да қолдарыңыздағы еңбекте орынды ойлар айтылған. Олардың ішінде ата-баба атын жамылған, ислам атын жамылған топтар да бар. 1992 жылғы қабылданған заңның солқылдақ тұстарын тиімді пайдаланып, елімізде тайрандап жатқан миссионерлердің жымысқы ойларын әшкерелеп, олар туралы жазған дүниелері де біз үшін өте құнды. Қазір жұрт ішінде кейде миссионерлердің алдауына еріп, олардың түрлі садақаларына телміріп, атеизмнің 70 жылдық улы уағызы нәтижесінде өзінің ата дінінен алыстап қалғандар да кезігуде. Мұртаза олардың бет пердесін ашатын әдемі дүниелерін осы еңбегінде халқының игілігіне ұсынады.
Қорыта айтқанда, бұл шығарма студенттер, магистранттар, аспиранттар, исламтану, дінтану, жалпы діндер тарихын зерттеушілер мен ізденушілер үшін аса құнды еңбек, әсіресе, дінтану саласы мамандарының үстелінен кетпейтін кітап дер едім. Сол себепті, осындай зерлі де зерделі дүниеге «қош келдің» дей отырып, оқушылардың жүрегіне жете беруіне тілектестігімді білдіремін.

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының
Төрағасы, Бас Мүфти,
Филология ғылымдарының докторы, профессор

29.06.2006 ж., Алматы қ.