вторник, 15 июля 2008 г.

ҚАЛДАРБЕК НАЙМАНБАЙ

ДІН ЖӘНЕ БІЗ

Қолдарыңыздағы «Мұсылман қазақ еліміз» деп аталатын кітаптың авторы, дарынды ғалым Мұртаза Бұлұтайды тұңғыш рет 1992 жылдың шілдесінде Алманияның Кельн қаласындағы мұсылмандар қоғамының үйінде көрдім. Сақалды жас жігіт бір бұрышта отыр екен. Сәлемдестік, әңгімелестік. Екеуміз мешітті араладық. Бір таң қалғаным – мешіт толы алман әйелдері. Бастарына жаулық салған. «Бұлар не ғып жүр?», деп сұраймын ғой. «Мұсылман дініне кірген әйелдер», дейді Мұртаза. «Көп екен», дедім. «Сіз шет жағасын ғана көріп тұрсыз», деді ол.
Екінші таң қалғаным, Мұртазаның жазу столының үсті толған кітап екен. Сыймай тұр. Әдетте мешітте Құраннан басқа кітаптың көп болмайтыны белгілі. «Кітабың көп екен», дедім. «Аға, бұл жүзден бір бөлігі ғой», деді. Іштей риза болдым.
Міне, сол жігіт көп ұзамай ата-жұртына келді. Қазір жоғары оқу орындарында дәріс береді. Бірнеше кітап жазды. Соңғы кітабы «Ата-баба діні» деп аталады. Мұртазаның бұл еңбегін қалың оқырман да, зиялы қауым да, ғалымдар да өте жылы қабылдады.
Енді міне, жаңа кітабы қолдарыңызда.
Бұл кітапты «Дін және біз» деп атаса да болар еді. Өйткені, кітаптың өне бойында әдемі өрілген бір жүйе бар. Ол – Ислам дінін қорғау, қолдау, Ислам дінінің қадір-қасиетін бізге жақындата түсу.
Өзімді Ислам дінінің білгірімін деп санамаймын. Бірақ, жер ортасынан асқан соң ба, қазір мұсылманшылыққа бір табан жақындаған сыңайымыз бар. Апта сайын немереміз екеуміз мешітке барып, садақа үлестіреміз. Аллаһ ризалығы үшін Құран оқытамыз. Ораза айтты, Құрбан айтты асыға күтеміз.
Сондықтан ба, мен Мұртазаның осы кітабының қолжазбасын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Бұл кітап – бір тақырыпқа арналған дүние емес. Мақалалардың жинағы. Бірақ, біртұтас еңбек деп те қарауға болар. Себебі, кітаптың өне бойында Ислам тарихы, жалпы мұсылманшылықтың біздің күнделікті өмірімізден алатын орны соны дәлелдермен, терең философиялық дәлелдермен айырықша сипатталған.
Мұсылман болғанымызбен Исламның терең иірімдерін біле бермейтініміз анық. Білмеген соң әртүрлі ағымдарға ілесіп кететініміз де айқын. Жалпы, біз кінәмшілміз, күмәншілміз. Міне, осы тұста Мұртазаның Ислам дінін қызғыштай қорғаған жан айқайы бізге төтенше жақын. Ол жалаң уағыз айтпайды. Бұлтартпайтын нақты дәлелдермен сөйлейді.
Осы жинақтың ішінде қызық-қызық дүниелер бар. Оның қызықтылығы – танымдылығында. Мәселен, «Гете және хақ дін Ислам», «Исламның Кореядағы тарихи дамуы», «Ғайбат һәм өсекшілік хақында», деп аталатын тағылымы мол мақалаларды сыдыртып оқу мүмкін емес. Әйгілі алман ақынының мұсылман шайырларына деген үлкен ілтипаты, алыстағы Кореяда Ислам дінін уағыздаушылардың көп екені кісіні еріксіз таңдандырады. Әсіресе, Мұртазаның ғайбат сөйлемесе, өсек айтпаса басы ауыратындар туралы тосын толғамы мені ерекше ойға қалдырды. Әңгіме өсекшілер мен өтірікшілердің мерезі туралы тіке айтылған үкімде емес, осындай мерездің мұсылманшылығымызға ерекше жат екендігін Құран сүрелері арқылы дәлелдеуінде.
Мұртазаның осы жинақтағы шетелдегі қазақтар туралы, сол қазақтардың атажұртына келгеннен кейінгі тағдыры жайындағы толғаныстары ерекше. Мақалалардың мазмұнына тоқталғым жоқ. Тек, бір айтарым, қай тақырыпқа қалам тартса да, Мұртаза ең алдымен жанашырлық пен жауапкершілікті қатар ойлайды екен. Аллаһ разы болсын!
Түптің-түбінде дін тарихы болсын, дін болмысы болсын, тұңғиықтан тартып сөйлейтін бір талант бізге керек еді. Сол Мұртаза ортамызда жүр. Әлі талай кітап жазар, талай ой айтар. Менің бір сенетінім, не айтса да шын айтатынына, не жазса да шын жазатынына күмәнданбаймын.
Осы кітаптың оқырманы көп болса, қолдан-қолға түспей жүрсе, авторға бұдан артық абыройдың керегі жоқ. Сондай ғұмыры ұзақ абыройдың Мұртаза бауырымды айналып өтпейтініне кәміл сенемін.

Қалдарбек НАЙМАНБАЙ
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары

Алматы қ., 2001 ж.