среда, 30 июля 2008 г.

Жазылмаған заң туралы сауалнама

Жазылмаған заң туралы[1]

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы:
– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Себебі, жазылмаған заң қазақтарда шын мәнінде жоқ. Оған біздің ұзақ жылдар бойы отарлықта болып, ұлттық санамыздан айырылып қалғанымыз себеп пе деп ойлаймын. Бірнеше мысал келтірейін.
Осыдан 12 жыл бұрын Франкфуртте жүрген жерімнен Чехияның астанасы Прага қаласына, «Азаттық» радиосына сұхбат беруге шақырылдым. Сонда істейтін журналист Досан Баймолда маған қаланы көрсетпек болды. Метроға билет алайық деп автоматқа беттедік. Сол арадан бір қазақ жігітінің билет алып тұрғанын байқап қалдым. «Қазақсың ба?» – деп бас салдым. «Да», – деді марғау ғана. Қай жақтан екенін сұрап жатырмын. «Алматыдан», – деп қысқа қайырды. Енді ғана қал-жағдай сұрасайын деп, Досанға бір бұрылып қарағанымша әлгі жігітім ізім-ғайым жоқ. Қарасам, алды-артына қарамай зытып бара жатыр. Мен одан шет жерде, жат елде жағдайының қалай болып жатқанын сұрамақ едім, ал ол құбыжық көргендей зытып жоғалды. Демек, оның санасында жырақта кезіктірген қандастарымен жөн сұрасу деген жоқ.
Тағы бір мысал. Сексенінші жылдардың аяғында тағы да осы «Азаттық» радиосына сұхбат беруге Мюнхенге бардым. Американың радиосы. Он шақты қазақ жұмыс істейді екен. Дүниенің бір шетінде жүріп әлгі он шақты қазақтың басы бір қазанға сыймайды. Солардың ішінде біреуі ғана соғыстан кейін барған қазақ екен, қалғандары Түркиядан барған қандастарымыз. Екіден-үштен бірнеше топқа бөлініп алған, бір-бірімен аман-сәлемі де түзу емес сияқты. Американдық саясат оларды да жіктеп жіберген. Міне, осындайда қазақтың арасында неге жазылмаған заң жүрмейді?!
Осыған керісінше және бір мысал. Алматының айналасында түріктер, күрдтер көп тұрады. Солардың үйіне барып көріңізші. Дарбазадан кіргеннен кейін-ақ Қазақстанда жүргеніңізді ұмытып қаласыз. Қақпадан кіргеннен бастап есіктен төрге шейін өз ұлтының әдет-салты сайрап жатады. Ингуштар мен шешендерде де дәл солай. Түрік еліндегі түріктің үйіне барғандайсыз. Ал қазақтың үйіне барғанда өзіңді олай сезінбейсің. Орыстың тілінде сөйлейді, басқаның салтын ұстанады, қазақтың салт-санасының, әдет-ғұрпының ізі де жоқ. Аз санды халықтар Қазақстанға келгендеріне алпыс жылдан асса да, өздерінің әдет-салтын, тілін сақтап отыр да, қазақ өз жерінде отырып ұлттық болмысын көрсете алмай отыр. Неге? Жазылмаған заңның жоқтығынан!
Мен туып-өскен Түркияда жағдай мүлдем басқаша еді. «Алтай» атындағы қазақ ауылында тұрдық. Екі жүз түтін бар еді. Мектеп мұғалімін, мешіттің имамын және дәрігерді түрік ұлтының өкілінен қоятын. Бір ғажабы, қызмет бабымен тағайындалған сол түріктер айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ болып кетуші еді. «Қазақша сөйлеп, қазақтың салтын ұстансын» деп оларды ешкім мәжбүрлеген емес. Ондай заң да болған жоқ. Табиғи түрде солай қалыптасатын. Ары-бері арбамен сауда жасайтын саудагерлердің өзі қазақ ауылына келгенде тек қана қазақша сөйлейтін. Бұл ондағы қазақтардың ұлттық санасының сақталғанын, ұлттық болмыстарының мықты болғанын көрсетеді. Мен өзім алты жасқа дейін қазақшадан басқа тіл білген жоқпын, мәселен. Анкараға көшіп барғанымызда ғана түрікшені бірінші рет естідім. Әр адам өзінің табиғи ұлттық болмысын, тарихи ұлттық жадын сақтаған уақытта ғана жазылмаған заң өміршең болмақ. Әйтпесе, жазып қойған заңның да қауқары болмайды.

[1] «Алқа» қоғамдық-саяси журнал, №1, шілде, 2008 ж., 1-2 беттер.