вторник, 15 июля 2008 г.

МҰРАТ ҚАЛМАТАЕВ

ДІН БІРЛІГІ – ЕЛ БІРЛІГІ

Мұртаза Бұлұтай мырзаның бүгінгі пікір таласына төрелік айтайын деп отырғаным жоқ. Себебі, терең білмеген проблемаға кірісу – сүйкеніп жатқан екі түйенің ортасында қалған шыбынның кейпін кешумен тепе-тең сияқты. Талас тудырып отырған тақырып жөнінде менің білетінім – мұсылман халқымыздың тілегі де, тірегі де, сүйетіні де – бір Аллаһ ғана.
Менің қолыма қалам алуыма себеп болған жәйт, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Бурханизм туралы шындық» атты проблемалық ғылыми мақаланың авторы хақында бір-екі ауыз пікірімді білдіру.
Аллаһтың әмірімен өмір атты мұхиттың толқыны бізді осыдан он жыл шамасы бұрын бір ұжымға әкеліп жолықтырды. Асығыс пікірден аулақ, әр сөзі сары алтындай салмақты Мұртаза өзінің білгірлігімен, терең білімділігімен, ә дегеннен-ақ менің көңілімді баурап алды. Бизнестің базар саудасы еместігін, оның түпкі мақсаты – ел экономикасын көтеру екендігі жөнінде, әдебиет пен мәдениетіміздің келешегі жөнінде, бұқаралық ақпарат құралдары маңайында, жастар тәрбиесінің проблемалары хақында, руханият саласында пайдалы да, нәтижелі де көптеген пікір таластардың ұйытқысы осы М.Бұлұтай мырза болатын.
Халқымыздың «көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» қағидасының әділеттілігіне менің көзім Мұртазамен болған әр әңгімеден кейін жете түскендей болды. Мұртаза Жүнісұлы қай тақырыпта әңгіме қозғаса да тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні – ел қамы, Отан тағдыры айналасына келіп тіреледі. Осы пікірдің тағы бір айғағы – бүгінгі сөз болып отырған мақала. «Мен бұл мақаланы біреумен айтысайын, тартысайын деп жазғаным жоқ», - дейді бір әңгімесінде Мұртаза. «Негізгі мақсатым – ел бірлігі, дін бірлігі үшін күресу. Халықтар арасына іріткі салатын қара күштің бірі – дінге деген әр қилы көзқарас екенін біз ұмытпауымыз керек. Міне, сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі-сыртқы саясатының бір күре тамыры – діннің ғажап күшін ел тыныштығы үшін асқан даналықпен пайдалану».
Мұртаза мұсылман елінде дүниеге келіп, тәрбие, білім алған. Бұған қоса Еуропа елдерінде білімін жалғастырып, қоғамдық, саяси һәм ғылыми жұмыстармен шұғылданған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, қазақ, орыс, неміс, түрік, ағылшын тілдерін жете меңгерген Мұртаза Жүнісұлы Бұлұтай мырзаға ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілей отырып, аспаның ашық, елің аман болсын демекпін.

Мұрат ҚАЛМАТАЕВ
Қоғам қайраткері, журналист

2003 ж.