вторник, 15 июля 2008 г.

МАХМҰД Ф. ХИЖАЗИ

ҚАЗАҚ ОЙШЫЛЫ


Бұл Қазақстан Республикасындағы қазіргі ислам мәдениетінің тарихы бойынша жазылған маңызды кітап. Еңбектің авторы — ірі қазақ ойшылы, дінтанушы ғалым Мұртаза БҰЛҰТАЙ. Ең жоғарғы деңгейдегі ғылыми болмысын түрік, неміс және қазақ университеттерінде шыңдаған ол ағылшын, неміс, араб, түрік тілдерін жетік меңгерген. Ғылыми еңбектер жазады. Автор жан-жақты білімді, әрі көптеген тілдерді терең игерумен қоса тіл, әдебиет, философия салаларының да маманы. Кітапта діни сана мен бүгінгі өмір мәселелеріне көңіл бөліп, ислами ой-пікір мен өзінің ең маңызды ілімдерін, заманауи санадағы және нағыз философиялық санадағы маңызды идеялар қатарын топтастырып, ислам дінінің қазіргі замандағы мән-маңызын түсіндіреді.
Еңбек қазақ оқырманына пайдалы және болашақта одан әрі толықтырылуы мүмкін жүзге жуық тақырыптық арналардан тұрады. Кітап ислам дінінің негіздерімен, оның басты қағидаларымен таныстыра және исламның жалпы қағидаларына сүйене отырып, қазіргі заман мәселелерін саналы түрде талдайды. Бұл құнды еңбек қазіргі қазақ қоғамының алға өрлеуі мен тұрақтылықты сақтауына септігін тигізеді деуге болады. Мен өз басым құндылыққа ие бұл кітаптағы түйткіл мәселелермен танысқаныма қатты қуандым. Себебі, кітаптағы барлық мәселелердің айқын көзқараспен, жан-жақты білімділікпен толыққандығын көре аламыз.
Кітап діндер жайындағы негізгі ұғымдарға сүйене отырып барлық ықыласпен ислам жайында әңгімелеуден басталады. Оның ішінде ислам, Жаратушының бірлігі, өзге діндер, құқық, фиқһ, ақида, тәфсір, хадис, тарих және т.б. мәселелер көтерілген. Осы мәселелердің маңызды деректерге сүйенген түсіндірмелерін, сонау тарихта өткен және қазіргі заманның әйгілі ғұламаларын, араб әлемі мен түріктердің, Үндістан мен Пәкістанның, сонымен қатар, Еуропа шығыстанушы-зерттеушілерінің ой-тұжырымдарын кездестіре аламыз. Автор ислами философияға, оның Батыстың ой-санасына жасаған әсеріне үлкен мән берген. Бұған қоса әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн Сина, Ибн Халдун және өзге де ғұламалардың, Албертус Магнус, Декарт, Кант сияқты бір топ Еуропа ойшылдарының пікірлерін жолықтырамыз. Сонымен қатар, испандық мұсылман философ Ибн Туфейлдің Еуропаға әсері жайында да баяндалған. Осылайша автор адамзаттық ой-сана ағымына мұсылмандық ойшылдардың қосқан үлесі хақында әңгімелеп, мәдениеттер сұхбатының көрінісін түсіндіре кетеді. Әрі, автор сол арқылы теология мен дін фәлсәфәсі арасындағы байланыс мәселелерін, әл-Бируни мен Ибн Хазмнан бастап Тайлор мен Малиновскийға дейінгі ойшылдардың пікірлері аясында дін мен қоғам ара қатынасын да қозғаған. Осы тұста үлкен қазақ ғалымының барлық мақалалардағы ойының маңыздылығы зор. Ол діни тақырыптардан осы кезеңгі ойшылдардың пікірлері арқылы жан-жақты толықтанған бір ғана тақырыпты ғана қозғайды.
Автор Қазақстанда діни сананы оятып, зайырлы қоғам құру жайында бірнеше мақалалар ұсынған. Дін өркениетпен тығыз байланыста. Сол себепті, автор бұл тақырыпқа ислам діні тұрғысынан үңіліп, неміс философы Фейербахтың осы мәселе төңірегіндегі ойын келтіре кетіп, тіл, өнер, тарих және қоғамды құрудағы әдет-ғұрып сияқты мәселелермен қатар діннің маңыздылығына да тоқталған. Қазақстан Республикасындағы мемлекет пен дін арасындағы және діни бірлестіктер арасындағы тепе-теңдік жайында да салмақты да салиқалы ойлар білдірген.
Ислам және бейбітшілік тақырыптары кітаптың ең түйінді мәселелерінің бірі. Бұл жерде Құран Кәрім, хадис шәріфке, атақты мұсылман фиқһ ғұламаларының, бұлардың көш басында тұрған, мәселелердің құқықтық негіздерін қалаған әл-Шайбани және өзге де Батыс ойшылдарының пікірлеріне негізделген маңызды тұжырымдарын көреміз. Мұсылмандар қашанда бейбітшілікке үндейді. Олар крест жорығы сияқты қиын-қыстау уақытта да әрдәйім татулыққа шақырған. Бұл, әсіресе, крест жорығы кезіндегі мұсылман батыры Салахаддиннің іс-әрекеттерінен көрініс табады. Шын мұсылман өз отанын құрметтейді, сүйеді, әрі оған қызмет етеді. Ислам шарттарына сай отанды сүю иманнан. Ислам діні қоғам арасындағы бейбітшілікке және отанға қызмет етуге шақырады.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ қазіргі замандағы ислам діні мен мұсылмандар жайында көптеген мақалалар арнап, ХХ-ғасырда ислам дінін қабылдаған еуропалықтар мен оның ішінде бір қатар мәшһүр ойшылдардың исламды қабылдау себептері турасында қалам тербеген. Кітапта жаһандану жайында, оның саяси-экономикалық, мәдени тұстары мен осы жаңа аядағы ұлттық тақырып жайында мәселелер бар. Ал, автордың миссионерлердің іс-әрекеттері жөніндегі ұстанымына келер болсақ, оның ойы халықтың бірлігі және Қазақстан Республикасының болашағы халықтың ыдырауында емес, олардың бір тұтастығымен байланысты болуы керек дегенге саяды.
Еңбектегі заманауи мәселелер көптеген тақырыптарға жіктелген. Кейбірі көпшілік көтеріп жүрген мәселелер. Онда адам мүшелерін ауыстыру сияқты бүгінгі заман проблемаларына қатысты діни көзқарас айтылған. Мұндай мәселелердің түгелі дерлік ақыл-сананы құрметтеп, халықтық аңыз-әфсаналар және дін жайындағы қате ұғымдардан алыс тұратын ислами рухта жазылған. Еңбекте өркениеттер арасындағы диалог тақырыбы да қозғалған, себебі оған ислам діні үндейді. Осыған да орай автор өркениеттер қақтығысын жоққа шығарып, Самуил Хантингтонның ой-тұжырымын сынға алады. Әрі бұған қоса дінді ескермей, Пайғамбарды с.ғ.с келемеждеген сол жаман көріністі айыптайды. Автор Құран Кәрім аяттарынан дәлелдер келтіре отырып терроризмді айыптайды. Себебі, Құран аяттары адамзат өмірін бір жағынан қадірлеуді міндеттесе, ал екінші бір жағынан діни еркіндікке баса назар аударады. Дінде зорлық жоқ. Бұған қоса ислам діні дамуға шақырады. Осыған да орай автор электронды үкімет жайында зерттеулер ұсынып, оның қазіргі замандағы маңыздылығы мен ислам әлемінің де одан көп пайда көретінін тілге тиек етеді.
Кітап тақырыптарының арқауы ислам қағидаларына негізделген көзқарас және Қазақстан Республикасының, қазақ ұлтының қазіргі таңдағы шындығына қатысты, әрі мына заман талаптарына сай жазылған. Кітапта Қазақстан, Ресей сияқты бір топ елдердегі демографиялық мәселелерді, өзге елдерде орын алып жатқан халық санының өсуін айғақтайтын мәліметтер келтірілген. Автор ислам дініне дейін осы елде болған көне нанымдарды жандандыру мәселелеріне де тоқтала кеткен. Қазіргі заманның ең маңызды мәселелерінің бірі исламның бейбітшілік, өркениет және диалог жүргізу діні екенін түсіну. Ислам адамдардың өмірін құрметтеп, терроризм мен зұлымдыққа қарсы тұратын дін. Ал, өзге аймақтарға қатысты мәселелерге келер болсақ, онда ол сирек және маңызды тақырыптар. Оның ішінде Кореядағы Ислам діні. Бұл кітаптағы барлық тақырыптардан, сонда келтірілген дәлелдемелер мен мағлұматтардан автордың терең білімділігін көресің. Оның бұл білімі ислам дінінің негіздерін терең ұғынумен қатар қазіргі заман мәселелеріне парасатты көзқараспен қарауға, саф дінмен нығайтылған заманауи мемлекетті құруды түйсінетін қазақылыққа, бейбітшілік пен қоғамдық келісімге және диалогқа негізделген.
Қазақ ойшылының осы құнды еңбегі Қазақстан Республикасының әр көзі ашық оқырманының алдында тұруға әбден лайықты деп сөзімді аяқтай отырып, кітап авторы Мұртаза Бұлұтайға құрметімді білдіремін.


Махмұд Ф. ХИЖАЗИ

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
Университетінің ректоры,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
Каир және Дамаск қалаларындағы
Араб тілі академиясының академигі,

12.07.2006 ж.,
Алматы қ.