вторник, 15 июля 2008 г.

СОВЕТ-ХАН ҒАББАСОВ

Совет‑Хан ҒАББАСОВ
Жазушы‑дәрігер,
педагогика ғылымдарының докторы,
Махамбет сыйлығының лауреаты.


ТЕОЛОГИЯ мен ФИЛОСОФИЯ этиологиясы[1]


Жалпы ғылым атаулының генезисі, немесе, түп‑тамыры неде? Иә болмаса, адам құдіреті мен тіршілігінің гносеологиясы қайда? – деп толғанып көрген жөн сияқты. Әйтседе, бұл мәселені барынша ұтымды, тұжырымдап қысқа қайыру – бұл мақаладағы басты талап болмақ! Өйткені, телегей теңіз ойға жетелейтін, шеті мен шегі жоқ сауалдың – тек тегіне ғана көңіл аударсақ та, тақырыбымыздың табиғаты адам болымысына барып тірелетінін анық байқауға болады. Тек, осы түсініктің өзінен‑ақ – Адам – Табиғат – Ғылым – бір үндестікте екенін ұғыну қиын емес. Олай болса, адам санасының жетілуімен ашылған, бүгінгі қолданыстағы ғылымның екі саласы – Табиғи (естественный) ғылым және Рухани (гуманитарный) ғылым – деп, аталып жүргені де белгілі. Ендеше, осынау ұзақ‑сонар мәселенің этиологиясын қысқа қайырып, немесе, тектік себебін мүлдем жаңа көзқараспен айтар болсақ :
1) Табиғи ғылымның тегі – адамның Тән қажеттілігінен туындаса;
2) Рухани ғылымның тегі – Жан қажеттілігінен жетілетіндігі анық .
Бұл жаратылыстың – өзгермейтін тұрақты заңдылығы десекте болады. Сонымен, Адам мен Ғылым егіз екен!..
Сөз жоқ, жер бетінен адамзат қауымының жойылуымен бірге, бүгінгі таңғажайып жетістіктерге жетіп отырған Табиғи және Рухани ғылым салалары да із‑түссіз ғайып болары ақиқат. Сондықтан да, адамзатқа Жан мен Тән тәрбиелерінің үндестіктері туралы терең толғанып, қатты ойланатын мезгілі жетті. Өйткені, осы екі үндестік қана рух қуатына негіз болмақ! Рухы биік жандар ғана рухани байлық жасай алатыны белгілі. Мінеки, осынау адам бойындағы – Тән – Жан – Рух – атты үш жүйенің гносеологиясы да, тек білім‑ғылыммен ғана жетілетіні ақиқат. Осыдан келіп, сол білім‑ғылымның тегі қайдан шығады дейтін заңды сауал туындайды. Міне соған мысал іздеп көрсек, адам алғаш рет отты игеру арқылы – оның жылуы мен жарығынан бүгінгі Физиканың негізі қаланса, ал тамақ пісіру әрекетімен Химияның негізі ашылып, күллі Табиғи ғылымның алғашқы қадамы жасалғанын түсінеміз.
Ал, өзімізге белгілі ғылымның екінші саласы – Руханияттың негізі – сөз, жанның азығы ретінде бүкіл рухани байлығымызды жасайтыны да рас!.. Олай болса, Аллаһтан түскен Құран Кәрімді күллі ғылыми танымның рухани көзі деудің жөні бар. Оны Жаратушы, тек адам үшін ғана түсірген ғой. Ендеше, Теология мен Философия ілімдерінің түп‑тамырының бір екендігі дау тудырмаса керек.
Жалпы бұлардың өзара ұқсастығымен қоса, тәулік ішіндегі күн мен түн тәрізді айырмашылықтары да аз емес. Осы айырмашылықтарды анық байқап, терең ұғындыру үшін, ұстаздыққа жетілген ғұламалардың қажеттігі айдан анық. Ондай ұстаздарды іздеген жөн, еріксіз осы саладағы ғалымдардың еңбектеріне үңілуге тура келеді. Бұл да айтқанға оңай көрінгенімен, осыншама игілікті игерудің өзі де оңай шаруа емес. Әйтседе, кімдер бар дейтін сауал бәрібір мазаңды ала береді. Сірә, міне осындай ізденістің нәтижесі болар, жақында Мұртаза Бұлұтай ініміздің – «Ата‑баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» (Алматы, 2000 ж.), «Мұсылман қазақ еліміз» (Алматы, 2001 ж.), «Бурханизм туралы шындық» (Алматы, 2003 ж.), «Дін және Ұлт» (Алматы, 2006 ж.) – атты іргелі ғылыми еңбектерімен танысып шықтым.
Осы ғылыми еңбектерден жоғарыдағы мен іздестіріп отырған – теология – фәлсәфә – тарих – этнология – социология – шығыстану – түркология – мәдениеттану – дінтану – антропология – археология – филология – мәселелері бірсыдырғы үндесе зерттелгені қанағаттанғандық сезімге бөледі. «Ата‑баба діні...» атты монографиялық еңбекке алғы сөз жазған – ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай және ф.ғ.д., профессор Аманжол Қасабек – ғұламалардың талдауларымен ұқыпты түрде таныстым. Белгілі ақынымыз, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли және м.ғ.д., профессор, академик Мұрат Каримов мырзалардың пікірлерінде де шындық бар.
Әділетін айтсақ, М. Бұлұтайдың бұл монографиясы өзінің алдына қойған аса биік мақсатына орай, бұрын‑соңды ана тілінде айтылып көрмеген күрделі де батыл құрылымына лайық – жүйе мен қисын (логика) үндесе өріліпті. Жеті‑сегіз тілді еркін меңгерген Мұртаза бауырымыз, мұхитта жүзген киттей ойнап, айтар ойын түйдектете қотарып сапыра білген. Егер оқып отырған адамның дайындығы жетсе, әрбір тақырыптың ішінен, соншама мол ақпарат пен дәл айтылған деректерге еріксіз айызың қанғандай әсерге бөлейді. Мұның дәлелін көргіміз келсе, тек мазмұнына көз жүгіртсек жетіп жатыр. Тоғыз бөлімнен тұратын ғылыми еңбектің сан‑алуан тарауларынан мысал келтірсек те болады. Бірақ, бұл тым ұзаққа созылып, шұбалаңқы жайсыздыққа ұшыратар еді. Сондықтан да түсінген жанға, әр тақырыптың өзі‑ақ ішкі мазмұнына кепілдік беріп тұрғаны анық. Мінеки, көңіл аударыңыз:

БІРІНШІ БӨЛІМ ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАРИХ – МӘДЕНИЕТ – ДІНДЕР ТҮРКІЛЕР ҚАБЫЛҒАН ДІНДЕР
І тарау Қадым дәуірдегі Орталық Азия І тарау Дін туралы түсінік
ІІ тарау Қ. Д. Орталық Азия нәсілдері ІІ тарау Көптәңірлі діндер
ІІІ тарау Афанасьев дәу‑гі Орталық Азия ІІІ тарау Көптәңірлі, к‑күшті‑рухты
ІУ тарау Қола дәу‑і және Афан‑ев мәден‑ті сенімдердің формалары
( м.б. 3500-1000) ІІІ.1‑8.Тотемизм; Анимизм; Натур‑м;
У тарау м.б. І‑мыңжыл‑ғы Ор. Азия мәд‑ті Шаманизм; Бұтқақұлдық; Отқа‑қ;
УІ тарау Сақтар Будизм; Манихизм;
УІІ тарау Үйсіндер ІУ тарау Біртәңірлі (монотеистік)дін;
УІІІ тарау Қаңлылар 1. Иаһұдилік (иудаизм)
ІХ тарау Хұн патша‑нан бұрынғы (м.б.ІУ‑Уғ.) 2. Христиандық (мәсіхшілік)
Орталық Азия мәден‑не шолу 3. Хақ дін Ислам
Х тарау Хұн патша‑ы (м.б.204 – м.к.216) У тарау Исламның ерекше
ХІ тарау Ежелгі дәуір мәдениеттері қасиеттері
ХІІ тарау Түркі қағандығы; Құрықандар
ХІУ‑У тарау Соғдылар; Қырғыздар (480-Х ғ.)
Үшінші бөлім ХУІ тараудан тұрады. Қалған бөлімдердің ішінде де атеистік қоғамнан шыққан адам‑ы таң‑тамаша ететін тақырып көп.
Мәселен, басқа бөлімдердегі сан‑сала ғылыми ақпараттар мен білімге толы деректерді айтпағанда, тек Сегізінші – Тоғызыншы бөлімдегі, Ата‑баба жолының қазақ тарихындағы кейбір аспектілері мен ислам және әдет‑ғұрыптар жайында айтылған жаңалықтар да жетіп жатыр. Қысқартып қорыта айтар болсақ, иісі қазақ қауымына берер білімі мен тәлімі мол еңбек деп түйіндесек, ешқандай да артық айтқанымыз емес...
Мұртаза бауырымыздың ‑ «Дін және Ұлт» және «Мұсылман қазақ еліміз» – деген кітаптары да, аса үлкен жауапкершілікпен жазылып, бүгінгі әділеті мен тәртібі жоқ қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Тіпті осы кітаптарды оқи отырып, оның нағыз әмбебап дінтанушы, білімдар теолог фәлсәфашы ғалым екеніне шәк жоқ. Сондықтан да, ол қай ортада болса да, кез келген мәселені жүйелі де қисынды айтып, шешен сөйлеп отырады. Адамдардағы мұндай құбылыстар, сөз жоқ, оның сан‑сала ақылмандығын байқатары хақ. Мұртаза Бұлұтайдың «Мұсылман қазақ еліміз» атты кітабындағы – «Гөте және хақ дін ислам» деген мақаласынан үзінді келтіре отырып, көтерген мәселедегі танымдық сипаттарды аңғартқым келеді;
«Әсілі, Гөтенің хақ дін ислам мен исламдық шығысқа деген махаббаты, алғысы һәм еміренуі хақында Алмания уә Түркия сықылды мемлекеттерде ертеден‑ақ жазылып һәм айтылып келе жатыр. Біз де осы мақала арқылы еліміздің оқырман жұртшылығының назарын аударуды жөн көрдік.
Аталмыш жинақта Гөтенің;
· Әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) туралы 3 арнау өлеңі;
· Исламдық шығыстың белгілі ақыны Хожа Хафиз туралы 6 өлеңі;
· Мұсылмандар ерекше құрметтейтін 4 әйел‑аналарымыз хақындағы 2 өлең;
· Исламдық шығыстың белгілі есімі Зылихаға арналған 8 өлең;
· Исламдық шығыс әдебиетінің белгілі есімдері Жалаладдин Рүми (1207-1273, Түркиядағы Қония қаласында қайтыс болған ғұлама, ойшыл, суфи), Шаһ Зижан, Атымтай Жомарт, Мұхаммед Шәмседин, Осман патшалығының сол кездегі шайхұлисламы Әбұссұғұд Әфенди, Низами, Сағди, Жами, Бақи жөніндегі жиырмашақты өлеңі;
· Ақсақ Темір падишаһ хақындағы 3 өлеңі;
· Исламдық Шығысқа тән тақырыптарда, атап айтқанда – Самарқанд, Бұхара, Бағдат қалаларына, бұлбұл, хұри (хор қызы), сонымен қатар пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) 622 жылы Меккеден Мәдинеге көшуіне, діни фәтуәларға (бітімдерге) Аллаһ жолында залым патшаның кесірінен қашып, бір үңгірдің ішін паналап, ұйықтап қалған жеті әулиеге және қасиетті кітабымыз Құран Кәримге т.т. арналған жиырмашақты өлеңдері бар.
Бүкіл әлемнің жаратушысы һәм билеушісі ретінде Аллаһ Тағаланы «Гүте Нахт» яғный «Хайырлы кеш» атты өлеңінде Гөте былай деп тағриф қылады;
Шығыс Құдайдікі,
Батыс та Құдайдікі,
Теріскей мен Күнгейдегі жерлер,
Оның қолындағы тыныштықта дем алады !

Ал, қасиетті кітабымыз Құран Кәримнің әр‑Рахман сүресінде Аллаһ Тағала былай деген;

« Ол Аллаһ, екі күншығыстың және
Екі күнбатыстың Раббы‑дүр!
Олай болса Раббыларыңның қайсы
Нығыметтерін өтірік дейсіңдер!»

Міне, Гөтенің барша адамзатқа жіберілген ең соңғы Құдайы бұлақпен үндестігі!» – дей келіп, алып отырған мәселесін жан‑жақты сипаттап, Мұртаза‑теолог одан ары тереңдей береді. Ол оқырманын осылайша сендіре отырып, тақырыптың маңызы мен мәнін жымдастырып жібереді.
Мұртаза Бұлұтайдың быйыл 2006 жылы қазан айында жарық көрген «Дін және Ұлт» атты ғылыми және публистикалық мақалалар жинағына енген материалдардың құндылығы бірінен‑бірі өткендей маңызды. Мәселен, «Исламтану», «Ислам философиясы», «Дін философиясы мен теологияның арақатынасы туралы», «Дін және мәдениет», немесе, «Қазақ пен ортаазиялықтардың ұлттығын кімнен қорғау керек», «Қазақтың ұлттығына нұқсан келтіретін диссертацияларға әрқашанда қарсы боламыз» т.б. толып жатқан әлеуметтік маңызы зор сұхбаттары да кітапқа енгізіліпті. Соңғы айтылған мақалаға аз‑кем тоқталуға тура келіп тұр. Бұл мақаладағы проблема, тіпті жан шошынарлықтай сорақылықа арналады. Мұнда, филология ғылымдарының кандидаты, талантты абайтанушы Жабал Шойынбеттің мақаласы жайында, оған қарсы хат ұйымдастырған академик Ғарифолла Есімнің «Ана тілі» (18.05.2006 ж.) газетіндегі материалы жайында қатты күйініп толғанады. Мысал келтірелік:
«Себебі, бұның алдында америкалық миссионер Чарльз Уеллердің кандидаттық қорғауы жөнінде халқымыздың ардақты азаматтары, еліміздің шынайы патриот зиялылары Мұрат Қалматаев, Мекемтас Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Қадыр Мырза Әли, Сейдін Бизақов, Айгүл Ісімақова және Марат Тоқашбаев қол қойған «Ашық хатты» көптеген газеттерден оқып, әбден разы болған едім. Ұлт зиялыларының осы хатына жауап сияқты жазылған Ғ. Есім бастаған топтың хатында бір де бір ғылыми дәлелдің жоқтығын көріп, таң қалдым», – деп басталатын мақаладағы оның азаматтық ұстанымдары аса өткір және ғылыми дәлелдерге ғана сүйенетіні байқалды. Бұл мақаласында ол – Ч. Уеллердің жалған диссертациясын – қолдап қорғамақшы болған ғалымдардың дәлелдерін тоғыз түрлі нұсқалы пікірлерімен тас‑талқанын шығарыпты. Автор бұл мақаласын былайша қортындылапты: «Бірақ, шетелден келген маманға ерекше мәміле жасауына, оның қазақ халқының абыройына тиісуіне, тарихы мен руханиятын бұрмалауына, ұлттық тұтастығына нұқсан келтіретін әрекеттермен шұғылдануына қарсымыз. Егер Чарльз Уеллер шетелден келіп, Жетекшіге Ғарифолла Есімді алып, протестант мәдениетіне байланысты, протестанттардың ішкі мәселелеріне байланысты бұрын зерттелмеген, ашылмаған бір мәселені зерттеп, қорғайтын болса, оған қалай қарсы боламыз? Бұрын да Ғарифолла Есім мырза қорғатқан диссертацияларға іштей наразы болсақ та, неге ашық қарсылық жасамадық?! Себебі – олар өз діндерінің ішкі мәселесімен шұғылданды да, қазаққа тиіскен жоқ еді» – дей келіп, Мұртаза қортындысын былай түйіндейді;
«Демек, патриот зиялылардың «шетелдік мамандар тіл емес, дін үйретіп келеді» дегені осылайша шындыққа сай болып отыр. Чарльз Уеллердің үйретіп отырғаны дін, заңгер Мэтт Бристолдың да үйретіп отырғаны дін. Менің таң қалғаным, газеттерде, теледидарда, Ч. Уеллерге байланысты хабарлар шығып жатқанда, диссертациялық кеңес төтенше отырыс жасап, аталмыш жұмысты ВАК‑тен қайтарып алу мәселесін неге талқыламаған ?.. Менің ойымша бұл әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің атын ұятқа қалдыратын мәселе, тіпті иісі қазақтың ортақ мәселесі деп айтар едім. Қазақстанда қазақ халқының ар‑намысына тиетін, оның ұлттығына, мемлекеттігіне, мәдениетіне шабуыл жасайтын еңбектердің ғылыми атақ алуына әрқашан да қарсы боламыз» – деп қортындылаған Мұртазаның тұжырымын оқып, «тура биде туған жоқ» дейтін сөз осы азаматқа айтылғандай естілсе, ал жатқа сатылып халқының намысын қорлаған ғалымсымақтарға «туғанды биде‑иман жоқ» дейтіні арналған‑ау, – деп жүрегіміз шерге толып күрсінбеске шара жоқ еді. Құрметті оқырман қауым, Мұртаза Бұлұтай мырзаның әрқайсысы 40,0 баспа табақ көлемнен тұратын, үш кітаптан алынған – үш мақаланың ұлттық құндылығы осындай екеніне, ризашылық пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Ал, телегей теңіз күйінде қалған басқа тақырыптар мен мақалалардың мәдениетімізге қосар үлесі ұлан‑ғайыр екені сөзсіз! Жалпы соңғы жылдарда, оқырмандарының ерекше көңілінен шығып жүрген дінтанушы‑ғұлама Мұртаза Бұлұтай мен абайтанушы‑ғалым Жабал Шойынбетті, халық қалаулысы, дарынды әнші Бекболат Тілеуханды барынша әділ түрде азаматтықтарын айтып, ер мінезді жүздерінің нұры тасығанын тілер едім. Кезінде бұлардың – Абайды кришнаиттерден сақтап қалғандары да есімізде! Онда да қазақ философ ойшылдарының ағаттықтарымен алысып, жоғарыдағы жалалы диссертация тәрізді, кришнаит мәселесі де білім министрлігінің қатаң шешімімен аяқталған еді. Бұл екі мәселеде, өз тамыры мен тегінен шықпаған, еліміздегі философияның еліктегіштігі мен әлсіздігін көрсетіп отыр. Сондықтан, философ ғалымдарымыз шамданып‑шамырқанбай‑ақ, азаматтық парасаттарымен ойланғандары жөн. Себебі, ғылым атаулының ‑ атасы саналатын, ақылмандық ілімінің абыройлы болғаны, келешек ұрпағымыздың тәрбиесіне керек...

30.10.2006 ж.
[1] Этиология – ғылыми себептері