понедельник, 29 сентября 2008 г.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАЙЛЫҚ ҚОРЫН ЖИНАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ елінің азаматтары ретінде туған тіліміздің байлығын мақтаныш тұтамыз. Шынында қазақ тілінің шешендік, суырып салмалық, ақындық, шаирлық, философиялық ойларды тәмсіли суреттеу қабілеті ұшан-теңіз. Жүздеген, тіпті мыңдаған жылдық қалыптасу барысын бастан кешкен тіліміз, Аллаһ Тағалаға сансыз шүкір, соңғы жылдары қайтадан дамып, өсіп келе жатыр. Ендігі мәселе, туған тіліміздің біздер қол үзіп қалған бай ұғымдарын, көне сөздерін, мұсылмандық исі аңқып тұрған кәлималарын қайтадан жаңғырту, сөз қорымызға енгізу.

Қазақ тілі өзінің ең бір дамыған кезеңін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегінде бастан кешті. Ибраһим Құнанбайұлы, Ақмолла (Мифтахұтдин) Мұхаммедиярұлы, Ибраһим Алтынсарыұлы, Әбубәкір Кердері, Ақыт Үлімжіұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көбейұлы, Шәді Жәңгірұлы, Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Мақыш Қалтайұлы, Олжабай Нұралыұлы қатарлы қазақ әдебиетінің майталмандары, ұлы шаирлар мен ойшылдар осы кезеңнің тілі бай әдибтерінен. ХХ ғасырда қазақ елі жан түршіктірер зұлматты бастан кешті;
· Халқымыз азаттықтан қол үзді
· Қадим жазу үлгісі тасталып жәдидке көшілді
· Жәдид жазуы жойылып, латынға көшілді
· Латын жазуы тасталып орыс әріптері қабылданды
· Сауатты һәм иманды зиялыларымыз қырғынға ұшыратылды
· Көнеден келе жатқан жазба әдебиет үлгілеріміз жойылды
· Тілі мен әліппесі бөлінбеген мұсылман жұрттарының жазуы мен сызуы алшақтады, тіл бірлігі шайқалды
· Осының салдарынан, ашаршылық, репрессия һәм жаппай қудалау мен қырғындау жылдарында шын дүниеге аттанған зиялыларымызбен бірге асыл сөздеріміздің айтарлықтай бөлігі ел жадынан өшіп те қалды.
· Кеңес империясының тұсында саяси монополияға тікелей тәуелді, көне сарыннан аулақ, жаңа солғын тіл қалыптасты. Астарлап, суреттеп, нақтылап түсіндіретұғын асыл сөздеріміз елге, жаңа түзімнің тәрбиесінен өткен азматтарымызға түсініксіз архаизмге айналды. Көптеген мағналы һәм шұрайлы сөздеріміз бар жоғы ширек ғасырда қолданыстан тыс қалды. Солардың бір сыпырасымен еліміз тәуелсіздік алғалы бері қауышып жатырмыз.

Бүгінгі күні ел тізгіні өзімізде, қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейінде. Ендігәрі, өткенге салауат айтып, сол жоғалған сөздерімізді қайтадан жаңғыртып, келешек ұрпақтарға тапсыруымыз ләзім. Менің бұл арада ерекше айтайын деп отырғаным 70 жылдан астам уақыттай тұралап қалған Ислами әдебиеттерді жандандыру мәселесі.

Қазақ әдебиетінің көне мұралары ретінде Құтадғұ Білік, Диуан Лұғат әт-Түрк, Диуан Хикмет, Қисаси Әнбия секілді ғаламат шығармаларды, Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархад-Ширин жырларын, Алтын Орда, Қарахан, Темір патшалығы, Моғол мемлекеті тұсындағы әдебиеттерді айтамыз. Кешегі Кеңес билігіне дейін аталмыш әдебиеттердегі тілдің сарыны сақталып келген-ді. Мәселен, Ибраһим Құнанбайұлының қара сөздерінде, шиырларында көне дәстүрді әбден байқауға болады. Атеистік түзім орнай салысымен имандылық исі аңқып тұрған әдебиеттердің орнына құр материалистік мазмұндағы мәтіндердің ен жайлағанын байқауға болады. Осының кесірінен, қазіргі ұрпақтар қадими сөз байлығымыздан аластап қалды.

Қазақ тілінің байлыұ қорын жинауда дәл жоғарыда аталған әдебиеттердегі ғаламат сөздерді қайтадан сұрыптап, сөздіктерге, оқулықтарға енгізу арқалы нәтижеге жетпекпіз. Ислами әдебиеттер көбейге сайын, діни-ағартушылық басылымдардың қатары көбейген сайын тіліміздің сөз қоры да байымақ. Сүйтіп, жоғалып қала жаздаған ежелгі хақиқи тіліміз қайта оралмақ. Мұсылман жұрттарымен ортақ тілде топтасу мүмкіншілігі шындыққа айналмақ. Осы тұрғыдан алғанда, қадим үлгісіндегі жазуды арнайы сабақ ретінде мектеп бағдарламаларына енгізу асқан дұрыс шешім болар еді.

Қазақыстаннан тыс жердегі ағайындардың тілін зертеу арқалы жаңа сөздерді анықтауға болады. Мәселен, Түркияда дүние салған Жәдік Сарымолла, Уақ Ақмолла, Жәдік Омар Молла, Шақабай Осман Қажы, Молқы Зейнел секілді азаматтардың мұраларын жинастыру осы жұмыста бір шама жетістіктерге жеткізер еді демекшіміз. Бүгінгі сөз қорымызда кезікпейтін сөздерді туысқан түрік, татар, қырғыз, өзбек, ойғыр ағайындардың тілінен алудың еш оқасы жоқ. Ортақ сөздер туысқан жұрттарды жақындататын көпір іспетті.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ 12.12.2000ж.