понедельник, 29 сентября 2008 г.

“ОРАЛМАНҒА 10 ЖЫЛ” СЕМИНАР-КЕҢЕСІ 12.05.2000 АЛМАТЫ
ОРАЛМАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОРТАДАҒЫ РӨЛІ
Мұртаза БҰЛҰТАЙ

Қадірлі жамағат,
Құрметті ағайын!

Қарап отырсақ Қазақ Еліне алғашқы қатарда көшіп келгенімізге 10 жыл толып қалған екен. 10 жыл адам ғұмырының айтарлықтай ұзақ мерзімі, ел тағдырының болса, артқа бір қарап, болған-біткенді мұхасаба жасауды қажет ететін күрделі кезеңі. Алғашқы жылдары, Қазақыстан қазағы болсын, ғұрбаттан келген біз болайық, ағайыным, туысым, елім, жерім деп жүрдік. Ерінен айырылған көмгенше жылайды, елінен айырылған өлгенше жылайды демекші, ішіміздегі елге, отанға деген сағыныш әлі де болса таусылар емес. Тума сағыныштың ешқашан да бітпесі анық, бірақ, эмоциялық кезеңнен рационалдық іс-әрекетке көшетін шақ келген секілді. Келмек тұрмақ, тіпті, ақырындап өтіп бара жатыр десек, қаталаспаймыз.

Соңғы он жылда ғұрбат қазақтары боп, азат Қазақ Елінің шаңырағын отандық ағайындармен бірге көтерістік, уығын жұмыла қаластық, ашты-тұштысын бірге көрістік, мархұм болғандарын бірге көмістік. Ағайыншылық-азаматтық парызымызды артық болмаса кем өтегеніміз жоқ, тек, біздің құзырымыздан тыс себептерге байланысты кейбір жиған-тергенімізді елімізге бере алмадық, дауысымызды шығара алмадық. Қазақыстанның мемлекеттілігі нығайып, буыны бекіген сайын ел боп қуандық, жырғап, разы болдық. Жә, өмір болса өтіп бара жатыр, жер-жаһан өзгеріп, әлемдік тепе-теңдікте елеулі өзгерістер болып жатыр. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ дегендей, кейбір ойларымызды осы мүмкіншілікті пайдаланып айтпасақ болмайтын секілді, бұған ұжданымыз разы болмайды. Қазақыстанның дамуына, өсуіне, мықты дәулетті елге айналуына біздер де қатыссақ демекшімін. Осы орайды, ғұрбаттағы қазақ ғалымдарын толғандыратұғын бағзы мәселелерді естеріңізге салмақпын. Уақытты көп алмас үшін, ең басты мәселелерді баптар халінде, қысқаша айтпақшымын;

1. Қазақ баласының 1/3 ғұрбатта тұрады. Олардың ішінде жоғары білімді, күрделі мамандықтарды меңгерген, ғылыми дәрежеге жеткен оқымысты азаматтар баршылық. Бәшери ғылымдар, техника, дәрігерлік сықылды салаларда әлемдік деңгейде білім алған һәм тәжірибе жинаған қазақ әулетінің бұл мүмкіншілігін Қазақыстанға тартуымыз керек. Қазақыстаннан сыртқа адам және ми көші үдеген соңғы жылдары, ғұрбаттағы қазақтардың ғылыми-техникалық потенциалының маңыздылығы арта түспек. Соңғы деректерде, 1999 жылы орыс-алман халықтарынан гөрі, қазақтардың шетелге көшіп кетуі артқан екен. Бұл тенденция шын мәнінде ойлантарлық жағдай.
2. Біз-сіз айтып отырған мәселелер, жобалар, жоспарлар мемлекеттік қолдаусыз, қаржысыз-қаражатсыз іске аспайтыны анық. Сондықтан, бірінші кезекте, шетелдегі қазақ ғалымдарының және ғұрбаттан Қазақыстанға көшіп келген оқымыстылардың, жоғары мамандардың ғылыми-экономикалық потенциалын тиімді пайдалану Қазақыстан мемлекетінің ұлттық мүддесі болуы керек демекшімін. Ағымдағы мәселелермен шұғылданып, біз айтқалы отырған проблемаларды мемлекеттік қолдаудан махұрым қалдыратұғын болсақ, үлкен жаңылыстық, кешірілмес қата істеген боламыз. Сондықтан, Қазақыстан өкіметінің тиісті мекемелеріне бұл өмірлік маңызы бар мәселелерді ескертуіміз біздің азаматтық борышымыз, бұларды елеп, іске асыру жергілікті ағайындардың міндеті боп табылады.
3. Ғұрбаттық қазақ ғалымдары дегеніміз Қазақыстаннан тыс жерлерде өмір сүріп жатқан яки Қазақыстанға шетелден көшіп келген ғалым бауырларымыз. Бұл сөзді жиі қолданатын болғандықтан, мағанасын солай түсіндіріп отырмын. Қазақыстан жағынан ғұрбаттық қазақ ғалымдарының мәселелерімен шұғылданатұғын жауапты орындар болғаны ләзім; мәселен, Ғылым және Білім Мин., Ұлттық Ғылым Академиясы секілді ғылым ордаларында арнайы ұйымдастырылатұғын бөлімшелер ғұрбаттық қазақ ғалымдарын іздеп-тауып, олармен байланыс орнатса, олардың мұң-мұқтажынан хабардар болып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл орталық яки бөлімшелер егжей-тегжейлі бағдарламалар дайындап, халықаралық деңгейде жұмыстар істесе еліміздің келешегі үшін өте жақсы болар еді. АҚШ, ФРГ, Түркия сықылды көптеген елдерде арнайы бөлімдердің, атап айтқанда DAAD (Deutsche Akademische Austausch Dienst), ACCELLS, Exchange т.т. сықылды бағдарламалардың осындай жұмыстармен шұғылданатынын білеміз.
4. Ғұрббатық қазақ ғалымдары жөніндегі бөлімшелер жүйелесіп, ұлттық информация орталығына айналу керек, үйткені, ғасырымыз білім-информация ғасыры. Кімнің информациясы көбірек болса, сол ұтпақ. Қазақтардың көптеген мемлекеттерге тарыдай шашырап кеткені, осы тұрғыдан алғанда Қазақыстан үшін үлкен мүмкіндік, дайын байлық сықылды. Тек, мұны ұйымдастыра білуіміз керек. Шетелдерде қаншама білімді азаматтарымыз бар, оларды елге тартуымыз керек. Елге өз еркімен көшіп келгендерін болса, базарларда босқа жөңкілтпей, елдің игілігіне жарата білуіміз керек.
5. Бүгінде әлемдік деңгейде байланыс орнатудың ең оңай және ең тиімді түрі Интернет жүйесінде арнайы Қазақ бетін ашу. Интернетте ашылатын арнайы бет арқалы шар-тараптағы ғалымдарымызбен ғаламат мол мөлшерде информация алмастыруға болар еді. Жиналатын мәліметтер, деректер қорын ұйымдастыруға үлкен септігін тигізер еді. Сүйтіп, халқымыз бір-біреуін танып, ел мен ел, адам мен адам араласар еді. Дүниежүзіне тарыдай шашырап кеткен йвһұди (жөһит) ұлтының өкілдерінің қай елде жүрсе де өз отаны Исраилді білетіні, және жүрген жерінде өз йаһұдилерін іздеп, тауып жүретіні сықылды, біз де барлық күшімізді жинап, ұйымдастырсақ болар еді.
6. Әділет Мин., және Мәжіліс депутаттары осы мәселелерге қажетті деңгейде көңіл бөліп, ғұрбаттық қазақ ғалымдарының мәселелерін реттеу және ұйымдастыру үшін керекті заңдық алғы-шарттарды дайындауы керек. Ғұрбаттық қазақ ғалымдарының тағдыры азаматтық туралы заң, білім туралы заң, төлқұжат және шақыру туралы ереже сықылды қалыптық құжаттардағы кейбір олқылықтың салдарынан лайықты деңгейде іске асып, көгермей жатыр. Сондықтан, осы мәселеге мемлекеттің жанашырлық танытуы, тіпті алдыңғы қатарлы ұлттық-стратегиялық жобалардың қатарына жатқызуы ауадай қажет. Бәріміздің тағдырымыз ортақ болған соң, халқымыздың маңызды қыртысы боп табылатын ғалымдарымызды алаңдатып отырған жәһиттер, әрине ертеңгі күні барлық жұртты елеңдетері сөзсіз.
7. Осы тұрғыдан алғанда, ғұрбаттық қазақтардың шетелде алған дипломдары, ғылыми атақтарын растайтын куәліктері т.т. Қазақыстанда мүшкілатсыз танылса жақсы болар еді. Кейбір азматтарымыздың осындай түсініксіз жағдайдың салдарынан, елім деп көшіп келіп, жұмысқа орналаса алмай жүргенін, тіпті жоғары оқу орындарына түсуде қиншылықтарға душар болғандарын көргеніміз бар.
8. Жоғары оқу орындары және кітапханалардың ғұрбаттық қазақ ғалымдары мәселесінен хабардар болып, шама-шарықтары жеткенінше бағдарламалар жасап, іс-шаралар ұйымдастыруы өте дұрыс болар еді. Еліміздің мүддесі үшін, халқымыздың береке-бірлігі үшін жасалатын осындай шараларды ұйымдастыру үшін, міндетті түрде Елбасының жарлығы керек емес шығар. Кішкентай көлемде де болса, осындай ұйымдастырулар тама тама көл-дәрия болуы мүмкін. Тек ынта, ниет болса болғаны.
9. Ғұрбаттық ғалымдарымыз және жалпы ғұрбаттағы қазақтардың мәселелеріне үңілетін, үйлестіруші, күйлестіруші орталық бір басылым болғаны ләзім. Бұл, жоғарыда айтылған Интернет бағдарламасына қосымша және барлық баптарды қуаттайтын ғамал болар еді. Қазақыстандағылардың ғұрбаттағыларды, ал ғұрбаттағылардың елімізде болып жатқан нәрселерді дер кезінде біліп тұруы, біраз мәселелерді болмай жатып шешер еді деп ойлаймын. Орталық басылымның қарамағында ғұрбаттағы ғалым бауырларымыздың ғылыми еңбектерін, кітаптарын басып шығаратын матбұғат та болуы мүмкін.
10. Бұларға қоса баршаңызға мәлім мына проблемаларды айтуға болады; жұмысқа орналасу, тұрақжай алу, қоныстану, құжаттарды рәсімдеу, азаматтық алу, көші-қон т.т. Бұларды тек ғалымдарға тән проблемалар деп қарауға болмайды, әрине, жалпы елдің экономикалық-саяси ахуалына тікелей байланысты мәселелер.
11. Тіл мәселесі аса күрделіжәне өмірлік маңызды проблема сипатын сақтауда; қазақ тілінің дәл бүгінгі жағдайы бәрімізді алаңдатуда, тіліміз тарихындағы ең қауіпті кезеңдердің бірін бастан кешіруде. Шетелдегі ғалым бауырларымыздың бәрі бірдей қазақшаға жүйрік деп айтуға болмайды. Бөтен ортада өсіп, туған тілін ана тіліндей білмейтін бауырларымыз бар. Бірақ, олар сонда да қазақтықтарын біледі, елін-жерін ойлайды. Оларды елге тартып, туған тілдерін үйренулеріне көмектесуіміз керек. Ал, парадокстық бір жағдай, қазақ тілін өте жақсы білетін азаматтарымыз болса, жұмысқа орналаса алмай, базарда дағар арқалап жүр.

Сөзімді аяқтай келе, жоғарыда ескертілген хұсұтардың іске асуы үшін үш түрлі механизм істеп тұру керек;
1) Саяси механизм; саяси ирада және саяси қолдау. Мемлекеттік басқару органдарының шешімділігі.
2) Қаржы механизмі; аталған мәселелердің дұрыс шешімін табуы және еліміздің игілігіне айналуы үшін бюджеттік және ғайри-бюджеттік қаржы көздерінің ашылуы.
3) Дипломатиялық механизм; Сыртқы Істер Мин. Белсенді түрде атсалысып, шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктердің барынша көмектесуі.

Аллаһ Тағала елімізге тыныштық, ағайынға береке-бірлік берсін. Барлық мәселелерді кеңесіп, ақылдасып шешуге болады деген сенімді әрдәйім сақтауымыз керек. Назарларыңыз үшін рахмет.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ 12.05.2000