четверг, 4 сентября 2008 г.

АРТЫҚ БОЛМАС БІЛГЕНІҢ...

Артық болмас білгенің.....

«ҚАЗАҚ ОЙШЫЛЫ»[1]

Жас ғалым, дінтанушы жерлесіміз Мұртаза Бұлұтай жайлы Египет Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті Университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Махмуд Ф. Хижази осылай деп атапты. Біз айта алмайтын, қазақ айта алмайтын баға беріпті.
Бұл Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» атты еңбегіне алғы сөз жазған шетел академигінің айтқан пікірі екен. «Сырт көз сыншы» болады деген сөз рас екен-ау деп ойладым. Әйтпесе, неге біздің бір зиялы қауым өкілі айтпайды.
Әлде сонау заманда айтқан ұлы Абайдың мына сөзінің жаны бар ма деп ойладым. Абай қырқыншы қара сөзінде былай дейді: -«Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?».
Сонау Еуропаның Германия елінде жүріп, еліміз егемендік алысымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, өзі туған ата-баба еліне келіп, азаматтық сұрап, өтініш білдірген. Хаттың жазылу уақыты еліміз егемендік алғаннан соң небары бір айдан соң болған. Сол кезде өз отандастарымыздың кейбірі тәуелсіздіктің келгенін сезінген де жоқ шығар деп ойладым. Бауырымыздың сол уақыттағы жасы бар жоғы 23-ке келген екен. Жастығына қарамастан Еуропаның мұсылмандар одағында қоғамдық жұмыстарға араласып, ислам әлемінің адамзатқа қосар үлесінің зор екенін, дін жайлы өзінің ой-пікірлерін ашық білдіре білген білімді маман екенін дәлелдеген. Көптеген дүниежүзілік дін мәселелері жөніндегі жиындарға қатысқан. Осындай оқымысты, білімді ғалым өз елімізде не істеп жүр деген қызығушылық тудыратыны ғажап емес. Дәл қазір елімізде атқарып жатқан қызметі жоқ көрінеді. Атқа мініп атқаратын биліктегі қызметті айтып отырған жоқпын. Оның дін саласында, өнерде, мәдениетте елге, қоғамға беретін қызметтері мен еңбектері көп емес пе? Президентіміздің өзі шетелде еңбек етіп жүрген өз ұлтымыздың азаматтарымен кездесіп, оларды елге келуге, халқына қызмет қылуға шақырып жатқан жоқ па? Ал Мұртаза елімізге келісімен қоғамдық өмірде өзінің өткір ой-пікірлерімен ақпарат құралдары арқылы көпшілікке танымал болған азамат. Осыдан 5-6 жыл бұрын жазылған «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» деген еңбегі кезінде мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған екен. Неге кітап сыйлық ала алмай қалды. Өкінішті жағдай. Себебі, елімізде діни білімнің жетіспей жатқан кезінде, еліміз енді егемендік алған кезде халықты бірлікке, тірлікке шақыратын күш керек еді.
Ұлтжанды ғалым Мұртаза інімізбен жүздесіп, шамалы уақыт сөйлескенде оның терең біліміне тәнті болғанымды сездіріп осы бір азғана сезімімді білдіргім келді. Әрине оның еңбектеріне көзқарас білдіретін мен ғылым зерттеушісі емеспін. Дегенмен елімізде қаншама білім ордалары бар, басқа да қоғамдық ұйымдар бар, солардың төрінен ғалым інімізді көре алмағанымызға іштей реніш білдірдім. Қазір күнкөріс қамымен бір түрік фирмасында қызмет істейді екен. Бұл жағдайды өзі айтқан жоқ, оны мен сырттай білетін адамнан естідім. Оның өзіме қолтаңба жазып ұсынған кітабын оқып, Еуропада білім алған, 6-7 шет тілін білетін азаматтың осы құнды еңбегін жоғары бағалаған, ерекше құрмет көрсеткен Әбсаттар қажы Дербісәліден, профессор Тұрсынбек Кәкішевтен артық не айта алар едім.
Сонау заманда Әкім Лұқпан қайтыс болғанда оның баласы зираттың басында әкесіне арнап өлең оқыпты. Сонда данышпан бір қария сен мынау өлеңіңмен ол кісіні тым төмендетіп жібердің ғой деген екен. Сол сияқты Мұртаза бауырымның еңбектеріне мен баға бере алмаймын.
Бірақ, Мұхтар Шахановтың мына бір өлең шумағы «Сұңқарына жағдай жасамағандар, майдалардың мазағына қалады»- деген сөзі көкейімде сайрап тұрды.
Иә, біз өзімізді құрметтей білуге өте сараңбыз. Елім деп еңкілдеп келген Мұстафа Өзтүріктен айырылып қалдық. Қазақтың даңқын асырған Әбдісалан Нұрмаханов кімнің қолынан мерт болды? Әбілсейіт Айханов тау барысындай жиырылып тау жотасында елге көрінбей неге жатып алды.
Бірінші қазақ космонавты Тоқтар Әубәкіров бүкіл еліміздің мақтанышы емес пе? Әлде тағы да Абайға жүгінеміз бе? Ұлы данышпан: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» - демеп пе еді. «Бір ағашта қанша бұтақ, соның біреуі-ақ қамшыға сап» екенін ұмытпасақ екен. Барымызды бағалайық.


Сағынтай МҰСАБЕКОВ,

Созақ ауданы.
[1] Сағынтай МҰСАБЕКОВ, Қазақ ойшылы, «Дөңгеленген дүние» Республикалық қоғамдық-саяси газеті, №26(098), 12.07.2008 ж., 2-бет